28 ақпан – Жамбыл жыраудың туған күні. 180 жылдық мерейтойына орай ғасыр жасаған Жамбыл ақын мен батыр-ғалым Мәлік Ғабдуллин арасындағы рухани байланыстар жөнінде тоқталмақпыз.
Өз кезіне тән білімдердің тірі энциклопедиясы
Академик Мәлік Ғабдуллиннің Жамбылмен жүздесуі, ақын мұраларын зерттеу мен оқытуға қосқан үлесі туралы қарастырар алдында ғасыр жасаған жыраудың шығармашыл тұлғасының ерекшелігі туралы тоқтала кетпекпіз. Академик Мұхтар Әуезов өзінің «Жамбыл және халық ақындары» атты мақаласында халық ақындарының шығармашылығы жайлы былай деп тұжырым жасайды: «Өмірдің бар құбылыстарына құлақ түріп, хабардар болып, қадағалау ақындарды өткенмен де, бүгінгімен де жанды байланыс жасап отыруға баулыды. Халқына, айнала қоршаған ортасына не нәрсе мағлұм болса, ақын соны біліп, жадында сақтап отыруға тиіс. Ол ‒ өз халқына, өз кезіне тән білімдердің тірі энциклопедиясы».
Халқымыздың сан ғасырлық фольклор дәстүрі мен заманауи жазба әдебиетінің тоғысында тұрған Жамбыл феномені туралы Мұхтар Әуезов жоғарыда аталған мақаласында: «Халық ақыны Жамбыл, тек өз шығармаларымен ғана емес, тарихи-әдеби зерттеу тұрғысынан да, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен де аса зор құбылыс», - деп орынды атап көрсетеді.

Расымен де «өз халқына, өз кезіне тән білімдердің энциклопедиясы» іспетті халық ақыны Жамбылдың шығармашыл тұлғасы – ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиетінде айрықша орынға ие. Жамбыл дәстүріндегі халық ақындарының әлеуетін кеңестік дәуір идеологиясы тиімді пайдалана білді және бұдан шығармашылық иелері де, ұлт руханияты да ұтылған жоқ деуге болады. Мемлекеттің қамқорлық, қолдауына ие болған халық ақындары кейбір идеологиялық тұрғыдағы шектеулерді есептемегенде, өздерінің шығармашылық әлеуетін барынша ашып көрсете алды. Осы кезеңде халық ауыз әдебиеті үлгілері жинақталып, аудан, облыс, республикалық деңгейдегі ақындар айтысы өтіп жатты. Мұның бәрі де қаласа да, қаламаса да большевиктік үгіт-насихаттың айқын бағыт-бағдары аясында жүрілетіні белгілі. Халық ақындарына идеологиялық бағыт-бағдар беріліп, шығармашылық тұрғыда көмек көрсетіліп отырған.
«Біздің ақындар творчествосында үстем боп отырған ауызекі поэзиясының ұсақ формаларымен қабат дәстүрлі халық творчествосының басқа ірі жанрларын өркендету аса маңызды. Өте-мөте құнды. Ақындар, бұрынғысынша, Азамат соғысындағы ерлік туралы, бүгінгі күннің ерлік оқиғалары мен образдары туралы поэмалар, тарихи жырлар, хикаялар, аңыз-әңгімелер, ертегілер жасауға тиіс. Жазушылар одағының басшылығы олардың қызметін осындай поэтикалық міндеттерді орындауға бағыттауы, творчестволық көмек көрсетуі керек. Ал ол үшін ақындардың жалпы таным, білім, түсініктерін кеңейтуге жан-жақты көмектесу керек», - деген академик Мұхтар Әуезовтің сөзі бұған дәлел.
Осыған орай республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі үлкенді-кішілі іс-шаралардың жүрілуіне халық ақындарының өзіндік орны болды. Жамбыл жырауға жеке хатшы, дәрігер, жүргізуші тағайындалып, айрықша күтім-игіліктерге ие болғаны белгілі. Одақтық, республикалық деңгейдегі басшылар, өнер адамдары, шығармашылық иелері қарт ақынға арнайы келіп сәлем беретін игі дәстүр қалыптасқан. Бұл үрдіс Ұлы Отан соғысы жылдарында айрықша мәнге ие болған.
Тоқсан бестегі қарт жырау өзінің «Ата жаумен алыстық», «Өлім мен өмір белдесті», «Аттан, батыр ұрпағым!», «Кеңес жауынгерлеріне» т.б. өлең, жырлары арқылы халықты жігерлендірді. Әйгілі «Ленинградтық өренім» жау қоршауында аштық пен жоқшылықтан титықтаған ленинградтықтарға үлкен рухани күш бергені тарихтан белгілі. Жамбылға майдан мен тылдан мыңдаған хаттар келіп жатты. Майданда ерлігімен ерекшеленген жауынгерлер елге келгенде Жамбылға арнайы сәлем беретін үрдіс қалыптасқан. Даңқты батырлар Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин де Жамбыл жырауға арнайы барып жолыққан.
Жамбыл мен Мәліктің жүздесулері
Майдандағы асқан ерліктері үшін Мәлік Ғабдуллинге 1943 жылы 30 қаңтарда Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Бұл атаққа ол қазақ жауынгерлері арасынан Төлеген Тоқтаров екеуі тұңғыш ие болды. Қазақстанға ғана емес, күллі Кеңес Одағына аты мәшһүр болған Мәлік батыр туралы ақын-жазушылар көркем туындыларына арқау етіп, журналистер мақалалар мен очерктерді жарыса жазып жатты. Мәліктің аңыз болып естіліп жатқан ерліктерінен Алатау баурындағы Жабыл жырау да хабардар болатын. Бұл кездесудің жалпы барысы жазушы, ғалым Нысанбек Төреқұловтың «Алатау асқарынан жыр асырған» атты ғұмырнамалық эссесіндегі «Батыр келгенде» атты үзігінде баяндалады.
Эссені қысқаша мазмұндайтын болсақ, майданда екі бірдей ұлынан айырылып, қайғы-мұңға батып отырған ақынның үйіне кештетіп Сәбит Мұқанов келеді. Сәбең шай үстінде Сабалақ баланың Хан Абылайға айналған хикаясын әңгімелейді. Мұның жайдан-жай емес екенін білген Жамбыл жырау да: «Абылайды неге айттың?» - дейді. Сонда Сәбең Мәліктің жайын баяндайды:

«- Тәте, Абылайдан да асқан батыр келді.
Жамбыл:
- Ол кім?
- Мәлік, Совет Одағының Батыры.
- Мәлік дейсің бе?
- Ия, Мәлік Ғабдоллаұлы, майданнан келіпті. Ой, оның ерлігі ересен, айтып берейін бе, тәте?
- Кәне, айтшы?»
Эсседе бұдан әрі Сәбеңнің айтуында Мәлік батырдың майданда көрсеткен ерліктері баяндалады.
- Міне, тәте, сол батырлардың бірі осы Мәлік. Ол бір шайқаста өзінің жауынгер достарымен фашистердің жүздеген солдатын өзеннен өткізбей қойған. Жау жағы бес рет шабуылға шықса, Мәліктер автоматтарынан оқ жаудырып бес рет бетін қайтарып тастаған. Немістер тағы да үш машина солдат әкеп төккен. Мәліктер олардың машинасын өртеп, солдаттарын қырып салған. Артынан танкілері қаптап шыққан. Оны да қиратқан. Сөйтіп, олар күн-түн жаумен арпалысып жүріп, қоршауда қалып қойған. Жеті күндей жау қыспағына, аштық, қиыншылыққа шыдап, соғыса жүріп, қоршауды бұзып шыққан. Сөйтіп, ол өз дивизиясына кеп қосылған. Жол-жөнекей қоршауда адасып жүрген екі жүздей совет жауынгерлерін қару-жарағымен өздеріне қосып ала келіпті. Мәліктің бұл ерлігіне риза болған Панфилов: «Жарайсың ғалым батырым» деп, арқасынан қағып, бетінен сүйген. Тағы бір шайқаста Мәлік бастаған солдаттар жау қолында қалған деревняны азат етіп, ондағы кемпір-шал, бала-шағаны аман құтқарып қалады. Сол соғыста 27 фашист жендетін қару-жарағымен қолға түсіріпті. Бір түнде Мәлік өзінің он үш автоматшысымен жау тылына өтіп, немістің бір ротадай солдатын жойған, бес танкісін қиратып оралған. Сәбит «Тағы бір ұрыста»... – дей бергенде, Жамбыл:
- Япырмай, мынау не деген ер еді, тіптен Қобыланды мен Алпамыстан да асып кетті ғой, - деп, таңқалады.»
Сәбең бұдан соң Мәлік батырдың Алматыда демалыста жүргенін айтқанда, Жамбыл ақынды қонаққа шақыру керектігін айтады.
«Ертеңіне Сәбит, Төлеген Тәжібаев, Москвадан келген Маршак ақын және «Социалистік Қазақстан» редакциясынан Байдабек Әлиманов, тағы бірер фототілші, екі-үш машина болып, ақын аулына тартады»
Мәлік батырды үйдің сыртында қарсы алған қарт жырауға Сәбең былай дейді:
«- Міне, тәте, Мәлік дейтін батыр балаңыз, - деп, Мәлікті нұсқады. Жамбыл:
- Өзім де шырамытып тұрмын. Кәне, балам, бері келші, - деп, оны қапсыра құшақтап, маңдайынан, бетінен сүйді. – Мен сені Қобыландыдай алып денелі батыр екен десем, талдырмаш қана жігіт екенсің ғой... «Алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы қарт алдынан шығады» дегенді білсем де, Алматыға барып, алдыңнан шыға алмадым. Келеді деген хабарыңды есітіп, таңертеңнен бері күтіп отырдым. Келген қадамың құтты болсын, балам! «Айтқаныңыз келсін» десті бәрі.»

Төлеген Тәжібаев бұдан кейін әңгімені жалғастырады: «Мәлік балаңыз майданнан демалысқа келген екен, туған жері Көкшетауда болды. Алматыны аралады. Еңбекшілермен кездесті. Сізге сәлем бермей, батасын алмай аттанбаймын дейді». Төлеген Тәжібаевтың сөзінен кейін Жамбыл ақын батырлар туралы қара сөзбен біраз толғана барып өлеңмен жырлауға көшкен екен:
Ризамын ерлерім!
Жауға намыс бермедің
Қажып қабақ шытпадың,
Қан майданда өрледің.
Шеру тартып батысқа,
Дүниені кернедің...
Түскі астан соң Мәлік батыр майдандағы жауынгерлер, олардың ерліктері жайлы баяндап береді. Қарт ақын сөз арасында: «Менің Алғадайымды көрмедің бе?» - деп сұрайды. Мәлік батыр: «Алғадайды көрмедім. Бірақ ерлік істеріне қанықпын», - деп жауап береді.
Жамбыл жыраудың үйіне қонған қонақтарға таңертең елдің үлкен-кішісі сәлем бере келеді. «Батыр балаң келді. Той қыл», - деген ауыл адамдарының сөзін қоштаған Жамбыл жырау шәкірттеріне тойбастар айтуды бұйырады. Үмбетәлі, Жартыбайлар Мәлікке арнау айтып, келіні Берікбала, інісі Өмірәлілер ән шырқайды. Балалары Сатыш пен Тезекбай күрес салады. Жәкең қалжыңдап Сәбеңді күреске шақырады: «Балуан Шолақ, шығар жігітіңді, жігітің жоқ болса, өзің түс күреске! Кәне, менімен күресесің бе? – деді.»
Жамбыл жырау тағы да домбырасын қолына алып, майдандағы жауынгерлерге сәлемін жолдайды:
... Өңкей батыр егесте,
Тайсалмасын, таймасын
Қанын судай ағызып,
Батысқа жауды айдасын.
Батырларға сәлем айт!
Көктен келген дұшпанға,
Қара жерді қаптырсын.
Судан келген дұшпанның,
Кемесін суға ақтырсын.
Жерден келген дұшпанды,
Ақ қарда ажал таптырсын.
Батырларға сәлем айт! –
дей келе, бұдан кейінгі сөзді жанында отырған батыр Мәлікке арнап былай деп жыр-аманатын жолдап, амандық тілейді:
Батырым Мәлік беренім,
Жүйрігім озған өренім.
Халқы сүйген қалаулым,
Жырымды саған төгемін...
Жолың болсын шырағым,
Балаларға сәлем де!
Күнде түріп құлағын,
Күткен кәрі бар елде.
Хиуада жатсам да,
Соларға үн қосамын.
Сөнер күндей тартсам да,
Соларды мен тосамын.
Ата жауды талқандап,
Жеңіспенен оралғын.
Аман барып, сау қайтқын,
Осы болсын жоралғым...
Жамбыл сәлемін осылай аяқтай берді. Мәлік оны барып құшақтап, қайыр-қош айтысты.
- Сәлеміңді майдан жауынгерлеріне жеткіземін, Жәке! Біз Жеңіспен оралғанша аман-сау болып, жырлай беріңіз, - деді Мәлік.

Қонақтар жүрмек болып орындарынан тұрысты. Бәрі Жамбыл атасының қолын алып қоштасты. Жеңіл машиналар жылжып келіп, қатарынан тізілді. Мәліктер жүріп кетті. Ауыл адамдары қолдарын бұлғасып қала берді...», - деп жазады ғалым Нысанбек Төреқұлов.
Аталған деректі кітапты оқығанда біз Жамбыл мен Мәліктің майдан жылдары екі рет кездескенін аңдаймыз. Жинақтағы «Бауыржан барғанда» атты, журналист, педагог Б.Әлимановтың айтуы негізінде жазылған эсседе мынадай дерек бар: «Қырық үшінші жылдың шілде айы. Eric жақтан үйге келсем, ауылдағылар, «Алматыдан батырлар келе жатыр» десіп жүр. Дереу Тәтемнің үйіне жеттім. Сөйтсем, аудан басшылары музей алдында тұр екен. Орталарында Тәтем. Сөйткенше бір «Волга» келіп тоқтады, ішінен үш әскерше киінген адам түсті. Танып тұрмыз: Бауыржан мен Мәлік. Қасындағы ертіп жүрген — өзіміздің военком Тілек Мергенов. Ол дереу Тәтемнің қолын ала беріп:
— Бауыржан Момышов, Мәлік Ғабдуллин, - деп таныстыра бастап еді, Бауыржан:
— Отставить, Момышұлы деп айт! - деп оған ұрсып тастады. Мергенов қызарақтап: «Кешіріңіз, Момышұлы» деп сөзін түзетті. Олар үйге кіріп отыра бастады. Тәтем домбырасын шертіп:
Түсінгенге шырағым
Кәрілік те кәріп пе?
Деп жүр едім батырлар,
Сағынғанда кезіксе,
Таныстырды комиссар
Бауыржан мен Мәлікке...
Тәтем осылай деп біраз айтты да, домбырасын жанына сүйеді. Өлеңнің осы бір жері ғана есімде қалыпты». Сол кездесуге қатысқандар сөзіне қарағанда әңгіме сұхбат бір күн, бір түнге созылған. Алматы облыстық әскери комиссары Мергенов өзі ертіп барған Бауыржан мен Мәліктің қай жерлерде кездесуде болғанын, олардың майдандағы ерлігін баяндаған. Жиналғандарға Мәлік — Төлеген Тоқтаровтың батырлығын баян еткен.
Бауыржан — генерал Панфиловтың байсалды, ақылды, тапқыр командир екенін айтқан. Ол сөзінің соңында былайша толғанған:
Панфиловтай қолбасшы
Ел ерлерін бастаған,
Қандай қиын болса да,
Қалтырап, ешбір саспаған.
Қауыпке қарсы мәрт тұрып,
Қиындықтан қашпаған..
... Қаршығадай, қырандай,
Дұшпанға тиіп ұрандай
Ту көтеріп майданда
Ел намысын колға алған..
... Қолбасшы болсаң, сондай бол,
Жосылып жаткан жолдай бол.
Қайрат етер мезгілде,
Жүк көтерер нардай бол.
Ақыл айтар мезгілде,
Жүз жасаған шалдай бол.
Қатал болар мезгілде,
Шатынап түскен жайдай бол.
Мейірім түсер мезгілде,
Ағарып атқан таңдай бол.
Жауды бөгер кезіңде,
Көлденең жаткан ордай бол.
Жауға төнер мезгілде,
Басатын ауыр сордай бол.
Сенсің қолың баладай,
Сүйсін сені анадай.
Отқа түссең бір түссін
"Өлемін деп қарамай,
Шыбын жанын аямай.
Майданға бірін кіргізбе,
Біреуін мыңға баламай.
Қолым бар деп ойлама,
Миллионға мыңын санамай.
Кешегі өткен Панфилов
Қолбасшы еді осындай.
Бауыржан осылай деп бола бергенде, Жамбыл қасындағы отырған Мәлік пен Мергеновқа қарап:
— Мына батырың ақындарша сілтейді ғой, мүлдем тегі — деген., Мәлік:
— Жәке-ау, .не дегеніңіз, бұл ініңізде батырлық та, ақындық та бар ғой, - деп сөзін қуаттаған.» Естелік осылай баяндайды. Сол кездесулердің куәсіндей фотосуреттер сақталған.

Дегенмен ғаламтордағы Бауыржан мен Мәліктің Жамбыл ақынмен түскен фотосуреті түпнұсқа емес, жасанды деген күмән айтылады.
Мәлік Ғабдуллин майдан жылдары ротаның саяси жетекшілігінен Мәскеудегі КСРО Саяси Бас Басқарма қызметкеріне дейін көтерілгені белгілі. Шайқастар арасындағы тынығуларда окоп пен блиндаждарда жауынгерлерге саяси үгіт-насихат жүргізіп, оларды ерлікке жігерлендіргендігі туралы өзінің «Менің майдандас достарым» туындысында баяндайды. «Кенжетай оған Абай, Шоқан, Жамбыл жайында айтатын. Шуть коммунистердің бір жиылысында халықтардың достығын айта келіп Жамбылдың өлеңдерінен үзінділер оқыған еді.» «Аралбаев жолдасқа көптеген сұрақтар қойылды. Жауынгерлер штурмның жай-жапсарын егжей-тегжейлі бажайлап сұрап, қаһармандардың ерлік қимылдарына қанықты. әңгіме соңында үгітші Жамбылдың «Майданға хат» өлеңін оқып болған соң: «Көріп отырсыздар, батырлар туралы халық толғау шығарады. Батыр жайлы дастанды сендердің іштеріңде кім біледі», – деп жауынгерлерге қарады.

Сөйтсе олардың көпшілігі халықтың батырлық, ерлік жырларын жатқа білетін болып шықты», - деп жазады әдіскер ғалым Мәлік Ғабдуллин өзінің «Ерлікке баулу – тәрбиеден» атты эссесінде.
Мәлік Ғабдуллиннің Жамбыл шығармашылығына зор мән беріп, оны теориялық тұрғыдан талдау, мектепте практикалық қолданысқа енгізу бойынша атқарған еңбектеріне қысқаша шолу жасамақпыз.
Мәлік Ғабдуллин – жамбылтанушы ғалым
Филология ғылымдарының докторы, отандық фольклортану ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі, әрі мектеп пен арнаулы жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, хрестоматиялар жазған, құрастырған педагог ғалым ретінде Мәлік Ғабдуллиннің ғылым пен педагогика саласындағы еңбегі ұшан-теңіз. Аталған ғылымдар саласында әр кезеңде Мәлік Ғабдоллаұлы Жамбыл шығармашылығына тоқталып отырды. Көкшетаудан Алматыға әдебиеттанушы ғалым болсам деген арман арқалап келіп, мұндағы әдеби-шығармашылық ортамен араласа жүріп, қалаған оқуына түседі, бітіріп шығады.
Дегенмен жас маманның алғашқы қызмет жолы ғылым емес журналистікке бағыт алады. Бұл турасында көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Тоғыз толғау» атты деректі естелік кітабында баяндалады. Кітапта Мәлік Ғабдуллин былай дейді: «Өстіп жүргенде 1937 жылдың аяғы келді. Декабрьдің соңы бет қаратпай, қақап тұрды.
– Ғабдуллин! Ғабдуллин! - деген дауыс шықты. – Сені біреу іздеп келді.
– «Кім болды екен?» - деп, базаның үлкен қақпасына қарай аяңдадым. Келсем, қақпа сыртында Байдабек тұр.
– Өй, өзіңді әрең таптым ғой, - деп құшақтай алды. – Мәлгаждар-ау, қайда жүрсің?
– Жай ма, Бәке?
– Жай емес, сені «Социалистік Қазақстанға» қызметке алатын болдық. – Сенің лайықты екеніңді айтып, редактордың көзін жеткіздім. Мәлік үшін мен жауап беремін, өз қарамағыма, секретариатқа әдеби қызметкер етіп беріңіз дедім. Берді. Жүр, қазірден бастап қызметке кірісесің, - деп, Байдабек ағалық мейірмен арқамнан қақты.

Өстіп, Байдекеңнің айды аспанға бір-ақ шығарғаны емес пе? Сонымен, жұмысқа құлшына кірісіп, сүңгіп кеп кеттім. Редактор, редколлегия мүшелері қараған, күн сайын бүкіл редакция қызметкерлері жабыла дайындаған мақалаларды мен жалғыз өзім оқимын. Күндіз ол мақалалар аз жиналады да кешке менің алдыма тау боп үйіліп қалады. Түнгі он екіге дейін соларды оқып, тегіс баспаханаға жіберу – менің міндетім. Өйтпесем кезекті нөмірдің материалдары теріліп, дайын болмайды. Бір мақала баспаханаға жіберілмей қалса, бірнеше күндік айғай болады. Түнгі сағат 12-де, 1-де қайтсаң да бәрібір, таңертең сағат 9-да кеңседе болуың керек. Тәртіп солай!
Алғашында жан сала кірістім. Шаршағаныма да қарамадым. Осы дәуірге жеткенімнің өзін бақыт деп білдім. Бірақ бақыт басқа қонбай тұрғанда ғана бағалы екен.
Барған сайын газет жұмысының ауырлығын сезе бастадым. Оның үстіне басқа бөлімдердің әдеби қызметкерлері елге шығып тұрады. Шамасы келгендерінше, көсілтіп мақала жазады, күреп қаламақы алады. «Жақсы журналист», «жазғыш журналист» деген атаққа ілінеді. Ал секретариаттағылар байлауы бұзау сияқты: редакциядан аттап шықпайды, қалам ақы таппайды, жақсы атағы тағы жоқ. Оның үстіне өзгелер 8 сағат жұмысын өтеп, күн бата кеңседен қайтқанда, секретариаттағылар 14 сағат жұмыс істеп, жұртта қалады, үйіне түн ортасы ауа әзер оралады.
Ал менің алға нысана еткен ғылыми жұмысым бар. Қобыланды күркіреп, Тайбурыл кісінен, Құртқа күлімдеп, бүйрегімді бүлкілдете берді. Осы кезде бір күні Сәрсен Аманжоловты кездестірдім.
– Қайда көрінбей кеттің?
– Осында қызметтемін.
– Не істейсің?
– «Социалистік Қазақстанның» әдеби қызметкерімін.
– Академияға келмек ойың бар еді ғой?
– Ол ой сол қалпында, Сәрсен аға.
– Ендеше кел.
– Орын бар ма?
– Бар.
Қуанып кеттім. Келдім де Байдабекке айттым. Осылай да осылай дедім. Байдабек ойланып тұрды да:
– Шын барғың келе ме? - деді, – Барғың келсе – бар. Қазір сен «Социалистік Қазақстанның» қызметкері болғандықтан, ондағылар енді ойланбастан алады.
– Өзі де сондықтан болу керек, ертең кел деп жатыр. Бірақ, Бәке, Сіз мені мұнда көп еңбекпен қызметке алдырып едіңіз. Сізді тастап кеткенім қалай болады?
– Мені қой, мені қасқыр жеді деймісің. Ана қызметтен айрылып қаларсың. Бар. Бірақ енді ақсақалдың өзіне хат жаз. Осыны ұмытпа.
– Құп, Бәке, кеңесіңізге рақмет. Қиын шақта көрсеткен көмегіңізге рақмет.
Осыдан кейін мен Академияның Жамбыл секторына кіші ғылыми қызметкер боп орналастым. Академия маған, Ғайнитден Мұсабаев, Есмағамбет Ысмайылов үшеуімізге ол кездегі «Советтер үйі», кейіннен «Алматы» мейманханасы, соңғы кезде «Иссык» атанған Панфилов көшесіндегі мейманханадан үш бөлме әперді. Соған орналасып, жырғадық та қалдық.»
Мінеки, болашақ академик ғалымның ғылымдағы еңбек жолы Ғылым академиясындағы Жамбыл секторынан бастау алады.
«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғабдуллин Мәлік Ғабдуллаұлы. Қазақстан ғалымдарының библиографиясы» (2011 ж.) атты еңбекте көрнекті филолог ғалым Серік Негимовтің «КСРО ҒА академигі, ҚазКСР-дің Ғылымға еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғабдуллин Мәлік Ғабдуллаұлының ғылыми, педагогтық және қоғамдық қызметінің қысқаша очеркі» атты мақаласында мынадай мәлімет келтірілген: «1938 жылы 7-11 маусым күндерiнде КСРО Fылым академиясының Этнография институтының ұйымдастыруымен Ленинград қаласында өткен конференцияға М.Fабдуллиннiң «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген тақырыпта ғылым хабарламасы тыңдалды. Мұнда КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық филиалында Жамбылдың өмірі мен шығармашылығын зерттейтін бөлім болуы керек деп мәлімдеген.» Осылайша жас ғалым Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының мәдени астанасы Ленинградта ғылыми орта алдындағы биік мінберден Жамбыл шығармашылығын зерттейтін бөлім ашылуын күн тәртібіне қояды.
Мәлік Ғабдуллин – фольклортану, әдебиет тарихы мен теориясы, сыны, әдебиетті оқыту бойынша соңына қыруар еңбектер қалдырған ғалым. Аталған салалар бойынша Жамбыл шығармашылығына қатысты молынан қамтылған және оны бір мақала төңірегінде толық кірістіріп тарқатып шығу мүмкін емес. Бұлардың барлығына ортақ тұжырымдайтын болсақ: ғалым өз еңбектерінде Жамбылдың шығармашылық тұлғасы, өлеңдері мен поэмалары, айтыстарының тақырыбы, мазмұны, ондағы көркемдік ерекшелік, мектеп оқулығына Жамбыл туындыларын енгізу, оқыту мәселелерін жан-жақты қарастырады.
«Әр халық өзінің тарихында көпшілік үшін, халық бақыты үшін өмірін, ісін сарып еткен адамдарды әлеумет сахнасына шығарады. Әр халықтың тарихынан орын алған, дәрежелі адамдары бар. Олардың қайсысында болса да өзіне сай еңбегі, халқына істеген қызметі, кейінгіге қалдырған өсиеті, өнері бар. Сонау кездегі, қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатқан, қас жауына ажал оғын айдаған Қобыланды, Қамбарлар қараңғы түнде жарқ етіп нұрын шашқан таң жұлдызы сияқты болған Абай, Шоқандар, бертінде – Аманкелді, Жамбылдар да халық баласы. Бұлар халық үшін істеген ерліктері, еңбек өнерлерімен ардақты», - деп тұжырым жасайды, ғалым «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» еңбегінде. «Қазақ халқының батырлық жыры» атты монографиялық еңбегінде Жамбыл шығармашылығын сонау арғы замандардан бері жалғасқан жыраулық дәстүрдің ХХ ғасырдағы заңды жалғасы ретінде қарастыра отырып, Мәлік Ғабдуллин былай деп нақтылайды: «Жыраулар, ақындар мектебі бұрын болған деп жазғанбыз да, қазір айдан ашық айтып та жүрміз. Жамбылдың мектебі Сүйінбай тәрізді ақындар саналса, Үмбетәлі, Кенен, Есдәулет, Саяділ тәрізді ақындардың үлгі алған, өнеге тұтқан мектебі Жамбыл саналады деп көбіне тілге тиек етеміз. Өкінішке қарай, өткендегі атақты жыраулар: Марабай, Мергенбай, Мұрын, Нұрпейіс сияқтылар, ал кейінгі Рахмет, Шапай тәрізділер қай түрде жырлап, көп алдында қалай орындағанын, әдетте, біле бермейміз.»
«Қазақ әдебиетінің тарихы» атты академиялық еңбекте Мәлік Ғабдуллин Жамбыл дастандарына мазмұндық, пішіндік талдау жасай келе мынадай тұжырым жасайды: «Менің өмірім» дастанында тақырып екі лиро-эпикалық образ арқылы дамиды деу дұрыс. Бірі – халықтың, екіншісі – Жамбылдың өзінің образдары. Лирикалық қаһарман – қазақтың дәстүрлі эпосында болмаған құбылыс. Мұнда Маяковскийдің «Жақсы» деген поэмасындағыдай лирикалық қаһарман шығарманың композициялық қазығы. Әңгіме Жамбылдың «Өтеген», «Сұраншы» сияқты дәстүрлі эпос түрінен жаңа түрге ауысқанында болып отыр. Ақын үлкен жанр түрлеріне түсіне келіп, дастанның әдеби жазба типіне көшіп қана қойған жоқ, ертеректе шығарған «Сұраншы», «Өтеген» дастандарын қайта қарап, оны жаңаша жырлап шықты. «Менің өмірім» – өмір көрінісін бейнелі суреттеген дастан. Жалғыз бұл ғана емес, Жамбылдың Совет тұсындағы шығармаларының көпшілігінде кездесетін метафоралар, әр түрлі пейзаждар, психологиялық сезімге толы эпитеттер ақынның әдебиетке етене жақындығын көрсетеді.»
Мәлік Ғабдуллиннің «Жамбыл деген жай атым» атты әдеби талдау мақаласы – өз дәуірінде Жамбыл шығармашылығын зерттеп, зерделеуге қосылған үлкен үлес болды. Мақалада Мәлік Ғабдуллин эпик ақындардың ерлік дәстүрді жырлаудағы ежелден бері келе жатқан ұстанымы – шынайылық, халықшылдық, әділдік екенін айта келе Жамбылдың осы бағытты қалай ұстанғанына тоқталады: «Біз бұл арада халық әдебиетіндегі жоғарыда айтылған дәстүрді дамытуда Жамбылдың еңбегі қандай еді? – деген мәселеге қысқаша тоқтап өтпекпіз. Әрине, аталған мәселені аумағы аз мақала көлемінде толық баяндап шығу мүмкін емес. Сондықтан Жәкеңнің ерлік пен батырлықты жырлау мұратынан туған кейбір шығармаларына назар аудармақпыз.
Жамбыл жырларының ең негізгі, ең басты тақырыбы – халық, халықтың өмірі екенін жұрттың бәрі біледі. Жәкеңнің Құлмамбетке берген тойтарысындағы:
Адамдықты айт,
ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт, -
деуінен ұлы ақынның ой-арманы, идеялық және творчестволық мұраты көрінеді. Жәнеде бұл мұрат тек халыққа ғана қызмет ету, халық өмірін жан-жақты алып жырлау арқылы жүзеге асатындығын аңғартады».
Аталған мақаласында Мәлік Ғабдуллин Жамбылдың «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», Амангелді батыр», «Ворошилов батыр» дастандарына тоқталады. Жамбылдың дәстүрлі эпикалық дастандарының жаңа дәуірдегі жаңалықтарына тоқтала отырып, мақаланы былайша түйіндейді «...Сөйтіп ол ертедегі халық әдебиетінде қалыптасқан ерлік дәстүрді жаңа да жоғары дәрежеге көтерді.»
Мәлік Ғабдуллиннің Жамбыл туындыларын мектеп оқулықтарына енгізу, оқыту мәселелеріне де көп көңіл бөлгендігін көреміз. 1957 жылы жазған «Әдебиет оқулықтарын жақсарта түсейік» атты мақаласында Кеңес мектебінде қазақ тілі мен әдебиетін тиімді оқыту, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелеріне, әсіресе, ондағы кемшіліктерге кеңінен тоқталады: «Менің ойымша, біз қазақ әдебиетін тарихи дамуына қарай оқытуды ескермей келеміз. Егер бұл жайға көңіл бөлсек, сегізінші кластың оқулығын түгелімен халық әдебиетіне арнау қажет дер едім. Неге?» - дей отырып өзінің дәйекті аргументтерін келтіреді. «Егер біз Октябрь революциясына дейін қазақтың өз мөлшерінде үлкен көлемде жасалған халық әдебиеті болды десек және ол осы күнде де бар деп тарихи шындықты мойындасақ, сегізінші кластың оқулығын түгелімен сол әдебиетке арнау керек деймін.
...Қазақ халқының тұрмысына, әдет-ғұрпына байланысты туған шығармалар (ерте кезде Х.Жұмалиев жазған оқулықта бұл бөлім болатын), тұрмыс-салт жырлары, айтыс өлеңдері т.б. қосылған жөн. Ал советтік дәуірдегі халық әдебиетін баяндағанда бұл оқулыққа Жамбылды, Исаны, Нұрпейісті т.б. енгізу керек. Сонда сегізінші кластың оқулығы ойдағыдай болып шықпақ.
Бұл жерде бір мәселені қысқаша ескерте кетелік. Сегізінші класс оқулығы түгелімен халық әдебиетіне арналуы керек деген пікір бұрын да талай рет айтылған. Бірақ кейбір жолдастар бұған қарсы болған. Ондағы дәлелі: бір класты түгелімен халық әдебиетіне арнау мүмкін емес, ондай жағдай орыс әдебиетінде жоқ және Жамбылды, Исаны халық әдебиетіне енгізу дұрыс болмайды, дейді.
Жамбыл мен Исаны сегізінші кластың оқулығына енгізіп, екеуін де халық әдебиетінің алыптары деп өтсек, сөйтіп шындықты айтсақ, одан қандай нұқсан келмек? Меніңше бұдан келетін зиян жоқ.»
Академик Мәлік Ғабдуллиннің қазақтың халық ауыз әдебиетін оқыту жөніндегі жоғарыда айтылған ұсыныстары нақты жүзеге асырылғаны, осыған сәйкес орта мектептің 8-сыныбы түгелдей халық ауыз әдебиетіне арналып, тамаша оқулық пен хрестоматия әзірленіп, осы оқулық пен хрестоматия Қазақстан мен Кеңес Одағы құрамындағы одақтас республикалардағы, Монғолиядағы қазақ мектептерінде ұзақ жылдар бойы қолданыста болғаны белгілі.
Тұжырымдай айтқанда, академик Мәлік Ғабдуллин – Жамбыл шығармашылығын насихаттау мен оны оқыту бойынша үлкен еңбек сіңірді. Фольклортану, педагогика және т.б. ғылым салаларындағы еңбегі бұған дәлел.
Мақаламызда ғасыр жасаған Жамбыл жырау мен қазақтың сегіз қырлы бір сырлы азаматы Мәлік Ғабдуллин арасындағы байланыстарға тоқталдық. Жамбылдың шығармашылығы, тұлғасына қатысты әр дәуір, әр толқынның өзіне тән көзқарас, пайымы болуы да заңдылық. Себебі әр дәуірдің, қоғамдық құрылыстың өз сұранысы, талабы бар. Осы талап пен сұраныс аясында ұлттық тарихи жадының арқау тіні, ұрпақтар сабақтастығы да үзілмеуі керек. Осыған орай айтарымыз: Жамбылдың шығармашыл тұлғасы – әдебиетіміздегі тұтас дәуірлердің алмасу кезеңінде өмір сүрген, халық ақындары мектебінің көрнекті өкілі ретінде жасай бермек. Бұл жөнінде кезінде классик жазушы Ғабит Мүсірепов тамаша тұжырым жасағаны белгілі. Мақаламызды осы түйінмен аяқтауды жөн көрдік: «Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмірінің ең соңғы он жылында бүкіл дүние таныған атақ алуы да – Феномен. Сирек кездесетін, себебін осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған сыр. Әсіресе тоқсан жас пен жүздің арасындағы он жылда ақындық дарынның бұрынғысына қарағанда еселеп шарықтап кетуі дүние жүзілік даналардың өмірінен де кездескен емес.

Көбіміз алпысқа толғанда пенсияға көшіп, жетпіске толғанда өмір шекарасының құламасында тұрғандай сезінсек, ұлы Жамбылдың даусы тоқсан жасында шырқап кетті. Бұл жасқа дейін көтерілмеген биігіне көтерілді. Ұлы Отан соғысының тұсында көп ұлтты совет поэзиясында Жамбылдан жоғары көтерілген ақын болған жоқ. Жамбыл даусы күркіреп шықты. Жамбыл сөздері жау жүрегіне оқ болып қадалды. Жамбыл сөздері жоғары командованиенің әмірімен қатар Смольныйдың қабырғасына ілінді. Бұл кезде Жамбыл жүзге таяп қалған еді. Ең алдымен жете түсінер, жете түсіндірер, сыры терең Феномен осы!

Жәкеңнің тоқсан жасында қайта туғаны Феномен болса, ақындығының қайта шырқап кеткендігін Феникс арқылы түсінуге болады.
Феникс – құс. Ол – адам ой-сезімінің, барлық асылының, даналығы мен адамгершілігінің мұрагері сияқты. Мыңдаған жылдар жасай береді. Өле қалса өртеп, күлін отқа салсаң қайта тіріліп тұра келеді. Өткен өмірін ұмытпайды. Дүниеде қандай асыл ойлар, білім иелері, әділет иелері болды, көркемдік қазыналары болды, бәрі есінде. Екінші тілмен айтқанда, Феникс адамзаттың өзінің есі дер едім.»
Фотосуреттер ашық ғаламтордан алынды.
