Жалпы қателік дегеннен шығады ғой…Тарихтың сұрағы сұмдық. Не іштің емес, не істедің дейді. Біздің ғұмырымыз осының біріншісіне ғана жауап болатын тәрізді «Ас үйлер мен әжетхана арасында шұбыру...» (Тыныштықбек Әбдікәкімұлы). Ал екінші (не істедің сауалы) хақында ештеңе дей алмасымыз тіптен анық…
Немістің ұлы жазушысы Эрих Мария Ремарк өзінің «Батыс майданында өзгеріс жоқ» атты шығармасында майдан психологиясын, сондай-ақ соғыс тонаған адам ғұмыры жайында жанымен жазады. Айта кетелік, 1914 пен 1918 жылдар аралығын қамтыған бірінші дүниежүзілік соғыста 8 миллионнан астам адам ажал құшса, оның 21 милионнан астамы мүгедек болып қалған еді. Осы бір жүрек шабақтар аянышты хал ағылшын әдебиеттанушысы Гертруда Стайнға «жоғалған ұрпақ» деген сөзді алғаш рет айтқызған еді. Әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэй «Сенімен мәңгілік болатын мейрам» романы арқылы осы ұғымды әдеби айналымға түсіріп, ел санасына орнықтырды. Егер де бұл ұғым тек соғысқа ғана қарасты десек, қатты қателескен болар едік.
Ашалап айтайық. Бұл жердегі басты мәселе майданда емес, зая болған уақыт пен күйіп кеткен ғұмырлар хақында, дәлірек айтар болсақ, адамзаттың анықталмаған миссиясы мен құрбанға айналған құнсыз өмірі жайында да болып отыр ғой.
Рас, мұндай жандардың өмірге келгені де, ауа жұтып, топырақ қозғағаны да рас. Ең бастысы, бұл жандардың ғұмырында ғибратқа жарар ешқандай мазмұн болмайды. Өмір дегеніміз «ас ішіп, аяқ босату» емес қой енді.
Әгәрәки, біздің де ғұмырды осы бір мән мен мазмұнның таразысына тартса, оның тілшесі тірлікке күйген тірліктің нәтижені ғана көрсеткен болар еді. Батыстың бір саясаткерінің: «Қарғысқа ұшыраған буын болғың келсе, халқы ұзақ жылдар отарда болған елдің алғаш дербестік алған шағында өмір сүр» деген әйгілі сөзі бар. Бұл мысалдан біз құлдыққа белшесінен батқан елдің, бірнеше буынның ғұмырын құрбан қылмайынша түзелмейтінін түсіну онша қиын емес секілді. Енді осы ұғымды қадери-халімізше сәл-пәл таратып көрелік. Балалық шағы азаттықтың алғашқы алаң-елеңіне тап келген менің замандастарым да тұтас тіршілік отына шарпылған буын болды. Дәл қазір алды қырық, арты отызға ілінген осы буынның (денінің) әлі күнге дейін өзінің жеке баспанасы жоқ.
Ойланып көріңізші, адамның жарық дүниеге келгендегі жалғыз-ақ мәртебелі ғұмырының төрт бұрышты тамға зарығып, оны өмірбақи армандап, ақша жинаумен өтетінін, бір әйел мен үш баланы асыраудың өмірлік нөкеріне айналдырған ғұмырды зая демегенде не деуге болады енді.
Дәл осы үшін өтіп жатқан өмір мен түгесілген денсаулықтың майдан шебінен нендей айырмашылығы бар. Ремарктың айтқаны дұрыс. Біз бұдан фашизм мен шексіз автократияның апалы-сіңлі адамдардай туысқан идеялар екендігін аңғаруымызға болады. Шексіз билік ендеген жерде өмір майданға ұласып, жоғарыда біз атап өткен мәселелер Рейхстагқа ту тіккенмен бірдей үлкен машақатқа айналмақ. Бір сөзбен айтқанда біз тіршіліктің жалаң аяқ жауынгеріне қалай айналғанымызды өзіміз де аңдамай қалады екенбіз.
II
Қазір өздерін бейне бір ұлттың әкесіндей сезініп қазаққа күні-түні балпылдап ақыл айтатын «көсемдер» пайда болды. Алаяқтықты ақылдылықпен шатастырған сол шіркіндердің қисынына салсақ, біздің бұл ойымыз барып тұрған кержалқаудың сөзі болуы бек мүмкін.
«Жоқ, жоқ, бұл адамдар жалқау емес. Бұлар үйлерінен таң атпастан кетеді. Себебі олар басқа адамдардың балаларын тәрбиелейді. Тағы бір тобы таң атпастан тұрып көшелерді тазалайды. Жоқ, жоқ, бұл адамдар әсте жалқау емес» деген қоғам қайраткері Д. Джексонның сөзін қайда қоямыз?
Не нәрсе болсын әділет пен ар-ұяттың контексінде тәпсірленуі керек қой. Әлеуметтанушылар «Жанбағарлық атмосферада адам ақылының өрелі ойлауға еш қауқары болмағандықтан, өнердегі бәсеке де басқа бағытқа ауысып кетеді» дейді. Асылық айтты демессіз, бүгінде бізде бір ғана жарыстың жанры қалды. Ол мал-мақтанға масаттанған дүние жарысы.
Өлмейтін өнер мен ғажайып жаңалық жарату... әй, қайдам, көбіміздің когнитивтік картамызда мұндай ұғымның исі де жоқ.

Ақыры айтқан екенбіз, тақырыптың тұздығы үшін мына бір мәселені де қосақтай айта кетсем деймін. Соңғы бір жылдың бедерінде бар бітіргеніміз, батыс философиясы мен мәдениеттануын қайыра қарау болды. Осыдан түсінгеніміз мынау болды. Ой – болашақ материалданбақ істің «ата-анасы» десек, дамыған елдердің ең басты артықшылығы ақыл-ой мен өндіріс арасында интеграцияның болуы (Бізде бұл екеуі керісінше бірін-бірі мүлде танымайды десек те болады). Сөзіміз дәйекті болу үшін бір ғана мысал келтіре кетейін. Жапон «Тойота» компаниясының негізін салушы Киичиро Тойода: «Біз Масааки Имайдың «Кайдзен» пәлсапасын жіті зерделеп, оны заттандырғанның арқасында ғана осындай табысқа қол жеткіздік. Екі том еңбекті толыққанды түсінбегенде сапа туралы сөз де болмайтын еді» деп ағынан жарылыпты. Құдайшылығын айтайық, біздің бүгінгі билікте Абай мен Әлихан идеясын заттандырудың негізгі әдіснамасын оң жолға қойған саяси жүйе бар ма? Әлде бұл тек әдебиет пен тарихтың ғана мәселесі ме?
Ендеше, экономиканы қарыштап алға бастыртатын идеялар руханият қабаттарында қатталып жатады екен ғой. Осы жердегі заттанған ой дегеннен шығады. Бір қызығы біз «қызыл кітапқа енген аң мен құстың сирек түрі деген болады, оларды қызғыштай қорғауымыз керек» деген пікірге шын сенгенімізбен, «адамның да сол секілді сирегі болады, оларды да әманда қорғауымыз керек» деген пікірге еш иланғымыз келмейді. Сонда қалай, аңды қорғауға болады дағы, ал адамға келгенде қос көзіміз бен құлағымызды тарс бітеп отыра беруіміз керек пе? Осы әрекетіміз ақылға сыя ма өзі?!
Мұны не үшін айтып сөз шығындап отыр дейсіз ғой?
Бізде кез келген әлемдік интеллектуалдармен әлеуеті тең, небір талантты ұлдарымыз өмірден беймезгіл озып кете барды. Олар өз елінде жүрсе де қазақтың қара өлеңінде келетін: «Тұлпар болып тусам да, тулақ құрлы бағам жоқтың» кебін киді. Шіркін деймін, біз бүгін бар да, ертең жоқ шенеуніктерді емес, осындай сирек жандардың төрт тарабына күзет қойып тұрып қорғауымыз керек еді. Сондай дарындардың бірі кеше ғана фәниден озған Таласбек Әсемқұлов пен Әмірхан Балқыбек еді (Біз бұл жерде әдебиетке қатысты әттегенайларды ғана теріп айтып отырмыз. Өзіміз білмейтін өмірден озған өзге де ғылым салаларынан талантты жандар болса, рухына бас ие отырып кешірім сұраймыз). Қазақ қандай азаматтарынан айырылғанын әзірге пайымдай алмайтын тәрізді. Тұмса таным мен шүңет ойлардың бәрі де сол жандардың өздерімен бірге кетті. Әрине, өзек өртейтін өкініш қой...
Ойыңа небір нәрселер оралады. Амалың не? Осы үшін де мақала тақырыбын «хиндсайт қателігі» деп атауға мәжбүр болып отырмыз.
P.S Хиндсайт ағылшынның «hindsiqht bias» деген сөзінен шыққан. Оқиға әбден өтіп кеткеннен кейін, осылай болатынын біліп едім деген мағынаны білдіретін философиялық ұғым.
(2015 жыл)
