ХХ ғасыр басында қазақ руханиятының жаңа сапалық деңгейге шығуына, көркейіп дамуына үлес қосқан ұлт зиялыларының бірі – Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауари әл-Омскауи.
Өзі өмір сүрген дәуірге тән аты-жөнін жазудағы ерекшелігінен көрініп тұрғандай, Омбы өңірін мекендеген жауар руынан шыққан ұстаз, абайтанушы Әміреұлы Зейнелғабиден – Уфадағы әйгілі «Расул Ғалия» медресесінің түлегі. Өз дәуірінде ресейлік мұсылман әлеміндегі ең озық оқу орындарының бірі болған «Ғалия» медресесін бітіріп шыққан соң, туған өлкесіне оралып, жаңа заманның сұранысына орай усул-жәдит үлгісінде мектеп ашып, онда діни мазмұндағы дәстүрлі пәндермен қатар, қазақ-орыс мектептерінде өтілетін сабақтарды да ішінара енгізіп, оқушыларға білім берудің ежелден бергі таптаурын әдіс-тәсілдеріне реформа жасауға талпынған жаңашыл тұлға Зейнелғабиден Әміреұлының туғанына 2026 жылы 145 жыл толып отыр.
Абай өлеңдерін өзінің «Насихат қазақия» атты трактаттар жинағына енгізіп, оны қазақ әдебиетінің жауһары ретінде түркі әлеміне насихаттаушы, жаңашыл ұстаз Зейнелғабиден әл-Омскаиудің ата-тегі, туып-өскен елі мен жері туралы мәліметті оқырманға таныту үшін Әміре қажының ұрпағы Клара Асқарова құрастырған «Атадан қалған асыл сөз» атты жинақтағы Асқарұлы Зияш (Зиядден) ақсақалдың өз қолымен жазған әулеттік шежіре баянынан көлемді үзінді алуды жөн көрдік: «Мен, Зияш Асқарұлынан (шын атым – Зиядден). Кейінгі қалған ұрпақтарға өз аталарымыз туралы біраз кеңес: бұл сөздің қандай керегі бар деп жазды екен демеңдер. Бір ой түсіп жаза салдым. Ішінен бір-екі ауыз сөз ұқсаңдар да жарап жатыр.
Біз осы Көкшетаудың ығындағы төрт ата қарауыл – атқы, жауар, мөнтік, сарының баласымыз ғой. Оның ішінде Жауар баласы Қанайдан тараймыз. Қанайдан – Өмір, Шәлди, Қалқаман болса, Шәлдиден – Арыстан, Меңдіқұл. Арыстаннан – Өтеп, Жаман, Өмірзақ, Қаблан. Өтептен – Жомарт, Деріпсалы, Баян. Тоқалы Мандырдан Досымбай, Досымбек, Қарымсақ, Есенқұл болса, біз сол Жомарттан тараймыз. Жомарттан – Бектұр, Аңдамас, Алаңгөз, Елемес туады. Ал Бектұрдан Жиеналы, Жұмабай, Байман қажылар.
Ұлы атамыз Әміре қажының әкесі Жұмабай қажы екен. Біздің ата қонысымыз Омбы облысы, Москаленка ауданына қарасты Ебейті сорынан оңтүстігінде үш километр. Саға дейтін терең сайдың іші екен. Мен сол жерде 1908 жылы көктемде туыппын. Сайдың ағын суы сорға құйылып жатады екен. Сайдың ішіне ел қонған терең, екі жақ қабағы бітік өскен қызыл қайың ағаш. Қыстаудан оңтүстікке қарай 1 километр қырға шықсаң, теп-тегіс қара топырақты егіндік жер. Ол жерде бұдан 150 жылдан астам жылдарда шамалы ғана қазақ елі болған екен. Орыс қалалары қоныстанбаған кез. Бос жатқан жер болса керек.
Аталарымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Қосымша аздап егін салуды кәсіп еткен көрінеді.
Ебейті сорының суы күмістей жарқыраған жалтыр көл. Аумағы үлкен. Жақсы деген атпен айналып шыққанда бір күндік жер екен. Сордың суы мен саз балшығы дертке шипалы, қасиетті екен. Әсіресе ревматизм сырқатына өте жақсы дейді. Маңайда сор көп қой. Сонда да Ебейті сорының шипасы көп деп ол күннен мақтайды екен. Оның үстіне қазіргі ғылыми текстерде анықталып отыр. Курорт, санаторий салу керек деген сөз де болған көрінеді. Ол әлі іске аса қоймаған. Әйтеуір Ебейті сорында өндіріске пайдалы заттар бар деседі.
Ебейті сорының айналасында Тұмба, Қызылағаш, Саға төрт ауыл қалың ел жауар баласы қоныстанған екен. Бұл елдерден Тұмба, Қызылағаш ауылдарының жұрнағы бар. Олар осы күнде бұрынғыдан да көбейіп кеткен.
Ебейті соры Есілкөл, Москаленка, Шарбақты көл, Полтава аудандарының нақ ортасында тұр.
Атамыз Әміренің әкесі Жұмабай қажы өз дәулетімен ел балалары үшін ауылда медресе ашып, оған татар моллаларын ұстап, балаларына діни оқу оқытқан көрінеді. Әрине жыл өткен сайын моллалары да өзгеріп отырған. Соңғы бір молласы Кәрім Мұратов деген кісіні біз көрдік. Сол медресенің іргесі 1911 жылы Сиыршыға көшіп келгенде де болды. Оны өзіміз көрдік. Соңғы кезде, 1916 жылы, бір жағы медресе болса, екінші жағында орысша мектеп болды. Онда бірінші учитель болып Смағұл Сәдуақасов келді. Біз 1-класты осы кісіден оқыдық.
Атамыз Әміренің жеті ұлы, бір қызы болған. Бәрі де бәйбішесі Қалампыр деген кісіден туыпты. Балалары өз медресесінен оқып орысша жазып-оқып білген.
Үлкен баласы Нұғман қажы – 1936 жылы Сиыршыда қайтты. Одан кішісі Дайыр – 1937 жылы Сиыршыда қайтты. Шаймұхамет 1948 жылы атығай Дүйсембай ауылында (көктемде) қайтыс болды. Асқар 1922 жылы 12 мамыр күні Сиыршыда қайтты. Зейнелғабиден (молла) 1920 жылы декабрьде Сиыршыда қайтты. Хамзе Сиыршыда қайтыс болды. Біләл 1940 жылы 17 мартта колхоз ақшасын жеді деген өтірік пәлемін 2 жылға сотталып, ескі Жезқазғанға лагерьде жүріп, ішіне ас тұрмай 1942 жылы қыс айында сол жердің больницасында қайтыс болыпты. Оны сотталып бірге жүрген Ленинград ауданы, Менжин совхозының пенсионері Бейсен тұқымы, Хаби баланың нағашылары Мұхамеджан деген кісі өз қолыммен жерледім деп нағашым Ахметжанның қырқына барғанда Шамғон марқұм екеуімізге айтқан еді.
Қызы Зүбайра – Мөнтік Жақып қажының үйінде (қазіргі Қызылту совхозының орталығынан 3 километр оңтүстікте Шалақ дейтін өзен бойында) 1918 жылы қайтыс болды.
Нұғман қажы ел иесі болып, төрт ата қарауылға аты шыққан кісі. Дайыр – жылқы малына иелік жасап, жылқышыларға қысы-жазы басшы болған. Шәкен – шаруа ұқсатушы, мал сатып керек-жарақты тауып әкелуші болған. Ол кісінің серігі Зейнулла (Қоқый) болған. Асқар – ол да ел ішіндегі әңгімеге араласып, талас-тартыс, дау-жанжалды мәселелерді шешудегі іске қатысып отырған.
Зейнелғабиден – молла әуелі Қызылжардағы медреседе оқып, одан кейін Уфада медресе «Ғалияны» оқып, оны үздік бағамен бітіріп шығады. Осында оқып жүріп кешкі мектептен оқып, орысша білім алады. Сонда оқып жүріп Пушкиннің өлеңдеріне талдау жасайды. Ұлы Абайдың еңбектерімен танысады, Абай жолын қуады.
Қазақ халқының өміріне көз жіберіп дүния жүзінде ең нашар, надан, артта қалған қараңғы қазақ халқы екен деп қазақ халқына үндеу ретінде сол кездегі газет, жорналдарға мақала беріп, қазақ халқын оқу оқып, білім алуға, отырықшы ел болып, мал шаруашылығымен бірге егіншілік кәсібімен шұғылдануға шақырып отырған. Осы жөнінде 1909 жылы қазан қаласында баспадан қазақ халқына арнап жазған «Насихат қазақия» дейтін кітабы жарыққа шығады. Бұл кітап мыңдаған экземпляр болып шыққан болар. Үйткені ел жайлауға шығып, көшіп-қонып жүргенде жеке күймелі арбамен тасып жүргенін бала күнімізде көрдік. Бұл халық арасында көп тараған көрінеді. Осы күні кейбір үлкен адамдардың қолында сақталып қалған келгендігі байқалады. Қазіргі күнде осындай еңбектері көзге түсіп (Қазақ социалистік энциклопедиясының 4-томының 595-бетінде) өзінің 1904 жылы 23 жасында Уфа қаласында оқып жүргенде түскен фотосуретімен, Зейнелғабиден (Амре ибн, әл-Жауари, әл-Омсакуи) қазақтың жазушысы әрі ағартушысы деген атпен тарихтан орын алып жазылып отыр. Бұл кісіні біздер жақсы білеміз. Ол кісіні біз молла ағатай деуші едік. 1881 жылы Сағада туып, 1920 жылы (39 жасында) Сиыршыда қайтыс болған. Сиыршы дейтін жерде, қазірде Ленинград ауданы, Қызылту совхозының бөлімшесі қоныстанып мал өсіріп отыр. Зейнілғабиденнің 1916 жылы туған баласы Ануарбек 1936 жылдары Москва қаласында экономистер институтын бітіріп шыққасын, Омбының облисполкомында ст.экономист болып тұрғанда, 1941 жылы соғыс басталған күні әрмияға алынып (ст.лейтенант еді), 1943 жылы Сталинград түбінде отан үшін құрбан болды. Тұқым жоқ, үйленбеген еді.
Зейнілғабиденді Жиреншин деген бір жазушы, татар жазушысы, алымы деп өзінің бір еңбегінде көрсеткен екен. Оны 1965 жылғы «Жұлдыз» жорналының 6-нөмірінде Е.Б.Бекмахаонвв дейтін бір Совет жазушысы – ол қалайша татар жазушысы болады деп, осы кісі жөнінде жазған бір еңбегінде Зейнелғабиден татар жазушысы емес. Ол кісі өзінің «Насихат қазақия» дейтін, «Қазақ халқына арнап жазған» кітабында автор – Зейнелғабиден Әміре ибн, әл-Жауари, әл-Омскауи деп тұрған жоқ па, - деп. Ендеше бұл кісі – омбылық, жауар руынан шыққан Әміре баласымын деп тұр ғой. Бұл кісі татар емес, нағыз қазақ жазушысы деп, қоярда қоймай анықтама береді де, біз Абай жолын тану ісін тек қана революциядан кейін ғана алдық деп жүрдік. Ол олай емес екен. Ұлы Абай жолын тану ісінде революциядан бұрын жүрген кісілер бар екен. Ол кім десеңіз – мына Зейнелғабиден екен. Оны біз көрмей жүр екенбіз», - деп жазады...»
Зейнелғабиден Әміреұлының өмір жолына қатысты айтылып отырған Сиыршы ауылы – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданы, Ақжарқын ауылдық округі жерінде. Жаңашыл ұстаз, абайтанушы Зейнелғабиден Әміреұлы Ақжарқын ауылынан жеті шақырым жердегі зиратқа жерленген екен.
Осы арадағы мектепте білім берген Зейнелғабиден Әміреұлының шәкірттері арасынан кейіннен елге белгілі көптеген адамдар шыққан екен.
Зейнелғабиден Әміреұлының 1909 жылы Башқұртстанның астанасы Уфадағы «Шарх» баспасында жарық көрген «Насихат Қазақия» атты трактаттар кітапшасы көлемі шағын болғанымен, ондағы сол кезеңдегі қазақ, жалпы түркі, мұсылман жұртына ортақ мәселелер тұрғысындағы көтерген жүгі аса ауқымды, тағылымды еңбек.
Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» трактаттар жинағы – көлемі шағын болғанымен, ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерін нысана ете отырып, ондағы түйткілдерді шешуге нақты жолдар ұснуымен құнды.
ХХ ғасырдың басында Ресей империясына қараған мұсылмандар арасында Исмаил Ғаспыралы (Гаспиринский) негіздеген жәдитшілдік күш алып тұрған болатын. Осыған үн қосушылардың қатарында Зейнелғабиден Әміреұлы да болды. Бұл кезеңде қазақ даласында мұсылманша оқыту мен орыс-қазақ школдары жүйесі болды. Қазақ оқығандарының елеулі шоғыры қалыптасып, ұлттың рухани оянуы күш алып келе жатқан еді. Қазақ халқының білім жүйесіне қандай реформалар енгізу қажет деген сұрақ төңірегіндегі ойталқылар, айтыстар, тіпті медресе шәкірттері арасында төбелестер де осы кезеңде арагідік болып жатқаны туралы деректер кездеседі. «Насихат қазақия» жарық көрген уақытта ұлттық руханияттың бірізді алға жылжуына флагман сипатында болған «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы шығуына әлі де бірер жыл бар еді. Ең бастысы, оларда бір арнаған тоғысып, күллі қазақ даласына тарайтын ойлар, идеялар Зейнелғабиден Әміреұлы сияқты ұлт зиялыларының қаламымен елге кітап болып тарап жатқан еді.
Жоғарыда Әміре қажы ұрпағының: «Бұл халық арасында көп тараған көрінеді» деп жазуы бекер емес. «Насихат қазақия» жинағы қазақ арасында аса кеңінен тараған. Сирек даналары күні бүгінге дейін ел арасында сақтаулы екендігін көзіміз көрді.
Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат қазақиядасындағы» тоқталған мәселелері біршама. Мысал ретінде солардың біріне тоқтала кетелік. Бұл – ХХ ғасыр басындағы білім беру мәселелеріне қатысты «Мектеп, медіресе уа мешіттеріміз бар ма?» атты жазбасы. Автор былай деп жазады: «Жоғарыда һәм айтып өткен едік. Әр ауыл молла ұстап бала оқытуға айналысса да, ауыл сайын тәрбиелеп жиылып намаз оқитын жақсы, таза ғана мешітлері болмайды, болса да ол мешіттер не үшін салынғанын білмеген адамдар да көп. Бұл мешіттің жоқтығы, халықтың жиылып намаз оқымаулары – үлкен хасірет, бек кемшіліктен саналады. Мешіт салып, жамағат болып жиылып намаз оқуға біздің қазақтың көп орынлары ғадатланған жоқ. Шариат исламиямыз бір таза орынға жиылып Алла-Тағалаға (азаһар ғибуадит) құлшылықты міндетті парыз қылса да, ауыл халқы бірігіп ортасынан бір таза үй салып, бес уақыт намазын сонда оқып, уағыз, насихатларын естуден марқұм болып келмекте-дүр.»
Бұл үзіндіге қарап біз ХХ ғасырдың басына дейінгі қазақ даласындағы ислам дінін ұстау жағдайынан хабардар боламыз. Автор әлі де болса көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ даласында бұл уақытта ислам дінінің ғибадат орны мешіт салып, осыған орай жаппай діни рәсімдерді орындау кеңінен жолға қойылмағандығын айтады. Бұл – өмір шындығы болатын. «Жүрген ескі заңымен,
..Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар, -
деп Мағжан жырлағанындай, малдың өріс-қоныс жайымен төрт мезгіл көшіп-қонып жүрген қазақтың дін күтушілігі мен қалалық өмір сүру салтындағы татар мен сол кезеңде оларға жетеғабыл болып үлгерген башқұрттардың мұсылманшылығы арасында үлкен айырмашылық бар еді. Дегенмен отырықшылық салт пен діни әдет-ғұрыпты ұстану тұрғысындағы өзгерістердің лебі уақыт өткен сайын сезіле түскен дәуір еді бұл. Мұндай жағдайда, алда қайтпек керек? Зейнелғабиден Әміреұлы осы сұрақтарға жауап іздейді. Ол қазақ даласындағы жаппай болмаса да, халықтың елеулі бөлігі білім алуға мүмкіндігі бар медреселік білім беру жүйесі туралы өзінің сыни ой-ұстанымын былайша білдіреді: «Балалар оқуы үшін де бөлек мектеп салып, оқытушы моллалар да бала оқыту тәртібін білетін ғылымы бар үлгілі медреседен шыққан адам болуы керек еді. «Қисық арба – жол бұзар, шала молла – дін бұзар», – деген секілді (асыл тағлым) бала тәрбиелеу жөнін білмеген моллалар балалардың ақылын, табиғатын, құлқын тәмам бұзып бітіреді. Жас бала жаңа өсіп келе жатқан шыбықтай қалай исең солай иілуге келеді. Сондайын жас табиғатты әлгі ғылым тәрбие, усули тағлымнан хабарсыз мұғалім әпенді өзінің қисық тезіне салып таңертеңнен кешке шейін балаларды қамап, ауыл шетінде бір баланың ойнағандығы мойнына түссе шыбық салып, балаларға еш уақыт жылы жүзбен қарамай, қолында шыбығы, балаларды тергеуге алған кісідей алдына жүгіндіріп, ақырып-шақырып балаларды су жүрек қылып, тамам оқудан ықласын алып бітеді. Балаларға осындай моллалардан сабақ оқу – үлкен михнат көрініп тұрады. Хатта бір бала ата-анасына жақсы қызмет етпесе: «сені пәлен моллаға оқуға берейін», – десе бала қорыққанынан нендей ауыр қызмет болса да істейді.»
Бұл – бұған дейінгі ғасырлар бойы қалыптасқан оқыту үрдісіне деген ашық қарсылық болатын. Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин т.б. әңгімелерінде молдалардың суға малған солқылдақ шыбықпен шәкірттерді шықпырта осуы – соцреализмдік әдебиетке тән әсірелеу емес, өмірдің өзінен алынған шындық болатын. Зейнелғабиден ұстаз «баланы ұрып оқыту керек» деген қатқан дәстүрлі қағидатқа осылай қарсы шығып отыр.
Аталған мақаладағы екінші бір көтерілген мәселе – медреселердегі пәндерді оқытудың тиімділігі. Бұл тұрғыда ұстаз былай деп ерекше тоқталады: «Енді бұрынғы екі ай әліппе, үш ай иман шарт, алты ай әптиек оқитын уақыттар өтті. Бұл күнде мектептер тәртіпке қойылып балалардың түсініп оқуына лайықты пайдалы, жаңа кітаптар шығарылды, сол кітаптарды ретімен оқытып бала тәрбиелеу ғылымын білген адамдар аз уақытта көп нәрседен хабардар қылады.»
Расымен де қадимше оқу жүйесінде сауат ашу кезеңі тым ұзаққа созылған әрі әр ұлттың өзіне тән тілдік ерекшелігі ескерілмегендіктен, игеруге ауыр соғатын болған. Бұған қоса берілетін білімнің мазмұны да білімгердің құлшынысын арттыруға аса қолайлы болмаған. Осыны ескере отырып, қазақ шәкірттерінің «ұсул жәдидше» білім алуы қажеттігін айтады: Бұған шаһарлы жерде «ұсул жәдид» дейді, қазақ ішінде «төте оқу» деп атайды. Ол «ұсул жәдид» дегеніміз – басқа жаңа шыққан оқу емес, бұрынғы оқу, жалғыз-ақ балаларға аз уақытта жазу жаздырып, кітап оқытып, әр нәрседен хабардар қылатын жаңа шыққан тәртіп». Шәһәрлі жерлер балаларын бұл тәртіппен оқытып пайдасын сынап білділер. Біздің қазақтарда мұнан былай осы төте оқумен оқыта бастаса екен! Елге мұғалімдікке шыққан шәкірттеріміз де мақсаттары қазақтың ақшасын алу қайғысында ғана болмай, қолынан келгенше халыққа уағыз-насихатлар сөйлеп, балаларды жақсы тәрбиелеп, ілгері басу хақында сағи уа ғибрат етіп милләт жолына мұқадас бір қызмет етулерін өтінеміз.»
Зейнелғабиден Әміреұлының бұл ойлары Ахмет Байтұрсынұлының осы уақытта жүзеге асырып жатқан іс-қызметімен, ойларымен үндес екендігін көреміз. Ұлт ұстазы осы кезеңде араб графикасына негізделген жаңа жазу әліпбиін әзірлеп жатқан еді. «Насихат қазақия» басылып шыққаннан соң үш жылдан соң, яғни 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «Айқап» журналында өзі құрастырған ұлттық әліпби жобасын «Жазу тәртібі» деген атпен мақала түрінде қазақ жұртына ұсынғаны және осы жылы Орынборда «Оқу құралы» деген кітабын шығарғаны белгілі.
Өз дәуірінің ойы озық тұлғасы Зейнелғабиден Әміреұлының ұлттық тіл, әдебиет, мәдениет, дін, діл, сауда және шаруашылық жүргізу, медицина және гигиена, ел басқару т.б. тұрғысындағы ойлары жеке-жеке тоқталуды қажет етеді. Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат қазақия» жинағынан өзге, «Айқап» журналы мен өзге де басылым беттерінде жарияланған мақалаларын Қазақстан мен Ресей архивтерінен іздестіріп жинақтап, еңбектерінің толық жинағын шығаруды қолға алу қажет деп білеміз.
