Бұл осыдан оншақты жыл бұрын болған оқиға еді... Жұмыс бабымен еліміздің Ресеймен шекаралас қаласына бардық. Таңертең поездан түсіп қонақ үйге жайғастық. Жанымдағы жігіт осында құдамыз бар, орталықта тұрады, сол кісінің үйіне барайық, түскі асты да сол үйден ішерміз деді. Танымайтын адамның үйіне жетіп барғанды, қыдырымпаздықты онша жаратпасам да жолдасымның көңілін қимадым. Әрі біздің жұмыс кешке басталады, әлі уақыт бар, қонақ үйде құр жатқанша барсақ барайық деген ой келді. Такси ұстап, жарты сағатта жетіп бардық. Балкон, лоджалары кең, қабырғасының қаптамасы қымбат тастан, бес қатар үй екен. Үшінші қабатқа көтеріліп, қоңырау басқанда есік бірден ашылды. Шамасы, жолдасым алдын ала хабарласқан еді, күтіп отырған болуы керек. Есіктің аржағынан кәрі әйел көрінді. Жасы шамамен жетпістен асқан, алайда жас көрінеді, өз өзін күтетін әйел екені көрніп тұр. Кіреберіске еңкеңдеп аяқ киімімізді шешіп, бойымызды тіктей бергенде отағасы көрінді. Сексенді алқымдап қалған, орта бойлы, арықша келген сіңірлі адам екен. Біртүрлі суық көрінді. Самарқау күйде сәлемімізді алды. Қонақ келгенде қалбаңдап қалатын қазақы мінез танытпады. Апай бәтеңкелерімізді қолына алып балшық жоқ па екен дегендей табанына үңілді де аяқ киім сөресіне газет төсеп аса бір ұқыппен орналастырды. Такси жалдап, лас жер баспай келген едік, мен біртүрлі ыңғайсызданып қалдым. Кіреберіске қойылған орындықта сабалақ жүнді нән сары мысық жатыр екен. Бізге ұйқылы-ояу түрде бажбия қарады да секіріп түсіп үлкен жаққа өтіп кетті. Үй иесі алдымызға түсіп төргі бөлмеге өтіп, орындыққа отырды. Біз диванға жайғастық. Үйдің іші мұнтаздай, әр нәрсе өз орынында, немерелер келіп асыр салатынға ұқсамайды. Жалпы, үй ішінде біраз жыл иесіз тұрған үй сияқты сұрқай ауан бары сезіледі. Екеуі ғана тұрып үйренген адамдар-ау, өздері кәрі қойдың жасындай жасы қалған жандар, аяқ астынан сап ете қалған бізді жақтырмай отырған жоқ па екен, шақырусыз қонақ күтеміз деп біраз әбігерге қалатын болды-ау деп іштей ыңғайсыздана бастадым. Жанымдағы серігім таңертемен телефон соққан, одан бері қыз, келіндерін алдыратын уақыт болды, демек екеуден екеу ғана, соқа бастары өмір сүріп жатқан адамдар болды-ау деген ой келді. Кәрі адамдарды мазалағанымызға ыңғайсызданып мазам тіпті кете бастады. Қолымнан сүйрегендей болып алып келген серігіме іштей ренжи бастадым. Ол болса қаннен қаперсіз мақпал тысты көпшікті жұмарлап қолтығына басып диванға жантая жатып алыпты. Бәріміз біраз үнсіз отырдық. Біраз жыл той басқарып, адамдардың ыңғайына жығылуды жақсы меңгерген серігім амандық-саулық сұрасып, бұл қалаға келген мақсатымызды айтып, көңілдене сөйлеп, әртүрлі әңгіменің шетін шығарып маслихатқа жетектеп көріп еді, қария салқын қалпынан өзгере қоймады. Ас үйден пышақ жүзінің ағаш тақтайшаға тиген тоқылы, анда-санда ыдыс-аяқ сыңғыры естіліп тұрды. Үй иесі теледидарды қосты. Кіл бір опайған-сопайған, жердің астында болмаса жер бетінде кездеспейтін ұсқынсыз біреулер алқын-жұлқын, әрпіл-тәрпіл шапқылап жүрген шетелдік мультфильм жүріп жатыр екен. Дубляжды да шәңкілдетіп, шіңкілдетіп, дарылдатып, қырылдатып-сырылдатып жасапты. Дубляж актерларында жазық жоқ, кейіпкерлері өңшең бәңгі біреулер болса, олар да барынша әңгіленіп бағады да... Үй иесі қолындағы пульттің түймесін басып дауысын тіпті көтеріп қойды. Бөлме іші жаңғырығып кетті. Құлағының тосаңы бар адамға ұқсамайды... Оң қолымен көсе иегін сипалап, сол қолының саусақтарымен үстелді тықылдатып жайбырақат отыр. Еміне түсіп, сампылдап отырған серігім теледидарға бір, маған бір қарап ыңғайсыз күйге түсті. Жоталау жерден ылдиға домалаған бос бөшкенің томпақтау жерлерден ытқып-ытқып барып, қалың шөпті жапыра барып тоқтағанындай теледидармен жарысып көрді де үні өшті. Үй иесі саусақтарын айқастырып алып, екі қолын желкесіне салды да, екі аяғын шалыстыра тастап, орындыққа шалқая түсті. Мен ұйқым келіп манаурай бастадым. Кеше поездан кеш түстік, алпыс адамды қонақ үйге орналастырғанша түн ортасы болды. Таң атпастан сахна жұмысшыларын жылы төсектен тұрғызып, декорацияның өз орынынан бір елі жылжымай дәл орналасуын, әр заттың орын орынында тұруын қадағалап жүргенде түс болды. Қонақ үйдің аппақ төсегі көз алдыма келді. Есінеп отырып, төменнен тамақтанып алып, түс қайта мызғып алатын әдетіммен қазір тып-тыныш ұйықтап жатар едім-ау деп ойладым. Терезенің ауыр пердесін қымтап жауып, шешініп тастап, төсекке құлай кеткенімді, көпшіктің салқын тысының бетіме тигенін ойлағанда кірпігім өз-өзінен жұмыла берді. Экранға селсоқ қана көз тастап отырған үй иесі маған ошарыла қарады. Тесіле қарады. Қос ауыз мылтықтың ұңғысындай ызғарлы қос жанары рентген сәулесіндей тұла бойымды адақтап шықты. Менің, назары басқа жақта ғой деп өзін елеңкіремей, арқамды кеңге салып босаңсығанымды жонарқасымен түйсініп, жақтырмай қалғанын сезіп түзеліп отырдым. Еріксіз екі-үш мәрте жөткірініп те қалдым. Үстіме суық су құйып жібергендей, манаурап отырған күйден бірден арылдым. Үй иесі аяғын шалыстырып тастап, орындықтың арқалығын сындырып жіберердей шандыр денесін созып шалқайды да теледидарға қайта тесілді. Менің үй иесімен арадағы «атыс-шабысым» қыртына да кірмеген серігім телефонын шұқылай бастады. Ас үй жақтан «Қонақтар қол жуа қойыңыздар, ас дайын болып қалды» деген дауыс естілді. Ыңғайсыздықтың құрсауында отырған мен қуанып кеттім. Шалт қозғалып орнымнан ұшып тұрып дәлізге бет алдым. Апай жасы келіп қалса да ылдым-жылдым, тез адам екен, үстел үстін лезде жайнатып жіберді. Біз келеді дегенді естіген бойда дайындап қойды ма екен екі-үш түрлі салат, тоңазытқан қазы-қарта толы сопақша тәрелкелер алдымызға келе қалды. «Мені же, мен дәмдімін...» дегендей бір-біріне жиегі тиіп тұрған тәрелкелердегі қуырған сазан, майлы қуырдақ тіпті қызыл бұрыш пен тұз сіңген қойдың құйрығын мұрын, көз арқылы сезе қойған асқазан шұрылдай бастады. Үй иесіне қарап біз отырмыз. Ол кісі ауыз тие қоймады. Бір кезде кемпіріне қарады. «Ләппай, тақсыр...» дегендей жалт қараған кемпірі тыпыршып, тыпырлап қалды да «Ойбу-у... кәрі қақпас-ай... ұмытып кетіппін ғой...» деп орындықтың арқалығынан ұстап жылдам тұрды да етегін баса ас үйге қарай жүгірді. Ол жақтан тоңазытқыштың есігі ашылғаны, ыстақандардың сылдыры естілді. Үй иесі бойын тіктеп жөнделе отырды. Кемпір мойыны қылқиған шөлмек бөтелкіні қоршай стақандар тізілген жайпақ табақшаны көтеріп әкеліп қарияның алдына қойды. Отағасы бөтелкенің тығынын бұрап-бұрап лезде ашты да лық-лық еткізіп ыстақандарға құя бастады. Кемпірі елпең қағып арақ толы ыстақандарды алдымызға қойды. Отағасы бір қолына тұздалған қияр түйрелген шанышқыны ыңғайлап ұстап тұрып, басын шалқайта бере ыстақандағы арақты қағып салды да тұздалған қиярды кірш еткізіп қыршып алып, күртілдете шайнай бастады. Атадан қалған ас болмаса да қонақтарына алып қойыңдар дер болар еді. Ащы суға әуелден әуестігім жоқ мен қолымдағы ыстақанды үстелге қоя қойдым. Серігім менің алдымда арақ іше алмайды, оның үстіне кешке спектакль, ал оның бір ауыз тисе тоқтай алмайтыны бар... Алып қой деп айтар ма екен деді ме үй иесіне жаутаңдап бір-екі қарады да бұл кезде екінші ыстақанды қағып салған құдасының күрек тістерімен ет шайнаған түрін көріп үмітін мүлдем үзіп «бұл жарықтықты қойып кетіп едім...» деп міңгірлеп ыстақанды үстелге қойды да бұл ерлігім қалай болды деген түрмен маған қарады. Мен қабағымды түйіп үнсіз отыра бердім. Бағыланға пара-пар жирен мысық «мырр» детіп дыбыс шығарды да бір секіріп отағасының тізесіне отырып алып дастарханға көз сатты. Мұрты тікірейіп, мұрыны жыбыр-жыбыр етіп арсыз түрмен иіс тартып отыр. Үй иесі тәрелкеден қазы алып мысығының ауызына тақады. Жирен мысық қазыны иіскеледі де бажбиып иесіне қарады. Қария қазыны қайта тәрелкеге салды. Кемпірі бірдеңе дегісі келіп ауызын аша берді де тілін тістей қойды. Шашын орамалына тыққыштап отырып қыбыжықтап маған қарады. Бажбиып бетіне әлі қарап отырған мысыққа иесі бір тілім колбаса ұсынып еді тап бір тышқан алғандай шап етіп тістеді де еденге секіріп түсті. Қазы-қарта салынған тәрелкеге қарағым келмей қалды. Мені көзінің астымен бағып отырған кемпір «Шәй ішіңіздер қонақтар, шәй ішіңіздер, қою емес пе... сүт қолдың сүті, ауылдан әкеледі...» дей берді.
Отағасы қаздиып отырған күйі бір жөткірініп алды да көзін терезеге тігіп отырып әңгіме бастады.
– Мен сексенінші жылдары, дәлірек айтсам – мың тоғыз жүз сексен бесінші жылдың екінші ноябрінде Москваға көштім.
Көп жыл шет елде тұрып, өз тілін ұмыта жаздаған адам сияқты. Өзге тілде ойлап, қазақшаға аударып отырған адамдай әр сөзін кідіріңкіреп барып айтады екен, әрі жеңіл акцент білініп тұрды.
– Біз өзі әкеден екі ұлмыз – інім және мен. Әке-шешем өмірден ерте озған. Мәскеуде МУР-да служагім істейтін, орыс жігіті Александр, сол шақырды. Армиядан кейін осында милицияға кіргем, грамоталарым бар, бір рет всесоюзный розызкда жүрген аса қауіпті рецидивистті ұстағанмын. Жарақат алғанмын. Қарайлайтын не бар, көшіп кеттік. Бір қыз бір ұлым бар еді, ұлым үшінші класта оқитын. Інімінің баласы жоқ еді. Әйелі бедеу. Інім махаббаты күшті болды ма әйелін тастамады (Осы арада қария күліп алды, онысы бізге ерсілеу көрінді.) Көшер алдында ұлымды ертіп інім Құрманғалидың үйіне кіріп бардым да «Мына бала енді сенікі...» деп шығып жүре бердім. Балам өкіріп жылап артымнан ере шықты, қолынан алып сүйреп апарып «Балаңа ие бол!..» деп Құманғалиға ақырдым да есігін тарс жаптым. Сонымен, Мәскеуде тұрып жаттық. Әуелі Страстной бульвардан қызметтік пәтер берді. Жағдай жаман болған жоқ. Әйелім физик еді, жұмыс тез табылды. Қызым орысшаға жетік болатын, Отанымыздың жүрегінің өміріне тез үйреніп кетті. Москва дүкендерінде біздің түсімізде көрмеген тамақтар тұрады. Ой, керемет! Еттің түр-түрі бар – қой десің бе, сиыр дейсің бе... Москваның қатындары майлы, асқазанға ауыр болады деп қой етін алмайды екен. Сиырдың етін алады, онда да сан етін таңдайды. Апельсин, мандарин дегендерің магазиндерде толып тұрады. Дефицит деген киімнің өзін ГУМ-да очередьке тұрып сатып аласың. Сашаның әйелі ЦУМда істейтін, небір дефициттерді Машадан аламыз. Джинсидің түр-түрі бар – «Супер лайф», «Цвет морской волны» дей ме, жетеді әйтеуір. Москва ұнады. Өмірде метро көрмеп едік, көшіп барған бойда қаланы метромен араладық. Тез, жылдам. Қаланың кез келген жерінен шыға келесің! Содан, жаз айы болатын, июнь ба екен, әйтеуір балалар каникулға шыққан кез. Мен де отпуск алып семьямызбен Қара теңізге барып демаламыз ба деп шамаданымызды дайындап отыр едік. Бір күні жұмыстан келсем үйде Қармыс жүр, әлігі, ініме беріп кеткен балам. «Папа!» – деп мойыныма асылды. «Папаң емеспін!» – дедім. «Сенің папаң – Құрманғали!». Жатарда қасыма келіп тұр – «Папа, қасыңа жатайыншы...» дейді. «Бар, залға, диванға жат!» деп зекідім. Үн-түн жоқ шығып кетті. Әйелім залға барып, қасына жатқысы келіп еді, «қозғалушы болма, Құрманғалиға бердік пе, бердік, бойыңа үйретпе...» – дедім. Әйелім мырсылдап жылады. Ертесінде допрос жасадым балаға.
– Неге келдің?
– Сендерді сағындым.
– Құманғали не деді?
–Жарайды, барып келе ғой деді.
– Өтірік айтпа. Сәуле екеуі өздері жіберді ме?
– Иә. Көзіне қарадым. Ол да маған тіке қарады. Иттің баласы өзіме тартқан. Характер нордический. Осы арада үй иесі өзіне риза күйде ыстақанды толтыра құйып тартып жіберді. Әйелі шынышқымен тұздалған қияр ұсынып еді, алая қарады. Кемпір бізден ыңғайсызданып қипақтап қалды. Үй иесі сөзін жалғастырды.
– Өтірік айтпа!
– Өтірік емес...
– Онда беріп жіберген сәлем-сауқаттары қайда?
– Қандай сәлем-сауқат?
– Кәдімгі. Құрт, қолдың майы, сүр ет.
– Бермеді. Жоқ, беріп еді алмадым.
– Оттама иттің баласы!
Шапалақпен бір тарттым. Бала сазарып қатты да қалды. Көзінен бір тамшы жас шықпады. Характер нордический! Өзіме тартқан.
Үй иесі толтыра құйып тағы бір ыстақан тартып жіберді.
– Әйелім араласқысы келіп еді. Артыңды қыс! Бар, дүкенге барып кел! – дедім. Бала осы жерде сәл босады. Жәутеңдеп, шығып бара жатқан шешесіне қарай берді. Иегінен алып өзіме қараттым.
– Неге өтірік айтасың? Кімді алдағың келіп отыр. Менің қайда істейтінімді білесің бе?
– Білем...
– Әй, боқмұрын, бері қара! Я – капитан милиций! МУРовец! Понимаешь! Сен не, мені алдағың келіп отыр ма?
Бала үн қатпады. Сазарған қалпы маған қадалып қарады да отырды.
– Сөмкең қайда?!
– Қандай сөмкі...
– Киімдеріңді салған. Сәуле не, сені осылай кір-кір футболка, шортымен жібере салды дегенге мен сенеді деп отырсың ба? А? Айт жаның барында!
– Иә, өзім келдім.
– Поезға қалай міндің?
– Кәдімгідей...
–Оттама! Документің жоқ, жасың он сегізге толған жоқ.
– Мағия апай...
– Не? Қандай Мағия апай?
– Досым Мараттың мамасы.
– Болса қайтейін.
– Проводник қой.
– Е-е... Тфу!.. Едрене вошь... Енді түсінікті болды. Ё-моё! Кәмілетке толмаған баланы поезға отырғызып. 125-статья. 1-бап. Үш жылдан бес жылға дейін. Ертең оперларды жіберем. Покажу ей, где раки зимуют!
Балам еңіреп қоя берді.
– Папа, Мағия апай кінәлі емес, қамамашы. Мараттың папасы жоқ қой. Мен поезға жасырынып кірдім. Мағия апай Саратовқа келгенде көрді. Ұрысты. Сосын, адресті білесің бе деді. Айттым. Таксиге салып жіберді. Сіздерге сәлем айтты. Шапалақпен бір тарттым. Еденге құлап түсті. Ременмен сойып салдым. Қатты ұрдым. Күлді. Мақтанып отырған жоқ па деп бетіне қарадым. Солай сияқты...
– Адам сабап үйреніп қалғанбыз ғой. Артықтау кеткен сияқтымын. Біздің қол қатты ғой. Көкала қойдай болды. Ну, ничего! Зато крепкий будет мужик!
Жұдырығын түйіп бір білеп алып, кіжініп-кіжініп қойды.
Ыстақанды толтыра құйып аузын ашты да көмейіне тастай салды. Қасқыр соққан аңшыдай өзіне дән риза кейіпте тісін шұқып біраз отырды.
– Ертесінде жас оперларға айттым, поезға салып жіберді.
Бір күннен кейін Құрманғали звондады. Бала келді деді. Қатты сабапсың ғой, неге деді.
Әрі қарай тыңдағым келмеді. Жәйлеп қозғаламыз ба деп серігіме ымдайын деп едім жайбырақат телефон шұқылап отыр екен.
Үй иесі ойымды бірден сезе қойды да «Жұмыстарың кешке емес пе, отырыңдар, қайда асығасыңдар, әңгіме тыңдаңдар» деді.
– Москвада тұрып жаттық. Коренной москвич болып кеттік десе де болады. Полковникке дейін көтерілдім. Орталықта үш бөлмелі пәтеріміз болды. Терезеден Пушкиннің ескерткіші көрініп тұратын. Пушкинді білесіңдер ме?
– Иә, естігеніміз бар – дедім. Бакенбарды бар... Жағы жүн-жүн... Александр Сергеевич қой.
Сен бала, не қыртиып отырсың осы... дегендей бетіме қарап бірдеңе айтқысы келіп орындықты шиқылдатып бар денесімен бұрылды да қонақ қой деген болар үндемеді.
Бөтелкедегіні ыстақанына сарқа құйды. Кемпірі бос бөтелкені алып ас үйге кетті. Үй иесінің кенет басы салбырап иегі кеудесіне тиіп отырып қалды. Мас болып қалған жоқ па екен деп ойладым. Жасы келген адам бір бөткелкені өзі тауысты. Серігіме қарадым, ол иығын қиқаң еткізді. Кемпір кіріп ашылмаған ақ арақты ақырын ғана үй иесінің алдына қойды. Басы салбырап отырған шалына бір қарады, бізге бір қарады. Шәй құяйын ба деп ымдады. Біз бас шайқадық. Неге екені белгісіз өз-өзінен жымиды. Кемпірдің орындыққа жайғасып үнсіз күткеніне қарап үй иесінің ішкен кезде осылай «пауза» ұстайтынын түсіндім.
Бір кезде үй иесі басын көтеріп алды. Жалғыз отырғандай дастарханға қарап біраз отырды. Бөтелкені ашып орталап құйды да ішіп салды.
Бір тілім нанды иіскеді де: – Норма, жетеді. Мынаны әкет... – деп бөтелкені ысырды. Нанды тәрелкеге кері салды. Кемпірі бөтелке, ыстақанды жайпақ табақшаға салып алып кетті.
Үй иесі ашқырынғандай «Ах-х!..» деп бір ақырды да орынынан атып тұрып екі қолын созып жіберіп, қаңғалақтай айналдырып-айналдырып алды да, аяғының ұшына тұрып секіріп-секіріп алды. Ширақ аттап барып терезенің пердесін сілкіп қалып, ашып тастады. Бөлмеге жарық құйылды.
Өз-өзімен сөйлегендей әңгіме бастады.
– Күндер өтіп жатты. Полковник алдым. Қызымыз МГИМО бітірген еді, күйеуге тиіп Алжирға кетті. Аяқ-қолы балғадай әйелім аурушаң бола бастады. Аты жаман ауру болып шықты. Қаратпаған дәрігерім қалмады. Москваның мықты деген клиникаларына жатқыздым. Бір күні Құрманғали телефон соқты. Жылап тұр. Қармыс қайтыс болды деді. Үйленген, бала-шағалы болған екен. Шынын айтсам хабарсыз кетіп едім, біздің жұмыс ауыр ғой. Құрманғали да хабарласпады. Ақпан айы болатын. Қармыс балық аулауға шығады. Мұз жарылып жеңіл көлігі батып кетіпті. Қасындағы екі досын құтқарып, өзі әбден әлсіреген, мұзды қанша тырмаласа да болмапты... Батып бара жатып «Әке... Қайдасың...Әке...» деп айғайлапты. Кімді әке деді, мені ме, Құрманғалиды ма... кім білсін... Қармыстың қайтыс болғанын әйеліме айтпадым. Бірнеше рет химия алып қу сүйегі қалған еді. Қалай айтам... Айтып келген ажал алмай қоймады. Өлерінде, «Айберген, Москваға бекер келіппіз, сол туған жерде тұра беру керек еді... Сен білмейсің ғой... мен құсадан кетіп барам, елді, баламды, қызымды сағынумен өтті ғой өмірім... Елге апарып, әке-шешемнің жанына жерле..» – деді. «Қармысжанды алып келші, көріп қалайын...» – деп жылады. Әбден әлсірегендікі ме екен, әлде түні бойы жылап-жылап көз жасы таусылды ма екен, жас шықпады. «Әрине, алып келемін, әлі жазылып кетесің...» – деп айтқым келді, айта алмадым. Не умею врать. «Пенсия да жақын қалды, елге көшеміз...» – дедім. Ертесінде әйелім қайтыс болды. Ваганьковское кладбищесіне жерледім. Досым Саша, Александр Михайлевич ФСБ-ға ауысқан. Генерал алған. Соның да көмегі болды. Әйтпесе, ол жерге кім көрінгенді жерлеуге рұқсат бермейді. Туған жерге қалай апарам, төрт-бес күн жүру керек, мен аса ауыр қылмыстар бойынша бөлім басқардым, жұмыс бастан асып жатады. Бір жылдан кейін пенсияға шықтым. Осында көшіп келдім. Мына жеңгелеріңмен бас қостым.
Есімі – Мүнира. Мүнира апай басындағы орамалын түзеп, бір шешіп, бір байлады. Қазанға ет салайын, жұмыстарың кешке екен, бірден осы жерден барарсызлар деді. Рахметімізді айтып дәлізге беттедік. Бәтеңкемізді сөреден алып тұмсығын есікке қаратып киіп кете беруге ыңғайлап қаз-қатар тізіп қойыпты. Ішім жылып қоя берді. Бала кезімізде бұл біздің міндет еді. Міндет болғанда да «қасиетті міндет» болатын. Оны үлкендер «гәлөш салу» дейтін. Бізді Мүнира апай шығарып салды. Үй иесі ас қайырған соң бізді бірден ұмытты. Жирен семіз мысығын желкесінен бүре ұстап басынан асыра көтерді. Көзі қылиланып кеткен мысық қыңқ етпеді. Үй иесі «Характер нордический!..» деді де мысығын құшақтып балконға шығып кетті.
Кешке қалың көрерменнің арасында отырып Қармысты ойлаумен болдым. Залда әлсін-әлсін «дүр» етіп қол соғылып жатқанда да Қармыс есімнен кетпеді. «Әке... Қайдасың... Әке...» – деп шыңғырған дауысы әлі күнге дейін құлағымда жиі жаңғырығады…
