2026 жылы наурыз айының 12-сі күні Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында қазақтың даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолына арналған биографиялық тарихи драма сахналанады.
Қойылым алдында шығармашылық топ пен арнайы шақырылған қонақтардың қатысумен БАҚ өкілдері алдында пресс-конференция өткізді.

Қойылымның режиссері Жақсығали Ақниет: «Бүгін бір мен үшін үлкен тарихтың беттері өзгеретін күннің бірі болып тұр. өздеріңіз білесіздер, «Қажымұқан» туралы спектакль бұған дейін еш жерде қойылмаған. Біз бүгін Қажекең туралы қойылымды тұңғыш сахналаушы ретінде тарихта қаламыз. Болмаса: «Ауыр жүкті мойындарында іліп, белдеріне қалай байлады», - деген әңгімеге қаламыз. Оның төрешісі өздеріңізсіздер, қадірлі көрермен!

«Қажымұқан» пьесасының авторы, жалпы өзегін құрастырған Наурызбай Асылбек бауырымыз. Өзі жас болса да қазір көресіздер, бағасын бересіздер, пьесаның тілі жатық, кешегі қазақтың тілімен сөйлете алған. Наурызбай белгілі бір себептермен Алматыға кетіп қалған болатын. Одан кейін жұмыстың жартысына Қазбек Аманжол көмектесті. Бұл да Түркістанда, Алматыда көптеген жобаларды жүзеге асырып жүрген азамат. Яғни қойылымның авторы – Наурызбай Асылбек пен Қазыбек Аманжол.
Абылай, Арман ағаларымыз, Майра апайымыз – пьеса жазуға, спектакль қоюға, жалпы осы үлкен жұмысқа баруымызға мұрындық болған кісілер екенін атап өткен жөн. Әуелі осы кісілермен сұхбаттасып, бағыт-бағдар алып, одан соң Көкшетау жақта тұратын Қажымұқан атамыздың шөбересі Айкен апайымызға барып ақыл-кеңес алдық. Осы жұмыстардың нәтижесі – пьесамыз міне үлкен сахнаға шығып отыр. Бағасын өздеріңіз бере жатасыздар!
Спектакль қойылымына дем беріп атсалысқан азаматтардың бірі, әлемдік рекордтар иесі, «Тас балуан» Арман Сүлейменов: «Қайырлы кеш, өнер сүйер қауым! Менің атым – Арман, халық арасындағы лақап есімім – Тас балуан деп атайды. Армлифтинг, пауэрспорт түрлерінен отыз төрт дүркін әлем чемпионымын, жиырма бір дүркін әлем рекордшысымын. «Күш атасын танымас» дейтін өнердің жолын Қажымұқан атамыз салып кеткен болса, соны қазіргі уақытта жастарға дәріптеп насихаттап жүрген адаммын. «Қажымұқан» драмасының қазығы қағылған кезден бастап басы-қасында жүрмін. Наурызбай мырза келіп көмек сұраған кезде, бірден қолдадым. Қазақстанның тарихында Қажымұқан атамыз туралы талай кинолар болды, өздеріңіз білесіздер. Бірақ театр сахнасында дербес драмалық туынды бұндай әлі күнге болмаған екен. Театр – бөлек әлем. Театр өнері – өнердің нағыз шыңы деп білеміз. Өйткені сахнада берілетін эмоцияларды өзге еш өнермен салыстыруға болмайды. Сондықтан қойылым барлығына ұнайды деп ойлаймын».

Өлкетанушы, қажымұқантанушы, балуан әулетінің жиен ұрпағы Майра Керейбай: «Армысыздар жиналған қауым, Әзербайжан Мәмбетов атындағы театр ұжымы! Сіздерді бүгінгі қойылыммен құттықтаймын! Әсіресе біз үшін, Қажымұқан атаның туған аулынан келіп отырған туысы ретінде мен де өте қуаныштымын! Себебі, бұл – Қажымұқан атамыздың сахнадағы тұңғыш бейнесі. Қажымұқанның тұлғасы тұңғыш рет қазақ сахнасында ойналып жатқаны бәрімізге үлкен мерей, құтты болсын! Бүгінгі қойылым ойдағыдай болады деп сенемін, өйткені жалынды жастар Қажымұқанның балалық, жастық, ересек кезеңдерін жақсылап сомдап береді деп ойлаймын!» - дей отырып, Қажымұқанның әдеби тұлғасын сомдаған қаламгерлерге тоқталып өтті.

«Балуан тас» кітабының авторы, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының құрылтайшысы, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров: «Армысыздар, қайырлы кеш! Бүгін елімізде үлкен оқиға болып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, биыл Қажымұқан атамыздың жүз елу бес жылдығы, үлкен мерейтойы. Бұл айтулы мерейтойдың беташары «Қажымұқан» атты тамаша драма болып жатыр десек те болады. Себебі Қазақстан бойынша әлі ешкім Қажымұқан атамыздың мерейтойын тойлатып, естелігін қозғап үлгерген жоқ. «Қажымұқан» драмасы несімен құнды?» - дегенге келер болсақ, мен алдымен өзіме қатысты айтып өтейін: бізде «Балуан тас» ұлттық спорт түрлері және мәдениет академиясы құрылған және ол академияның басты қазығы, идеясы балуан тас көтеру рәсіміне негізделген. «Осыған біз мұрындық, себепкер болдық», - деп бүгінгінің Қажымұқаны Арман Сүлеймен айтып жатыр ғой, бұл да бізге үлкен бір мәртебе. Өйткені бұған дейін де қаншама батыр балуандар туралы қойылымдар қойылған.

Бұның ерекшелігі – киелі сахнада тұңғыш рет қазақтың ұмыт болған көне рәсімі «балуан тас көтеру» көрінісі көрсетілгелі отыр. Яғни сол жағынан алып қарағанда да бұл үлкен бір жаңалық болып отыр. «Балуан тас деген не дегенге келетін болсақ, өкінішке қарай қазіргі таңда қазақ ортасы бұл рәсімді ұмыт қалдырған. Осы рәсімді жаңғырта бастағанымызға да көп болған жоқ. Оған негіз болған – 2021 жылы жарық көрген «Балуан тас» қос томдығы еді. Содан кейін «Толағай» секілді ойындар, тас көтеру жарыстары басталды. Міне енді соның көркемдік түрі көркемделген формасы, сахналық түрі – «Қажымұқан» драмасы болып отыр. «Жасқа ізет, кәріге жол» деп жастардың жолын ашқымыз, өзіміздің концепциямызды, идеямызды барынша жеткізгіміз келді. Және шындығында олар осы концепцияны мұндай қысқа мерзімде іске асыра алады деп ойлаған жоқ едік. Жігіттерге респект!
Балуан тас жайындағы сөзіміз бекер болмауы үшін осы туралы айтып өткенді жөн көрдім. Қажымұқан Баянауылда, Түркістанда, осы Ақмолада көтерген балуан тастарының деректерін білесіздер. Ең соңғы рет көтерген балуан тасы Түркістан облысы, Шәуілдір ауылында екен. Соның қысқаша хикаясын сіздерге айтып өтейін, кейінгілерге өнеге тәлім болсын. Бұл оқиға былай болған: өздеріңіз білесіздер, Қажымұқан атамыздың өмірінің шамамен соңғы он бес жылы – 1937-1946 жылдар аралығы сол Отырарда өткен. Сол қырқыншы жылдары Қажымұқан атамыздың Мырзахмет Сүлейменов деген милиция бастығы досы болады. Сол досы екеуі әзілдесіп жүреді екен. Сол Мырзахмет Сүлейменовтің есігінің алдында, тура жолдың бойында бір сандық тас жатады екен. Мырзахмет Сүлейменов атамыз: «Мына тас жолды бөгеп тұр», - деп, бес-алты жігітпен қозғап, домалата алмай жатады. Тура сол кезде Қажымұқан атамыз: «Армысыздар!» - деп келіп қалады. Мырзахмет Сүлейменовтің Қажымұқан атамызбен әзілдесетіні бар, тұра қалып: «Ей, Қажеке! Құдай маған мына тасты алып тастайтын Рүстемдей дәуді бермеді !» - деп ана кісіге қулана қарапты.
Сол кезде Қажымұқан атамыз өзіне астарлап сын жасап тұрғанын түсіне кетіп: «Әй, Мырзахмет! Ауылыңда Рүстемдей дәу жүрген кезде неден састың?! Бісміллә», - деп жерде жатқан жаңағы сандықтай тасты көтеріп алып, сонадай жерге лақтырып жіберген екен. Ғалым Әуелбек Қоңыратбаев атамыз кейін осы уақиғаны естіп барып, ол тасты өз көзімен көріп, Мырзахмет Сүлейменовтің аузынан жазып алған. Қажымұқан атамызбен жолығып, тасты өлшеген кезде тасты көзімен көріп қажымұқан атамызбен жолыққан кезде ананы өлшеген кезде шамамен елу пұт болған. Бес жүз килограмм деген сөз ғой. Содан байқай беріңіздер, балуанның шамасын. Сол кезде: «Мырзахметтің сынына тұрамын деп көтеріп едім, бірақ үш күндей белім ауырып жүрді», - деп айтқан екен. Жас жетпістен асқан кісіге бес жүз келіден асатын тасты көтеру деген оңай ма? Қандай қайрат-күш десеңізші!
Содан бері өкінішке қарай қазақ даласында балуан тас көтеру рәсімі тоқтап тұр. Тек қана мынау Қытай тарабындағы қазақтарда Дәлелхан деген балуан 1952 жылы көтерген екен. Яғни қазіргі Қазақстанның шекарасымен алып қарайтын болсақ, онда балуан тас көтеру рәсімі шамамен 86-87 жыл тоқтаған болып тұр.
Мен Наурызбай мен Ахметпен жолыққан кезде: «Сендер «Қажымұқан» драмасын қоя алсаңдар және оның ішінде балуан тас көтеру рәсімін көрсете алсаңдар, онда сендер де осы театр саласындағы балуан тасты көтерген балуандар болар едіңдер», - деп айтқан едім. Енді міне, көтергенін көріп отырмыз. Бұл жігіттерді мен өзінің деңгейінде «рухани балуандарға» санап отырмын. «Балуан тас» қос томдығын, бес жүздей балуан тас туралы жазған адам ретінде сағаттап сөйлеуге әзірмін. Мен үшін ең бастысы: балуан тас көтеру рәсімінің сахналануы. Алда осы балуан тас көтеру рәсімі жаңғырып, қазақ даласындағы батыр-балуандық рух оянып, бес жүз, жеті жүз килограмм тастарды көтеретін ер жігіттер молынан туады деп ырымдап отырмын! Сол күнге жетейік, рақмет!»
«Қажымұқан» драмасының авторы Наурызбай Асылбек: «Қайырлы кеш, құрметті театрсүйер қауым! «Тоқсан ауыздың тобықтай түйінін» айтатын болсақ, біз қандай қадам жасасақ та тарихты биік ұстауымыз керек. Себебі бізді ел қылатын да, бүтін қылатын да тарих. Бұған мен осы пьесаны жазған кезде анық көзім жетті. Келгендеріңізге көп рақмет!

Пресс-конференция мен спектакль қойылым арасында KINES рекордтар кітабының рекордшысы, Қажымұқан, Иманжүсіп, Балуан Шолақ алыптардың ізбасары Арман Сүлеймен көрермен қауым алдында өз өнерін көрсетті.

100 мильдің қос шегесін бір-біріне бұрай майыстырды, жуандығы ортан қолдай арматура темірді оп-оңай иіп түйреуіш жасады, 24 келілік гирдің тұтқасына өткір пышақ іліп, әлгі пышақтың жүзін жалаң қолмен ұстап гирді көтерді, резина грелканы аузымен оп-оңай үрлеп жарды, әлденеше кірпішті қатарынан қойып қирата сындырды, аттың сом тағасын саздай илеп майыстырып тастады. Мұның бәрі ешбір жасандылықсыз, көпшіліктің көз алдында орындалды. Өнері асқан қазақ алыбына қалың көрермен дүркірете қол соқты.
Бұдан соң сахналық қойылым басталды. Режиссердің көрермен залы мен сахнаны заманауи декоративті-көркемдік безендіру мүмкіндіктерін пайдалан отырып, біртұтас әрі үнемі динамикалы өзгерістерге толы мизансценаға айналдыра білгендігі айқын аңғарылды.

Оқырман қауымның қазақтың даңқты палуаны Қажымұқанның өмірі, спорттық жолы туралы жалпы мағлұматы сценарий авторлары (Наурызбай Асылбек, Қазыбек Аманжол), қоюшы режиссер (Ақниет Жақсығали), қоюшы суретші (самал Мақсутова) үштігінің өзара үндестігі арқылы бір арнада тамаша өріліпті. Мұңайтпас (Айбол Шәкіржанов)

Режиссерлік мизансцена кескіндері сахнадағы трагедиялық халдер мен қуанышты сәттердің бояуын барынша қоюлатып жеткізуге бағытталған және ол үшін түрлі жарық, дыбыс эффектілері (Әли Бидахмет, Ибрагим Оспанов, Ельнур Рахманберген, Әмірбек Нағашыбай, Альбер Матбаев) тамаша мүмкіндіктер тудыра алды. Қойылымда цирк және балет өнерінің элементтері барынша молынан қолданылған (Нұрым Күленбаев, Әсем Елубаева қоюшы балетмейстер Ақжан Рапишева) және мұның өзі спектакльдегі жалпы авторлық идеяны аша түсуге, көрерменнің сахналық образды кеңірек түсінуіне ықпал етіп тұрғандай.

Ерте шетінеген екі бірдей ұлдан кейінгі алаң көңілді Мұңайтпас отбасында дүниеге келген аңсарлы ұл, бақилық болған ана, көкірегін өксік кернеген шарасыз әкенің (Айбол Шәріпжанов) халі арқылы біртіндеп өрбитін қойылым барысында титтейінен-ақ күші тасып туған бала Мұқан (Ернар Сылқымбек) өз дәуірінің тартысты оқиғалары ортасында, көрерменнің көз алдында есейіп (Бейбарыс Асқарбеков) ержетеді (Бағлан Иманғазиев). Қазақ даласына қаптап келе жатқан қарашекпенділермен жерге талас барысында бозбала Мұқанның тек қара күш иесі ғана емес, елі үшін басын бәске тігер ер азамат екендігін көресетуін – автордың ұтымды тұсы деп білеміз. Тек осында ғана емес, қойылымның өз бойында бірнеше фрагменттерде Қажымұқанның адалдық, адамдыққа құрылған образы тұлғаланып биіктеп отырады. Қойылымдағы балуан тас көтеру рәсімі де нанымды шықты.

Қажымұқанның өмірі Даланың әншілері мен серілерімен, алып күш иелерімен тығыз байланыста өткен. Осы тұрғыда қойылымдағы өзі әнші, өзі балуан Балуан Шолақ бейнесі (Ілес Көпбосынов) ежелгі серілік дәстүрдің болмыс-бояуымен көрініс тапты.
Алыс түпкірдегі Санкт-Петербургке аттану, бейтаныс ортаға кірігу, өнер, өмір бәсекесі, достық пен махаббат, сүйініш пен күйініш – барлығы да бар. Дала батырының жүрегіне жол табу жолындағы Надежда-Фатима (Айдан Курашева, Айбану Байболатова, Нұрайым Тезекбаева) арудың әрекеттері де көкейге қонымды.

Құрылғанына сегіз-ақ жыл болған жас театрдың актерлік құрамы режиссер ойын барынша дұрыс түсініп, бар мүмкіндіктерін көрсетіп баққаны анық. Сахналық басты құрылым мен ойынның өзі негізінен цирк аренасына негізделгендіктен, қойылымда жонглерлік, акробатикалық, жекпе-жек сайыстық және шоу-бизнеске тән элементтері барынша мол болды. Кәсіби спортшылар болмаса да театр актерлерінің өздеріне берілген кейіпкер бейнесін ашуда көрсеткен вокалдық, ойындық және пластикалық шеберліктері көрермендерді тәнті етті.

Қойылым барысында көрермен ретінде біз тек ересен қара күштің иесі палуан Қажымұқанды ғана емес, отбасы, ел-жұрты алдындағы перзенттік парызын ұмытпайтын, намысы биік, өр рухты азаматтың кесек тұлғасын да көре алдық.

Қорыта айтқанда Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында сахналанған «Қажымұқан» драмасы – сәтті қойылым болды деп айтуға негіз бар. Әрине қойылым барысында байқалған кебйір кемшіліктер де бар шығар. «Көш жүре түзеледі» дегендей, аз-кем жетпей жатқан тұстары болса, оны талдап, талқылау – сахна сыншыларының міндеті болар. Жалпы көрермен «Қажымұқан» драмасынан тамаша рухани әсер алары сөзсіз!

Қойылым соңында залдағы көрермен актерлерге ұзақ қол шапалақтаумен ризашылықтарын білдірді. Астана қаласы әкімдігі атынан алғыс гүлі тапсырылып, шашу шашылды. Қойылымды әзірлеуге атсалысқан бірнеше адамға театр директоры В.Майер мырза алғысхаттар тапсырды.
Сахнаға көтерілген Қажымұқанның шөбересі Айкен Мұқан ұрпақтар атынан алғыс-ризашылығын білдіре отырып, ендігі бір арманы - Астана қаласының шетінде, ата-баба зиратында жатқан Мұңайтпас бабаның басына лайықты белгі қою керектігі екенін айтып өтті.

Қазақ даласының батыры атанған ұлы тұлғаның мерейтойлы жылы осылайша басталып та кетті.
Фотосуреттер автордыкі және Абылайхан Қалназаровтың жеке фотоқорынан алынды.
