Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Ақгүл Айдарбекқызы: Білмеймін, дуаланып қалғандайм...

Ақгүл Айдарбекқызы: Білмеймін, дуаланып қалғандаймын...

07.03.2026

8252

Ақгүл Айдарбекқызы: Білмеймін, дуаланып қалғандаймын... - adebiportal.kz

Айдарбекова Ақгүл Айдарбекқызы 1997 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университеті Әдебиеттану мамандығында докторантурада білім алуда. Өлеңдері «Жастық – жалын жыр» антологиясы, «100 ақын», «Жалын сөз» жыр жинақтарына енген.

2019 жылы Қыздар университетінде «жыл ақыны» атанып, «Мен гүлден де нәзікпін…» атты өлеңдер кітабы шыққан. Қазіргі таңда «Қазақ газеттері» ЖШС-ның тілшісі. 

 

***

Ақ мұңым ақтарылып жатыр бүгін

Деуші едім, мен батырмын, батыр үнім…

Ақылым жеткенінше ғұмыр сүріп

Бетпердесін киемін ақылдының…

 

Сырымды мың жазамын, мың өшіріп

Түгесіліп барам-ау, түгел сынып…

Жанталасып күн кешем, 

мың теңге үшін,

Әр күнім күрес, 

үміт…

 

Шер шанақтың әуелеп қағысында ән

Айнадағы мен емес сағы сынған

Қара жерді аяқтың астындағы

Біреу тартып алғандай жанұшырам…

 

Тағдырдың қабылдамай тепкісін кей…

Күресе аламын ба көп кісідей? 

Білмеймін, дуаланып қалғандаймын

Өлең оқып отырам, түк түсінбей…

 

Жанымды жаншып жатса, сан арманым

Өзімді өзім 

отырып жамандадым

Сонда да біліп жүрсін барлық адам

Ғаламды төңкеруге шамам барын!

 

Ғаламды төңкеруге шамам барын…

 

Бұл емес менің тағдырым

Таң атпай тұрдым ұйқыдан…

Әдеттегідей, бойымды билеп күй күмән

Баламды күнде бір өзім тасып бақшаға,

Бәрі керемет…

бәрі ғажайып дей тұрам…

 

Жүгірем сосын жұмысқа…

Бақытын қиып, барын берсе де жыр ұста

Ішімдегі әлсіздеу, аңғал қыз тұрад(ы)

Тығылып жылап бұрышта…

 

Несіне жасым жиі ақты?

Тәнімнің әр бөлшегін сорып жатқандай пиявкы

Көзім нашарлап, көзәйнек киіп кеткенім

Айналамды көргісі келмегеннен сияқты…

 

Еңбекқорсың сен деуші еді…

Осы сөз үшін тіктеген болам еңсемді

Көрсе ғой солар, тат басқан тарлау үйімді

Көрсе ғой солар, жалғыздық толған кеңсемді…

 

Тағдырым сонда осы ма?

Жақсы бір жанның жүгіріп жүрсем қасында

Деп едім, ол да болмады, 

бауырға басар

Жок екен тіпті досым да…

 

Ұмытып қалдым барлығын

Естідім бе осы “жаным-ау” деген жар үнін?

Не кидім таңда, жаудыма түнде қар бүгін?

Ұмытқым келеді барлығын…

Бұл емес менің тағдырым…

 

Аңсамасты аңсадым

Бір белгісіз күйдемін, ішім оттай жануда…

Тағы қанша жыл керек адамдарды тануға? 

Ең жақыным селқостық танытады неге осы

Мен секілді аруға…

 

Сүюден де шаршадым, махаббаттан шаршадым…

Жете алмай-ақ қойдым ғой, жасасам да қанша адым

Өткенімнің ауырлау болғанына қарамай

Аңсамасты аңсадым…

 

Байланбай-ақ қоям-ау деген едім мен соған

Қарманбай-ақ қоям-ау деген едім мен соған

Ізі кетпей жүректен тұрып алады екен-ау

Бір өртеніп жанса адам.

 

Дәл сол болып ойланам, дәл сол болып күн кешем

Дәл сол болып айналам, қиындықты бірге есем

Қарап-қарап қоямын, болашаққа үздігіп

Үйіндегі кесеге қосылар деп бір кесем…

 

Сөйлемейін десем де, сөйлегім кеп тұрады

Сәл нәрсеге ағыла кетер көздің бұлағы

Еркелеудің түр-түрін меңгерген жан едім ғой,

Әттең, жүрек тынады…

 

Бір белгісіз күйдемін, ішім оттай жануда…

Тағы қанша жыл керек адамдарды тануға? 

Ең жақыным селқостық танытады неге осы

Мен секілді аруға…

 

Мен сүйетін бір адам

Мен сүйетін бір адам оқып беріп таңға жыр,

Жаным да емес, қыр да емес,

Жұмысында дәл қазір.

 

Мен сүйетін бір адам 

соқпақтарға іліткен,

Шыдай алмай, шыдамай,

Құлазıp жүр тірліктен.

 

Мен сүйетін бір адам, 

өзгешелеу, тыс әлем,

Әйтпесе оны ұстап ап 

арманыма ұшар ем.

 

Мен сүйетін бір адам 

құлақ түрмей сөз-үнге,

Мен түгілі, құдай-ау,

Түсінбейді өзін де.

 

Мен сүйетін ұлы адам…

болды ма екен шын бөтен?

…Жұмыста емес, дәл қазір

Өзге жанмен жүр екен…

 

Тұрмысқа шығып алар ем...

Ару болсам да ернімді желге өптірген,

Жырлар оқушы ем жалындап жанып отты үнмен.

Сол күні кешке өлең оқуға барғанмын,

Мен сізді көрдім... ар жағы есте жоқ мүлдем.

 

Осы ісім үшін кешсінші кешсе құдайым!

(Келе ғой десең құшаққа бір-ақ құлайын)

Қатқыл үнменен бір өлең оқып беріңіз,

Нəп-нəзік болып мен сізге қарап тұрайын...

 

Тамырдан қуат, күш-қайрат болып тарап ең,

Көре алмай кетсін көре алмай жатса бар əлем,

Баяғыдан сіздің бар екеніңізді білгенде,

Тұрмысқа шығып алар ем.

 

Сипауын күтіп тұрған да шығар самайым,

Өлетін болдым аңсаумен өтсе əр айым..

Желіден бүгін жəй ғана "жаным.." деңізші,

Жанымды қия салайын...

 

Жалғыздық

Өзек толып өксікке атады əр жəй таңым,

(Шаршадым ба, білмеймін, қозып тұр ма сайтаным?)

Қас қарайса болғаны дірдек қағып бір өзім,

Жұмысымнан қайтамын.

 

Сезім жайлы сыр айтар сыңғыр үнді самайлың..

Ұлы үмітпен аңсайды қуанышын əр айдың.

Əйтсе де осы мен неге өткен-кеткен адамға,

Сəл өкпелеп қараймын?! 

 

Жүрегімді жалғыздық үгітеді, жоңады..

Сондай сəтте қалайша айтылады жол əні?

Сондай сəтте арыма кім араша түседі,

Сондай сəтте жаныма кім жұбаныш болады?

 

Көрінеді көзіме əлемдегі бар сағым.

Бір ғана үн боп қалған ба кеуде керер сонша əнім.

Сұлулығын жанымның кім байқайды екен деп,

Жалтақтаудан шаршадым.

Ар сақтаудан шаршадым... 

 

Осыларды ойлап ап жылап ал да, ал күйін!

Əкетеді алысқа құлдилаған қай құйын?

Қазағымның мен деген ақын қызы болсам да,

Жалғыздығым жанымды жеп барады, қайтейін...

 

***

Біреу сізге хат жазса егер "сəлем" деп,

Қақ төбемнен құлайтындай əлем кеп.

Қыздар айтса мұңдылығын күзгі əннің

Отыра сап жылап алдым, қызғандым.

Жан-жағыңда қаумалардай толып тым,

Бар құрбымды жамандаумен болыппын.

Ғажап иіс, көңіліңмен сүй жаным,

Дедім де алдап, нашар əтір сыйладым.

Қыз біткеннің көрінер деп көзіне,

Шарфыңды да алып алдым өзіме.

Құдашаңа бара қалсаң қонақтап,

Жатағымда жылап-сықтап таң атпақ.

Қыз-қырқынға жетелейтін бос үнді,

Жек көрдім бар (қыдырымпаз) досыңды.

Тыныштығын тілеп жүріп бір айдың,

Мазасын да алып болдым Құдайдың.

Қу басыма əкелесің қанша мұң,

Кетсең кетші, шаршадым.

 

Қарап қарсам сағатыма, үш жарыма...

Қарап қалсам сағатыма,

"Үш жарым"...

Күмілжиді көкейімде құштар үн.

"Үш жарымды" көре бердім О неге ?

Сезінгендей бір беймәлім күш барын.

 

 Өрілгенмен үш жарымда өлеңім,

Қайда барсам сол уақытты көремін.

Бәлкім сағат: "Үш жарымда" қуанам,

Бәлкім сағат: "Үш жарымда" өлемін.

 

Қапеліме қамсыз ойлар ереді.

Болмаса да өзі жайлы дерегі,

Үш жарым жыл күтіп жүрген сүйгенім,

Бәлкім сағат: "Үш жарымда" келеді.

 

Көргеніммен ауық-ауық түн бетін,

Жиі-жиі жыр оқимын түнге тым.

Сағасы өткел сезімдерден дерт ішіп,

Үш жарымда мұң шағады кімге- кім?

 

Таусылғандай жүректегі жыр-әні,

Үркек ойдан арылмады түн әлі.

Үш жарымда тоқтап қалған үйдегі,

Барлығына біздің сағат "КІНӘЛІ" ! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan