Гүлденнің сыныбында да «Мақтаншақ Қожалар» жетеді. Соның бірі – Есжан. Кеше Талды қаласындағы «Ілияс оқуларынан» келе салысымен, өзінің Бас жүлдені қалай жеңіп алғанын күні бойы аузы көпіріп айтумен болды. Қыза-қыза келіп: «Бас жүлде алатынымды алдын ала жүректегі миым арқылы сездім», – деп қойып қалды.
- Мақтанудың да шегі бар ғой, – деді Гүлден оның сөзін бөліп, – жүрек тек қан айдайды ғой.
- Онда неге таласты сәттерде, тиянақты бір шешімге келе алмай тұрғаныңда «Миыңды тыңдашы!» демей, «Жүрегіңді тыңдашы!»дейді- деп Есжан да пікірталасқа қызына кірісуге әзір екенін байқатты.
Гүлден «бұл қалай болғаны?» деп ойланып қалған.
Түсінде жүрегін көрді. Кішкентай, жасындай жарқыраған бөлме сияқты екен. Теңіздей тулаған сезімдер алақайлап ары-бері шапқылауда. Бұлқынып, елжіреп, мың құбылып барып, мұңая қалды. Солардыың ортасында баяу демалып отырған түйіндерді көрді де:
- Сен кімсің? – деп сұрады
- Мен Есжан айтқан жүректің миымын, – деп жымиды кішкентай түйін.
- Сонда сен не істейсің? – деп Гүлден таңдана сұрады.
- Ар мен ұяттың күзетшісімін. Сен біреуге ренжісең, мен сол сәтте дір ете қаламын, біреуді жақсы көрсең мен нұрланып, ғажайып күй кешемін. Мен, мен сенің бойыңда не болып жатқанының бәрін-бәрін сезініп отырамын.
- Сонда жүрек ойлана ала ма?
- Иә, сен бірнәрсенің дұрыс еме екенін сезсең, ол- менің даусым.
- Қандай керемет! Сонда менің басымда да, жүрегімде де ақыл бар екен ғой. Есжан бірнәрсені біліп айтқан екен! – деп Гүлден шаттана қуанып барып оянып кетті.
Тәтті сәт үзіліп кетті. Жүректің нұр-лебізін тыңдау неге ұзақ болмады деп өкіне бастағанында терезеден күле қараған Күнге көзі түсті де, көңлі сергіп сала берді.
Бүгін сыныбына жаңа оқушы келіпті. Қандас екен. Қытайдан оралыпты. Киім киісі, сөйлеу мәнері өзгеше. Орысша араластырып сөйлеген сөздерді түсінбей, аңтарылып қалады. Сыныптағы Жандос секілді бұзық балалар:
- Қазақсың ба, қытайсың ба? – деп тиісе кетуге бейім. Ондайда:
- Қазақпын! – деп жауап береді де, арықарай үнсіз қалады. Тұйықталып, ешкіммен сөйлеспей, өзімен-өзі кітаптың бетін ашып қойып отыра береді. Информатика мен ағылшын тілі сабағында ғана өзгелерден оза жауап беріп ашыла сөйлейді.
Гүлденге жүрегі «сен бірнәрсенің дұрыс емес екенін сезсең, ол- менің даусым» деп тұрғандай сезілді.
- Не істеуім керек? – деп сұрады. Жүректегі миы әлсіз дауыспен:
- Оның жалғызсырап жүргенін көріп те, сезіп те жүрсің ғой, – деді.
- Оның жанына жақындайын десем, сыныптастарым мазақтай ма деп ұяламын.
- Өзгеге жақсы болсын деп әрекет етуден неге ұяласың? Сенің жүрегің жақсылық жасауды қалап тұр ғой.
Гүлден жүрек миының үнін де, сыбырын да естіді. Ақырын келіп Айдостың жанына отырды. Сыныптастарының бірі мазақтай күліп, бірі иығынан қағып кетіп, бірі «енді не болар екен?» деп таңдана қарады. Айдос алғашында үндемеді. Біраз уақыттан кейін барып, бетіне қарап, жымиып қойды.
Гүлденнің жүрегі лүп етіп:
- Дұрыс істедің. Ми мен жүрек сенің шешіміңді қуана қолдаймыз, – деп сыбырлады.
Сыныпқа асыға кірген информатика мұғалімі:
- Ғылыми жобаға қатысатын болыппыз, топ құрамыз, жетекшісі етіп Айдосты бекітейік, -дегенде сынып іші у-шу болып кетті.
- Ол орысша білмейді, – деді Жандос.
- Бұл жерге орыс тілінің еш қатысы жоқ, – деп мұғалім сабырлы жауап берді.
Топқа Гүлден, Есжан, Гүлжан кірді. Гүлжан мен Есжанның қабақтары ашылмады. Айдосқа деген қарсылықтарын тарс-тұрс еткен мінездері арқылы көрсетіп-ақ жатыр. Гүлденнің жүрегі лүп етті. Сөйле дегені.
- Есжан, Гүлжан! Айдостың компьютердегі сауаттылығы бізден жоғары. Windows-пен жұмыс істей алады, түрлі бағдарламаларды меңгерген, алгоритмді біледі, ең бастысы ақпаратты дұрыс өңдей алады, – деді. Эмоцияға беріліп сөйлегендіктен бе, даусы дірілдеп кетті. Жүрегі лүп етті.
- Осылай батыл бол! – деген үн естілді. Гүлденнің сөзінен кейін Есжан мен Гүлжан «көрерміз» дегендей үнсіз қалды. Жоба тақырыбы – «Балалардың ертегі қалашығы». Айдос сайт жасайық деді. Америкалық Диснейлендтен, өзбек диснейлендіден, қырғыздардың «Jungle park» интерактивті саябағынан, әзірбайжанның «Баку Венециясынан» өзгеше, ұлттық нақыштағы балалар қалашығының жобасын ойластырды. Айдостың идеясы бәріне ұнап, Есжан сурет салды, Гүлжан мәтін жазды, Гүлден комикс жасауға кірісті. Содан соң осының бәрін Айдос компьютерге жинақтап, комиссия назарына ұсынғанда, ерекше жобаға таң қалмаған адам болмаған шығар. Тіптен байқаудың төрағасы болып отырған Елдос Тоқтарбай осы жобаның орындалуына өзі басшылық ететін қордан қаражат бөлетіндігіне оқушыларды сендірді.
- Әй, сен кәдімгі қазақ екенсің ғой, – деп Жандос күліп келіп құшақтап жатыр.
Айдос та бұрынғы бұйығылығынан арылып өзін түсінетін, дос бола алатын ортаға келгеніне сеніп, қуанып қалды.
Гүлденнің жүрегі лүп ете түсті де:
- Міне, сен жүректің сөзін тыңдап едің, қандай жақсы өзгеріс болды. Бұдан кейін де жүрек пен миды тыңдап, дұрыс шешім қабылдап жүр, -деді қуанышты дауыспен.
Бүгін Гүлденнің жүрек миы мұңайып қалды. Гүлден мектептен Жаннамен бірге қайтқан. Ол – өткір, отты қыз. Сабақты жақсы оқиды. Өзіне өте сенімді. Нық сөйлеп, нық жүреді. Ал оның өнері туралы айтуға сөз жетпейді. Жанна мектептің акт залында тұрған фортепианоның алдына жайғасқанда әлем бір сәтке тына қалғандай болады. Оның саусақтары пернеге тигенде қалықтайсың ғой. Әр нотаны сөйлетеді.
Өзі кілең кәмпит жеп жүреді. Үйге қайтар жолда сауда жасамаса да дүкенге кіріп, қалтасын тәттілерге толтырып шығады. Оның ең дәмдісін Гүлденге ұсынады.
- Мұны қашан алдың? – деп Гүлден таң қалды.
- Ә. . . дүкеннің кіре берісінде тұрған жерінен алдым. Жегім келіп кетті. Ешкім байқамады, – деді күліп. Гүлден үндемеді. Жүрегі дүрсілдеп кетті. Кеудесін тепкілегендей болып байыз таптырмады. Тамақ батпады, сабақ оқуға да зауқы болмады. Жүрегі кілкілдеп, құсқысы келді.
- Оның дұрыс істемегенін білемін, бірақ ол менің ең жақын досым. Айтсам, өкпелетіп аламын, достығымыз бұзылады, – Гүлден жүрегімен сөйлескенде жыларман күйге түсті. Жүрек ішіндегі жүрек миы дейтін түйіндер ширығып тұр.
- Әрине, досыңды ренжіткің келмейтінін білемін. Оны өкпелетіп алсам сыныптағы бұзық балалардан қорғайтын ешкім болмай қалады деген қорқынышыңды жеңе алмай тұрсың. Шындықты айтпасаң, ол әрекеттің бұдан ары ұлғайып кетуі мүмкін ғой, -деген жүрек миының мұңайғаны даусынан сезіліп тұр.
- Ол менімен сөйлеспей қойса ше?
- Олай болуы да мүмкін. Дегенмен нағыз достар бір-біріне дұрыс нәрсені айтуы керек. Мен де, менің ішімдегі миым да осыны ойлап, уайымдап тұрмыз, – жүрек миы дірілдеп кетті.
- Айтуға батылым жетпей тұрғаны, – Гүлден жүрек миының басынан сипап қойды.
- Сонда сен де досыңның зиян ісін қолдап тұрсың ба? – жүрек миы жиреніп кеткендей,сұп-суық тас болып қатып қалды.
Келесі күні Гүлден Жаннаға:
- Жанна, дүкеннен кәмпит ұрлағаның дұрыс болмады, ол ісіңе мені де ортақтастырдың. Біз дүкен иесінен кешірім сұрап, ақшасын қайтарайықшы. Мен сенен шын жанашырлық ниетпен өтініп тұрмын, – Гүлден осы сөздерді айтып болғанша жүрек миы сыздап кетті.
Жанна алғашында бұған ашулана жалт қарады. Сонсоң шапшаң басып алға озып кетті. Гүлден тұрған орнында сілейіп қалған.
- Түсінбеді... - деп тілін тістеді. Бекер айттым ба деп ойланып қалды. Жүрек миымен сөйлесейін деп еді, ол үнсіз, жауап бермеді.
Жанна кешкісін келіп: - Сыртқа шығып кетші, – деп телефоннан хабарласқан. Гүлден қорқып кетті. Жанна төбелесуден қашпайды. Көрінетін жеріңе дақ салмай-ақ сындырып тастайды. Сылтау айтып шықпайын деп тұрды да, неде болса көрейін, - деп сыртқа беттеді.
Жанна екі қолын қалтасына салып, төмен қарап ойланып тұр екен.
- Гүлден, мен үйге барып ұзақ ойландым. Біздің сыныптағылардың тең жартысы осылай істейді, онда тұрған не бар екен дегенмін. Осы Гүлденнің болмайтын жерде адал боп көрініп, пысықсынып кететіні-ай деп сені сыртыңнан біраз сыбап та алдым. Содан кейін. . . Атамның «Адалдық» туралы бір мысалы есіме түсті. Біреу жалғыз баласын жұмыс істеуге жіберсе анасы баласын аяп, «ұйқың қанғанда тұрарсың, содан кейін мынау бүгінгі тапқан ақшам деп әкеңе бер»- деп қолына ақша ұстатады екен. Әкесі ол ақшаны жанып жатқан отқа тастаса , баласының оған жаны ашымайтын көрінеді. Бір күні бала жұмысқа барып, ақша тауып, әкесіне береді. Әкесі тағы да отқа тастай бергенінде бала қолынан шап беріп ұстай алып:
- Әке, ол менің маңдай теріммен тапқан ақшам ғой, – деп ақшаны отқа түсірмей қағып алыпты. Мен де еңбексіз біреудің ақысын жеп жүр екенмін ғой деп ойладым. Сен ескертпесең жалғаса берер ме еді. Енді осыны дүкеншіге барып мойындауға қатты ұялып тұрмын.
- Мен сенімен бірге барамын, – деп Гүлден қуанып кетті.
Екеуі сабақтан кейін дүкенге кіріп, дүкеншіге болған оқиғаны айтты. Ұрсатын шығар деп еді, ұрыспады, үнсіз қалды. Үнсіздік созылған сайын Гүлден мен Жаннаның үнжырғалары түсіп, өздерін қолайсыз жағдайда қалғандай сезінді. Содан соң барып:
- Қулық пен сұмдық, айла осындай ұсақ- түйектен басталады. Сендердің жүректерің ақ айдын, аппақ нұр ғой. Оны кірлетіп алмаңдар. Кеуделеріңде ар, намысқа күзетші болып тұратын ұят деген болады. Арамдыққа қолың былғанғанда ол өліп қалады. Сол ұятты өлтіріп алмаңдар! - деді.
Дүкеннен шыққанда екеуі де жеңілдеп қалғанын сезінді.
Гүлден жүрегінің тынышталып, бір қалыпты ғана демалып жатқанына қарап, жымиып қойды.
- Шындықты айту қиын, бірақ ол жүрек пен достықты таза ұстайды, – деп жүрек миы сыбырлай сөйледі.
Гүлденнің таңдауы
Бұлар мектепке келгенде оқу жылын жақсы аяқтаған оқушыларға жазғы лагерьге жолдама беріп жатыр екен. Бірі сурет салып, ертегі жазатын шығармашыл лагерь екен де, екіншісі техника, роботқа қызығатын балалар баратын робототехника лагері. Гүлден сурет салғанды жақсы көреді. Сурет салып отырғанда көзі жайнап, өз-өзінен қуанады, ал көзін сығырайтып алып ертек жазғанда қиял әлеміне сүңгіп, біресе бір кейіпкері болып сөйлеп, біресе екіншісі болып күбірлеп, елжіреп отырып уақыттың қалай өтіп кеткеніне мән бермейді. Екінші жағынан болашақ жайлы ойлаған кезінде роботтар туралы білгісі келетіні де шындық.
- Қайсысын таңдасам екен? – деді Гүлден ішінен, – екеуі де ұнап тұр.
Сол түні жүрек миымен оңаша отырып ұзақ сырласты.
Жүрегі бұл жолы алып ұшқан жоқ. Лүпілдемеді де. Байсалды сөйледі.
- Егер сен робототехника лагеріне барсаң, көп жаңа нәрсе үйренесің. Ол болашақ мамандығыңа пайдалы болуы мүмкін. Иә, шығармашылық лагерінде өзіңді еркін сезінесің, ішкі әлеміңе үңіліп, жүрегіңмен жазасың. Бұл да маңызды.
- Мен енді біреуін ғана таңдауым керек болып тұр, қайсысына тоқталарымды білмей тұрмын, – деді Гүлден.
- Жүрегіңді тыңда!
- Мен болашақта адамдарға көмектесетін, ұлттық мінезі, жүрегі, сана-сезімі мен мейірімі бар ұлттық болмысы бар робот жасағым келеді. Ол үшін ертегі де, сурет те, қиял да керек екенін білемін, – деп қай керекті ұстарын білмей, біраз ойланды.
Соңында Гүлден шығармашыл лагерді таңдады. Шығармашылығын дамытса, жүрегі бар робот ойлап табатынына сенді.
Жүрегі бар робот
Шығармашыл лагерьде жүргенде Гүлден сурет салды, ертегі жазды, бірақ санасының бір түкпірінде жүрегі бар робот туралы қиялы маза бермеді.
- Егер робот ренжіген адамды көрсе не істер еді?
- Жалғыз қалған адамды қалай жұбатар еді?
- Адасып кеткен, жылап отырған баланы көрсе ше?
Осы оймен «Ұлттық болмысы бар робот» деген жоба бастады.
- Менің роботымның миы, жүрегі, жүрегінің миы болады - деді ол жоба жасауға кіріскенде.
Роботына «Zerde» деп ат қойды. Домалақ басты роботының төбесіне шағын ай тәрізді антенна орналастырды. Ондағысы түнгі аспаннан шабыт алсын деген ойы.
Гүлденнің өзі түн мезгілін ұнатады. Көк аспандағы қалқыған айды көрсе қуанады. Ақ жібек бұлт шетін дымқыл ауа сәл желпіп өткенде, көзі шырақтай жанып, бойын бір керемет құбылыс билейді.
Роботтың жарқыраған үлкен көздеріне мейірім нұрын құйды. Арқасына шағын шаңырақ бейнесіндегі аккумулятор орналастырды. Гүлденнің «Zerdeсі» мақалдап сөйлегенімен, жылтыр сөзге әуес емес. Саусақ ұшындағы сенсорлары кітап бетін ашуға, гүл жапырақтарын аялап сипауға епті. Ол барлық шаруаны жүрек қалауымен атқарады. Қуаныш, мұң, реніш, қамқорлық, ұлттық салт-сана деген бағдарламаны жүрегіне құйып алды.
Алғашқы тәжірибе күні:
- Қайырлы күн! – деп қазақша сөйлегенде Гүлденнің өзі селк ете түскен.
- Неге қорықтың? Жалғызсырап тұрсың ба? – дегенінде құлап қала жаздаған.
Гүлден роботын сыныпқа алып келген. Сабақ үсті. Назгүл апай алды-артына қарағыштап отырған Әлібекті ортан терек деп аталатын саусағындағы жүзікпен шекесіне қойып қалып еді, қан сау ете түсті.
- Шекеңді тағы қай жерге барып жарып келдің? Қан сауғалап тұр ғой, – деп мұғалім мүлде басқа кейіпке түсе қалды. Осы кезде Zerde:
- Оның басын жарған сізсіз ғой. Сіздің екіжүзділігіңізді бүкіл оқушы көріп отыр, ұялмайсыз ба? – деді қарлығыңқы, сұсты дауыспен.
Назгүл апай шатқаяқтап барып, орындығына отыра кетті. Жүрегі бар робот Әлібектің шекесінен аққан қанды сүртіп, арқасынан қағып қойды.
Гүлденнің жүрегі дір етіп, толқып кетті. Ол жүректі машинаның біреуге жанашарлығын мен адалдығын, көмектескенін көріп, қуанып қалды. Назгүл апайлары ертесі-ақ басқа мектепке ауысып кетті.
- Сен жүрек пен мидың күшін біріктіріп адал робот жасадың. Бұл – сен қорқатын болашақ емес! – деп жүрек миы жатарында сыбырлады.
Қамқорлық аптасы
Гүлденнің мектебінде «Қамқорлық аптасы» басталған. Әр сынып қаладағы мекемелерге барып, көмектесулері керек болатын. Бір сынып қала көшелеріндегі қоқысты жинауға, енді біреулері балалар үйіне баруға ниет білдірген. Гүлден:
- Біз қарттар үйіне барсақ дейміз. Мен өзіммен бірге Zerdeні ертіп барамын, – деді.
Бұлар келгенде тағдырлары осы үйде табысқан жандардың жандары жабырқау, қабақтары кірбің тартып тұрған. Жүректеріндегі жара, көңілдеріндегі қаяу, жан-дүниелеріндегі алай-дүлей бір көрген адамға байқалатын.
- Өткені туралы сұрақ қойып жандарын жараламай-ақ қояйық, шамамыздың келгенінше көңілдерін көтеріп қайтайық, – деп Zerde алдын-ала оқушыларға ескертіп қойды.
Zerde қарттар үйінде тіптен белсенді болып кетті.
- Сіздерге ән айтып берейін бе, әлде билеп берейін бе? – дегенінде бір әже:
- Көтек, мына құлтемір сөйлейді екен ғой, – деп шошып кетті.
Бұл сөзге ол жымиды да қойды. Содан кейін әже екеуі қосылып ән шырқады. Бір ата шахмат ойнағысы келгенін айтып еді, робот оның қарсыласы болды. Ақ фигурамен ойнайтын атай пешкасын жылжытты. Бұл сицилия қорғанысының бастамасы. Zerde қарсы жүрді. Атай атын жүріп еді, Zerde жаяу әскерін қорғауға алды да, оның жаяу әскеріне қауіп төндірді. Атай екінші атын ойынға қосты. Zerde а6 жаяу әскерін жылжытты. Zerde енді пілін орталыққа бағыттады. Атай королін қорғауға алғанда, Zerde атымен шах қойды. Бұл жолы атайға королін шегіндіруден басқа амал қалмады. Zerde ферзімен «Шах!» деді. Атай ферзініалуға қанша тырысқанымен, Zerde оған мүмкіндік бермей, шах қойды. Мат! Zerde ферзімен шешуші соққы жасады да, атайды жеңіп кетті. Ойынды бақылап, айнала жиналып тұрғандар қол шапалақтап, Zerde-ні қошеметтеп, дуылдасып кетті. Атай алғашында роботтан жеңілгеніне бір қызарып, бір бозарғанымен соңына таман Zerdeнің иығынан қағып, өзі де мәз болды.
Реңі сұрғылт тартқан, жүзі шаршаңқы, қимылы шабан бір ағай сурет салатынын айтып еді, Zerde біраз уақыт үнсіз, қимылсыз қалды да, алаңсыз отырып сурет салуға кірісті. Оның суретінде күнбатыс жақ талаурап, далиып жатыр. Үңіле қарасаң тарыққан жанның мұңы байқалады. Күннің қызғылт-сары сәулесі ағаш жапырақтарының арасынан сығалайды. Көлеңкедегі екі орындықтың бірі бос тұр да, екіншісінде жүзін әжім торлаған атай отыр. Аспандағы бұлттар сұрқай. Жылы жаққа ұшқан құстар тізбегінің көңілсіз әуені жүректі шымырлатады. Zerde суретте ағайдың өткен өмірін дәл бейнелегендей.
- Рахмет! Дегенмен мен екінші орындықтың бос болып тұрғанын қаламас едім – деді суретші ағай.
Zerde екінші орындықта отырған нәзік бір әйелдің суретін салып шықты.
Суретші ағай кемсеңдеп кетті:
- Менің жарым дәл осындай нәзік, биязы еді. Айнытпай салдың. Өзім іздеп жүрген өткенімнің тірі естелігіндей болды, – деп Zerdeні ұзақ құшақтады.
Аз уақыттың аралығында өткінші бір жаңбыр жауып, көңіл кірін шайып кеткендей жағдай орнады. Қарттар үйіндегілер уайым-қайғысы жоқ адамдардай желпінді, жыртылған кеуделердің жыртығын жамағандарына Гүлден де риза болды. Ол Zerdeнің жүрегі бар екенін айтқанда ондағылардың бәрінің жүзі жылып сала берді. Бір әже тіпті Гүлденнің қолын жібермей:
- Айналайын, сен ақылды ғана емес алтын жүректі бала екенсің. Сен жасаған робот жай техника емес, мейірімнің елшісі, қазақы мінезді робот қой, – деді.
Гүлденнің жүрегі қуаныштан бүлк ете түсті.
- Міне, Гүлден, жүректен шыққан мейірім адамдарға керемет үміт сыйлады, – деп сыбырлады.
Гүлден, Zerde және байқау
Гүлденнің жобасы, оның қарттар үйінегі мейірімді іс- шарасы туралы мектеп сайтына шыққан мақаласы қала мектептеріне тез тарады. Гүлден мен Zerde аңыз әңгімеге айналды. «Ұлан», «Балдырған», «Ақ желкеннің» тілшілері сұхбат алып, ютуб каналындағылар әңгімелесуге шақырды. Жүрегі бар, қазақы тәрбиедегі Zerde жарнаманы онша ұнатпайтынын айтқан соң, Гүлден журналистерден қашқақтайтын да болды. Бір күні мектеп директоры Гүлденді шақырып:
- Жас өнертапқыштардың басы қосылатын үлкен шара өтеді екен. Соған сенің Zerdeңді Ұлттық ғылым байқауына ұсынайын деп отырмыз, – деді.
- Оған Назарбаев университетінің мықты студенттері қатысатын шығар, мен қорқамын, – деген.
- Мықтылық мұратсыз келмейді, мықтылармен бәсекелеспей, білім таластырмай мақсатыңа жете алмайсың, – мектеп директоры осылай деп әңгімеге нүкте қоя салды.
Гүлден оңашада жүрегімен сөйлесті. Оның айтқандарын құлақ қойып тыңдады.
- Сенің жобаң жай темірдің іс-әрекеті емес, сен темірдің жүрегіне мейірім құйдың. Сені өзгелерден ерекшелендіретін де осы. Мейірім суып қалған сезімдерді, тоң боп қатқан реніштерді ерітеді. Оның ішінде иман деген шуақ бар, – дегенінде Гүлден үлкен бір ерлік жасағандай кеудесі қуанышқа толды.
Ол Zerdeге дауыс ырғағына қарай көңіл-күйді сезіне алатын эмоция қосты. Осылай екеуі байқауға аттанды.
Жүрек толқитын, жауапты сәт. Қазылар алқасында Жапония мен Корей елінен оқып келген, Қазақстандағы робот жасаушылар Азамат Ешмұхаметов, Данияр Даулетия, Төлеген Ахметов отыр. Гүлден осы байқауға аутсайдер емес, фаворит болып келгенімен, мына мықтыларды көргенде сасқалақтап қалды. Бұл адамдардың зертханалары бар, оқушылары бүкіл әлем қатысқан робототехника чемпионатының үш дүркін чемпиондары! Гүлденнің көзі қарауытып, жүрегі дүрсілдеп кетті.
- Бұл жүрегінде мейірімі бар ұлттық болмысты робот. Ол адамның сезімін түсініп, жұбата алады. Біздің елімізге осындай жүректі технологиялар керек деп ойлаймын, – деді діріл қосылған даусын сәл басып.
- Америкада жасалған гуманоидты ATLAS адам тәрізді жүре алады, секіреді, сальто жасайды, өте икемді, Жапониялық ASIMO адамдармен сөйлесе алады, адамдарды шатастырмай таниды, OPTIMUS физикалық жұмыстарды атқарады. Сенің ұлттық роботыңның олардан ерекшелігін аташы? – деді Азамат Ешмұхамедов бірден төте сұрақпен басып тастағысы келгендей.
- Иә, қазір жаңа технологиялар тасқынының заманы. Қоғам, жүйе, мінез-құлық өзгерген. Адамдар да қатыгезденіп барады. Жылы сөз бен жанашырлық «Қызыл кітапқа» жазылудың сәл-ақ алдында тұр. Сондықтан мейірімді роботтарды ойлап тапқым келді.
- Роботты модельдеуді кімнен үйрендің? Біздегі роботтар интеграцияланған ғой, – жүзі жылы болып көрінген Данияр Дәулетия сұрақ қойғанда тым талапшыл екені байқалып тұрды.
- Интернеттен қарадым, бөлшектеріне Қытайдан тапсырыс бердім, – деді Гүлден салмақты қалыпқа түсіп. Қорқынышы сейіліп, өзін сенімді ұстады.
- Робот бағдарламалаудың, инженерияның, математика мен физиканың симбиозы. Пәлен жылдан бері робототехника саласында жүрген, зертханада жұмыс істейтін біздер роботтар адамды 100 пайыз ығыстыра алмайтынына сенімдіміз. Ал сен ұлттық болмысты роботыңның жүрегіне шынайы сезімді түсінетін мейірім құйып отырмын дейсің, бұл тым-тым қиял емес пе? Қиял ғана емес, қорқыныш қой- Төлеген Ахметов сұрақты бүйірінен қойғанмен, көп адамның көкейіндегі түйткіл осы еді.
Гүлден сәл ойланып барып:
- «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген сөз бар ғой. Біздің арамызда да өздерін тәрбиелей алмай жүрген адамдар қаншама. . . Роботты да бала секілді тәрбиелеу керек, – дегенінде Азамат Ешмұхамедов күліп жіберді. Бұл оның робот жасаушы шәкірттеріне жиі айтатын сөзі еді. Бұл күлкіні көп адам түсінбей, зал тынышталып қалды. Содан Азамат орнынан тұрып қол соғып еді, Astana Холдың залы жарылардай болды.
Байқау қорытындысы бойынша Гүлденнің Zerde роботы «Ең гуманистік инновация» жүлдесін иеленді.
Сахнаға шыққанда жүрегінің қуанып, алақайлап тұрғанын сезді. Сонда да даусын баяу шығарып:
Гүлден, сен жүрегіңді тыңдап, мейірімді ғылымға айналдырдың. Ал ғылымды ауыр қылмысқа айналдырған Игорь Васильевичтер мен Юлиус Роберттер жүрегіндегі мейірімді тасқа айналдырғандар, – деді.
Жүрегінің Курчатов пен Оппенгеймерді айтып тұрғанын, ғылымның негізгі миссиясы – әлемді қатыгездіктен құтқару, адамзаттың өркендеуіне жол ашу екенін құлағына дәл қазір құйып бергісі келіп тұрғанын сезіп, кеудесінің сол жақ тұсын аялай сипалап, сахнада жарық жұлдыз болып жарқырап тұрғанына қуанды.
****
Адамның бағының жануын жүректен іздеу керек екен. Ұлттық байқаудан кейін «Мейрім мен ғылым – бір жолда» деп аталатын халықаралық өнертапқыштар форумына шақырылды. Гүлден мен Zerde алғаш рет ұшаққа отырды. Мақпал Жүнісова апасының домбырасын Fly Arystan компаниясының қызметкерлері ұшақ салонына кіргізбей қойғанын білетін Гүлден роботын «ақылды құрылғы» ретінде тіркетіп, «роботында рұқсат етілмеген қауіпті бөлшектер жоқ» деген арнайы рұқсат қағазы болса да, орнына келіп отырғанша көңілі алаңдап, қобалжып тұрған. Жолаушыларды отырғызу сәтті өтті. Ұшақтағы жолаушылар Гүлденнің роботының арқасындағы шаңырақ түріндегі батареяға, басындағы ай түріндегі антеннаға таңқала қарап, суретке түсіп, салонның іші ерекше бір қуанышқа бөленіп тұрды.
Форум – Швейцарияда өтті. Бұл елдің табиғаты ертегі әлеміндей екен. Альпі тауының қар басқан шыңдары күмістей жарқырап, көз қарықтырады. Көлдерінің ғажайыптығына сөз жетпейді. Бір қарасаң мөлдір, енді бірде көгілдір, содан кейін көкшіл, жасыл. Су емес сені желпіп тұрған жібек секілді.
Жапониядан, Бразилиядан, Кениядан келген балалар мына сұлулықты көргенде бірі секіріп, бірі таңдай қағып, бірі көзін алақанымен жауып, қайта ашып мәз болысты. Олардың өздері күн сәулесінен қуат алатын мектеп сөмкесін, күн сәулесінен қуат алып жүретін машина ойлап тапқан, ол машина жүргізушінің көңіл-күйіне қарай түсін өзгертіп отыратынына қайран қалған. Гүл қауызына гүл перісін өсіріп келген кениялық қыздың жаңалығына таңдай қақпай көр. Бала қорқынышты түс көріп, шошитын болса, оны жұбатып, тәтті қиялға ауыстыратын құрылғымен келген жапониялық оқушы өзгелерден ерекшеленіп, бәйгені шаппай бер деп тұр.
Бәрінің ерекше қызыққаны – Zerde роботы болды.
- Адам эмоциясын тануды қалай қостың?
- Жүрегінде мейірім бар дейсің бе?
- Онымен сөйлесіп көрсек бола ма?
- Ол – полиглот, дегенмен мейірім – ортақ тіл, – деп Гүлден сұрақтарға салмақты әрі қысқа жауап берумен болды.
Форумдағы ортақ тапсырма – «Жақсылық жасау құрылғысын» құрастыру болды, яғни мейірімді технологияның негізін қалау. Әлемнің түкпір түкпірінен келген балалар «Мейірім хабын» жасады. Бұл адамдарға үнемі жылы сөздер мен қолдау жіберіп отыратын цифрлық орталық еді. Гүлденнің цифрландырудың ұлттық маңызы бар екеніне, әлемдік бәсекеде бәсі жоғары болатынына осы жолы әбден көзі жетті. Орталықтың негізгі бағдарламасына Zerdeнің «эмоцияны тану» коды қойылды.
Жобаны қорғау кезіндегі Гүлденнің:
Заманауи технологияның жүрегіне мейірім керек, сонда ғана креативті қоғам орнатамыз, – деген сөзімен қазақы болмысты робот бір кездегі әлемнің ең кішкентай елшісі атанған Саманта Смиттің сөзіндей әлемді шарлап кетті.
****
Гүлденді өзі оқыған мектептің оқушылары, қала тұрғындары, қала әкімі қарсы алды.
- Сенің қарапайым ғана роботың жетіле келе әлемнің достық көпіріне айналды. Сенімен мақтанамыз, – десті. Фейсбук, инстаграмм парақшалары құттықтауларға, жақсы пікірлерге лүпілдеп тұр. Арасында « Робот жасау ғылым емес, ойын. Оған оқуға құлқы жоқ оқушылар бейім келеді», «Шет елдегілер тойып болған, Қазақстандағылар енді игеріп жатқан соң керемет болып көрініп жатқан шығар», « Шет елге кетейін деген біреу де» деген пікірер де бар. Мұндай сөздерге Гүлденнің әке- шешесі кәдімгідей ашуланып қалады. Гүлден елемейді. Ол « Өзім үйренгенді өзгелерге үйретуім керек. Оларға мейіріммен жасалған барлық заттың ғажайып болатынын, мейірімнің қара тас пен қара темірді де ерітетінін ұғындыруым керек» деген оймен жүрді.
Ғылым, робототехника және мейірімділік бірге оқытылатын «Zerdeнің жүрек мектебі» деген үйірме ашты. Алғашқы сабағына екі-ақ бала келді.
- Біз бүгін мейірімді жауап жазатын бағдарлама жасаймыз, – деді Гүлден.
- Қалай? – деп екеуі де таңдана бір- біріне қарады.
- Ол үшін Zerdeнің жадына «Жақсы сөз жинағыш» деген құрылғы орнатамыз.
- Гүлден апай, қазір жаман сөз айтатындар жақсы сөз айтатындардан көп қой, – деді келгендердің бірі.
- Иә, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы мұғалімді боқтады. Балалардың аузы лас болып кетті. Қыздар да, кішкентай балалар да боқтап сөйлейтін болды. Кино кейіпкерлері де, спектакль кейіпкерлері де бейәдеп сөздерді оңды-солды шашып, рахаттана айтады. Қайсар деген қазақтың жігіті Тик-токта боқтықтан ақша тауып жүр. Осы бір жаман, лас әдепті олар шынайылық деп қабылдайды. Сондықтан ұлттық иба, әдепті ұлттық роботтың жүрегіндегі мейірім арқылы жүзеге асырауымыз керек- деді Гүлден көптен бері көңілінде жүрген әңгімелерін ортаға салып.
- Сонда біздер «Жақсы сөздер патшалығы» деген ел боламыз ғой, шамасы. Дегенмен адамдарға ренжу, өкпелеу, ашулану, қапалану, налу деген эмоция тән. Оларды көрсетпей қалай өмір сүруге болады? Онда біз де роботқа айналамыз. Онсыз да өтірік мақтау, жалған қолпаштауға етіміз үйреніп жатқанда, – деді бір оқушы қарсылығын ашық білдіріп.
- Ренішті дөрекі, жаман сөздермен емес, әдепті, сыпайы сөзбен жеткізуге де болады ғой, – деді Гүлден оқушының бетіне қарап.
- Онда айызың қанбай, жеңілген адамдай боп қаласың. Апай, біздің жастарға Бомбардиро-Крокадило, Балерино- Капучино, Тралалеро- Тралала секілді брейнрот стиліндегі роликтер ұнайды, сондай бағыттағы дүниелер жасасақ, танымал боламыз, – деп өз пікірін тықпалап қоймай отырған оқушының бетіне үнсіз ұзақ қарап тұрды. Жүрегі «сабыр, сабыр» деп сыбырлағандай болды.
- Брейнрот дегеннің өзі – мидың шіруі. Сөйлемдері қате, оспадарсыз әзіл, мағынасыз бір әрекеттер. Қыран Талапбек «Бомбардиро-Крокадилоға» өзінің «Шайбатыро Кесеханосымен» әдемі жауап берді емес пе? Біздің жолымыз мүлде басқа. Білім, қазақы тәрбие, әдеп, иба, мейірім арқылы қоғамның алға жылжуына үлес қосу. Zerdeнің бағдарламасына сүзгі құрылғысын орнатамыз. Ол дөрекі сөздерді өшіріп отырады. Сонда ешкіммен ешкім ұрыспайды, дау-жанжал тұтанбайды.
Ертең ауруханаға барамыз, сондықтан бүгін мейірімді сөздердің бағдарламасын жасаймыз. Ондағы емделіп жатқандарға не деп айтар едіңдер?
- Тез жазылыңыз!
- Сізге қуаныш, тыныштық тілеймін!
- Аман болғаныңызды тілеймін!
Бұл сөздерді жаңа ғана «Дөрекі сөйлемесек айызымыз қанбайды» деп отырған бала жазды.
- Сенің жүрек мейіріміңмен жазған кодтарың қандай керемет болып шыққан, – деп Гүлден әлгі баланың басынан сипады. Баланың көзі жасаурап:
- Атам ауруханада жатыр. Сағынып кеттім, – деді даусы дірілдеп.
- Онда Zerdeні атаң жатқан ауруханаға апарамыз. Оның бағдарламасындағы әдепті, мейірімді сөздер дыбыс толқынына айналып, сенің атаң ғана емес, өзгелерге де жан шуағын сыйлайтын болады. Бір ауыз жылы сөз-жүз дәріден артық ем, – деді Гүлден.
Шындығында солай болды. Ауруханадағылардың көңлі көтеріліп, дәрігерлер де мейірімммен қарап, жылылық, жайлылық орнықты. Үйірмеге келген оқушының атасы тез оңала бастапты. Бұл хабарды естіген оқушылардың ата- аналары балаларын «Zerdeнің жүрек мектебіне» көптеп әкеле бастады.
Гүлден оңашада жүрегімен ұзақ сөйлесті.
- Сен бір кезде кішкентай ғана қыз едің. Жүрегіңді тыңдау арқылы айналаңды мөлт-мөлт еткен күміс шуаққа бөледің. Жүрек лүпіліңнен кеңістікке мейірім сәулесін тараттың. Өзгелердің жүрек көзін аштың, бұл үлкен сапардың басы ғана, – деді баяу ғана.
