...Тамсанған көзді талдырып,
Көңілді билеп тəтті əнмен.
Алқызыл гүлді таң қылып,
Келесің Күзгі бақтармен.
Үрлігін көпке үлгі еткен,
Қайыңның жетпей қолы да.
Жапырақтарын құрметпен,
Жайғандай сенің жолыңа.
Тылсымын тағы бұздың ба?
Жылғадан бұлақ кеп көріп.
Буыны босап мұздың да,
Жылаған жандай кетті еріп.
Көрді ме сені көктен кең,
Шағала-қаздар қайтпай жүр.
Дəмелі мендей көктемнен,
Қанатты тілсіз айтпай жүр.
Алғандай тартып сені мен,
Бақытсыз күнді тек көрем.
Жаным-ау, содан бері мен,
Жанарын күздің жек көрем!
«Алматыдағы аруға»
Сол бір жақтың түні де өзге, күні өзге,
Сәлемдеме деп түсінгей сірә бұл.
Сен кетіп ең, сені іздеуге ілезде,
Алматыға сапар шекті бір әнім!
Біз екеуміз сырластық та, кеңестік,
Мен ғашық боп...сорымды да көремін.
Бұл артыңнан жүгіру де емес түк,
Қыр соңыңнан қалмайды тек өлеңім.
Жапырақпен сыбыр-сыбыр кеңесе,
Жетер саған самал болып сол әнім.
Алматының жауыны боп немесе,
Терезеңді қағып тұрар қонағың!
Ел таныған әлі де ақын емеспін,
Жемеу үшін даңқым жетпей мен опық.
Айқай салсам естімейді мені ешкім
Алатауға өлеңімді бер оқып.
Жақыным-ау, тым құрыса сен өзің,
Жүрші маған, алыс жақтан қарасып.
Биіктерге шыққаным жоқ мен өзім
Тауға шықсаң өлеңімді ала шық!
Елден ерек ештеңем жоқ өзгерген,
Сөзім барда жүрем өлең өрген боп.
Құдай маған өзгелердей көз берген,
Тек мені әлі Алматыны көргем жоқ!
Мен көрмеген сұлулықпен бір мүлде,
Көз алдымда жұпар шашып жүрдің де.
Сонда саған өлең арнай беріппін,
Сыйламаппын бір гүл де.
Демеппін де қол ұстасып жүр, қалқа,
Байлыққа да толмай қойды бір қалта.
Айдан алқа, Күннен сырға... жыр еттім
Таға алмаппын сырға, алқа!
Кеттің содан жырақтадың аулақ тым,
Көркем сөзбен көңілімді аулаппын.
Сонда саған өлең арнай беріппін,
Өзімді арнай алмаппын.
Солай күнім, ойлай-ойлай қайғы алдым,
Бақыт іздеп бекер мұңға байландым.
Саған өлең арнай бердім
Ақыры,
Сен де өлеңге айналдың!
"Орыс ауылында"
Тік ұстап түзеп,өңденіп бойын,
Ауылмен ақын көрісті.
Əкемнің отыз өңгеріп қойын,
Бетке алып келем өрісті.
Күн көзін көріп қашты да кетті,
Бытырап бұлттар ол аппақ.
Көгорай белге бас сұға кетті,
Көк ала қойлар қонақтап.
Орыстың мұнда қадірі артып,
Жылқысын жайған жолға дүр.
Немістің əне тағы бір қарты,
Қой ешкі бағып ол да жүр.
Шүйгінін шөптің қияқтан біліп,
Жантая кеттім ырыс қып.
Неміс шал тұрды мияттан күліп,
Бесіннің кезі күн ыстық.
Көзімен қырда қой бағып өрен,
Ойларға отыр мастана!
Ой бағып кеттім,ойладым өлең,
Қой ұзап кетті-ау, масқара!
Осы деп көштік ең үстем қоныс,
Орысқа бізде жақын кеп.
Ойламас бірақ, неміс пен орыс,
Қой баққан ұлды ақын деп...
Сені мүлде көре алмайтын кез келіп,
Өмірім де өлеңім де өзгеріп.
Суретіңді аялармын сонда мен,
Сені аялар басқа біреу сөз беріп.
Кабинетті айналдырып көрмеге,
Жынданармын күлмейді деп ол неге?!
Қара барқыт көйлектегі көрікті,
Суретіңді іліп қойып бөлмеме.
Бір күні өлең жаза алмаған еңсемен,
Шам жағылған үстелімнен, кеңседен.
Отырғанда дауысыңды сағынып,
Суретіңнің сөйлеріне мен сенем...
Үніңді тербеп іргеде,
Көк белде көктем жатты аунап.
Құстармен келдім бірге мен,
Қанаттарынан хат саулап.
Арылтып мең-зең, сал мұңнан,
Аулыңның маған тұрқы ұнап.
Көгорай белден, шалғыннан,
Шашыңның исі бұрқырап.
Қарайды тəкəппарлана,
Қарағай-қайың тік тұрып.
Алқызыл гүлден бар дала,
Кигендей көйлек тіктіріп.
Салады бейне жастық əн,
Жағалау жақты көп кезем.
Алқынып ағып астынан,
Қабырға мұзын сөкті өзен!
Бəрі де кетті гүлденіп,
Бөктірдім жырға бұл елді.
Бəріне жүрмін үлгеріп,
Таппадым бірақ біреуді...
Қайыңға, гүлге,бұлаққа,
Ұқсаушы едің сен күлсең!
Сен туған ауыл, тұраққа,
Көктем боп жаным келдің сен!
Қыж-қыж қайнап қу тірлігі не түрлі,
Қала мынау қазан іші секілді.
Қызметін атқарады ел,
ал менің,
Қайдағы ойлар қадірімді кетірді.
Айдары да көлігінің арқырап,
Жүргізуші көрсе болды қалтырап.
Пагоны бар полицей де тұр әні,
Жұлдыздары иығында жарқырап!
Әні де емес, үні де емес Шәмшінің,
Бәз біреуді тыңдап тұрмын дәл шыным!
Радиолар айтып жатыр есімін,
Жарнамасын іліп жатыр әншінің.
Кетсем бе екен сонау тұрған әнді үзіп,
Кетсем бе екен жол туралы заң бұзып?!
Жыр оқысам сол мезетте айқайлап,
Жынды деуі мына жұрттың заңдылық!
Көрінбейді,көрінсе егер бөсер ем,
Ішімізде жүретіні-ай, осы өлең!
Содан соң ғой,айта алмайды мені ешкім,
Ақын өтіп барады - деп көшемен!!!
Сөз дегенің-ақындарға сый Ұлы,
Ештеңе емес айтар сөзге оқталу.
Жасың кіші, махаббатта қиыны,
Жасы үлкен қызға ғашық боп қалу.
-Ақын жары болу емес оңды бақ,
Дейтін еді бір сұлу қыз сырды ашып.
Ақындарға ғашық емес ол бірақ,
Ақын жазған өлеңдерге шын ғашық!
Өлең жайлы дегенменен алдым көп,
Сол қыз жайлы деректерді аз білгем.
"Қарындасқа" ғашық болып қалдым-деп,
Амалсыздан өлеңіме жаздым мен.
Кішісің - деп әзілдеп ол, күлетін,
Өлеңімді кездері де болды ұққан.
Жырдан үлкен еместігін білетін,
Қарындасым болып тұр ғой сондықтан!
«Жапырақ сөзі»
Оранса бұтаққа бүлде боп,
Тұғырым жердегі Гүлде жоқ.
Жапырақ едім мен биіктен
Жасыл нұр төгетін, Күнде жоқ!
Самал жел сыбырлай сыр айтып,
Сыр айтып келетін, шын айтып.
Сары күз келерін естіртіп,
Сол бізді қоятын мұңайтып!
Қыркүйек, Қазанда келді күз,
Жек көріп кеттік те желді біз!
Сағыныш боп келіп сары күз,
Сарғайып кетеді-ау енді жүз!?
Күншіл Күн көре алмай биіктен,
Сарғайып кеттім де күйіктен.
Сүюші ем Жаз айын, Күз келіп
Қалдым-ау, тротуар сүйіп мен!
P.S
Қалқатай, қалдырған сен із көп,
Жолдардан табатын жел іздеп.
Сол күзде жапырақ болып та,
Сабылып жүргенмін сені іздеп!
Санама бір құйылды кеп нұр сəтте,
Біз екеуміз биік шыңда тұрсақ-деп.
Шарқ ұрып іздеп тапқан шаттығым,
Қиялыма құлақ салшы, бір сəтке.
Жүрегіңе сол бақытты шақ толып,
Ұстаз болсаң,саған ұлы бақ қонып.
Тіл, əдебиет сен беретін сабақ боп,
Шəкірттерің күлімдесе,шат болып.
Сезімімді сезбеген соң біліп сен,
Өлеңімді оқымассың күліп сен.
Шіркін, Мағжан, Мұқағали ақындай,
Оқулыққа Ұлы ақын боп іліксем.
Сонда өмір,қарамайды баққа да,
Сен ұмытып,мен суыған шаққа да.
Оқулықтың бір парағы өзім боп,
Жазыламын тақырып боп тақтаңа.
Сүйген ақын,сені жырлап өлсе өтіп,
Бір шəкіртің шын дарынын көрсетіп.
Қандай баға қояр едің сен оған,
Өзің жайлы өлеңімді берсе оқып!?
Суреттер ғаламтордан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.