Әукебаев Есет (1921–2008) - 23 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының Теректі ауылында туған.
1940 жылы қазан айында Қызыл Армия қатарына шақырылған. Забайкал майданының Халхын Гол (Монғол Халық Республикасы) аумағындағы кеңес әскерлерінің құрамында моторлы атқыштар полкының рота саяси жетекшісі, осы полктің комсоргі болған.
1944 жылы мамырда шекара әскеріне ауысқан.
1956 жылдың шілдесіне дейін Забайкал, Шығыс шекара округтерінің шекара отрядтарында қызмет атқарған.
Әскери атағы – полковник. Әскерден босаған соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде (1956–1969) әдеби қызметкер, әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі, редакциялық алқа мүшесі, республикалық «Жазушы» баспасында Бас редактор (желтоқсан 1969 – қараша 1984) болып істеген.
1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Алғашқы өлеңі
1937 жылы Зайсан аудандық «Социалды жол» газетінде жарияланған.
Алғашқы кітабы – «Сақшы сыры» (1954). Бұдан кейінгі кітаптары: «Таң шапағы» (1966), «Досыма хат» (орыс тілінде, 1968), «Асқар таулар» (1973); «Бірлік бәйтерегі» (орыс тілінде, 1977), «Кеңшілік» (1980), «Өмір – бақыт» (1983), «Күн мен көлеңке». Сонеттер (2000).
Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «За боевые заслуги», «За безупречную службу», «За доблестный труд» медалімен, басқа да көптеген медальдармен, «Халхын Голдегі жеңіс» (Монғол Халық Республикасы) медалімен, екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
Қайнар көз: http://writers.kz