Ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов шығармаларының жиырма бірінші томына орыс тілінде жазған «Сказ столетнего степняка» романының араб тіліндегі аудармасы мен «Мейірімді Асқар» ертегісінің толық үш бөлімі ағылшын тілінде енгізіліп отыр. Бұл шығармалар Москвадан, атақты «Художественная литература» баспасынан жеке кітап болып шығып, іле-шала әйгілі «Роман-газетада» жарияланып, «Литрес» т.б. электронды кітапханалар жүйесі арқылы Ресей оқырмандарына да танылған. «Жүз жылдық толғау» деген атпен қазақ тілінде «Жұлдыз» журналының 2020 жылғы үш номерінде жарияланған, Лондоннан ағылшын тілінде жеке кітап болып жарық көріп, дүниежүзілік «Амазон» электронды кітап жүйесі арқылы ағылшын тілді әлемге жолы ашылған роман енді араб әлеміне де қанат қағып отыр. Романда қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдағы қилы-қилы қиын тарихын жүз жасаған қария Асанбай Бектеміровтың тағдырымен тығыз байланыста баяндаған автор өткен мен бүгін, болашақ туралы сан алуан сыр шертеді, ұлтаралық қарым-қатынастардың күрделі қатпарларына бойлап, «соғыс тарихы бізді бейбітшілікке, дұшпандық тарихы-достыққа үйретуге тиіс!» деп түйіндейді. Ал, «Мейірімді Асқар» – барлық халықтардың ертегілер әлеміндегі ізгі кейіпкерлерімен дос болған қазақ баласының басынан кешкен сан алуан қызықты оқиғаларын тартымды баяндай отырып, қазақ халқының басты қасиеті – мейірімділігін барша адамзат баласына паш етеді.