Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жадыра Шамұратова. Картон қабырғалы үйлер...

17.02.2023 2460

Жадыра Шамұратова. Картон қабырғалы үйлер 14+

Жадыра Шамұратова. Картон қабырғалы үйлер - adebiportal.kz

(әңгіме)

Елдің бәрі жаңа астанаға мақсат қуып, жаңа өмір бастамаққа қоныс аударып жатқанда Мырзаш пен келіншегінің де аңсары сол жаққа ауды.  Онда да іштерінде ұлы арман пайда болып, әлденені дәлелдемек болғаннан емес. Шағын қаладағы жалғыз облыстық газетте жүріп, бастықпен келіспей қалған сайын өз еріктерімен жұмыстан әлденеше рет шығып, одан айналып қайта кіріп, бір жерді айнала беруден өздері де жалыққан. Әрі іштерінен бір өзгеріс тілеген. Сөйтіп бір күні үш баласын алып, Астанаға тартып отырды.

Ол кезде қала Нұр-Сұлтан емес, Астана аталатын. Астана деген атынан жаңа кезеңнің лебі есетін. Желі де ерекше. Бұлар артынып-тартынып пойыздан түскенде жаңа астана бұлардың қойны-қонышын суық желге толтырып, мамыр туса да күн шуағы дарып үлгермеген суық тамшылардан шашу шашып қарсы алған. Мамырдың аяғында қалтырап тоңған бұлар шілденің ортасында да қолдарына күрте ұстап жүретін болды. Астананың ауа райы ханның ерке қызы сияқты, түске дейін бе, әлде түстен кейін бе, қай сағатта қылық шығаратынын болжай алмайсың. 

Астана бұларға ұнады. Биік үйлері көп. Қаптаған әйнектері суық көрінетін ғимараттардың арасындағы көне үйлер көзге қораш көрініп, әлдеқайдан адасып келіп өркениетке тап болып, көргенінен шошып, не алға, не артқа жүрерін білмей мәңгіріп тұрған жабайы түйелерді елестетеді. Мырзаштың келіншегі шуды ұнатпайтындықтан ішінен ығы-жығы адам арылмайтын «Хан шатыр» «Керуен», «Мега» сияқты орындарға «мазасыздық орны» деп, ал ашық алаңқайы ойлануға, қиялдауға мүмкіндік беретін Ғашықтар саябағына «сүйіспеншілік орны» деп өзінше ат қойып алды. 

Бұлар ырғалып-жырғалып жеткенше жалдайтын пәтер бағасы қымбаттап кетіпті. Көздері ойнақшып тез сөйлейтін риелтор мұның себебін «Алматыда жер сілкініп, ол жақтан бұл жаққа келіп пәтер іздеушілердің көбейгенімен» түсіндірді. Оның бұл сөзі «жарты Алматы көшіп келе жатыр, баспана бағасы одан да қымбаттайды» дегендей естілді. Пәтерді ескі ауданнан тапты. Айналада жеке үйлер көп, иелері үскірік аязы бет қаратпайтын суықта қолдарына түскенін жағып жылынады. Түтін айналаны басып қалады. Ол түтін пәтерге кіріп, Мырзаш бала-шағасымен қақалып-шашалып жатады. Сөйтіп бұлар да сіңісе бастады. Автобустағы сіркесі су көтермей тұратын қабағы қатулы жолаушыларды, көшеде жөн сұраса сүлесоқ жауап беретін немесе естімегендей болып өте шығатын адамдарды көргенде бұрынғыдай таңғалмайтын болды. Формальдегид, фенол сияқты зиянды заттардың жоғары концентрациясы жүйке жүйесіне әсер етеді, мұндай ауадан адамдарда депрессия мен шаршау болатынын білетіндіктен қабағынан қар жауғандарды түсінуге тырысады. Әр жақтан жиналған жұрт тек күнкөрістің қамын ойлап жүреді, олардың күліп, жайраңдап жүруге уақыттары да тапшы. 

Қабырғалас және астыңғы қабаттағы көршілердің даусы естіліп тұратыны бастапқыда бұларға қызық көрінген. Гүбір-гүбір, тарс-тұрс. Тура қасыңда жүрген сияқты. Мырзаш көршісі түшкірсе еріксіз «жәрәкімалла» дейді. Бұған қабырғаның аржағындағы көршісі ерінбесе рахмет айтады. Қабырғаның жұқалығы ыңғайсыздық туғызып, келе-келе жүйкеге тие бастады. Пәтердің қабырғасы ғана емес, қабаттардың арасын бөлетін цементі де жұқа болып шықты. Астыңғы қабаттағы көрші түнгі сағат 12-ден кете әлдекімге ұрсып бастап, содан таңғы төрт-беске дейін ауыз жаппай сөйлейді. Сөйлегенде айналып-толғанып болмаса адам елтитін жақсы әңгіме айтса бірсәрі ау, біреудің жер-жебіріне жетіп, амалсыз естіп жатқан бұлардың сүйегі қоса сырқырап кететіндей балағат сөзді қарша боратады. Мырзаш оған әдейілеп барып, тәртіпке шақырып, әлдене түсіндіріп жатуды артық санайды, өйткені сол адамның ақыл-есінің дұрыстығына күмәнданады. Осынша тоқтаусыз ұзақ әрі бейпілауыз сөйлейтін адамның жүйкесі сау болуы мүмкін емес. Бұл түнгі «дәріс» кейде қатарынан үш не төрт күнге жалғасады. Үш-төрт күннен соң барып тыншиды. Түнде жылу батареясының бойымен судың өзара «сыбырласқаны» естілгенде барып, бұлар көршілерінің ұйықтағанын біледі. Сол кезде бұлар да қуанып жастыққа бас қояды. Бұл тыныштық кейде бір апта, кейде екі аптаға созылады. Сосын қайта басталады. Өздері көршісін ап-анық естіп отыратын болғасын «біздің де дыбысымыз естілетін шығар» деп ақырын, тіпті сыбырласып сөйлесетін әдет тапты. Шулап ойнайтын балалар да жаңа ережеге амалсыз мойынсұнған. 

Ал, дәл жанындағы қабырғалас көршілері өте қызуқанды адамдар болып шықты.  Еркек пен әйел бір-біріне алдымен тәтті сөздер арнап, сондай бір елжіреген сүйіспеншілік білдіріп, құштарлықпен тілек айтып рөмке соғыстырып, екі-үш сағаттан соң ерекше шабытпен айқайласып, оның арты тарс-гүрс төбелеске ұласады. Ақыры таңда естерінен тана шаршап ұйықтап, түске таман қайтадан бас жазысып, құдіретті сезіммен бір-бірін кешіріп жатады. Қабырғаның ар жағындағы осынау өте шулы, сонымен бірге ынтызарлыққа толы «аса көңілді» өмір дәл осы қалыппен жалғаса берсе Мырзаштың жүйкесі әлсіз, өзі ашуланшақ келіншегінің шашы жасына жетпей ағаратын түрі бар.

Бір күні қабырғадағы көрші түнімен боздап жылап шықты. Тыңдамайын десе де дәл жанынан естіліп тұр. «Мен кінәлімін, басып кеттім» деп боздайды көршісі. «Сірә, көлігімен адамды басып кеткен болды ғой» деген аяушылық сезімі оянып, екеуінің тағы ұйқысы қашты. Өзі бір бөлме, қайда барады? Арада бірнеше күн өткенде полиция келді.

– Мына кісіні танисыздар ма? Қолындағы фотосуретті көрсетті.

– Жоқ.

– Көршілеріңізді танымайсыздар ма?

- Жоқ.

Көршілерін шынымен танымайтын. Бірі кіріп, бірі шығып, үнемі ауысып тұратын қисапсыз көршілердің бет-жүзін еске сақтап үлгеру мүмкін емес. 

- Бұл кісі жоғалып кеткен, көлігі қозғалмаған. Оны іздестіріп жатырмыз, өзінің бір қылмыстық іске қатысы бар. 

Полиция куәгер ретінде бұларды алып, көршінің пәтерін тексеріп шықты. «Қажет болсаңыздар сіздерден тағы жауап алынады» деді тағы. Кейін ол пәтерге тағы да бейтаныс біреулер келіп жатты, кетіп жатты. Даурыға айқайлап, түн ортасына дейін думанды қыздыратын оларға қабырғаны ұрмақ түгілі полицияның өзі Астананың масасы шаққан құрлы әсер етпейтін. 

 

***

 

Жаңадан тапқан пәтері тар болса да екі бөлме деген аты бар, ауданы да қатынасқа ыңғайлы жерде. Бір қуанатыны – бұл үйде тал түсте ішіп алып қисалаңдап жүретін, киімі лас, үстінен иіс шығып лифтіге бірге мініп, әр үйдің есігін қағып жүретіндерді көрмейсің. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Көршілер бір-біріне бедірейе қарап өте береді. Бір-біріне суық. Бұл жақта қыс алты ай емес, сегіз айға созылатындықтан күн сәулесінің жетіспеуінен адамдарда апатия бар секілді. Өздері жаңа жерге үйренісе алмай жүргесін де солай көрінетін шығар. Әйтеуір, көршілер бәріне бей-жай, немқұрайлы көрінеді. Бұл күн радиациясының төмен болғанынан ғана емес,өздері сияқты  таңға дейін мазасыз көршілерінің шуын естіп шығатындықтан, ұйқы мен ояу жүру режимінің жүйелі бұзылуынан болуы мүмкін ғой деп топшылайды іштей бұлар. 

Мырзаштың бұл көршісінің әйелі ақжарқын адам болып шықты. Күйеуімен келіп танысып кетті. Он алты жас шамасындағы ұлдары бар. Олардыкы үш бөлме. Өздерінікі. Көрші әйел пәтерін көрсетті, бұл кірсең шыққың келмейтін, төбе шамдары жалт-жұлт еткен, қымбат жиһаздары мысыңды басатын, жоғары талғаммен, ең бастысы мол ақша жұмсалып жөнделген тамаша пәтер еді. Әйел деген әсершіл халық, көршінің пәтерін көріп келгелі Мырзаштың келіншегі үш күн бойы тамсанумен болды.

Кейде бұлар сол жақ қабырғадан әлдекімнің өксіп-өксіп жылаған даусын естіп, жоғарыдан әлде төменнен бе деп бас қатыратын. Бірақ, дауыс қабырғалас көрші әйелдікі деп ойламайтын. Ақжарқын, үнемі күліп жүретін, үйі кірсе шыққысыз, тұрмысы жақсы адамды жылайды деп ойлаудың өзі қисынсыз. Бір күні түнде біреу есік қоңырауын басты. Іле-шала есікті қаттырақ ұрды. Есікті ашқанда үстінде жеңіл ішкөйлегі ғана бар, жалаң аяқ, шашы дудырап, көзіне үрей толған көрші әйел тұр еді. 

– Көмектесіңізші. Өтінем, көмектесіңізші. Ол баламды өлтіреді. Барып көмектесіңізші! – деді асығып-үсігіп. Даусында жалыныш бар. Әншейінде бірден түсініп болмайтын жайбасар Мырзаш аңырып тұрып-тұрып барып, киіміне жабысты.

- Киінбей ақ қойыңыз, – деп бұйырды қорқыныштан дірдек қаққан әйел. – Үлгермей қаласыз, оның қолында пышағы бар! 

Сасқалақтаған Мырзаш көршінің үйіне кетті. Мас адамның пышағы бар дегенді естіген Мырзаштың келіншегі өз күйеуін уайымдап тұр. Көрші әйел жылаған күйі сөйлеп жатыр. 

– Осыған өмірімді қор қылдым, үнемі осы, ішсе балаға тап береді. Бар өшін содан алады. Пышақ тақайды. Өзі жолы болмаған адам. Жөндеп жұмыс та істемейді. Сол риза болсын деп ақшаның соңында жүрем, жұмыстан бөлек үйге қосымша жұмыс әкеліп істеймін, сол риза болсын деп төркініме де бармаймын. Ал, ол ішуін қоймайды. Ішіп алса ұрынады, – деп өксіді әйел. 

– Полиция шақырмайсыз ба?

– Олардан көмек жоқ, талай шақырдым, келеді, ештеңе істемейді. Сосын олар кеткен соң бұл тағы да өзіме тап береді. Сіздер де полиция шақырмай ақ қойыңыздаршы, әйтпесе ол мені өлтіреді. Мені қойшы, балама бірдеңе жасауы мүмкін. Ішсе миы жасамайды. 

– Қай жерде жұмыс істейсіз? – деді Мырзаштың келіншегі көршісін басқа әңгімеге бұрмақшы болып. (Ондай адамнан неге ажырасып кетпейсіз? деп сұрағысы келген, ыңғайсызданды).

- Қазақстан теміржолында есепшімін.

Бұдан кейін де көршінің үйіндегі айқай-шуды естуге тура келді. Өзінен көмек сұрағанда тартынып қалуға Мырзаштың еркі болмайтын, бірақ бөтен отбасының арасында ара ағайындыққа жүргеннің ең қадірсіз роль екенін де білетін.

Ортақ балконның бұрышында шөлмектер жиналып қалады, бұл көршінің мүлкі. Оның теріс қарап тұрған күйі бөтелкенің аузынан ішіп тұрғанын сыртынан талай байқаған. Бұлар жоғарғы қабатта тұрғандықтан үй тазалығын тексеретіндер жоғары жаққа көтеріле бермейтін де, ол «қазынаны» ешкім жинамайтын. Кейде дәлізді әлдебір күйген шөптің иісі алып кететін. Бұл әлемтапырық, басқа тиетін біртүрлі сүйкімсіз иіс. Бір-екі рет көршісінің көзі ештеңені көрмей, өзінен-өзі ыржиып келе жатқанын көргеннен бері Мырзаштың келіншегі мектепке баратын қыз бен ұлды лифтіге қарап тұрып мінгізіп, бағып тұрып кіргізіп алатын болды. Кейде көршінің ақжарқын келіншегінің кранды ашып қойып жылаған даусынан бөлек басқа пәтердегі дауыстар да түн ішінде қосамжарласып естілетіні бар. Сол кезде бұлар өздерін үйде емес, жерден тысқары бір жерде тұрып жатқандай, түсініксіз дыбыстарға толы тылсым әлеммен байланысы бар адамдардай сезінер еді. Газоблок деген сондай материал, әр жерден қуалай шыққан дауыстың жоғарыдан әлде төменнен екенін айыра алмайсың. 

 

***

 

Қабырғасынан дыбыс естілетін, терезелері жолға қарайтын пәтерден де шаршайын деді. Кейде бөлмені желдетпекке терезені ашса болды, арылдап-гүрілдеген көліктер пәтердің ішіне кіріп келе жатқандай көрінетіні бар. Көбірек жер телімін иемденіп қалуға тырысқан компания үйді жолға тақап салған. Енді бұлардың көңілдері ертеректе салынған ескі үйге ауды. Ескі үйден пәтер жалдаса қабырғалары қалың, ешқандай дыбысты естімейтініне сенеді. Адам тыныш ұйықтаса болды емес пе, басқа не керек? Пәтерді де тапты. Бағасы қымбаттау екеніне, подьезінің сылағы түсіп, сыры көшкеніне, лифтісі ескі екеніне қарамады. Бастысы қабырғасынан ештеңе естілмесе болды.

Пәтер иелері - ерлі-зайыптылар екеуі екі түрлі қалыпта көрінеді екен. Күйеуі бір көңілсіздеу қалың ой үстінде, ал әйелі жағасы жайлауда, көңілді көрінеді. «Біз Шұбардан 400 шаршы метрлік коттедж салып қойдық, мына пәтерді жалға береміз, тағы бір пәтерімізді сатып, ақшасын басқа құрылысқа құйсақ па дейміз» деді әйел. «Оның бәрін бізге не үшін айтып тұр»? дегенді бұлар ойламады, бәлкім үй иесі әйелдің кедейлердің алдында аздап мақтанғысы келген шығар? Ол күйеуінің үлкен қызметте бастық екенін, өзінің атақты университетте мұғалім екенін де айта кетті. Психологияда «субъективті әл-ауқат» деген ұғым бар. Қызметі, жинаған байлығы, басқа адамдармен қарым-қатынасы дұрыс болғанда ғана адам өзіне риза болады. Әйелдің жүзінен өз өміріне ризашылығы көрініп тұрды. Ал, күйеуінің бетіндегі ешуақытта кетпейтін ұлы шаршаудың себебі неде болуы мүмкін? Екеуінің су жаңа екі көлігі, коттедждері, артық пәтерлері бар, бірақ ер адам өмірінің мәнін жоғалтып алып, соны таппай жүрген адамға ұқсап көрінетіні несі? «Ол өзі іздеген мән-мағынаны осы үйде тұрып жоғалтты ма, әлде қызметі өзіне ұнамағаннан осындай күйге түсті ме екен?» деп ойлады бір сәт Мырзаштың қияли келіншегі басқа ойлайтын түк таппағандай. (Бұл өзі кім боларын білмейтін, қайдағы-жоқты ойлап жүретін біртүрлі қиялилау келіншек болатын. Егер шаруаны білетін пысық келіншек болса ол қазір үй иесі әйелден жалдау құнын түсіруді ойлауы керек еді. Көрмейсіз бе, өзімен-өзі лағып, қажетсіз нәрсені ойлап тұрғанын)... 

Обалы қане, пәтерден дыбыс естілмейтін. Мүлгіген тыныштық. Алғашқы күндері Мырзаш та, келіншегі де тұяқ серіппей ұйықтап жүрді. Түн ортасында біреулердің ащы даусынан, оқыс дыбыстан оянбау да ғажап екен. Жатын бөлменің терезесі аулаға қарайтын, таңертең балкон есігін ашқанда құстар шықылықтап ән салатын. Сол кезде көшедегі көліктің дыбысынан бітеліп қалған бұлардың құлағы әп-сәтте ашылып, дүниеде ары-бері ағындаған көліктер ғана емес, торғайлар мен табиғаттың барын, тыныштықтың рахатын сезінетін. Тұрып жатқандарына бір апта болар-болмаста суық су жүретін тұрба жарылып ағыл-тегіл су кетті. Сарылдаған су кафельден асып ламинатқа жайылып, төменгі қабаттағы көршіге жетті. Оны жөндетіп бола келгенде үстіңгі қабаттағы көршісінің үйінен де судың тұрбасы жарылып, енді бұларды суға батырды. Жатын бөлменің төбесі сарыала болып, балконның жақтауларына дейін дымқылдан ісініп кетті. «Құбырды жаңарту керек» деді сантехник. Ай сайын ақшасын алудан жаңылмайтын кооператив бұған қатыспады, «құбыр өздеріңнің шаруаларың» деп қысқа қайырды. Мырзаш көршілерінің есігін қағып жүріп бірінші қабаттан 9-ншы қабатқа дейінгі жамап-жасқаумен тұрған ыстық су мен суық судың құбырын ауыстыру керектігін түсіндірді. Біреу келісті, біреу «мен пәтер жалдаушымын, маған қажет емес» деді. Құбыр ауыстырғасын жоғарыдан төменге су кету сап тыйылды. Екінші қабаттан су кеткен кезде бірінші қабаттың төбесінің сылағы түсіп, қабырғасы жалаңаштанып қалғандықтан, подьезге кірген адам шошитындай еді. Кооперативтен үміт жоқ. Көршілер подьезді өздері жөндемек болды. Мырзаш «уақытша тұрып жатырмын» деп айта алмады. Подьезд жарқырап шыға келді. Есесіне жаз басталса су көрмейді, кооператив құбыр ауыстырамыз деп ақша жинай беретін де тек жамап қоя салатын. Тозған, шіріген құбыр ертеңінде тағы бір жерден жарылады. Ауланың әр жері қазылып, жайрап ол жатыр...

 

***

 

Бұл жолғы тапқаны аты дардай компанияның үйі. Подьезі жарқырап тұр. Бағасы да қымбат. Бірақ... көршімен екі ортадағы он сантиметр қалыңдық теледидардың орташа даусына да, басқа дыбысқа да тосқауыл бола алмады. Тіпті қабырғаның ар жағындағы адамның телефонын розеткадан суырғанын да, көршінің телефонына хабарлама келгенін де ап-анық естиді. Көршісі жас отбасы. Көп өтпей сәбилі болды. Жас жігіт адам таңғалатындай балажан екен. Ала таңмен тұрып алып сәбиін айналып-толғанып, ән салады. Баяғы мультфильмді армансыз көрген ау, бүкіл балалар әнін шырқап шығады. Күнде сол. Жаңылмайды. Оның әні қабырғаның бер жағындағы Мырзаштың да көңілін көтереді. Мына жақтан Мырзаштың келіншегі де бала кезден көңілге ыстық әнге қосылып кетеді. Солай көршілер бірі қабырғаның ар жағында, бірі бер жағында жатып алып әндетеді. Кейде көршісі сөзін ұмытып қалып құр ыңылдап кеткенде мына жақтан дауыстап әннің сөзін айтып жіберетіндері бар. Сәби жылауық емес. Уілдейді. Кейде сықылықтап күледі. Мазасы кетіп жылайтын кездерінде тісі шығып жатыр ма әлде ішіне жел қарысты ма екен деп уайымдайды бұлар қабырғаның бергі жағынан. Кейде ерлі-зайыптылар әлденеге келіспей қалады, онда да сөйлеп жататын күйеуі. Көбіне жанжал сөз емес сөзден шығады. «Мазасыз жігітсің ау» деп қояды бұлар бас шайқап. Мырзаштың төменгі қабаттағы көршісі де көңілді отау. Әкелері түнгі ауысымда жұмыс істеп, күндіз ұйықтай ма, әйтеуір, балалар түнімен секіріп, тарсылдатып доп қуып ойнайды. Оған Мырзаш қабақ түймейді. Үлкендердің ұрыс-керісін естігеннен баланың шуы әлдеқайда жақсырақ!

Бір күні балажан көршісі пәтерін сатып көшіп кетті. Осыдан кейін бұлардан маза қашты. Өйткені жаңадан келген көршілер ән айтпайтын болып шықты. Бала да жұбатпайды. Түн жарымында келіп, даурыға сөйлеп, одан әрі «ұлы той» бастайды. Бұлар көзге көрінбейтін жаңа көршінің пәтерді тәулікке жалға беріп қойғанын түсінді. Бейтаныс адамдар есік ашып жатады. Бейтаныс адамдар шығып бара жатады. Түнімен сыңқ-сыңқ күлкі, күйіп-жанған, аһілеп-үһілеген дауыстардан құлақ тұнады. Шағымданайын десе жаңа көрші ұстатпайды. Бұл пәтердің тәулікке жалға беріліп, ойнастардың оңаша отауына айналғанын түсінді. Өз қызықтарына берілген «түнгі жолбикелер» қабырғаның ар жағында біреулердің көзі бақырайып ояу отырғанынан, жүйкелері шаршағанынан бейхабар. Тіпті қабырғаны дүңкілдетіп қағып, олардың ләззатты шақтарының шырқын бұза беруге бұлар ұялатын болды. Бәрінен бұрын бұл бөлмеге балаларды жіберуге болмайтын. Полиция да ештеңе істей алмады.

Мырзаш бұдан кейін де пәтер жалдап көрді. Бірнеше рет. Соның бәрінде көршісінің даусын, түшкіргенін, бүкіл дыбысты естиді. Астанада көршіңді көрмесең де естисің. Елдің бәрі вирустан үрейі ұшып үйге тығылған карантин кезінде оң жақ көршісінің күнде ертемен туыстарына хабарласып, әрқайсысының жағдайын сұрап, коронавирустан қорғайтын ем-дом айтқанына қабырғаның бер жағында жатып «не деген бауырмал адам!» деп жаны сүйсінді. Ал сол жақ көршісінің үйіндегі кішігірім «соғыстарды» естіп, шырылдап жылаған балаларды аяп, көңілі түсті. Бүкіл Астана осылай тұрып жатыр. Қабырғаны қалың салуға құрылыс компанияларына кім пәрмен бере алады? «Тым болмаса халықтың яғни біздің атымыздан сайланған депутаттар осыны неге айтпайды екен?» дейді бір ойы. Бірақ депутаттарға да, басқаға да бұл керек емес. Олар қабырғаның ар жағында қандай әңгімелер айтылатынын өмірі естіп көрмегендер. Адам өзі бастан кешпеген нәрсені сезінбейді. Егер Мырзаш депутат болса ол да депутаттар қалашығындағы салтанаты келіскен үйінде, қара халықтан алыста, өзімен-өзі қамсыз жатар еді. Бірақ Мырзаш депутат емес. Жер үй салып алып оңаша тұратын да шамасы жоқ. Ол жай ғана мемлекеттік қызметкердің айлығымен жалдамалы пәтерде тыныш ұйықтаса соған да риза. Жақында Мырзашты тағы да қабырғасынан дыбыс естілмейтін пәтер іздеп жүр екен деп естідік...

Жазылған уақыты: 19.04.2020.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар