Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Мұқағали Мақатаев күнделігінен...

09.02.2018 21962

Мұқағали Мақатаев күнделігінен

Мұқағали Мақатаев күнделігінен - adebiportal.kz

Қуат алып Абайдың тіл күшінен,

Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.

Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден, - деп жырлап өткен ақын Мұқағали Мақатаевтың бүгін туған күні. Жыл керуені алға жылжыған сайын артынан қалдырған өшпес мұрасы қараңғы түн қойнауынан сәулесін шашқан жарық жұлдыздай жарқырай, айшықтала түсуде. Қалай дегенмен табиғаттың тылсым жұмбағындай поэзия перісі халқының құшағында, өз Отанында дүниеге келіп, қазақ елін қайталанбас мәңгілік музаның шыңына жеткізіп кеткені нақты ақиқат. Азан шақырып қойған аты Мұхаммедқали болғанмен, халқының мұзбалақ Мұқағалиы елдің санасынан қас-қағым сәтке де ұмытылған емес. Ақынның туған күнінде оның жеке күнделігінен (Мұқағали Мақатаев шығармалары, көп томдық толық жинағы, IV том) алынған жазбаларды ұсынғанды жөн көрдік.

1 январь 1974 жыл

Жеке өз басыңның қадір-қасиеті деген осы екен-ау! Ал мен ақымақ оны қорғамақ тұрмақ, тіпті білмеппін де. Қарапайым болғым келеді, алайда ашық ауыз екем, тек менің "достарым" ғана емес, тіпті өз отбасым, балаларым да мені жер соқтырып кетеді. О, сен қорқынышты нәрсесің, Адамзат! Болмайды, өз қадір-қасиетіңді қорға! Ақын атыңды сақта, нағыз ақынмын десең, соған лайықты бол! Табиғаттың өзіндей қарапайым бол, бірақ ол сияқты қайсар да бол. Сен өз замандастарыңнан өзгешесің. Неңмен екенін айтпаймын... ендеше, өр болсаңшы! Басыңды көтер, бауырым!..

25 май 1974 жыл

Сүйікті балаларым менің! Ақылсыз болмаң- дар! Өмір тола қауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар. Өмір барда жауыздық та бар. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды. ...Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашан адам қалыптарыңда қалыңдар! Әрдайым сақ болып, әрдайым өздеріңді бағалай біліңдер! Балаларым менің! Балаларым менің! Егер сендер түсінсеңдер ғой мені...

* * *

Ерте - ертеде Нерон патша өмір сүрген. Жұрт оны ақымақ деп атауға дағдыланып кеткен. Шынында да ол сондай болды ма, мен онысын білмеймін. Бірақ мен оны өз сөзі арқылы білемін және терең түсінемін. "О! Қандай ұлы актер өліп барады!" - оның бүкіл өмірінің дәні сол сөзінде. Ол қанша ақымақ болса да, өз қалауынша өмір сүрмеген адамның шын жүректен мойындауы. Біз бәріміз - артиспіз, тіпті ұсақ- түйекте де...

***

Тап келе қалған жағдайға дереу бейімделе кетіп, кез-келген лажсыз жағдаймен амал тауып, кез-келген қауіпті айналып өте алатын, қарсыласпайтын, тек бірақ жел шайқаған көк шыбықша майысып қана қоятын адамдар ақылды әрі табыстан табысқа жеткіш, бақытты болып саналмақ па? Ал ешкімге бас имейтін, кез-келген жауыздық пен зорлыққа әрдайым қарсы тұруға тырысатын және жауыздықтын қорланған құлы болғанша, түп-тамырымен қопарылып қалғанды артық санайтын қарт еменше қара дауылға қасқайып қарсы тұратындар неге бақытты деп есептелінбейді? Қалай дегенмен де, бұл ғасырда біз алдыңғыларды ақылды санаймыз. Және оларға қызығамыз, ал соңғыларды не ақымақ санаймыз, не жолы болмағандар дейміз де, байғұсты кекесінмен менсінбей шығарып саламыз, ондайға жоғарыдан жақтырмай қараймыз. Мыңдаған мысал келтіре алам, ол өздеріңнің де қолдарыңнан келеді... Сүйікті менің балаларым, бұл жөнінде маған сендерге екінің бірін ұсыну қиын, өздерің қалап алыңдар. Сендердің тағдырларың қалай болатыны маған белгісіз...

29 май 1974 жыл

Адамдарды жауыз деп айта алмаймын, өйткені оларды аз білемін. Мен зерттеуші емеспін, ақынмын. Адамзаттың қайғысы мен қуанышы мені жеке адамның өзінен артық қызықтырады. Адамдардың жаман екенін, жақсы екенін ажыратушы мен емеспін, өйткені өзім де солардың бірімін. Мені жұрттың тағдыры, оларды қоршаған ортаның шындығы, олар өмір сүріп отырған уақыт, оларды басқарып отырған қоғам қызықтырады...

10 июнь 1974 жыл

Қаласа да, қаламаса да жұрт мені ақын ретінде түсінеді; ал адам ретінде кім түсіне қояр дейсің. Тіпті ең жақындарым да. Түсінсеңдерші, мен туғаннан адаммын, адам қалпымда қалам; ал мен кейін ақын болдым, ұқсаңдаршы, болдым, яғни...

1 октябрь 1974 жыл

Бойында бір тамшы таланты жоқ бола тұра, талантты әдебиетшілердің қатарында тұрғысы келгендер ақымақ емес, өз шығармашылығын бүгінгі күнмен және өзінің ұранды патриотизмімен өлшейтін, сөйте тұрып, әдебиетте қалғысы келетіндер - ақымақ. Үнемі іздеп жүретін және ылғи әдебиеттегі "бос орынды" тауып ала қоятындар ақымақ. Осы күні талантты адамдар әдебиетте аз рөл атқарды. Қазіргі біздің әдебиетке құлдық ұра беретін құлдар қажет. Олар, әрине, "борозданы бүлдірмейді". Осы күнгі ережелер оларды толық қанағаттандырады. Рұқсатпен жазады, жұмыс істейді, тамақ ішеді және жүріп-тұрады. Олар тәртіпті. Өйтпегенде ше, талант буырқанса, ол өз жолымен қозғалғысы келеді және жолдан шығып кетіп, бірдемені бүлдіріп те алады, сондайда құлдар аяқасты табыла кетеді. Ұятсыздар, олар таланттың орнын баса қоюға дап-дайын және қарасаңызшы, "орнын басады да". Орынға отырады да, таланттардың үстінен бұйыра бастайды. О, қандай күйінішті! Одан өткен күйініш болмайды...

6 октябрь 1974 жыл

Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам?! Осы күнгі әдебиет - нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Санчо-сыншысымақты сүйрелей келеді. Ол "сыншысымақ" белгілі бір уақытқа дейін өз шәркейін сол салада сүйретіп жүріп жатады. Жағдайы барда айпап-жайпап қалуға тырысады. Біреуге жағымпазданады, біреуді қорқытады (өзі де қорқады), содан соң жан-жағына қарайды: жоқ, бұдан ары бүйте беруге болмайды екен; ол өзінің шатпақайшыл серіктестерінің көмегімен ұялмай-қызармай үлкен әдебиетке аяқ салады, сөйтіп енді өзі шығармалар жаза бастайды. Сондықтан бізде ай сайын әдебиетімізде жаңа, бірақ өзі белгісіз, аты-жөнсіз бір "жұлдыз" пайда болып жатады. Ал біз құнарлы топырағымыз тағы бір арамшөпті өсіргенін елемейміз. Қашанға дейін осылай созыла бермек? Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қиналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар! Бірігіңдер! Барлық шатпақайшыларға қарсы майдан ашыңдар! Олардың жебеп-жебеушілерін түгелдей әшкерлейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады!

31 январь 1975 жыл

Өзіңе бір жаңа екі костюм алып кимей-ақ өліп кетуің (құдай оның бетін әрі қылсын) қандай аянышты. Жетіспеушілікте туып және үнемі жетіспеушілікте өмір сүру қандай өкінішті. Егер бала, бозбала кезімді есіме алсам, сұмдық үрейленемін, қатты жәбірленемін. Бүкіл жастық шағым менің өзіме соқпай жанай өтіп кетіпті. Санамда титімдей бір қуаныштың ізін қалдырған, ең құрыса, бір күнімді есіме түсіре алмаймын. Мен бұл жарық дүниеге келгелі, міне, қырық төртінші жылға аяқ басып барады екен, бар өмірімнің қор, жиренішті болып көрінетіні соншалық, кейде өз ырқыммен-ақ қиып кете салғым келеді... Шындығын айтқанда, мен бұрын денсаулық дегеннің, ауру дегеннің не екендігін білмеуші ем. Тағдырым мені бұдан да тыс қалдырмапты. Бұрын білмесем енді бар сырқаттың сырын түсінуге тура келді. Мен өлімнен қорқам ба? Қорқам. Қорқатын себебім: өмірдің қуанышын татып көргем жоқ, шығармашылықтың қуанышына жолыққам жоқ, бар өмірімді жоқшылыққа, жоқшылықтан өмірі үрейленуде өткіздім. Қысқасы туғанда да, өмір сүргенде де және өлгенде де біркелкі болу: ештеңе көрмеу, ештеңе өзгермеу - қашанда қорлық қой...

14 ақпан 1976 жыл

Қазіргі жастардың қайсысы Пушкиннің "Ев- гений Онегинін" немесе Байронның "Чайльд Гарольдің" оқып басын қатырады. Ондайлар зорға табылар. Лермонтовтың "Шайтанын" аяғына дейін оқып шығуға олардың шыдамы жетер-жетпесіне күмәнданамын. Қазіргі ұрпақ бүгінгі күнмен өмір сүреді. Олар үшін өмір театр емес, өте шығатын эстрада. Олар кереметке де нанбайды: оларға ештеңе керемет емес; олардың талғамы тез өзгереді. Маған терең ойлау, өзін және өзгені тану оларға жат сияқты болып көрінеді. Егер қасақана солардың өмірі жайында солардың өз сөйлеу мәнерінде өлеңмен роман жазса қайтер еді? Сол арқылы мәжбүр етсе көксоққандарды?..

16 ақпан 1976 жыл

Көркем сынсыз әдебиет өмір сүрмейді. Сын өз мойнына талай нәрсені алуға тиіс. Сын қазы да, адвокат та болу керек, ал қажет болған жағдайда ол өте қатал, мейірімсіз айыптаушы да бола білуі керек. Әйтпесе, әдебиет, жалпы өнер атаулы алғашқы қоғам құрылысын елестетеді. Әркім өз білгенінше, мұнысы жақсы еместігін сезе тұра, жабайы түйсікпен, көркемдікке жат әрекет жасайды. Алайда, кимелей береді, кимелей береді. Соның бәріне сын кінәлі. Бізде дұрыс сын жоқ. Оның таза, әділ, өкілдері Тек жағымпаздар бар. Олар беделділерді мақтау үшін өзара жарысқа түседі. Олар сол арқылы әдебиеттің асырауында өздерінің қала беруін қамтамасыз етеді. Бұл урашыл-сыншылар көркем шығарманы шатпақтан ажырата алмайды. Олар үшін автордың өзі бірінші орында тұрады. Оның кім, қандай қызметте екеніне көңіл аударады. Ал ондай шатпақайлардың көлеңке- сінде таланттар бірте-бірте сөне береді.

***

Тек қана өз уақытында жақсы сыншылардың болмауынан қаншама өркениет пен ғажайып өнер туындылары құрып кетті екен десеңші! Чехов.

16 ақпан 1976 жыл

Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға білгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де қақысы жоқ. Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды: оны тек қызықтауға ғана болады. Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз - өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда, салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін "адам жанының инженері" болып қалу керек...

17 февраль 1974 жыл

Бүгінгі күнмен, бүгінгі өмірмен ғана тіршілік етіп жатқан адамдардың даңқы мен атағы арта берсін. Бір күнін жақсы өткізді ме, жетеді. Олар үшін өмірдің мәні - өз ғұмырын қыжалатсыз молшылықта, уайым-қайғысыз өткізіп, артынан жақсы, бай мұра қалдыру. Несі бар, олардікі дұрыс. Өзімді құрбандыққа беріп, мен неменеге талпынам? Бәрін құрбандыққа қия отырып?! Шайтан алсын бәрін! Түптеп келгенде, жер бетіндегі жақсылықтың рахатын менің де көруім керек қой. Бірақ қайтіп?!

***

Ақын болу үшін ақында не болуы керек? Бірінші: талант. Білімді, сұңғыла талант (диплом міндетті емес). Екінші: ұят, өзінің нашар өлеңдерін оқығанда өзінен өзі ұялуы үшін. Үшінші: қарапайымдылық. Пушкин мен Абайдікіндей болмаса да, басқалар түсінетіндей адамдық қарапайымдылық. Ақылдымсымау, түсіндірмеу, тек жырлау. Төртінші: түйсік. Басқалар көре алмайтынды көру және тану. Бесінші: еңбек, үнемі шындалып отыру үшін. Алтыншы: жан. Жан байлығын әмәнда сақтау қажет.

25 ақпан 1976 жыл

Фольклорымыздың бай екендігі даусыз. Оны кез-келген халықтың кез-келген фольклорымен қатар қоюға болады. Егер фольклорымызды әдебиетімізбен салыстырсақ, онда соңғысы кәдімгідей кедей көрінеді. Ол оның әлі жасаңдығынан, буыны қатпағанынан. Жазғыштар көп болғанымен, жазылған (мәнді, толыққандысы) әлі аз. Біз жазылған нәрсенің санына қарап қарықпыз. Көркем әдебиет ұжымдық еңбек емес екенін ойлайтын уақыт жетпеді ме? Ол мейлінше даралықтан туады. Және белгілі уақыттың есебі де, фотографиясы да емес. Ол қоғамның, дәуірдің сынынан өтуге тиіс. Егер қадір-қасиеті миллиметрлік қана болса, шақырымға созылған тізімдер әдебиетті құрай алмайды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар