Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Қожа Ахмет Йасауидің туған жылы мен өмір сүрген ке...

Қожа Ахмет Йасауидің туған жылы мен өмір сүрген кезеңін нақтылау мәселесі

07.03.2026

75

Қожа Ахмет Йасауидің туған жылы мен өмір сүрген кезеңін нақтылау мәселесі - adebiportal.kz

Жер бетінде жаратылған әр бір халықтың Тәңір-Тағаланың өзі белгілеп берген генетикалық коды, рухани өзегі болады. 

Егерде кез-келген халық өзіне берілген генетикалық код пен рухани өзектен ажырайтын болса, онда жер бетінен халық ретінде жоғалады. Бұл талқылауға келмейтін аксиома. Біз мыңдаған жылдарға созылған тарихымызда біз мұндай қасіретті де, қиын кезеңдерден сан мәрте өттік. Енді жоғалдық, осымен түркі руханиаты жоғалады деп тұрған кездердің өзінде бізді Тәңір Тағаланың өзі қолдап, қайтадан бас көтертіп, ірі мемлекеттерді дүниеге келтірдік. Тарихымыздағы Оғыз қаған, Алып Ер Тоңға, Мөде қаған, Бумын қаған, Білге қаған, тағы басқа аттары аталмай қалған қаншама ерлердің көзсіз ерлігінің арқасында өткен мыңжылдықтың VIII-Х ғасырларына жетіп едік. VII-ғасырда дүниеге келген ислам діні адамзат қоғамын түбегейлі өзгерістерге ұшыратты. Бұрынғы империялар күйреп, жаңа мемлекеттер тарих сахнасына шықты. Алайда, ислам дінінің өзі Мұхаммед пайғамбардың (сАс) дүниеден өтуімен екі бағытқа бөлінді: біріншісі – араб мәдеиеті мен тілін, салт-дәстүрін исламдық сенімнің (иманның) негізі етіп алған Ахл ал-Хадис тобы. Екіншісі – исламдық иман негіздерін толық мойындаған, Алланың бірлігі мен барлығын мойындаған, Мұхаммед пайғамбарды (сАс) Алланың елшісі деп танығандардың барлығын мұсылман деп танитын және Құран мен Пайғамбар (сАс) хадистерін адамзат қоғамының рухани дамуының қайнар көзі деп таныған топ өкілдерін Ахл ар-Рай деп аталды. Олар арабтан басқа халықтардың Құран талаптарына қарсы келмейтін барлық әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің ешбіріне қарсы шыққан жоқ. Осы екі бағыт арасындағы тіке-тірес сол жетінші ғасырдың өзінде пайғамбар сахабаларының қаншамасын түркілер арасында кетуге мәжбүр етті. VIII ғасыр ортасында Ахл ар-Рай өкілдері толығымен Түркістан жеріне кетуге мәжбүр болды. Түркістан жерінде Қарлұқ-Қарахан мемлекеті сияқты алғашқы түркі-ислам мемлекеттері пайда болды. Ахл ар-Рай өкілдері Түркістан жерін ислам ғылымының даму орталығына айналдырды. Адам болмысы мен жалпы жаратылыстың ортақ заңдылықтарының кілті Құранда екенін сезінген ислам ғұламалары Құранның ішкі мазмұнына талдау жасай отырып (тауилат ал-Құран), ғылымның бар саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Абу Наср әл-Фараби сияқты ұлы ғалымдар дүниеге келді. Осы кезеңде ислам ғылымының негізгі орталығы Түркістан жері болып қалыптасты. Қарахандық билеуші Сатуқ Бұғра Абд ал-Каримнің Ахл ал-Хадис бағытын қабылдауы бұл жердегі ислам ғылымының қол жеткізген жетістіктерінің тамырына балта шапты. Шафиғи мазхабы негізгі идеологиялық бағыт болып қалыптасты. Ислам діні адамның рухани-мәдени дамуының қайнары болудан қалып, араб халқының салт-дәстүрі негізінде қалыптасқан шариғаттың шартты ғибадаттарының жиынтығына айналды. Бұл адам болмысындағы иманның әлсіреуіне ықпал етті. Оның үстіне осы кезеңде Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыс үзілген болатын. Олай болатыны Жаратушы Құдірет пен адамзат рухы арасындағы байланысты қамтамасыз етуші пайғамбарлар болатын. Соңғы пайғамбар Мұхаммед (сАс) пайғамбармен келген рухани қуат X ғасырларға келгенде өз қуатын сарқыды. Олай болатыны әрбір пайғамбармен Рухани әлемнен келген қуаттың күші 400 жылға жетеді. Одан арғы байланысты жаңа пайғамбармен келген рухани қуат жалғастыратын. Мұхаммед пайғамбардан кейін бұл үрдіс тоқтады. Бұл жалпы адамзат қоғамының материалдық болмыс жетегінде кетіп, азғындыққа ұшырауына тікелей ықпал етті. Бұл туралы Қожа Ахмет Йасауи «Хикметтерінде» жеткілікті дәлелдер бар:

«Бі шек білгін бұл дүниа, барша халықтан өтер-а,

Инанмағын малыңа, бір күн қолдан кетер-а.

Ата-ана қарындаш, қайан кетті, пікір қыл,

Төрт аяқты чүбуб ат бір күн саған жетер-а.» 

Осы бір шумақ «Хикмет» жолдарының өзі мына жалған дүниенің құны қанша екендігін айқындап тұр. Адамзат баласының осылай материалдық болмыс жетегінде кетіп, азғындыққа ұшырауы жер бетіндегі өмірді тығырыққа тіреп, ақырзаманға апаратын төте жол болатын. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта қалпына келтіру. Сонда ғана адам баласы жер бетіндегі өмірін жалғастыруға мүмкіндік алады. Болмаса, ақырзаман қармағына ілігеді. Басқа жол жоқ. Адамзат басына осындай қатердің келгенін бір мұсылман халықтары сезініп қойған жоқ. Христиан дінінің православия ағымы өкілдері де осы қатерді сезіне білді. Біз оны Киевтегі «Печерские лавры» деп аталатын жерасты үңгілерінде ондаған діндарлардың «Рухани әлемге қол жеткіземіз» деп, сол жерден шықпай көз жұмғандарын мысал ретінде келтіре аламыз. Адам баласы осындай тығырыққа тіреліп, шығарға жол таппай аласұрған кезеңде Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта орнатқан Қожа Ахмет Йасауи болды. Әрине, ол кісіге мұндай жетістікке жетуіне ықпал еткен біріншіден, Жаратушы Құдіреттің назары сол бала Ахметтің рухына түсуі болса, екіншіден, Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың Мұхаммед (сАс) пайғамбардың тікелей Алиден тараған ұрпағы болғандығы еді. Қожа Ахмет Йасауи Рухани әлеммен өзі ғана байланысып қойған жоқ, сол байланысты үзбей жалғастырып тұратын әулиелер мектебін қалыптастырды. (Бұл әулиелердің соңы кешегі Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім қажаларға дейін жалғасып келді.) 

Бұл Қожа Ахмет Йасауидің тарихтағы ролі бір түркі халықтарымен шектелмейтіндігін, жалпы адамзат баласына ортақ екендігін көрсетеді. Сол кезеңде Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыс қайта қалпына келтірілмегенде адамзат баласы осы күнге дейін өмір сүрмеген болар еді. Ол кісінің дінді шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеруі, адам рухын тікелей Рухани әлеммен байланыстыруы адам рухының жаңа сатыға көтерілуіне мүмкіндік берді. Ортағасырлардағы мұсылман елдеріндегі рухани сілкініс пен даму үдерісі осы Йасауи бабамыздың дінді шариғат деңгейінен шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеруімен байланысты болғандығын қазіргі діндарлар мойындай бермейді. 

Қожа Ахмет Йасауиден кейін тарих сахнасына түрлі тариқаттар дүниеге келді. Әр халық өзінің жоғалтқан дәстүрі мен мәденитетін қайта жаңғырты. Олай болатыны тариқат адам рухының материалдық санадан көтеріліп, рухани әлем деңгейіне ұласуымен байланысты еді. Бұрынғыдай мұсылман болу үшін арабтың тілі мен әдет-ғұрпы негізінде қалыптасқан шариғатты мойындамасаң мұсылман емессің деген түсініктен арылды.

Соңғы кездері Қожа Ахмет Йасауидің адамзат тарихындағы рөлін мойындамақ түгіл, ол кісінің соңына қалдырған рухани мұрасына күдікпен қарау, тіпті өмір сүрген уақытын да ревизиялап, жалпы тарихтағы рөлін жоққа шығаруға деген ұмтылыстың бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Ол туралы жақында ғана «Абай.кз» порталында «Жоққа шығаруды жоққа шығару» деген атпен мақала жариялап, мұндай әрекеттің кімдер тарапынан жасалып жатқанын, не үшін жасалып жатқанын тұспалдап айттық та. Мақсат – Қожа Ахмет Йасауидің тарихтағы рөлін жоққа шығармақ болғандардың әрекетінің негізсіз екендегін дәлелдеп, халықты адастырмақ болғандардың жолын кесу. Олай дейтініміз: Қожа Ахмет Йасауи – түркі руханиятының Темірқазығы. Одан көз жазып қалар болсақ алдымен қазақ, соңынан барлық түркі жұрты жер бетінен жойылмақ. Қазіргі мына жаһандану заманында бұл ойыншық емес, қатерлі шындық. Сондықтан шамамыз келгенінше Қожа Ахмет Йасауи бабамызға қатысты бар тарихи шындықты халықтың санасына жеткізіп, ол кісінің рухани мұрасын қорғап қалуымыз керек. 

Өткендегі «Жоққа шығаруды жоққа шығару» аталатын мақалада Д.ДеУиз мырза Қожа Ахмет Йасауи атамыздың XI-XII ғасырларда өмір сүргеніне күмәнданып, ол кісі XIII ғасырларда Шыңғыс хан шапқыншылығы кезеңінде өмір сүргендігін мақаласында жазған екен. Біз осы мақала шеңберінде ол автордың қателескендігін мына тарихи дерекетер негізінде жоққа шығармақ ниетіміз бар. 

Ол дерекетің біріншісі Қожа Ахмет Йасауи атамыздың «Хикметтеріндегі» мына деректер болатын. Әрине, бұл дерекеті алдыңғы мақалада кетірген болатынмын. Ол «Хикметте» Мұхаммед (сАс) пайғамбардың миғраж сапарында Ахметтің рухымен кездескендігі және Ахметтің рухына менен кейін 400 жылдан кейін келіп, дінді қайта қалпына келтіресің деп айтқан сөзін дәлел ретінде келтіргенбіз. Осы негізге сүйене отырып, біз Қожа Ахмет Йасауи 1040-42 жылдар арасында дүниеге келген деп тұжырым жасағанбыз. Және бұл деректің шындық екендігін қолдайтын жанама деректер де бар. Енді сол дерекке кезек берін көрейік.

«Насаб-наманың» (Тарих-нама) Қаялық нұсқасында мынадай жолдар бар: «Хасыл болды. Ахмад Йасауинің қыз ұғлының аты Суфи Хожа йерді. Хзыр уа Илияс Хожа Ахмадға айдылар ким Суфи Хожаны Арслан хожаға бергил. Хазрат Хожа Ахмад Йасауи Хзыр уа Иляс ишараты бірлә Суфи Хожаны Арслан хожаға берділар. Арлан хожаға уасиат қылдылар: Тәңір Тағала ризасы (арзасы) үчүн, пайғамбар (сАс) уа алһи алейхи салам хушнудлуғы үчун тарбиат йузудин инайат уа шафқат, тилинкни учуну дариғ қылмағыл – дидилар. Арслан хожа қабул қылды. Ул уақтда Суфи Хожа төрт йашында иерді. Ахмад Хожа уз атымды атадим –диб Хожа Ахмад атадилар. Ул тарихға хижратдин төртйуз тоқсан иеті иыл утуб йерді (1103 жыл). Рабиғ аууал айының йегирма кунинда еді. Бу тарих-нама бірлән Арслан хожа Ахмад Хожаны алыб, Қабалығқа (Қайалық) келділар.» [1, 129]. Егерде осы үзінді қазіргі қазақ тіліне аудартын болсақ мына мағына шығады: Белгілі болғанындай, Қожа Ахмет Йасауидің қызының ұлының аты Суфи Қожа еді. Қызыр, Ілияс Қожа Ахметке айтты: «Суфи Қожаны Арслан қожаға бер,-деді. Хазіреті Қожа Ахмет Йасауи Қызыр, Ілияс ишаратымен Суфи Қожаны Арслан қожаға берді. Сөйтіп Арслан қожаға өсиет қылды. «Тәңір Тағаланың ризалығы үшін Пайғамбар (сАс) рухының ризалығы үшін тәрбиелеп, өсір. Бірақ тіліңнен ауыр сөз шықпасын»-деп ескертті. Арслан қожа қабыл қылды. Ол кезде Суфи Қожа төрт жаста еді. Ахмад Қожа өз атымды атадым деп, Қожа Ахмет деп атады. Бұл уақытқа дейін хижраттан 497 жыл өтіп еді. Наурыз айының 20-сы болатын. Бұл «Тарих-наманы» алып, Арслан қожа Ахмет Қожаны алып, Қабалығқа (Қаялыққа) келді.» Егерде осы үзіндіні талдап көретін болсақ, онда Қожа Ахмет Йасауидің өзінің қыздан туған немересі Суфи Ахметті. 1103 жылы Арслан қожаға ертіп, Қаялыққа жібергенін көреміз. Демек, бұл оқиға Йасауи атамыздың жерасты мешіті-халуатқа түсуінің алдында болғандығын көрсетеді. Олай болса, Қожа Ахмет Йасауидің сол 1040 жылдар шамасында дүниеге келгендігін дәлелдейді.

Йасауи бабамыздың сол XII ғасырда өмір сүргенін дәлелдейтін қосымша деректер де бар. Мысалы, Отырар қаласында билік жүргізген хандармен араларындағы қатынас туралы деректер бар. Солардың бірі – Отырардың ханы Абд ал-Халық хан. Ол кісі елге жау шапқаны жайлы хабарды есіткен соң, жай отырмай інілері мен пірлері және ата туыстары Ахмет Қожа атаның алдына келіп, болған жайды айтты. Мұны есіткен Қожа Ахмет Йасауи айтты: «Сіздер бұл істің жайын менен дұрысырақ білесіңдер, сондықтан жағдайға қарай әрекет жасаңыздар деп кеңес берді.[2, 16 б.]. Абд ал-Халық ханның Йасауи атамызбен сыйластығы, байланысы жақсы болғандығын басқа әрекеттерден де көре аламыз. Қожа Ахмет Йасауи дүниеден өтер кезінде Абд ал-Халық ханды және сол жақын жерлердегі ханакалардың иелерін шақыртады. Соның бірі Шайық Таййб Сатуқ Ата ханакасына келіп, енді екі қырыққа отырған кезінде таң намазы уақытында «қарындасымыздың ұлы Ахмет Қожа ахыретке аттанатын болды,-деген хабар келеді. Олар бір мың үш жүз кісімен Йасыға келіп, жатар уақытта Ахмет Қожаны қылуетханаларында көріп, қастарында отырады. Ахмет Қожа айтты: Бізден кейін сопы Мұхаммед соңымызды (Бұл жерде сүйегімізді жусын) Абд ал-Халық пен әмірзада Тайиб су құйсын,- деп, барлық қасындағылармен қоштасып, «өкінбеңдер» деп Алланы есінен шығармай жан берді. Сенбі күні жаназа намазынан соң ақырет үйіне қойды. (Бұл оқиға тарихқа 562 // 1266/67 болғанда болып еді.) [2, 18 б.]. Демек, Қожа Ахмет Йасауи Отырардаң ханы Абд ал-Халық ханмен замандас болған болса, онда ол кісінің XII ғасырдың ортасында өмір сүргендігі айқын болып шығады. Әрине, бұл жерде Абд ал-Халық ханның Отырардың билеушісі болғандығын немен дәлелдейсің? - деген сұрақ туындауы мүмкін. Оған да дәлел бар. Ол жазба дерек емес, нумизматикалық дерек. Абд ал-Халық ханның ұлы Хасан ибн Абд ал-Халық хан атынан соғылған теңгенің екі түрі бар. Ол теңгенің бірінші түрінде теңгенің оң бетінде «Ла илаха илла Алла, Мұхаммад расул Алла» деп жазылған. Оның астына: «Бисмиллах Дараба хаза дирхам / Бараб.» Бұл жазулар теңгенің Фарабта соғылғанын айқындап тұр. Ал, артқы бетінде: «... Құтлуқ Билга Хақан». Жазу бар. Айналдыра жүргізілген сызықтың арасына Құранның IX сүресінің 33 аяты берілген. [3, 110] 

Теңгенің екінші түрінде оңи бетінде «Аллах, ла илаха Илла Аллах, Мұхамад расул Аллах. Ан-Насир ад-дин.» Оның астында теңгенің соғылған жері мен уақыты туралы мәліметтер: «Дараба хаза дирхам баладу Бараб санат» Егерде осы жазуды қазақ тіліне аударсақ, мынадай мағына шығады: «Бұл дирхам Бараб қаласында соғылған – деп, жазылып, ары қарай жылы деген сөз бар.

Теңгенің артқы жағында Хақан ал-Хақан ал-адил Шамс ад-дунийа и уа-дин Құтлуғ Билга» деп жазылған. Айналдыра сызықтың ортасына «Хасан бин Абд ал-Халық ... амир ал-муминин. Халада Аллаху мулкуһу ...» [3, 110] Егерде осы жазуларды аударатын болсақ, онда мына мағына шығады: «Дүние мен діннің шамшырағы Құтлұғ Билға» Ал, сызықтың ортасындағы жазуда «Хасан бин Абд ал-Халық муминдардың әмірі. Алланың оның оның патшалығын сақтасын.» деп жазылған. Бұл өз атынан теңге соқтырып жүрген Хасан ханның жоғарыда Йасауи бабамызға барып, қарым қатынас жасап жүрген, қайтыс болғанда мәйітін жууға қатысқан Абд ал-Халық ханның ұлы екендігіне енді күмән болмаса керек. 

Бұл жазылғандардан шығатын қорытынды мынау: Қожа Ахмет Йасауидің 1040-42 жылдары дүниеге келіп, 1166/67 жылдары дүниеден өткені, 125 жыл жасағаны тарихи шындық. Сондықтан бұл мәселені ары-бері тартқылап, халықтың көңіліне күдік сала берудің қажеті жоқ. 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

  1. Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии. Т.2. –Алматы: «Дайк-Пресс», 2008.

  2. Насап-нама. 166 том, 3 кітап. Алматы: «Нұрлы жол», 2014.

  3. Кочнев Б.Д. Караханидский чекан Параба //Средне вековая городская культура Казахстана и Средней Азии. –Алма-Ата: Издательство «Наука», 1983.

    Зікірия Жандарбек, т.ғ.к., Йасауитанушы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan