Мектеп бітіргендігі туралы көк куәлігін шабаданындағы киімдерінің арасына жасырып, Алматыға Нұрбол келді. Ауылдағы апасы мен анасының айтуымен бар ақшасын, құжаттарын әлгі шабаданға қауіпсіздік мақсатында салып қойған болатын. Нұрбол мектепті өте жақсы болмаса да орта деңгейде тәмәмдап шықты. Тумысынан жаратылыстану бағытындағы ғылым салаларына ынтықтығы жоқ ол, тарих пәнін таңдап, сол бойынша мемлекеттік грант иеленді. Алатаудың етегін жайлап кеткен Алматыға табан тіреп тұрғаны осы. Бұған дейін ол тек қана бұл шаһарды ғаламтордағы бейнелер мен суреттерден ғана көрген. Ал өмірде көріп тұрғаны осы. Тараз қаласы мен Алматының арасы қатты алыс емес. Ұзаса алты–жеті сағаттық қана жол. Жастайынан атасы Серікбайдың жанында жүріп атасының баласы болып өсті. Тағдырдың жазмышына қарсы келген ешкім жоқ қой. Сол сияқты ол да атасына келген ажалға қарсы тұра алмады. Бұл он бірінші сыныпқа көшіп жатқанда, атасы бұл пәниден көшіп кете барды. Әрине, атасының баласы болған оған басында бұл оқиға оңайға соға қоймады. Дегенмен қарбалас тіршілікпен оған да көндіге бастады. Ендігі мақсат осы қалада қалып, белді маман болып атасының атын шығару.
Бұл ойлағандай Алматы мейірбан, шапағатшыл әм кешірімшіл қала емес екен. Қателігіңді міндетті түрде ескереді. Жазалайды. Бұл қалада жоғары оқу орындары айтарлықтай көп. Ел арасында Алматыны студенттер қаласы деп те айтады. Ол рас. Бұл оқуға түскен Тимирязов көшесі мен Әл–Фараби көшелерінің арасын иен жайлап жатқан ҚазҰУ өз алдына жеке қалашық іспетті.
Отыз мыңға жуық студенттер орналасқан бұл қалашықта әр факультеттің жеке жатақханалары бар. Бірінші курс ретінде бұған да бір бөлмеден ордер шықты. Әуелінде әр қаладан келген жігіттермен лезде тіл табысып кете алмаса да біртіндеп, танысып жатты.
Нұрболға алғаш ордер бес қабатты жатақхананың екінші қабатының екі жүз үшінші бөлмесінен бұйырды. Ауылдан әкелген киім–кешек, азын аулақ азық–түлігі салынған ауыр сөмкелерімен бөлмеге кіріп келсе, төрт орынды бұл бөлмеде үш қыз тұрады екен. Ал бұған бір орын қалыпты. Беті қып–қызыл болған қалпы қысылып, әлгі сөмкелерімен қайта бірінші қабаттағы жатақхана меңгерушісіне кіріп:
– Апай, маған қыздардың бөлмесінен ордер шығыпты. Деканат қателесіп кеткен сыңайлы, – деп қолындағы телефонынан электронды ордерді дегбірсізденіп көрсетті.
– Әй, Нұрбол–ай, сен осы қай жақтан едің, – деп күлкісін әрең тоқтатты.
– Тараз қаласынан, қала болғанда... біздің ауыл Түлкібасқа өте жақын.
– Ааа, бәсе. Енді түсінікті. Нұрбол мен сені түсінем. Бұл Алматы өте үлкен қала. Мұнда қыздар бөлек, ұлдар бөлек жатады деген қағида жоқ. Енді сен ұялшақ екеніңді көріп тұрмын. Басқа амал жоқ, қысқа дейін жата тұр. Кейін бір мәнісін табамыз, – дегенде Нұрболдың беті одан әрмен қызарғанын көріп, үлкен денесімен сықылықтап армансыз күлді. Марқұм атасы Серікбай оған мектеп оқып жүргенінде «Алматы, Астана сияқты қалалардағы адамдар әбден орыстармен бірге тұрып қазаққа ұят саналатын әрекеттер ол жақтағыларға мүлде ұят саналмайды» деп айтып отыратын сөздері есіне түсіп, мына жатақхана меңгерушісінің сөздеріне сене бастады. Өзі қазақ болғанымен сөзінде орыс тілінің сөздері көптеп кездеседі екен. Күліп жатып комендант Нұрболдың қатты ыңғайсызданып жатқанын көріп, – Нұрболчик жай қалжың ғой, қазір күте тұр, – деп қалта телефонынан біреуге хабарласып жатты. Осы жатақханада екінші қабаттың екі жүз бесінші бөлмесінде тұратын Ернар атты орта бойлы, қыр мұрынды қара торы жігітті шақырды.
– Сәлеметсіз бе! Махаббат Тұрдықұловна! Қал–жағдайыңыз қалай? Мені шақырған екенсіз, – деп бөлмеге кіре сала коменданттың іші–бауырына кіріп барады.
– Жақсы, өзің қалайсың, Ернар. Мына жігітпен танысып ал, есімі Нұрбол Серікбаев екен. Сендерде бір орын бос қой, соған уақытша орналаса тұрсын. Деканат шатасып қыздардың қасынан ордер шығарып қойыпты.
– Жарайды, Махаббат Тұрдықұловна! Бізде бәрі дұрыс. Жақсы онда біз орналаса берейік, – деп Нұрболға қолын созып: – Есімім Ернар болады, танысқаныма қуаныштымын, – деп Нұрболдың қолындағы сөмкелерін көтеріп өзі тұратын екі жүз бесінші бөлмеге қарай жүрді.
Ернардың бөлмесі екі адамдық бөлме екен. Шымкенттің тумасы екенін әңгіме барысында білді. Өзі ашық. Сөзге сараң емес. Нұрбол үйдегі ата–анасына аман-есен орналасқанын айтып, Ернармен әңгімелесіп болып ұйықтап кетті.
***
Міне, осылай азды–көпті Алматыға келгендегі қызықтарын ойлап Нұрбол езу тартты. Бүгін ол қала сыртындағы ұстазының үйіне баратын күні. Нұрболдың осы қалам ұстап, жазушылыққа қадам бастағанына да сол қарт ұстазының ықпалы ерекше.
Қаскелеңде тұратын жазушы ұстазына әр барған сайын көптеген хикметке толы оқиғаларды естіп, санасын байытып қайтатын. Расында да Рахманқұл ұстазы сексеннің сегізіне санасы сергек келді. Соңғы бір жылда жүріп тұруы мұңға айналған. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай санасы сергек. Өзінің жұмыс бөлмесіне ақырын жүріп барып, Нұрбол екеуі ұзақ уақыт отырып әңгімелесетін. Үй қызметкері демдеп әкелген сүт шәйді сораптап отырып, Рахманқұл ұстаз оқиғалы хикметтерді шетінен асықпай айтып отыратын. Нұрбол ағайының үйіне айына үш, төрт рет келетін.
Бұл жолы да әдеттен тайған бұлар жоқ. Ас бөлмесінде аздап отырды да, кейін ұстаздың жазу бөлмесіне қарай аяңдады.
– Ағай, осы мен жақында Халық жазушысы Мұхтар Мағауин құрастырған бір кітаптан Ақтамберді жыраудың жырын оқып ойланып қалдым.
– Жарықтық, Мағауиннің әрбір істеп кеткен ісі мәңгілік сайрап жатады ғой. Ол кезінде ел–елді, жер–жерді аралап, саз кешіп жүріп сол жырауларды қайта тірілтті ғой. Кейіннен соны қайталанбас дауыс иесі Бекболат Тілеухан нақышына келтіріп орындап келеді. Аруағыңнан айналайын, жыраулардың әрбір сөзінен пәлсапа түюге болады. Ал, сені таңғалдырған Ақтамберді бабаңның қай сөзі екен?
– «Күлдір, күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз», – деп басталатын жыры бар ғой.
– Еее, ол Ақтамбердінің ең әйгілі толғауы ғой.
– Сол толғаудың ең соңында жырау, «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге» деген жері. Сонда бұл жерде ұрының ұлы ұры, қарының ұлы қары болуы тағдырдың жазуы дегені ме? Бірақ кешегі Кеңесте коммунист болып, Құдай жоқ деп атой салғандардың ұрпақтары бүгін молда, хақ жолын дәріптейтін имамдар да бар ғой. Меніңше ол жақсы қасиет емес пе. Сонда қалай? Осыны маған ашып берсеңіз. Соңғы кезде осымен басым қатып жүр.
– Нұрболжан, айналайын сен әлі жассың ғой. Көп қиындық, қыспақ көрген жоқсың. Бұйырса Жаратушымыз көрсетпей ақ қойсын. Сен айтып тұрған «Құдай жоқ» деп ұрандаған адамдардың сабында менде бармын ғой. Бірақ, біздің кезімізде ол сөзді айтпасақ, не жазбасақ басқа сөздерімізді өткізе алмайтын едік. Әлгі кейбір мұғалімдер аудиторияға кіріп, сөздерінің арасында «Құдай жоқ» деп айтып, шыға бере «О, Құдайым, өзің кешір деп» шығатыны сияқты ғой. Ал бүгінгі молда, хазіреттер тұтастай Құдайсыз коммунистердің ұрпақтары деп айтуға болмайды.
– Ааа, солай деңіз, ағай!
Шәкіртінің жауапқа қанықпағанын сезіп Рахманқұл ұстаз қалыпты жағдайға көшіп, бір хикметті оқиғаның шетін ашты. Үй қызметкері әзірлеп кеткен сүтті шайдан аздап ұрттап сөз бастады.
– Ілгеріде бір хандық өмір сүрген екен. Сол мемлекеттің билеушісі яғни ханы, өз хандығына келген абыз, сыншыны сарайына арнайы шақыртып алыпты. Содан әлгі келген данышпанға өзінің сәйгүлігін көрсетпек болып ат қорасына алып барады. Шынында да, мұның сәйгүлігінің бітімі бөлек екен. Бірақ әлгі сыншы «тегіне тартпай тұрмайды» депті. Мұның сөзіне таң қалған әлгі хан, осы сәйгүлікті сыйға тартқан кісіні шақыртып, анық–қанығын білсе, бұл жылқы расында да тұқымды жылқының баласы екен. Бұл құлын кезінде әлгі бие өліп қалып, амалсыздан, мұны сиырдың сүтін сауып беріп өсірген екен.
Әлгі сыншыдан: Оны сен қайдан білдің десе, сіздің тұлпарыңыз үстіне қонған шыбын, шіркейді кәдімгі аттар сияқты құйрығымен емес, сиырларша тілімен ұшырып жатыр. Мен содан байқадым деген екен. Сыншының жауабына тәнті болған хан қасындағы уәзіріне айтып, бір қап ұн мен он тандыр нанды сыйлық ретінде береді.
Әлгінің сынына таң қалған хан тағы бір сынын естігісі келіп, келесі күні өзіне шақыртады. Жақында ғана өзіне сыйлаған тауысты көрсетіп: «Ал сыншым мынаған не дейсің?», – дейді. Әлгі сыншы тауыстың сұлулығына ұзақ қарап тұрып, «тегіне тартпай тұрмайды» деген кешегі сөзін тағы қайталайды. Бұл сөздің де түп–тұқиянына жету үшін, әлгі тауысты сыйға тартқан кісіні шақыртып анығын сұраса, әлгі тауысты жұмыртқа кезінде алыс бір мемлекеттен алып келіп, үйректің жұмыртқаларының арасына қойып, қысқасы, үйрекке бастырып шығарған екен. Данышпаннан оны қалай байқағанын сұрап еді: – «Негізінде тауыстың табиғаты ол өзінің түрлі–түсті қауырсындарын жайғаннан соң ары-бері жүріп сән көрсеткендей маңғазданып жүреді, ал сіздің тауысыңыз қауырсындарын жайып, үйректерше суға сүңгіп кетті, содан байқадым, – дейді. Бұл жолы да сыны сырт кетпей, дәлме–дәл келгеніне данышпан сыншыға таң қалып уәзіріне тағы да бір қап ұн мен он тандыр нан беруін бұйырады.
Арадан бірнеше күн өткен соң, әлгі патшаның ойынан данышпанның «тегіне тартпай тұрмайды» деген даналық сөзі шықпай қояды. Бұл жолы ол өзі туралы сұрағысы келеді де таң ата, бамдат намазын данышпанмен бірге оқып, кейін: – «Сен осы көпті білетін әулиеге ұқсайсың, ал ендеше мен туралы ойың қалай?», – дейді. Бұл жолы да ол еш ойланбай «тегіне тартпай тұрмайды» деген екен. Данышпанның әлгі сөзін естіген уәзірлер шошып, қорқып кетеді. Хан бірден ашуланып, сырқат қарт анасы жатқан сарайға қарай жүріп кетеді. Анасына барып өзінің балалық шағы туралы анығын айтуды өтінеді. Сонда сырқат қарт шешесі: – «Ұлым, әкең бұл шындықты сенің білмегеніңді қалап еді. Амал жоқ, өзің сұраған соң айтайын. Сенің әкеңнен ұрпақ болмаған соң, сені біз хандық өзгенің қолына өтіп кетпесін деген ниетпен бір наубайшыдан асырап алдық. Бірақ сені кіп–кішкене кезіңнен асырап алып, өз баламыздай етіп, өсірдік», – деп айтады.
Бұл жолы да данышпанның даналығына таң қалған, ол тағы да бір қап ұн мен он тандыр нан беріп жатып, оны қайдан біліп қойдыңыз деп сұрағанда: – «Негізінде хандар мен патшалар біреудің тапқырлығына, даналығына тәнті болған кездерінде алтын береді, ал сіз маған тек ұн мен тандыр нан бердіңіз, ендеше, әдепкі сөздей, «не болса да тегіне тартпай тұрмайды» деп сөзін тәмәмдапты.
– Бұл жерден ұғатының Нұрболжан, жаңағы Ақтамберді атаңның толғауындағы «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге» деген жолдары, осы бір оқиғадағы мәселелерге қарап айтылған ғой. Әйтпесе, небір барымташы, қарақшылардың ұрпақтары кейіннен елге пайдасы тиген адамдар болғанын өз құлағыммен естіген едім. Енді адам адамды туғанмен мінезін тумайтыны сияқты ғой, шырағым! – деп сөзін аяқтап шайын ішті.
Бұл жолы да хикметке толы танымды жауабына тәнті болған шәкірті Рахманқұл ұстазының әңгімесін ұмытып қалмау үшін қойын дәптеріне кілт сөздер арқылы жазып алуды дағдыға айналдырған. Бұл жолы да солай жасады.
– Ақтамберді жыраудың сөзін енді түсіндім. Мысалды да қандай ғажап, әрі дөп келтіресіз.
– Ағай, тағы бір мәселеге байланысты сұрағым бар еді.
– Иә, сұрай бер, айналайын, жауап беріп көрейік.
– Соңғы кездері билік туралы да, кешегі тақтан кеткен Президент туралы да қоғамда айтылып жатқан қарама-қайшы оқиғалар туралы қалай ойлайсыз? Тақтан кеткен басшыға өз замандастары, әсіресе, бірге қызмет еткен үзеңгілес әріптестерінің баға беретіні қалай? Мені көп ойландыратыны соңғы кездері кезінде сол кісіден сый менен марапатты көп көрген «атқамінерлердің» ол туралы неше түрлі былапыт сөздерді айтатыны қалай, сонда?
– Нұрбол-ау, сен айтып тұрған ілгері кездерден бері келе жатқан дәстүр ғой, бір басшы кеткен соң оның орнына келген адам, оны толықтай жалғастырмайды. Билікте жүрген кезде қасындағы адамдардың қандай екенін қолдан билігі мен қауқары қоса кеткен кезде ғана бірақ біледі. Бүгінгі болып жатқан, яғни сен айтып жатқан оқиға да сол сияқты. Бірақ, расымен де, жөн айтасың, патшаның істеген істері, тарихтағы орнын еш уақытта оның көзі тірі кезінде дәл алуы мүмкін емес. Бірде мақтауын асырып алса, бірде төмендетіп алады. Ал, осы күні тақтан кеткен басшының артынан жаман сөздерді айтып жатқандардың көбі, одан кезінде өзің айтқандай марапатты мол алғандар. Кейде әлеуметтік желілерден соларды көріп жүрегім айниды. Өскелең ұрпақ алдында бұл өте ұят нәрсе ғой. Сондағы жамандаулары келесі басшыға жағыну ма екен? Онысын менде нақты ұғына алмадым. Төрінен көрі жақын соларға ендігі қалған аз өмірін тып-тыныш үндемей-ақ өткізсе болмай ма екен. Қандай басшы болса да өз қоғамына сай болады демей ме? Мүмкін, өзіміз әлі жақсы басшыға лайық емес шығармыз. Мүмкін, жақсы басшының қадіріне жете алмаған шығармыз. Бір кездері... Ал енді тағы бір оқиға айтып берейін саған. Бірақ бұл айтайын деп тұрған оқиғам сен қаузап отырған тақырыпқа сай келе ме, келмей ме... білмедім, – деп өзіне ыңғайлы жұмсақ кереуетке жайғасты.
– Айта беріңіз, ағай, сіздің әр әңгімеңізде бір хикмет бар ғой, – деп ағайын қолпаштап қойды.
– Жас уағымда бір шығыстық па, батыстық па нақты есімде жоқ, бір мысал оқып едім. Сонда бір аңдар патшалығы болыпты. Дағды бойынша онда да аң патшасы арыстан екен. Сол арыстан бір күні сырқаттанып ауырып қалса, бір шибөрі қыңсылап, құйрығын бұтына қысып, арыстанның хәлін білгісі келіп келеді. Қараса арыстан ауырып, жатыр екен. Әлгі неме жоспарының орындалғанына анық көзі жетіп, еңсесін тіктеп, құйрығында жоғары көтеріп, арыстанға айбат шегеді. Ха-ха-ха, сен өзіңді данышпан, сәуегей көруші едің, бірақ кешегі тойда түлкі арқылы саған беріп жіберген у ды да сезген жоқсың. Егер өзің айтқандай патша болсаң, сол патшаға сай данышпан, көреген болсаң сол у қосылған тамақты неге жедің? Сол у-дан уланғаныңды әлі білген жоқсын, тіптен мен айтпасам әлі де білмейтін едің. Мен келіп айтпасам, мына күн батқанынша сен бұл дүниемен де, патшалығыңмен де қоштасасың», – деп шибөрі масаттанып ыңырсып алады.
– Ей, неме-ай, сен неткен бишара едің, сұмырай, сонша саған жасаған жақсылығымды білмей, маған қастық ойладың. Ойлап қана қоймай оны жүзеге асырдың.
– Өшір үніңді, жексұрын. Қалайда мен өз дегенімді жасадым емес пе, – деп арыстанның басынан тебейін деп жатқанында, мойын жүні үрпиіп, зор даусымен даланы басына көтеріп арыстан түрегеліп, әлгінің аяғынан тістеп, балтырын санымен қосып жұлып алады. Ал әлгі шибөрінің қыңсылаған ащы дауысы даланы кезіп кетеді.
– Әй сорлы бейбақ–ай, сенің ішің толы арамдық, айла, зұлымдық болса да басыңда түк те ми жоқ екен. Сен әлі күнге дейін түлкінің екі жүзді, алдамшы, қу екенін білмей маған беретін у ды сол арқылы бермек болыпсың. Өйй, неме–ай, осы уақытқа дейін түлкінің кім екенін білмей, маған қарсы шығып, аң патшасы боламын дегенің қалай? Сол кешегі кеште сенің у қосылған тамағыңды әлгі түлкі алдын ала айтып, тамақты көз алдымда төгіп тастап еді. Сен, ең бастысы, арыстанның арыстан екенін ескермеуіңде, сенің бар кінәң осында жатыр. Алдына келгеннің бәріне сене берсе, алдына ұсынғанның бәріне тәбетпен қарап жей берсе, оның қорсылдаған доңыздан айырмашылығы қала ма? Әуелде жаратқанда патша болар аңды ерекше жаратқан жаратушы ғой. Әй, сорлы бейшара ай, мен жай ғана демалып жатыр едім, ал есік алдында тұрған түлкі сені әдейі өлімге итермелеп, мені сырқаттанып жатыр деді. Мен саған кеңдік жасап тек бір ғана аяғыңнан айырдым. Өз ажалыңмен өлгенше осылай жұртқа сабақ болып жүре бер, – деп аң патшасы арыстан сыртқа шығып кеткен екен.
– Көрдің бе, Нұрбол, әлгі шибөрі айласын жоспарлап, оны жүзеге асыруға келгенде түлкінің түлкілігін, ал арыстанның арыстандығын ескермегені үшін бір аяғынан айырылып, өмірінің соңына дейін патшаға, патшалыққа зұлымдық ойлағаны жұртқа әшкере болып, абыройсыздықпен өмірін аяқтаған екен. Мықты адамға зұлымдықты тек қана мықты адам ғана жасай алады. Соны есіңнен шығарма.
Осы сәтте үй қызметшісі тамақтың дайын болғанын айтты. Ұстазы екеуі орындарынан түрегеліп барып тамақтарын ішті. Тамақ ішіп жатып Нұрбол ұстазының жалғыз тұратынына таң қалатын. Әрине, оның себебін толық білуші еді. Бірақ, түсіне алмайтын. Рахманқұл ағайдың жары елуге толмай о дүниелік болып кеткен екен. Содан бері ұстазы балаларын жалғыз өзі жетілдірген. Үш ұлын, жалғыз қызын шетелде оқытқан. Қызы сол жақтағы бір қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпты. Оны ұзатып та, құдалық қызығын көре алған жоқ. Бірақ, оған әсте өкінбепті, тек сол қыздарының бақытты болғандарын ғана тілепті. Ал, үш ұлдары да шүкір қазаққа үйленді. Бірақ, қазақи қыздарға емес. Оған себеп үш ұл да жалғыз әкелерін Алматының шеткі ауданында бір бөтен қызметшіге тапсырып кете барды. Үшеуі де шетел де тұрады. Екі, үш айда бір хабарласып қояды. Өздерінше, әкелерінің 90 жылдық мерейтойын дүркіретіп жасап береміз деп телефонда қарт әкелерін алдарқатып қояды. Сол ұлдарының әлжуас, мейірімсіз болып өскендіктерін көріп кейде қатты өкінеді. Бірақ уақытты кері айналдыра алмайтынына толық көзі жетсе де іштей, былай етсем, былай болар еді, – деп іштей күрсініп жүреді. Оның бәрін зейінді шәкірті толық түсінетін.
Кеш те батуға шақ қалды. Бұл кезде ұстазы шәкіртінің ешбір сұрағынсыз бір әңгіме бастап кетті. Сөзін бөлмей, қатты асығыс болып тұрса да Нұрбол ұстазын ерекше ықыласпен тыңдады.
– Осы ата–ананы сыйлауда маған қазақтан асқан халық жоқ болып көрінетін. Бірақ соған соңғы кездері көзім жетіңкіремей келеді. Осы сенің ата–анаң бар ғой?
– Иә, ағай бар.
– Ендеше солардың қадірін біл. Тірі күнінде батасын алып қал. Олардың ақ батасынан кем болмайсың.
– Мына Өзбекстанда Фазыл қари деген дін қайраткері өмір сүрген екен. Тіптен бізбен замандас болыпты. Таяуда ғана дүниеден өткен сияқты. Соның мына бір хикметті оқиғасын саған айтып берейін. Зейін салып тыңда. Кейін сені өзімнің жүргізушім жеткізіп салады.
– Әлгі Фазыл қаридың әкесі психологиялық ауру болып қалған екен. Өмір бойы әлгі әкесін сыйлап, айтқанын жасап өтіпті. Оның әкесі Құдайдың құтты күні баласының жұмыстан келуіне қолына киімдерін алып, – «Балам мені мына үйден алып кетші, өзіңнің үйіңе апаршы, мына үйде ауа жоқ, қысылып барамын», – деп айтады екен. Ал тәрбиелі, тумысынан ақылды Фазыл әкесіне: Мақұл әке, – деп өзінің көлігіне отырғызып, ауылды бір айналдырып, дәл сол орнына қайтып әкелсе, – «Айналайын, балам-ау, осы өзіңнің үйіңе жететін үй жоқ қой, жаңағы үйде жүрегім қысылып жатыр еді, рахмет саған», – дейді екен.
Нұрбол, ойлашы күнделікті осы бір әдет. Одан жалыққан бала жоқ. Бір жылдары тағдырдың тауқыметімен ақша керек болып, Фазыл көлігін сатып жіберіпті, сонда да әкесінің сөзін екі етпей, құрылыс арбасына көрпе төсеп, көшесін бір айналдырып әкеледі екен. Күндердің бір күні әкесін арбаға салып айналдырып, қайта әкелген кезінде, әкесінің жүзі нұрланып, ұлының қолынан қатты қысып, – «Айналайын балам, маған жасаған қызметіңе мен екі дүниеде де разымын, Алла да саған разы болсын, Иншалла әлемнің патшалары сенің артыңнан ерсін»,– деп батасын беріпті де бақилық болыпты.
Ең қызығы Фазыл ол кезде дін қызметінде емес екен. Арадан жылдар өтіп, КСРО ыдырап, ислам діні қайтадан тамыр жая бастаған кезінде ол діни басқармаға жұмысқа орналасып, кейіннен бас муфти болыпты. Өзбекстанға әлемнің мұсылман патшалары бас қосқанда, өз елдерінің діни сәулет ескерткіштерін таныстырғанда Фазыл қариды мемлекет басшылары алға шығарып өздері артынан еріп отырыпты. Бірден оның ойына әлгі әкесінің сөзі сап ете түседі. Сол кезде ерекше толқыған екен.
– Көрдің бе жынды болса да ата–ананың балаға шын ықыласпен жасаған дұғалары қабыл болады. Сондықтан да мәнсап, жұмыс, ақшаны отбасынан жоғары қоюшы болма! Оған дәлел... Қош, жақсы, шырағым, аман бол! Сен болашақта мықты әдебиет майталманы, жазушы боласың. Мен оған кәміл сенемін. Ақ жол тілеймін. Қайда жүрсең де аман бол айналайын! – деп шәкіртін бауырына басты. Ұстазынан мұндайды бұрын-соңды байқамаған Нұрбол біртүрлі болып қалды. Ұстазымен қоштасып, үйіне қайтып кетті.
Жол бойы Нұрбол ұстазымен өткен бір күнінің ерекше хикметті әңгімелері үшін ерекше қуанды. Бірақ, сұңғыла ұстазының соңғы әрекетіне ойланып қалған ол, мүмкін күні бойғы әсерлі әңгімелерден болар деп топшылады. Осы қалада достарымен пәтер жалдап тұратын еді. Сол пәтеріне келді. Келе салып қойын дәптерін тартпасына қойды. Үйдегілерімен хабарласты. Бір мауқын басып алды. Жақында ауылына баратын болды. Оны естіп үйіндегілері де қуанып қалысты. Осы жолы барғанда, жақында үйленгісі келетінін айтпақшы.
***
Жолға керекті заттарын буып–түйіп алған соң, таңғы асын ішті. Осы кезде ағайы қоңырау шалды. Қоңырауды алып: «Ассалаумағалейкум, ағай қалайсыз?», – деп еді арғы жақтан даусы дірілдеп ағайының көмекшісі «Ағайыңыз түнде қайтыс болыпты», –деген сөзді әрең айтты. Бұл сөзді естіп Нұрбол есеңгіреп қалды. Көзінен ыстық жас тамшылап, бетін жуып жатты. Бірақ оны ол сезбеді.
Таңғы сағат бестер шамасында үзілген екен. Әлгі қызметші кісі кімге хабарласарын білмей, абдырап, соңы хабарласқаны Нұрбол болған соң соған хабарласыпты. Бұл барамын дегенше жедел-жәрдем көлігі де келген екен. Ол кісілермен өзі сөйлесті. Олар Рахманқұл ағайды кәріліктен, жүрегі тоқтап қалғанын айтты. Нұрбол ұстазының шетелдегі ұлдары мен қызына хабарласты. Дегенмен олар келгенше әкелерін жерлеп қойды. Кейіннен әкелеріне ас берді. Ұлдары түгел ауқатты жандар екен. Алматының үш бірдей жерінде үш күн бойы ас берді. Он бордақы бұқаны Алла жолына әкелерінің атынан құрбан шалды. Жетімдер үйі мен қарттар үйіне көптеген азық-түлік таратты. Жалпы айтқанда елді аузына қаратты.
Аста-төк астан елдің аузы бір майланды. Мемлекет басшысының атынан көңіл айту жедел хаты да келді. Елдің алды саябырлап көңіл айтушылар азайғанда, Рахманқұлдың балалары өздері кеңес өткізді. Бұл кеңеске Нұрболды да қатыстырды. Кеше Жазушылар одағында өткен қаралы жиында бір-екі жазушы Рахманқұлға арнап ескерткіш орнатып, атын көшелермен, саябақтарға беруді ұсынған. Сол бір сөздер үлкен ұлының ойынан бір кетпей қойыпты. Енді соларды сөз етпек.
– Нұрбол, шыны керек біз әкенің жазған кітаптарынан толық хабардар емеспіз. Енді солардың жалпы саны қанша, сен қасында көп болдың ғой?
– Рахманқұл ағайдың, таза прозаларының өзі жеті кітап, ал публицистикалық еңбектерінен тағы да жеті-сегіз кітабы бар.
– Ммм, онда он бес том болады екен ғой. Осы жұмысты әкеміздің қырық күндік асына дейін шығаруға бола ма? Жинақтап үлгере аласын ба?
– Мен ғой, жинақтап бере аламын. Ал, ол он бес томды бір айдың ішінде басып бере алатын баспа қайда? Тіптен ағай көзі тірі кезінде жиырма баспа табақ бір кітабын мың данамен әрең бастырып еді.
– Нұрбол–ау, сен уайымдама. Осыншама жыл бойы біз шетелде, ешкі тағалап, қой бағып жүрген жоқпыз. Сен ең бастысы кітаптардың бас аяғын құрастыр. Бізге осында ең атақты жазушылардың кітаптары шығатын әйгілі баспаны айт. Бар ақшасын біз төлейміз. Мың емес он мың данамен шығартамыз. Сол қырық күндік асқа келгендерге тегін таратамыз, қала берді, әкеміздің мерейі өскені, біздің де абыройымыздың асқақтағаны емес пе?
Мына сөздерді естіген Нұрбол бәлендей қуана қоймады. Нұрбол іштей ұзақ жылдар ағайының үлкен үйде жападан-жалғыз қу тізесін құшақтап өткені көз алдынан кетпей қойды. Осы жақсылықтың бәрін көзі тірісінде жасаса болмас па еді? Өздері әкесіне уәде еткен 90 жылдық мерейтойы да болмады. Алланың жазмышы бөлек болды.
Рахманқұлдың да қырық күндік асы өтті. Тарихтағы әйгілі астардан кем болмады. Тойдай өтті. Ең бағалы қағазға басылған он мың дана кітап асқа қатысушыларға түгел үлестірілді. Ал қалған кітаптарды Республикадағы кітапханаларға таратты. Ұлдары енді, әкесінің жылдығына дейін ескерткішін бір саябаққа орнатпақ. Ағайдың үйін кітапхана ретінде әкімдіктің есебіне сыйға тартты. Сол елді мекендегі тұрғындарға кітапхана әрі жазушының мұражайы ретінде жабдықталды. Әкелерінің мұраларын Нұрболға заңды түрде жаздырып берді, оған бес мың доллор ақша да берді. Оны он бес томдық кітапты құрастырғаны үшін қаламақы деп түсіндірді.
Хикметке толы әңгімелер айтатын Рахманқұл ағайы Нұрболға өлімі арқылы да хикмет көрсетіп кетті. Ол енді кәсіби, классик жазушы боламын деген арманынан бұрын, отбасы құндылықтары бәрінен де жоғары саналуы керек екен деп ойлады. Осындай шым-шытырық ойлармен арпалысып ауылына қарай автобуспен бара жатты.
