Сандуғаш Серікқызы – Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы. Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының PhD докторанты.
Автобус
Мен үлкен сары автобустанмын.
Сары автобуста тұрамын.
Туғанда сары автобусқа кіргемін.
Қайтқанда сары автобустан шығамын.
Мұнда бәрі белгісіз жаққа жүреді.
Кімнің қайда баратынын
Жүргізуші ғана біледі.
Алдыңғы терезесінде
«сөйлемеңдер» деген көрінбейтін жазу ілінген,
Оқысаң – тәртіптілігіңнен
Оқи алмағаның – білімнен.
Сосын...
Мұнда билет сұрамайды,
үнсіздік сақтасаң жетеді.
Ал дауысың шықса,
көліктен түсіріп кетеді.
Кондукторы жоқ,
Сонда да біреу бақылап тұрады,
кімнің ерні қозғалып кетті –
сол сыртқа шығады...
Радиодан әуезді әндер ойнайды,
Себебі мұнда...
Жолдың шұңқырын естіп қоюға болмайды.
Біз өте тыныш жолаушымыз,
терезеге жазбаймыз.
Қараңғы әйнектен өз бейнемізді көрсек,
ернімізді жыбырлата жаздаймыз.
Бұл маршрутта сөйлеу –
қауіпсіздік белдігінсіз жүрумен тең.
Мен үлкен сары автобуста тұрамын.
Қайда бара жатырсың с е н ?
Қайда бара жатырмын м е н ?
10-11 наурыз. 2026.
Бүгінгі, кешегі аспанды
ойынан айнып қалған Ақынға теңедім.
Ол екі күн бойы жазған
ақ қағазын
жыртып-жыртып жердің үстіне себеді.
Біреуді тахаджудке тұрғызған дұғадай
сыбырлап,
ұзаақ,
тоқтамай күбірлеген шақтар үшін жау!
Енді ғана шешінген иығыма
қайта ілінген ақ шәлісі бар -
қ а р.
Иіс
Таң қылаң бере...
Мен бірінші оянам.
Мейірім мәзірімен ас әзірлеп қоямын.
Балалар көздерін ашып,
«ымм, хош иіс» дейді.
Иіске айналған менің өздеріне арнаған
ө м і р і м екенін білмейді.
мейлі!
Сен
Сен менің ең әдемі «иә»-мнің иесісің...
Қарбалас өмірде қолымнан сусып кетпеген жалғыз алақансың.
Сағаттың тілінен балалығымды қорғап қалған арашамсың.
Табалдырықтағы аяқ киімдердей тізілген жарасымымсың.
Көшелері тыныш, шамдары жарық қалашығымсың.
Жоғалған үміттерімнің қалтасынан табылған соңғы тиынымсың.
Жараларымның атын сұрамайтын мейірімсің.
Мені менен қызғанбайтын жалғыз мекенімсің.
Өткеніме үкім шығармайтын бүгінімсің.
Болашағымды алаңдатпайтын кешегімсің.
Жылаған көзіме “ұят” демейтін махаббатсың.
Менің ең көп сұраған дұғам қабыл болған сәтсің.
Ішкі соғыстарыма бітім сыйлаған ұямсың.
Сен – менің ең дұрыс таңдауыма айналған
ең әдемі
«иә»-мсің.
Мектеп
Сыныпта үнсіз отыру тәрбие еді...
Қатты күлдірмейтін,
қабырғадағы сағат сынып кетпесін деп...
Перделер түрілмейтін,
күннің жарығы ішімізге кіріп кетпесін деп...
Есіктер ашылмайтын
сырттағы ауамен
құлағымызға шындық сіңіп кетпесін деп...
Сөредегі кітаптар тым жақын тұратын,
араларынан сөйлем қашып шығып,
біреуіміз артығырақ біліп кетпесін деп...
Қоңырау да үйреншікті ережемен соғылатын,
Дәлізде еркін іздер кеулеп кетпесін деп..
Айна да жоқ болатын.
Адам өзін көп көргеннен
ішіндегі біреу сөйлеп кетпесін деп...
Бұл жерде тым ақылдыларды ұстап алады,
ақымақтардың қолында қинау үшін...
Қарындаштары да қысқа болады,
бойына үлкен ойларым сыймау үшін...
Біз неге оны тәрбие деп оқыдық?
Ана
Анашым,
мен саған ештеңе айтпадым,
үндемедің...
Саусағыңдағы ине тесігін де,
жүрегіңдегі жамауды да
көре тұра, үндемедім...
Рас...
Мен сенің жаныңды ұқпадым,
неге үндемейсің деп ренжідім,
неге жыламайсың дедім көп...
Ал сен жылап отырып
маған шай құйған едің көп...
Менің уақытым көп болды,
сені тыңдауға –
уақыт жоқ болды.
Анашым,
мен де енді анамын,
енді жаныңды түсінем,
енді мен де
үндемей тынам ішімнен...
Сен сияқты.
