Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Халық ақыны Қалия Жұбандықов...

24.02.2020 6113

Халық ақыны Қалия Жұбандықов 12+

Халық ақыны Қалия Жұбандықов - adebiportal.kz

Жамбыл бастаған халық ақындары шығармашылығы - төңкерістер мен зұлматтардың, соғыстар мен нәубеттердің, жеңілістер мен жеңістердің куәсі. Солардың қатарында Қалия Жұбандықов та бар.

Халық ақындары – сал-серілердің сарқыты

Қазақ халқының соңғы бірнеше ғасырлық тарихы – бодандықтың салдарынан рухани құндылықтары қағажу көріп, салт-сананың үлкен өзгеріске ұшыраған кезеңі болды. Әдебиетті дәуірлеу мәселесінде кейбір ғалым, зерттеушілердің тәуелсіздікке дейінгі әдебиетті отаршылдық дәуір әдебиеті деп біртұтас қарастыратыны бекер емес.

Отаршылдық дәуірде мән-мазмұнынан ажырап, заты жойылып, аты ғана қалған ұлттық дәстүрлі өнердің бірі – сал-серілік. Сұлулық, сырбаздық, мәрттік, ерлік пен жауынгерліктің, әншлік пен күйшіліктің, білімпаздықтың, өзге де алуан өнердің бір адамның басына үйлесіміне құрылған сал-серілік ХІХ ғасырда жаңаша қырымен көрініс тапқанымен, ХХ ғасырдың басында, әсіресе совет билігі тұсында өмір сүруін тоқтатты десек те болады. Жан еркіндігінің нышаны болған ел еркесі сал-серілік дәстүрдің бар болмысымен соңғы өкілідері Үкілі Ыбырай, Мәди, Иманжүсіптер осы кезеңде қызыл қырғынның құрбаны болды.

Бірінен кейін бірі жалғасқан төңкерістер, соғыстар, зұлмат-зобалаңдардың салдарынан қазақ ән өнеріндегі талай-талай майталмандардың аты ұлт жадынан өшіп үлгерді. Сәкен Сейфуллиндей руханият қамын ерте ойлаған басшылардың қолдауымен А.Затаевичтей жанкешті жинақтаушының қазақ даласын тынбай шарлаған экспедициялары болмаса, ұлттық музыкамыз бүгінгі күнге әлдеқайда жұтаң тартып жеткен болар ма еді, кім білсін.

Әрине, А.Затаевич болмаса, қазақтың жүздеген мыңдаған әндері мен күйлері бүгінгі күнге жетпеген болар еді деген пікірді таңудан аулақпыз. Қазақ музыкасын, жыр-дастандарын өздеріне дейінгі өнерпаздардан аманаттап алып қалған үлкен бір буын бар. Оларды жалпы түрде «халық ақындары» деп атайды.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап жазба әдебиеттің дамуы қарқын алып, қазақ әдебиеті көптеген жанрларды игеріп, толыса түсті. Фольклорлық дәстүрді жалғастырушы қауым халық ақындарының шығармашылығы да Қазан төңкерісінен кейін жаңаша сипатқа ие болды. Мұны біз төменде дәлелдейтін боламыз және «халық ақындары» дегенде біздің ойымызға оралатын шығармашылы тұлға – Жамбыл Жабайұлы. Жамбыл шығармашылығы Қазан төңкерісіне дейін және кейін болып екіге бөлінетін болса, бұл сипат қазақ даласының әр түкпіріндегі өзге халық ақындарына да тән.

Әдебиетке коммунистік дәуірдің талабына сәйкес таптық көзқараспен қарау идеологиясы әбден күшіне енген кезде, халық ақындарының алдында да таңдау тұрған болатын. Біріншісі: жаңа үкіметтің саясатын қолдап, идеологиялық насихат бағытымен «ықтай жалдап» күн көру болса, екіншісі: советтік билік саясатына өз шығармашылығымен ашық жаулыққа шығу немесе шығармашылықты біржола доғару еді. Бұл екі лагерьде кімдердің болғаны, кейінгі өмірі, шығармашылық ғұмыры қалай қалыптасқаны турасындағы деректер әдебиет тарихында қаттаулы.

Советтік дәуірде өмір сүріп, небір сыңаржақ басшылардың жүргізген солақай саясатының елге тигізген сойқанды салдарын бастан кеше жүріп, шығармашылық көшін ілгері созған халық ақындарына кейде біржақты пікірлер айтылып жататыны да бар. Себебі, қаншалықты сталиндік дәуірдің сойылын соқты, коммунистік құрылысты тынбай жырлады дегенімізбен, Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Жақсыбай Жантөбетов т.б. халық ақындары шығармашылығы – қазақтың дәстүрлі эпикалық әдебиетінің өз заманына сай еркісіз үндесуі, үн қатуы болатын. Олар комммунистік биліктің сұраныс, талабына қарай Ленин мен Сталинді, Киров пен Воршиловты, колхоз бен қызыл отауды мақтап, жырлай жүріп, алдыңғы буыннан амантқа алған сан ғасырлық рухани дүниенің мұрағаттар қорынан мәңгілік орын алуына үлес қосты. Елдегі болып жатқан барлық оқиғалардың бел ортасында жүріп, халықтық өнердің тамашасына бөледі. Олардың қатарында Саяділ Керімбеков, Доскей Әлімбаев, Нұрпейіс Байғанин, Омар Шипин, Сапарғали Әлімбетов, Кенен Әзірбаев, Ілияс Манкин, Жақсыбай Жантөбетов, Қуат Терібаев, Нартай Бекежанов т.б. болды. Есіл-Көкше өңірінің тумалары Мұса Асайынов, Әміре Сұлтанмұратұлы, Шәкен Отызбайұлы, Молдахмет Тырбиұлы, Қалия Жұбандықов шығармашылығын да Жамбыл дәуіріндегі халық ақындарына қойылатын талаптар тұрғысында баға берген дұрыс болары сөзсіз.

«ХХ ғасырдың Гомері» атанған қарт жыршы, халық ақындары шоғырының көшбасшысы, Жамбыл Жабаев соңынан ерген, өнердегі інілеріне мынадай жыр арнаған екен:

Ақындар көз салыңдар,

Қиуаны шалыңдар.

Қиқу салып талайдан,

Келе жатқан сарын бар.

Ұзын жолда біз өткен,

Өнерге көп тәлім бар...

Кеншібай мен Орынбай,

Өлең сөздің қорындай,

Шөже мен Кемпірбай,

Өлең, жырдың жұртындай,

Біз солардың өрені.

Барлығына бірдей тән сипат – ипровизацияға құрылған ағыл-тегіл жыр тудыруға шебер халық ақындарының алған арнайы білімі болмаса да, туа бітті талантының арқасында халықтың құрметіне бөленді. «Ақын немесе халық ақыны десек те поэзиялық туындыларды шығаратын сөз шеберлері. Бірақ «халық ақыны» деп алдыменен суырып-салма ақындарды айтамыз және олардың білімі болмаған. Халық ақынына тән басты қасиет – табан астында сөз тауып, сөз өрнектеу болса, келесі бір ерекшелігі – халық ақындары, елінің ерлерін, халқын мақтаған және кем-кетіктерді айтып, мәселе етіп қойған», - деп атап көрсетеді ғалым С.Негимов.

Халық ақындарының кейінгі заманға сай арнайы алған білімдері болмағанына қарап, оларды хат танымайтын, сауатсыз адамдар деп әсте болмайды. Олар жазба әдебиеттің аулынан да алыс емес. Бұл ақындарды халық поэзиясы өкілдерінің қатарына жатқызуымыздың себебі, импровизаторлық қасиеттері мен халық ауыз әдебиеті туындыларын, өздеріне дейінгі ақындардың жырларын жатқа айта алатындығы болса, жазба поэзияға жақындатуымыздың себебі, өз туындыларын Жамбыл ақын сияқты ауызша шығарып айтпай, жазып шығаратын сауаттылыққа иелігі. Олардың көбі жасында ауыл молдасынан хат танып, сауат ашқан адамдар.

Пролетарлық әдебиет әбден басымдыққа ие болып, идеологиялық алып күшке айнаған кезде, билік халық ақындарын советтік құрылысты, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды жырлауға, түрлі елеулі оқиғалар байланысты ел арасында үгіт-насихат жүргізуге шебер пайдаланды. Жамбыл ақын Кремльдің төрінде жырын төксе, Омар Шипин Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің (қазіргі парламент) сессиясын арнау жырмен ашып жүріпті. Халық ақындарының аймақтық, республикалық жиындарын өткізіп, олардың өнерін шыңдауды да ұмытпағанын көреміз. Осындай жүйелі істердің нәтижесінде халық ақындары советтік дәуірде ұлттық құндылықтарымызды танып білуге, танытуға үлкен үлес қосты. Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар халық ақындары шығармашылығын зерттеп, олар қалдырған рухани мұраларды жинақтап, жүйелеу, аймақтық әдебиет ауқымында насихаттау – бүгінгі күннің міндеті. Осы тұрғыда біз халық ақыны Қалия Жұбандықұлы шығармашылығына тоқталуды жөн көрдік.

Халық ақыны Қалия Жұбандықов шығармашылығы туралы

«Қазақ ССР-нің халық ақыны» деген атаққа ие болған дарынды импровизатор Қалия Жұбандықов 1872 жылы бұрынғы Ақмола облысының Көкшетау уезіне қарасты Қотыркөл болысының Қызылағаш аулында дүниеге келеді. Бұл – қазіргі Ақмола облысының Бурабай ауданы, Абылайхан ауылы. Шыққан тегі, ата-бабалары туралы мәліметтер ақынның өлеңдерінде аздап болса да бар. Соның бірі – «Ақын, айтыңыз өлеңіңізді депті» атты көлемді толғау жырында мынадай жолдарды кездестіреміз:

Үкіметті нашарыңыз тіледі ғой,

Аз атаның баласы біледі ғой.

Жалғыз сиыр, бір атты қоймай алып,

Халқыңыз аштан өліп жүдеді ғой.

Бұл шумақ өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Қалия ақынның тұрмыс жағдайынан, сонымен қатар, аудандық партия комитеті хатшысы алдында өз басындағы кедейшілік халін өлеңмен жеткізіп, тыңдата біледі. Сонымен бірге шумақтан біз ақынның Бурабай өңіріндегі аз әулеттердің бірінен екендігін аңғарамыз. Айта кетерлігі, Көкшетау-Бурабай төңірегі – Үш жүздің басын қосқан әйгілі Хан Абылайдың өзі, өзінен кейін ұрпақтары мекендеп, ұзақ жылдар билік құрған шұрайлы өлке. Уәли хан мен өзге де ұрпақтары осында мәңгілік тыныс тапқан. «Көкшетау, Қаныскей мен Шортан, Қотыр», - деп Қалия ақын өзі жырлаған бұл аймақтың батысын арғын қарауыл Қанай биден тараған алты ауыл, солтүстігін арғын атығайдың майлыбалта руы, ал шығысын ашамайлы керейдің ақсары руы мекендеген. Осы мол шоғырлы рулармен қатар, Көкшетаудың айналасында қазақтың көптеген рулары ауыл-ауылымен ғасырлар бойы мекендеп келе жатыр. Атап айтқанда, мұнда Кіші жүздің алшын, жағалбайлы, тама, табын, керейттермен қатар Байұлы бірлестігіне жататын көптеген рулар бар. Тіпті қазаққа сіңген естек, қырғыз рулары өкілдері де осында. Мұның өзі Көкшетау айналасының қазақ мемлекеттілігі тарихындағы тұғырлы орнын әйгілеп тұрғандығы анық.

Халық ақындарының ата-тек шежіресі көбінесе шығармаларынан көрініс тауып жататыны сияқты, Қалия ақынның да түп-тұқияны туралы деректер өлеңдерінде ұшырасады. Ақын өлеңдерінің біріндегі мына бір шумаққа назар аударайық. Мұнда ақынның ата тек шежіресіне қатысты мәлімет бар:

Жасымда жалшылықпен жүріп едім,

Мен өлгеннен басқаны көріп едім.

Қу тауынан нашарлықпен көшіп келіп,

Құрт қайнатып тезегін теріп едім...

Демек, ақынның ата-бабасының атакүлдік мекені – қазіргі Қарағанды облысының аумағына кіретін Қарқаралы өңіріндегі Қу өңірі болмақ. Қаз дауысты Қазыбек шыққан қалың қаракесек елінен жырыла көшіп Көкшетау баурына жеткен аз үйлі әулеттің жағдайы туралы ақын райкомның алдында былайша жырлайды:

Қу тауынан нашарлықпен көшіп едім,

Көкшетау ауданына жетіп едім.

Ашық көзбен райком маған қара,

Үш үйлі қаркесек қоңсы едім.

Бұл толғаудан ақынның шыққан тегі туралы мәліметтен өзге, басынан өткеріп келе жатқан қорлық-зорлығы, жасынан көріп келе жатқан жетімдік пен кедейлік халі де айқын аңғарылады:

Жас күнімде ата-анам өліп қалып,

Өмірім жалшылықпен өтіп едің.

Ойлаймын бұл арадан көшуімізге,

Көңіл қайтты атығайдан кетуімізге.

Кеңестік кезеңде көптеген шығармашлық иесі жетім-жесір, кедейшіліктің қамытын тумай жатып мойнына ілген жандар ретінде өздерін көрсететін. Өйткені, пролетаршыл таптың әдебиеті осыны сүйетін. Қалия ақынның тағдыры – мұндай жасандылықтан ада, шынымен де тағдыр айдап осы өңірге қоныс тепкізген сыйайлы:

Атам басқа мен – қожым қаркесек,

Көзіңіз сал біздей жетіміңізге.

Әуелде жетім-жесір қалып едік,

Жеті жыл төрелерге інім жүріп,

Осы биені ақысына алып едік, -

Ақынның жоғарыда келтірілген өлең жолдарындағы мәліметтерге сүйенсек, қарасақ, балалық шағында тұлдыр жетім қалған соң, Қу өңірінен көшіп, Бурабай төңірегіне келіп қоныстанған болып шығады. Сонымен бірге, ақынның інісі Бурабай төңірегіндегі төрелерде жалшылықта жүрген екен. «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жиен жақсы болмағы нағашыдан» дегендей, Қалия ақынның сөзге шешен, өлеңге көсем болуына, нағашы жұртынан қонған ақындық өнердің әсері мол болса керек. Жұбандықтың бәйбішесі Былқылдақ – белгілі ақын Тезекбай Шоқтыбайұлының туған қарындасы екен. Тезекбай ақында өз заманында Есіл-Көкше өңірінде алдына жан салмаған үздік ақындардың бірі болыпты. Арғын жеті момынның бірі атығай руынан шыққан әйгілі ақын Тезекбай Шоқтыбайұлы 1827 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы жерінде дүниеге келіпті. «Өз заманында Тезекбай ақынды жеңген адам болмаған деседі. Атақты Кемпірбай, Жәмішбайлармен қатар, аға сұлтан Құнанбайдың ақыны Балтаны, тағы басқа белгілі ақындардың тізесін бүктірген, әйгілі Шөже Қаржаубайұлын айтыста сүріндірген де осы Тезекбай ақын болса керек. Өз дәуірінің белгілі ақыны Тезекбай Шоқтыбайұлы 1912 жылы дүниеден өткен екен. Бұл кезде ақынның жиені Қалия қырықтың қырқасына шыққан адам екенін ескерсек, нағашысынан жеткілікті деңгейде тәлім-тәрбие көргені анық деп бағамдаймыз.

Қалия ақын туралы мәліметтер аса көп емес. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы «Қазақ энциклопедиясында» қысқаша мәлімет берілген. Мұнда 1872 жылы туып, 1950 жылы өмірден өткені, домбыра, гармонның сүйемелдеуімен музыкалық шығармалар орындағаны, патриоттық тақырыптағы айтыстарға қатысқаны, өлеңдері «Пернедегі термелер» атты жинаққа енгені айтылған. Жоғарыдағы өз өлеңдеріндегі мәліметтерге сүйене отырып, Қалия ақын Қу өңірінде дүниеге келіп, Көкшетау баурайында мәңгілік тыныс тапқан деп шамалауға болады.

Жасынан жетімдік көріп қиыншылыққа тап келген Қалия Жұбандықов орыс пен қазақтың байларына жалданып жүріп, қаннан жеткен, сүйеккке біткен ақындық өнерін таныта бастайды. Осылайша жігіттік жасқа жеткен Қалия ақын айналасындағы сал-серілердің өнеріне ден қоя бастайды. Қалия ақын жігіт жасы жиырма бестерге келген шақта, «Үш жүзді әнмен қырған» Біржан сал өмірден өткен, өзге әйгілі сал-серілер Көкше аспанын асқақ сұлу сазбен әлдилеп жүрген еді. Қалия Жұбандықұлы сияқты талай-талай жас таланттардың өнер әлемінде жігерін жанып, қанатын қатайтқан – осы сал-серілер мектебі болғаны анық. Бұған дәлел Қалия ақынның жырларында тұр. Сұлу Көкшенің әйгілі өнерпаздарынан тәлім алғанындығы турасында ақын былай деп жырлайды:

Көкшетаудан ән салса,

Күндік жерге тыңдатып,

Біржан да өткен бұл таудан.

Біржан салдың туып-өскен мекені Жөкей көлі Қалия ақынның қонысынан сар желген салт аттыға түстік ғана жер. Балуан Шолақтың Қайрақты-Тастыөзегі де түс ауа төбе көрсетерлік жерде тиіп тұр.

Құлагерін суарып,

Бурабайдың көліне.

Көл суына жаңбырдай,

Көзіне жасын төгілте,

Өтіпті Ақан сері де.

Көкшетаудың баурынан,

Гәкку қызға ән шырқай,

Өтіпті Үкілі Ыбырай, -

деп Қалия ақын жырлаған Ақан серінің Айыртау-Қоскөлі мен Үкілі Ыбырайдың Өскені таңертең шықса, күн еңкейе жетіп-ақ баратын бір атырап.

Күніне қырық толғанған.

Өтіпті Балуан Шолақ та-ай.

Бар еді ақын нағашым,

Өтіп кетті Тезекбай.

Домбырасын қолыма,

Беріп кетті Тезекбай...

Қалия Жұбандықовтың Қазан төңкерісіне дейінгі шығармашылығы туралы деректер соншалықты көп емес. Айтыс ақыны ретінде барша Қазақстанға танылған тұсы – Кеңес үкіметі жылдары. Қалия ақынның жерлес інісі Жақан Сыздықұлының «Қалия қартқа» деген ұзақ өлеңі кезінде «Ленин туы» атты газетке жарияланған екен. Онда Жақан ақын былай деп жазады:

Араладық Қалеке,

Қыр мен Сырдың арасын.

Таразыға тартқандай,

Қадірлі қазақ баласын.

Өткен күнге көз салса,

Өткізді өмір шаласын.

Жақан ақынның «Қыр мен Сырдың арасын араладық» деуі бекер айтылмаған.

Қалия ақынның ежелгі жыр-қиссаларды жатқа айтудың шебері болғанын ескерсек, Жақан Сыздықұлының өзінен алдыңғы буын болып саналатын әйгілі ақынмен талай рет дидарласып, жырлар тыңдағаны күмәнсіз.

Сүйсіндіріп досыңды,

Жауыңды жастай жерлетіп.

Жетпіс екі жастасың,

Өткіздің талай белді өтіп.

Арқада қалған ақынның

Ақыры деп не дейін.

Қос ішекке қосыла

Бүлкілдейді көмейің.

Осына өлең жолдардан Жақан ақынның Қалия ағасын өзімсіне жақын тартуы, жаңашыл сауатты қаламгердің жасы жетпістен асқан халық ақынына, алдыңғы буын ақынға көмек көрсетуге әзірмін деген інілік ілтипатын көреміз.

Жалпы алғанда Қалия ақынның өлеңдері біршама мол әрі алуан тақырыптарды қамтиды. Әрі мұның өзі сол дәуірдегі халық ақындарының шығармашылығындағы ортақ тақырыптар екендігін көреміз: «Жеңіс үшін», «Егіс жыры», «Ұлы заңның атасы», «Астық – жеңіс құралы», «Абайға», «Жасай берсін партия», «Сталинге», «Стахановтық әдіспен», «Көкшетау», «Домбырам – мылтық, жырым – оқ», «Мәлікке» т.б. өлеңдері – ақынның өзі өмір сүрген заманның тарихы, өмір суреттері бейнеленген.

Кеңес билігі халық ақындарының ел арасындағы беделін, олардың жыр-дастандарды жатқа айтатын өнерін, табан астында суырып салып айтатын шеберлігін компартияны, Сталинді насихаттауға, жұртты түрлі капаниялық жұмыстарға жұмылдыруға, соғыстан титықтаған елді жігерлендіруге т.б. тиімді пайдаланған. Халық ақындары әр өңірде осы рухани, идеологиялық іске тартылып отырды. Олардың арасындағы көрнектілерін Алматыға шақыртып, одан ары қарай Қазақстанның байтақ өңірлерін аралатып, халықпен жүздестірген. Қалия ақын да осы мақсаттағы іссапарларға шығып отырғандығын құжаттар куәландырады:

Атап айтқанда, 1939 жылы қарашаның 10-18-і күндері аралығында Алматы қаласында Қазақстан халық ақындарының республикалық слетіне қатысқандығын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы президиумының мүшесі П.Кузнецовтың қолымен берілген куәлік айқындайды. Осы слетте 67 жастағы көкшетаулық қарт ақын Қалия Жұбандықов «Қазақ ССР-нің халық ақыны» деген құрметті атаққа ие болады.

Бұдан өзге көптеген іс-шараларға қатысып, Қазақстанның әр аймағынан келген ақындармен сөз сайысына түседі. Қалия ақын 1945 жылдың 12 тамызында Абай Құнанбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған ІV пленумға қатысуға Көкшетаудан сапарлайды. Мына бір өлең жолдары сол сапардың жемісі болса керек:

Абай-ау, атың кетті таудан асып,

Бұлт асып, Күнге жеткен араласып.

Абай міне жүз жылға биыл толды,

Еліңде атың шығып даңқың асып, -

Абайдың ғасырлық тойы – күллі қазақ халқының мерейі екендігін айта келе ақын Абай өлеңдерінің көркемдігі туралы ойын ұлттық таным көкжиегіндегі мынадай теңеулер арқылы жеткізеді:

Жүйріктің сөзі түзу, сымдай тартқан,

Күміс кисе жарасқан алтын қындай.

Құнанбайдың баласы өте жүйрік,

Абайдың сөзі асыл асқар шыңдай.

Абайдың сөзі – мәңгі өлмейтін, адамзаттың рухани азығы болатынына кәміл сенген Қалия ақын өз ойын былайша түйіндейді:

Абай ақын біледі сөздің қалпын,

Құлақ салып тыңдайды оны халқым.

Ақынның мәңгіге енді аты кетті,

Қалдырған кейінгіге сөзі алтын.

Қалия Жұбандықов 1937 жылы Алматыда өткен халық ақындарының республикалық слетіне қатысады. Осы жолы ол Қазақстан халық ақындарының көшбасшысы Жамбыл Жабаевпен кездесіп, қарт жыраудың батасын алады. Жамбылдың алдына әдейі арнап іздеп келген соң ол былай деп сәлемдесіп жырлайды:

Жырменен думан қылған жүрген жерін,

Армысың, ақиықығым, ардагерім.

Қарт Жамбыл өзіңізді іздеп келіп,

Алдыңызға иіліп сәлем бердім.

Тоқсан бір жасқа шығып отырған қарт жырау Жамбыл алпыс алтыдағы Қалия ақынның өнеріне тәнті болып, оған батасын береді:

Жеріңді жүрген базар ғып,

Жұрт көңілін ашып жүр.

Өткір сөзбен дұшпанға,

Азуыңды басып жүр.

Осы бір жағдайға қарап, қадау-қадау біреулері болмаса, көбісі-ақ отыздан асар аспаста, қырыққа жетер жетпесте «қартайып» айтыстан бүгінгінің айтыскерлері еріксіз ойға оралары анық. Иә, кешегі халық ақындарын партия, билік сахнаға шығуға мәжбүрледі-ақ делік. Ең жасы алпысты алқымдаған, қарты тоқсаннан асқан қазақ ақындарының бойындағы рухани күш-қуатына сүйеніп ел алдында жүруі сол замандағы ақындардың баршылығынан ба, әлде тапшылығынан ба екен? Бүгінгідей ақпараттық құралдар дамымаған уақытта Алатаудың баурайындағы Жамбыл ақын Арқаның қиыр солтүстігінде жасап өткен Тезекбай ақынның дабысына қанық екендігі де таңқаларлық емес пе?

Қалия ақынның шығармашылығында Ұлы Отан соғысы тақырыбы үлкен орын алады. Алғадайын аттандырған Жамбыл тәрізді, Қалия ақын да ұлы Батырқожаны майданға аттандырып, оған ұзақ жыр арнайды.т Ақын фашизм атты тажалды жеңу үшін тылдағы жұртты жігерлендіріп, оларға жеңісті жақындатудың зор мүмкіндігі – еселі еңбек деген идеяны насихаттайды. Майданға өлеңдер жолдаумен қатар, ауыл еңбеккерлерімен жүздесіп, олардың алдында өнерін ортаға салады. Бригадалар мен еңбек ұжымдарын аралайды.

Біз – ақиық, жау – торғай,

Тұяқпенен ілеміз.

Желкесінен фашистің,

Шоқ түсіріп мінерміз.

Фашистердің үстіне,

Жеңіс туын тігерміз, -

деп, Фашистік Германияны жеңетін күннің таяп қалғандығын айттып, жұртты ертеңгі күннен үміт күтуге шақырады, жігерлендіреді. Қалия Жұбандықовтың жерлесі, Көкше елінен шыққан майдангер ғалым Мәлік Ғабдуллин атақты панфиловшылар дивизиясы сапында көрсеткен ерлігі үшін 1943 жылы Кеңес Одағының батыры атағына ие болады. Осыдан кейін Мәлік Ғабдуллин қысқа мерзімдік демалыс алып туған жерге келеді. Қызылжардан Алматыға дейінгі елді пойызбен, ұшақпен, автомашинамен аралап, халықпен кездесулер жасайды. Мәліктің осы сапарына қарт Жамбыл бастған халық ақындарының барлығы жыр арнап, ол арнайы кітап болып жинақталып таратылған. Қалия ақын да даңқты батыр жерлесіне екі бірдей өлең арнапты:

«Көкшетауда туған ұл,

Көкшеде белін буған ұл.

Жусата жауды қырыпты,

Жөңкілте жауды қуыпты»,-

деп көсіле толғайды. «Мәлік қыранға» атты келесі өлеңінде ежелгі, қазақ-жоңғар соғыстары тұсындағы батырлардың ерлігін жырлайтын жыраулар мен халық ақындарының дәстүрлі эпикалық сарынымен толғайды.

Мәлік Ғабдуллиннің елге сапары туралы деректі фильм бар. Сол фильмнің батырды туған жері Көкшетау өңірінде, отбасында қарсы алып отырған көріністе Біржан салдың «Жанбота» әнін өзіндік ерекше мәнерімен орындап отырған қартаң әншіні көруге болады. Бұл – Қалия ақын болуы әбден мүмкін. Мұны ұрпақтарымен бірлесе анықтау керек болар.

«Халық ақындары шығармшылығында өз ауылы, өз жерін жырға қоспағаны жоқ. «Кеңес билігі кезеңінде қазақ поэзиясында ең көп жырланған екі тақырып болса, соның бірі туған жер тақырыбы», - дейді ғалым Амантай Шәріп. Қалия ақын шығармашылығында да Көкшетаудың сұлу көркі аз жырланбаған.

Ақын туған жер табиғатын жырлауда көркем эпитеттер мен теңеулерді қолдана отырып, көзге анық, ойға нанымды да, әсерлі сурет жасауға тырысқанын көреміз:

Жер сұлуы – Көкшетау,

Көкшетаудың көркі көк.

Гүл-бәйшешек, жасыл шөп.

Қойнауларын көл басқан,

Ойпаттарын мол басқан.

Сені қалай мақтаман.

Бар денеңді шымқаған,

Құрыш қайың, құба тал.

Шыңнан шыңға секіріп,

Аруларың арқарлар....

Халық ақыны Қалия Жұбандықов – сал-серілердің жалғасы, музыкант, әнші, суырып салма айтыскер, әр түрлі тақырыптар бойынша өлеңдер шығарған ақын, ел аузынан естіген, көрген-білгендерін тынбай жинақтаушы, көкірегі даңғыл шежіреші. Кешегі сал-серілердің өнеге-дәстүрін өз заманына сай алып жүруші.

Өмірінің соңына дейін өнерімен халқына қалтқысыз қызмет көрсеткен тума талант, Көкше сал-серілерінің көзін көріп, тәлімін алған Қазақстанның халық ақыны Қалия Жұбандықов 1950 жылы 6 наурызда 78 жасында Көкшетаудың баурындағы Абылай хан ауылында дүние салады.

Қалия ақынның ұрпақтары бүгіндері туған өлкесі Бурабай мен Көкшетауда, республиканың түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатыр. Ата жолын қуып, музыкамен шұғылданатындары да жоқ емес. Ақынның 120 жылдығы алғаш 1992 жылы Абылайхан кеңшарында атап өтілсе, одан бергі кезеңде де түрлі деңгейде еске алынып келеді. Екі жылдан кейін Көкше өңірінен шыққан халық ақыны Қалия Жұбандықовтың туғанына жүз елу жыл толмақ. Қалия ақынның мұраларын жинақтап, зерттеу жұмыстары 2007 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қолға алынған екен. Ш.Уәлиханов атындағы ҚМУ ғылыми қызметкерлері мен ғалымдары біршама жұмыстар жүргізгенін білеміз. Осы жолғы зерттеу барысында қырыққа жуық өлеңдері қамтылған жинақ шығарылғанымен, ондағы дүниелердің жүйеленуі көңіл көншітпейтіндігін атап өткен жөн. Әдебиеттанушы ғалым Ғарифолла Әбілқасовтың «Есіл-Көкше өңірі халық ақындары шығармашылығы» атты монографиялық еңбегінде ақын шығармалары біршама талданған. Өзге бірді-екілі шағын мақалалар мен шолуларды айтпағанда, Қалия Жұбандықов мұралары туралы көлемді зертттеулер мен мақалалар жоқтың қасы. Ақын Қазқстанның түкпір-түкпірінде болып, көптеген жыр саңлақтарымен айтысқанын ескерсек, айыс мұралары да табылуы мүмкін. Сондықтан да ақын шығармашылығын кешенді түрде жинақтап, толықтыру жүргізілуі қажет деп білеміз. Халық ақындары шығармашылығы туралы сөз болғанда, Қалия Жұбындықов есімі де лайықты еске алынғаны жөн.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар