Бүгін – қазақтың ата басылымы «Қазақстан» газетінің туған күні. Жарық көргеніне 115 жыл. Осы атаулы тарихи күнде белгілі алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайдың «Қазақтың тұңғыш газеті» деген мақаласын оқырман назарына ұсынбақпыз.
XX ғасырдың басы қазақ халқының саяси және рухани тарихындағы ерекше серпіліс дәуірі-тін. Бұл кезеңде ұлттық сана мен ағартушылық идеялар күшейіп, халықты білімге, мәдениетке, өркениетке үндеудің жаңа құралдары – мерзімді басылымдар дүниеге келді. Солардың алдыңғы қатарында тұрған басылымның бірі де бірегейі – «Қазақстан» газеті.
Қазақтың тұңғыш газеті – «Қазақстан» еді! Сөз жоқ, ақиқи анық нәрсе. Қазақтың арыстан жігіттері негізін қалап, өз қолдарымен ашқан тәуелсіз басылымы. «Қазақстан» газеті 1911 жылдың 16 наурызынан 1913 жылдың 16 ақпанына дейін жарық көріп, қазақтың ұлттық баспасөз тарихында тәуелсіз ойдың алғашқы мінберіне айналды.
«Қазақстан» газеті – Алаш дәуірінің рухани ояну кезеңінде дүниеге келген алғашқы қазақи басылымдардың бірі. Алғашқы екі саны Астрахан қаласындағы «Окурь мен Апресянц» баспаханасында басылып шыққан. 1911 жылдың соңына қарай редакциясы Орал қаласына көшіп, 1913 жылдың қарашасына дейін барлығы 18 нөмір жарық көрген. Яғни, Оралда шығып тұрған жылдары өз баспаханалары болған газет еді.
Газеттің ресми редакторы әрі бас жауаптысы – Елеусін Бұйраұлы болса, оның ұйымдастырылуына және мазмұндық бағытына Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ахметқали Мәметов, Ғабдолқасым Көпжасаров сияқты т.б. қазақ зиялылары үлкен үлес қосты.
Редакцияның мекенжайы – Орал қаласындағы Сақмар мен Самар көшелерінің қиылысы, Хохлачев үйі (қазіргі Чапаев көшесі, 39, Достық даңғылының қиылысы). Бұл мекен қазақ баспасөзі тарихында ұлттық ой мен ағартушылықтың орталығы ретінде ерекше маңызға ие болды.
Газеттің тұрақты шығуы оңайға түскен жоқ. Редакция қаржы тапшылығын жиі сезініп, оның шығынын негізінен Орал мен Орда өңірінде оқып жүрген қазақ жастары мен ағартушы зиялылар көтерді. Бұл жағдай сол дәуірдегі қазақ қоғамындағы ұлттық сана оянуының, ортақ идеяға қызмет етудің айқын дәлелі болды.
Баспасөз тарихын зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, газеттің әр саны аз тиражбен таралып, көбіне қолма-қол таратылған. Дегенмен, «Қазақстан» газеті өз заманының әлеуметтік-саяси ой-санасына үлкен ықпал етті.
«Қазақстан» газеті өзінің мазмұны мен идеялық бағыты жағынан демократиялық-ағартушылық сипаттағы басылым болды. Газет бетінде қазақ, орыс және татар тілдерінде мақалалар жарияланып отырды. Бұл оның ұлт пен діннің, мәдениеттердің өзара ықпалдастығын арттыруға бағытталған көптілді сипатын көрсетеді.
Мазмұндық тұрғыдан газет: отырықшылық пен жер мәселесін, оқу-ағарту және білім жүйесін дамыту, өнер мен мәдениетті өркендету, тұтынушылар кооперациясын құру, қазақ шаруаларының тұрмысын жақсарту секілді өзекті тақырыптарды көтерді. Басылым бетінде жарияланған мақалалар қоғамның саяси-әлеуметтік санасын оятуға, ұлттың бірігуіне, халықтың өз тағдырына иелік етуіне үндеді. Газет тілінде халықтық үн, ағартушылық леп, елдік жауапкершілік бар.

Химкидегі Ресей мемлекеттік кітапханасының сирек қорындағы жұмыс сәті, 2021 жыл, сәуір
«Қазақстан» газетінің басты идеялық өзегін құраған тұлғалар – Елеусін Бұйраұлы мен Ғұмар Қараш. Бұйраұлының публицистикасы – салмақты, жүйелі, құрылымдық тұрғыдан ойлы болса, Қараштың мақалалары мен өлеңдері – рухани-идеялық серпіліспен ерекшеленеді. Газет бетінде сондай-ақ Шәңгерей Бөкеевтің әдеби-эстетикалық көзқарастары, Бақытжан Қаратаевтың саяси-құқықтық талдаулары, Ғабдолғазиз Мұсағалиев пен Ахмет Мәметовтың ағартушылық мақалалары, Ғабдолқасым Көпжасаровтың экономикалық жазбалары, Мағжан Жұмабайдың өлеңдері жарық көріп тұрды. Олардың барлығы қазақтың жаңа баспасөзін тек ақпарат көзі емес, ұлттың өзін-өзі тану мектебі ретінде қарастырды.
«Қазақстан» газеті – қазақ тарихында тұңғыш рет ұлттық атауды «Қазақ» емес, «Қазақстан» ұғымы арқылы жария кеңістікке енгізген басылым. Бұл – отарлық жүйенің «киргиз», «киргиз-кайсак» деген бұрмаланған атауын ысырып тастап, ұлттық мемлекеттілік идеясының алғашқы көрінісін тудырған тарихи акт еді. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақстан» газеті тек баспасөз құралы емес, қазақ ұлтшылдығы мен ұлттық идеяның алғашқы идеологиялық алаңы болды. Оның мазмұнында ұлттық рух пен мәдени тәуелсіздік идеясы қатар өрбіді. Газет «Оян, Қазақ!» дәуірінің жалғасы іспетті болып, халықтың өзін-өзі тануына, заманауи білім мен өркениетке ұмтылуына жол ашты.
1913 жылы патша әкімшілігінің қысымы мен қаржылық тапшылық салдарынан газет жабылды. Редакция салықтық міндеттерді орындай алмай, баспа тәркіленді. Дегенмен, «Қазақстан» газетінің рухы жойылған жоқ – оның идеясы кейін 1913 жылы шыққан «Қазақ» газеті мен 1917 жылғы «Сарыарқа», «Бірлік туы» сияқты басылымдарда жалғасын тапты. Газеттің тағдыры ұлттық баспасөздің ауыр бастауы мен рухани табандылығының символына айналды.
Бүгінде газеттің 14 нөмірі Санкт-Петербургтегі Ресей Ұлттық кітапхананың сирек қорында, ал қосымша 2 саны Мәскеудегі Ресей Мемлекеттік кітапханасының сирек қорында сақталған. Барлығы 16 нөмірдің көшірмесі Қазақстанға әкелініп, ғылыми айналымға енгізілді.

Тарихи газеттің жабылуы туралы архив құжаты. РГИА СПб, Фонд – 776 , Оп. – 21, Д. – 252
«Қазақстан» газеті – қазақ халқының саяси және рухани тарихындағы ұлттық баспасөздің бастауында тұрған тәуелсіз ой мен ағартушылықтың қарлығашы. Ол өзінің қысқа ғұмыры ішінде: халықтың ұлттық атауын заңды деңгейге көтеріп, білім мен мәдениеттің маңызын ұғындырып, демократиялық сананың негізін қалауға үлес қосты.

2022 жылғы 29 маусым, Орал, тарихи ғимарат алдындағы мезет
Ақиқатында, «Қазақстан» – қазақ баспасөзінің азаттық идеясына ұласқан алтын көпірі. Арада сексен жыл өткен соң, 1991 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіз мемлекет «Қазақстан Республикасы» аталғанда, сол атаудың рухани іргетасы дәл осы газет бетінде қаланған еді.
Міне, жүз он бес жыл бұрын Көлборсыдағы Шәңгерей сұлтанның шартағында осындай ұлы жаңалық болып еді. 16 наурыз еді! Қазақтың үні болған серке басылым!
