Тобағабыл Төлепберген
Тобағабыл Төлепберген Әбенұлы (20.05.1936, Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Ақарық ауылы (қазіргі Жалағаш ауданы, Есет батыр ауылы) – 05.09.2015, Алматы) — жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.
Төлепберген Тобағабыл отыз жылдай Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде Бас редакторы болып еңбек еткен, оның ішінде жиырма жылдай Қазақ радиосы Әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясын басқарған. Ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болды.
Төлепберген Тобағабыл Қазақ мемлекеттік университетін журналистика факультетін бітірді. Еңбек жолын 1957 жылы бастаған. Қызылорда облысы Тереңөзек (қазіргі Сырдария) аудандық «Еңбек майданы» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушісі, Қазақ радиосының редакторы, аға редакторы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитеті Арнаулы радиохабарлар Басқармасының Бас редакторы, «Қазақтелефильм» студиясының сценарий жөніндегі Алқа мүшесі, Қазақ радиосы Әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясының Бас редакторы, Халықаралық «Тұран» радиосының Бас редакторы, Қазақ КСР Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл комитеті Ономастика және терминология бөлімінің бастығы болды.
«Баспалдақ» атты тырнақалды дүниесі 1955 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарық көрді. Содан бергі ол қалың оқырман қауымға «Жаңылтпаштар», «Сағадат Нұрмағанбетов», «Өкініш», «Өңшең мықты», «Тағдыр», «Жазира», «Тағы бір күз», «Түсінсең еді мені», «Жүрегім соғып тұрғанда» сияқты көркем туындыларымен таныс. «Время жить» деген атпен шығармасы орыс тілінде екі рет басылып шықты.
Төлепберген Тобағабыл көптеген радиопьесаларының авторы. Қазақ радиосы Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясын басқарған жылдарында «Қаламгер» әдеби студиясы мен эфирдегі «Қазақстан» радиотеатрынан берілген шығармалар легі арқылы рухани байлығымызды арттыра түсті. Бұл жылдар көлемінде Төлепберген Тобағабылдың басшылығымен әдебиет, өнер, театр, қоғам, ғылым қайраткерлері тәрізді халқымыздың көптеген біртуар тұлғаларының дауыстары Қазақ радиосының алтын қорына қабылданып сақталды.
Төлепберген Тобағабылдың жазған сценарийлер бойынша «Көктемнің ең ұзақ күні», «Коммунист Мұқан Көккөзов» (1975 жылы Владивосток қаласында өткен Бүкілодақтық байқауда арнаулы дипломға ие болған), «Құзар» (Мұхтар Әуезов туралы жазылған) атты деректі телефильмдер түсірілген.
Ел, Жер, Тіл тағдырына арналған отаншылдық рұхтағы публицистикалық дүниелердің, әдебиет сыны саласындағы зерттеу мақалалардың авторы.
Ескендір Хасанғалиевтің әніне шығарған «Жасай бер, қазақ!», «Жаса, Қазақстаным!» өлеңдерінің авторы. «Жаса, Қазақстаным!» деп аталатын әнін қазақ әншісі, Еңбек Ері Ермек Серкебаев орындаған. Ал «Жасай бер, қазақ!» деп аталатын әнді Ескендір Хасанғалиев өзі орындаған және қазіргі әншілер орындауда.
Төлепберген Тобағабылдың туған өлкесінде 50, 60, 70 жылдық мерейтойлары Қызылорда облысында Қызылорда қаласы және Сырдария мен Жалағаш ауданында салтанатпен аталып өтті.
Үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, «Республикаға сіңірген еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, «КСРО телевизиясы мен радиосының үздігі» белгісімен марапатталған, Қызылорда облысы Сырдария ауданының Құрметті азаматы.
2019 жылы Алматыда Жандосов және Әуезов көшелерінің қиылысында жазушы Төлепберген Тобағабыл тұрған үйдің қасбетіне мемориалдық тақта орнатылды.
Қызылорда қаласында Төлепберген Тобағабылдың атымен көше аталды.
Көп оқылғандар
Қазақстан Жазушылар одағына тоқсан жыл
Өмірзақ Қажымғалиұлы. Сергу
Ақжан Аманжол. Біз неге жаздық тағдырсыз өлең...
«Ауылым» әнінің авторы өмірден озды
Юй Хуа. Соқыр ішек
Маржан Ершу. Пишта
Эрих Фромм "Еркіндіктен қашу"
Әмірхан Балқыбек. «Тәураттағы» баба түркі іздері
Абай университетіндегі «Латын» ғылыми-практикалық зертханасы
Сауытбек Абдрахманов. Құран және Пушкин
Қос шынар
«Менің бақытым алған атақтарым мен марапаттарымда емес...»
Гүлжамал Майлина. Аяулы жолдас, адал жар
Бір күні бәріміз оянармыз
Айбек Оралхан. Менің хан апам...
Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» жинағы жарық көрді
Талапбек Тынысбек. Шығыстың қоңыр аюы...
Жасанды интеллект және әдебиет
Жақсының көзі. Дәнел Әлкейқызы Марғұлан
Қуандық Түменбей. Социалистік бәсеке
Ясунари Кавабата. Аригато
Морфидтер түнде не істейді?
Әділбекова Жанар. Жүрегімдегі дара тұлға…