Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Жазушы Сұлтанәлі Балғабай 80 жаста...

Жазушы Сұлтанәлі Балғабай 80 жаста

122

Жазушы Сұлтанәлі Балғабай 80 жаста - adebiportal.kz

Жазушы, драматург, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабай сексен жасқа шықты.

Жазушы ғұмырбаянынан қысқаша дерек

Сұлтанәлі Базарбайұлы Балғабай 1946 жылы 21 мамырда Қызылорда облысы, Шиелі ауданының «1 май» ауылында шопан отбасында дүниеге келген. Әкесінен бес жасында хат таныған бала Сұлтанәлі жеті жасқа дейін «Әліппені» толықтай оқып үйреніп алып, батырлар жырын жатқа айта бастаған екен. 2-3 сыныптан өлең шығаруға талаптана бастаған. 

Орта мектепті бітіргеннен кейін, сол замандағы оқуға түсу үшін міндетті түрде екі жылдық еңбек өтілі қажет деген талап бойынша 1964–1966 жылдары өзінің туған ауылында шопан болып жұмыс істейді. 1966 жылы қазіргі С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика  факультетіне түсіп, 1971 жылы бітіріп шығады.

1971-1976 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде»), «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») журналдарында, «Жалын» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. 1985–1996 және 2003–2005 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған.

1992 жылдан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, 2002 жылдан «Алтын бесік» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының соңғы үш құрылтайында одақтың басқарма мүшесі болған. Сонымен бірге қазір Жазушылар одағының Драматургия кеңесінің төрағасы. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарып жүр.

«Құрмет» ордені, «Қазақстан Республикасына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік медальдарымен т.б. марапатталған.

Жазушының шығармашылығы

Шығармашылық жолын өлең жазудан бастаған. 1966 жылы жиырма жасында жас ақындардың республикалық фестивалінде үшінші орын алып, жүлдегер атанады. Алғашқы өлеңдері 1977 жылы «Жалын баспасынан «Көктем тынысы» атты жас ақындар жинағына енген. 1978 жылы «Жалын» баспасынан «Жұлдызың жансын» атты қазақ спортшылары туралы деректі повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрген. Әр жылдары жазушының «Алтын сағым» (1979 ж.), «Құм мен қызғалдақ», «Шөл» (1984 ж.), «Дала мен  дария» (1988 ж.), «Қазақтың қызыл кітабы» (1988 ж.), «Красная гармонь» (1992 ж.), «Ең әдемі келіншек» (2006 ж.) атты повестері мен әңгімелері, мақалалар жинақтары басылып шыққан. 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясы бойынша қаламгердің «Сыр мен Сарысу», «Ғажайып көктем» атты екі томдық таңдамалы шығармаларының жинағы жарық көрген.

Драматургия саласындағы еңбегі

«Пьеса жазу кез келген адамның қолынан келе беретін оп-оңай шаруа емес. Көрермен көңілінен шығатын тартымды драматургиялық дүние ең алдымен автордың бойындағы табиғат берген қаламгерлік дарын-қабілетке тікелей қатысты», - деп өзі жазғанындай, Сұлтанәлі Балғабай шығармашылығының ең өнімді саласы – драматургия.

Қазақ драматургиясындағы өзіндік орны бар қаламгердің туындылары – көрермен халыққа етене таныс. Өткен ғасырдың сексенінші жылдардан бастап драматургтің «Қыз жиырмаға толғанда», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр», «Біз де ғашық болғанбыз», «Сағыныш пен елес», «Қазақша күрес», «Ең әдемі келіншек», «Бостандық алар күн туса», «Өтірік айтпайтын адам», «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек», «Құдағилар хикаясы», «Жымбала, Мико және қасқыр», «Қыл үстіндегі ғұмыр», «Мәңгілік махаббат әні», «Менің әжем сиқыршы», «Айпадтан шыққан алтын сақа»» қатарлы пьесалар жазды. Бұл туындыларының көбі қазіргі күні отандық театрлар сахналарында қойылып келеді және көршілес елдер театрлары сахнасында да қойылған.

Аударма саласында да өнімді еңбек еткен қаламгер француз жазушы драматургі Марк Камолеттидің «Отбасы ойыны» (Играем в дружную семью), Орынбай Жанайдаровтың «Құсжастықтың құпиясы» (Душа подушки) пьесаларын қазақшаға аударған. Қаламгердің аталған пьесалары Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында және Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрында, Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы ұлттық музыкалық драма театрында, еліміздегі көптеген театрларда, сондай-ақ, Құддыс Қожамьяров атындағы Ұйғыр театрында, Ташкенттегі Өзбек Ұлттық академиялық драма театрында, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы қазақ театрында, Қарақалпақстанның Бердақ атындағы мемлекеттік театрында, Қырғызстанның К.Жантөшев атындағы Ыстықкөл театрында сахналанған.

Жазушының әрбір драмасы – қазақ қоғамының кәдімгі өмірінен ойып тұрып алынған. Яғни біздің қоғамымыздағы түйінді, түйткілді жағдайларды драма тілінде сөйлетеді, сахналық қойылымның режиссері, рөлдердегі актерлер – авторлық ойды өзіндік қиял-шабыты арқылы мүмкіндігінше аша түсіп, көрерменге ұсынады. «Тойдан қайтқан қазақтар», «Өтірік айтпайтын адам», «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек», «Құдағилар хикаясы» т.б. драмаларының атының өзі айтып тұрғандай, барлығымыз куә болып жүрген күнделікті өміріміздегі көрініс, оқиғаларға құрылған туындылар – көрерменді ойландырып, қорытынды жасауға жол нұсқай алса – драматургтің мақсаты орындалғаны. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» демекші, жазушы қаламына арқау болған келеңсіздіктер – қай дәуірде де біздің қоғамымыздан табылып отырған ғой. 

Жазушының «Тойдан қайтқан қазақтар» атты екі бөлімді, тоғыз көріністі комедиясы – «ішкен мас, жеген тоқ» дейтін пәруайсыз ортадағы келеңсіздіктерді әшкере тілмен сынаған туынды. Мұхтар Шахановтың көпшілікке танымал өлеңіндегі:

Кейде тұтас, кейде жалқы, кейде аралас көлемде,

Қос тармақты тәуелсіздік бағыт алды әлемде.

Дәуірдің бас айбынгері – ҚАРЫН ЕГЕМЕНДІГІ,

Қарын тоймай, істің алға жылжымасы белгілі, - 

дейтініндей, рухани құндылықтардың алдына қарын қамы алға шығып, жағымпаздық, даңғазалық, бірін-бірі өтірік мақтау, осының бәрі жалған екенін біле тұрса да, соған марсия мақтанып, ісі-кебу – біздің қоғамның сүйексіңді қолапайсыз қалпы болғалы қашан? Бұл жағдай – біздің жалпы қоғамымызға тән болғандықтан да, жазушы оқиға желісін «Қазақстан» атты пойыздағы оқиғаға құрады. Жағымпаздық, жәреукелікті өмір сүрудің бұлжымас салты, қалпы қылып алған мерез қоғамның күйкі тірлігі – драмаға желі болып тартылған.

Өз заманында Абай да опына сынаған кемшіліктер...

Бай-еке десе, елігіп,

Қайырсыз малға желігіп,

Кеудесінен буынып,

Пыс-пыс етіп демігіп, -  

дейтін жағдайдың дәл өзі. Атақ-мансап бір басында тұрған адамның маңында майлы қасықтай жылпылдап жағымпаздану арқылы өз есебін түгендеп, атақ-дәрежесін биіктетіп жүрген Қошқарбай, Асай Мүсеевич, сырты бүтін, іші түтін, монтаны, пайдақұмар пойыз бастығы мен жолсерік сияқты ірілі-ұсақты кейіпкерлер сіздің жаныңызда, өз рөлін «асқан шеберлікпен» орындап атқарып жүргендігі – бүгінгі өмірдің шындығы ғой. Өмірдің өзі – қос рельстің бойымен жүйткіген пойыздың ырғақты жүрісімен алға зулаған, қызығы мен шыжығы алмасқан ұзынды-қысқалы сапар ғой. Әрқайсымыз – осы сапардың жолаушысымыз. Өмір пойызына міну үшін де мынау заманда «бармақ басты, көз қыстылық» керек, «жең ұшынан жалғасу» қажет. Қысқасы, «ақша берсе, ақ патша қызын береді» деген ұстаным – өз күшіне ие. Алайда, біздің қоғам неге қарапайым, әдепкі жағдайды қолдан қиындатып, адами құндылықтарды аяққа басуға бейім тұрады? Оралханша айтқанда: «Неге біз осы?» Драматург осы және басқа сұрақтар төңірегінде ойлануға, бойды аулақ салуға шақырады. 

Публицистикалық қыры

Қаламгер Сұлтанәлі Балғабайдың келесі бір шығармашылық қыры – публицистика. Ұлт руханияты, оның ішінде ана тіліміздің, әдебиет пен өнердің бүгіні мен болашағы турасында қоғамға ой саларлық сипаттағы көптеген мақалалар жазған қаламгердің осы бағыттағы туындылары «Қазақтың қызыл кітабы» деген атпен жеке жинақ болып шыққан.

Қайраткерлік жолда

Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдан бері әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтар отанға орала бастады. Осы істің басы-қасында жүрген республикалық мәртебесі бар халықаралық Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы көші-қон саласындағы істерді ұйымдастыруда осы отыз бес жыл ішінде үлкен жұмыс атқарғаны тарихқа аян. 1992 жылы қыркүйек айында өткен Дүниежүзі қазақтары құрылайтында құрылған бұл ұйымның негізгі бағыты: республикадан тысқары, шетелдерде жүрген қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнату, мәдени және білім беру мәселелері жөнінен жәрдемдесу, тарихи отанына көшіп келген оралмандарға (қандастарға) әлеуметтік қамқорлық жасап, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, шетелдердегі қазақтардың мәдени орталықтарымен тығыз байланыс орнатып, бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру болып келді. 

Жазушы Сұлтанәлі Балғабай – осы қауымдастықты заңды тіркеуге тікелей атсалысқан адам. Ол туралы жазушының өзі malim.kz порталына берген сұхбатында былай деген екен: «1992 жылы алғашқы құрылтай өтті. Сөйтіп, «уһ» деп, енді менің жұмысым біткен шығар деп, Қалдекеңе барсам ол: «Әй, сен қайда барасың, енді Дүниежүзі қазақ­тары­ның қауымдастығын құрасың» дейді. Әлгі құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылатыны туралы әңгіме болып, оның төрағасы Н.Назарбаев, бірінші орынбасары болып Қ.Найманбаев сайланған. Бірақ ондай ұйымның құрылғаны туралы ешқандай протокол жасалмаған. Құрыл­тайдың басы-қасында жүрген жігіттерден сұрасам, ешқандай қағаз жоқ. Ал оны Әділет министрлігіне тіркету керек. Министрлікке барсам, ұйымды тіркету үшін қандай құжат­тар керек екенін көрсетіп, пәленбай құжат­тың тізімін беріп жіберді. Оның ішінде ұйым құрылуы жөніндегі жиналыстың протоколы, «құрылсын» деген шешім, ұйымның жарғысы, т.б. нәрселер бар. Ал бізде оның біреуі де жоқ. Іс жүзінде жиын болған, дауысқа салынған, қол көтерілген, төраға сайланған, бірақ қағазға түспеген. Неге десеңіз, Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы төрағасы орынбасар­лығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға тү­сіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жү­ріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қыз­мет­керінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жа­сап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Со­лайша, ұйымды Әділет министрлігіне тір­кеттік. Кейін Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығына бұрыннан шетелдегі қазақтармен қарым-қатынас жасау ісін жүргізіп келе жатқан «Қазақстан» ұйымы таратылып, оның кеңсесі тұрған ғимарат, көліктері, өзге де дү­ниелері қауымдастыққа өтті.

1996 жылы Қ.Найманбаев Одақ төрағалығынан боса­ғаннан кейін Қауымдастыққа келді. Оған дейін ол кісінің жұмысын мен атқарып жүр­дім. Сөйтіп, 1992-2017 жылға дейін сонда ең­бек еттім. Әлем қазақтарымен әдеби-мә­дени байланыста көп жұмыс атқардық. Көп­те­ген мақала жазып, шетел қазақтары жайлы кітап шығардым.»

Қазақ халқының тәуелсіз Қазақстан аумағындағы үлес-салмағы барынша артып, саннан сапалық деңгейге көтеріле бастаған бүгінгі табыс-жетістікке қаламгер-қайраткер Сұлтанәлі Балғабайдың да елеулі үлесі бар екендігі ақиқат.

Сексеннің сеңгіріне шыққан қазақтың қабырғалы қаламгері, қайраткер тұлға Сұлтанәлі Базарбайұлына ұзақ ғұмыр, шығармашылық жетістіктер тілейміз!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan