Өз отыма өзім күйіп барамын

Назерке Сайлауқызы Оңғар – 1994 жылы  Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. 

33

Өз отыма өзім күйіп барамын - adebiportal.kz

Жүрегімді жалғыз қалдырма. Сағынышпен сарғайтпа. Әйтпесе, сүюдің мәнін жоғалтып алатындаймын. Сен менен алыстаған сайын жылу мен жарық та бірте-бірте жоғалады. Тұрмыстағы талай тауқыметке төзу үшін, отбасыма жылу мен жарық төгу үшін Алладан кейін өзіңнің мейірімің мен махаббатың керек, сүйіктім!

Сен жүріп өткен жолдарда ән қалсын жаңғырып,

Күздегі соқпақтай кейпіне, көркіне таң қылып.

Сен жүрген жолдарда саз қалсын сан үміт

Сезімді, сенімді сөнбейтін сән қылып.

 

Сен айтқан жырлардың тынбасын қанаты қағылып,

Көмейден сәт сайын ағылып, 

емдейтін иесі табылып,

Күтетін жандарды қуантып, 

күтпегендерді зар қылып,

Бақыттан айналтып бастарын, 

жүргендер болса қамығып.

 

Сен салған әуендер таралсын таңдарды таңға ұрып,

Есіткен кеудені ессіз ғып естерден тандырып.

Құлақтың құрышын қандырып,

Миларды отқа орап, 

жүректі күл қылып жандырып,

Сәттерді бақытты ән қылып, 

етсінші өмірді мәңгілік.

 

Түспейтін ешқашан биіктен,

Сен салған ән болсын сүйікті ең.

Жаным…

 

Абай (37-қара сөз)

Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек - қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандықта қайдан баяндап қалады дейсің! Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді!

Көңіл арпалысы

Бәлкім төмен ендігі бағам менің,

Бәлкім мендей жүрегі жаралы елдің.

Жырымдалған жанымды көрсете алмай,

Тозып кеткен көңіліммен жаба бердім.

 

Сосын тағы бөбектей қорғым келді,

Сосын қолды бір сілтеп тоңғым келді.

Бұл дүниеден баз кешкен кеудемді ұрып,

Басым ауған жаққа жүріп көргім келді.

 

Бірде жуас адамдай көнгім келді,

Өмір күрес, тойтарысын бергім келді.

Жан сөзінен енді нені жасырайын,

Қайтқан құстар соңынан ергім келді.

 

Жек көруші ем мен бұлай езілгенді,

Меніңде бас көтермес кезім келді.

Ауызымнан шыға алмаған ащы дауыс,

Өн бойымда у болып кескіленді.

 

Қауқарым жоқ мен енді деген кезде,

Шарасыздық бойымды билеп өзге.

Айбикем кеп жасымды сүртіп алды,

Әбілқайыр тірілтті өлген кезде.

 

Күз - көңіл сарайымыздың айнасы. Күз - сағыныш. Күз - сезімсимфониясы. Бәлкім, Күз - ой-қиялымыздың құндағы. Қалай болса да тылсымына тартар жұмбақтығы - талай ақынның таусылмастақырыбына айналып қала берері анық. Кей кезде көңіліңді күздің бұлтыторласа, жаныңды жапырағын жел тонаған жетім бақтың жалғыздығыжегідей жесе, жүрек дертін өлеңнен іздейтініміз анық. Келесі жыр жолдарын көңілімнің айнымас көшірмесі күзге арнадым. 

Күзден салқын…

Ішім жалын, сыртым салқын, 

Өз отыма өзім күйіп барамын.

Жалғыз қалу менің салтым ,

Сен кешірші...

Болмысымды, ардақтым!

 

Көңіл күпті, көзім мұңды,

Тартымсыздау... 

Тағдырыма наламын.

"Жылатпаймын" деген едің,

Жапырақ боп, 

Талдан құлап барамын.

 

Жұмыр жүрек, жылай жүдеп,

Сағыныштан,

Сары əн ғой саларым.

Ақ парақтан,

Əппақ əлем құрайтын ек,

Ақ қағаздан, 

Қырқылып мен барамын!

 

Күлкім ащы, мұңым тəтті,

Бұ дүниядан,

Мұндай жанды көріп пе ең?

Күні күрең, сызы қатты,

Күзден салқын болып кеттің,

Неліктен..?

 

Жауырыныңа әппақ қанат байлап, періштеге айналып кет дегелі тұрған жоқпын, бірақ, біреуден жақсы энергия алу үшін өзіңе де жақсы болмақ керек. Біреуден жанашырлық, мейірімділік, жылылық күткендер сол мінезді айналасына бере де білсін. Беру, алу заңдылығы дегеніміз нағыз автоматты функция.

Басқа шамды жағу үшін алдымен өзіңді тұтату керексің. Өзің жанған соң ғана басқа шамдарға тамызық бола аласың.

Өзіңді іздеу

Мен, Өзімнен кешірім сұраймын... 

 

Сен ғарыштан келдің бе, ғаламаттан,

Онда жүрек көрдің бе жараланған.

Жараланған һәм көпке табаланған,

Жаралғандай өң өзі жалаң оттан.

 

Сен арманнан келдің бе, аппақ нұрдан,

Періштедей ару бартын жаны жырдан

Құшағына толтырған қызыл гүлін,

Қу тірліктің құрсауына қылған құрбан.

 

Сен көктемнен келдің бе, күліп тұрған,

Айтқызбай-ақ сырымды біліп тұрған.

Көре алмай көзімнің сығым жасын

Сирен гүлмен сүртетін мүлгіп тұрған.

 

Сен Тәңірден келдің бе, теңдесі жоқ,

Шын құлшылық жасарға бермесі жоқ.

Көрмедің бе көзіндері отты қызды, 

Қадамы нық, мінезі тік, сөздері оқ. 

 

Таппадым ба, таптым ба білмей бұл күн, 

Өзімді іздеп, сүлдерімді сүйрей жүрмін. 

Іздеу салам, көңілі наз, ерке қызға. 

Арамдықты, араздықты білмей тұғын. 

 

СЕН ҚАЙТА ОРАЛҒАНДА…

Сен қайта оралғанда...

Бəріде кеш болады, кеш күнім.

Көз алдымнан жоғалады кескінің.

Өр кеудеңнен құс боп ұшып кетермін,

Естелік боп қала берсін ескі мұң.

 

Сен қайта оралғанда...

Ұқсарсың күзгі бақтай тоналғанға.

Санамнан сендік ойлар жоғалғанда,

Сабырым жеңіп кетер сезімімді,

Жалғыз куə болады оған да Алла.

 

Сен қайта оралғанда...

Алданып қаласың-ау жоқ арманға.

Мен де жоқ, жүрек те жоқ сонау маңда,

Сен жалғыз қаларсың-ау күңіреніп,

Мен жалғыз болашаққа жол алғанда.

 

Сен қайта оралғанда...

Бекінем саған қайта оралмауға.

Серт етем тіпті тірі санамауға!

Келме жəне аққулар қонар маңға.

Сен мені күтпе де енді келеді деп,

Болмайтын бос үмітке жоқ алданба.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan