Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЭССЕ
/
Ұларбек Дәлейұлы. Алма өспейтін ауыл...

Ұларбек Дәлейұлы. Алма өспейтін ауыл

09.03.2026

348

Ұларбек Дәлейұлы. Алма өспейтін ауыл - adebiportal.kz

(Эссе)

Оқушылардың жазғы демалысы жақындап қалған. Бір сарынды оқудан жалыққан тау балалары еркіндікке шығатын, жел кезген қыстақ көшесін шаңдата ойнайтын, бірі жайлауға кетіп, кең тыныстайтын күндерді тағатсыздана күтеді.

Ауыл орталығындағы мектеп пен біздің Көктерек қыстағының арасы алты-жеті шақырым. Қыс күндері екі аралық тіпті алыстап кетеді. Ақ қар көмген дала, кез келген уақытта ұйытқып соғатын пәтуасыз боран, мақта теңізіндей мамықта омбылай басқан ізіңнен қалатын сүрлеу. Атыңды жетелеп, тоныңды арқалап, ту-у алысқа көшіп кетпесең, мұнда жүреді екенсің қыстан бәрібір құтылмайсың. Сондықтан Алтайдың адамдары қыста бір бөлек, жазда бір бөлек мінез танытатынын ақыры түсінесіз. Ал жазда табалдырығыңнан басталып, көз ұшына жұтылатын қаражолмен жүру оңай, әсіресе велосипедің болса, сол алты-жеті шақырым дегеніңіз ересек балаға тым жеңіл көрінеді. Тек бір нәрсе бар – ойға салмақ салатыны да сол жолдың өзі.

Өзім күнде жүрген соң осынау құба жолдың иірі мен шиырын әбден танып алғанмын. Қай айналмада шашылған қойтастардың күн қақтаған қыналы желкесі көрінетіні, қай ағында жиналған құм табаныңды қыздыратыны, қай дөңестен соққан жел сарайыңды ашып, қай қойнауда тұнған ыстық пен буалдыр сағым аңқаңды кептіретіні – бәрі таныс.

Өрі мен қыры көп сол шаңдақ жолда велосипедпен ызғытып келе жатыр едім, сонадайдан әйел қарасы көрінді. Қыстақтар арасындағы тарам-тарам иен жолдарда тәңертең-кеш болмаса, талма түс кезінде адам қарасы аз болады. Жақындай бергенде таныдым, бізбен көрші тұратын жеңгем екен. Ес білгеннен көз алдында өскендіктен оның мені «қайным» деуден гөрі баласындай қарайтынын сезетінмін.

Жақындап келіп амандасқанша жерден басын көтерген жоқ. Менің жел ұрып қарлыққан дауысымды естігенде барып, «селт» етіп қарады. Жүзін торлаған мұң бар. Екі беті нарттай қызыл, сұлу да келісті жан еді, мына түрі маған ерсі көрінді. 

– Жеңге, мінгесіп алыңыз! – дедім өзімді нар жігіт сезініп.

– Өзің бара бер. Мені алып жүре алмайсың, босқа шаршайсың. Анау Бәйгетөбе жақтағы қабірдің қасынан өткенше қасымда еріп жүрсең болды. Сосын кете бер...

– Онда сөмкеңізді беріңіз, бөктеріп алайын.

Онша салмақты емес қара сөмкені велосипедімнің артқы орындығына өз сөмкеммен қосып, шандып байлап алдым. Қатарласа жүріп келеміз, арамызды белгісіз үнсіздік алшақтатып тұр. Алдымызда тік өр бар еді, қолымды алға созып, бар күшімді аяғыма жинап, үсте шықтық. Көпірден өтіп, аумағы үлкен, балшық қорғанды зираттың қасында келеміз.

– Сіз зираттан, өлген адамдардан қорқасыз ба? 

– Иә... бұрын қорықпаушы едім, соңғы бір аптадан бері үрей буып жүр. Мені уақыты жетпей, жазықсыз өлген адамдардың, әсіресе, тумай өлген сәбилердің аруағы қинайтын болды...

«Қабірстаннан қорқамын» деген сөзді бұрын үлкендерден талай естуші едік. Бірақ менің бала көңілімде қабір маңы еш қорқыныш емес, қайта ауылдың бір шеті ғана сияқты сезілетін. Ол жерде менің туысқандарым, ата-әжелерім жатыр. Екі жыл бойы осы жерден күндіз де, түнде де өтіп жүрсем де, «қорқу» деген сөздің өзі ойыма келіп көрмепті. Қабірстанның етек жағы тоған, жол ортасынан өтеді. Әр түрлі жазумен өрнектелген құлпытастар жақыннан көрінетін. Сол тұсқа жеткенде жеңгейдің жүрісі баяулады. Иығы салбырап, бір сәтке тұрып қалды да, мені айналып, тоған жақ шетке өтті. Қорыққан адам көбінесе өзіне емес, қасында біреудің бар-жоғына мән береді. Ол да солай, көзінің қиығымен мен жаққа қарап қояды. Бала болсам да мені пана көріп келе жатқаны.

Жаныңдағы үлкен адам үрейленсе, сені де қорқыныш буатыны табиғи. Алғаш рет қабірден қорықтым.

– Бәрі өз адамдарымыз ғой, тиіспейтін шығар... – дедім дауысым құмығып.

– Өз адамымыз жатқан жерден де қорқатын кез болады екен, қайыным, – деді. 

Сөз мәнісін, нені меңзегенін түсінбедім. Қабірстаннан өткен соң мен өзімді бір үлкен міндетін абыроймен атқарған батырдай сезіндім де қыстаққа қарай құстай ұштым. Жарым жолдан асқанда өрлі-қырлы дөңестер басталады. Бір дөңге шыққанда тұла бойымды тер алып, аузыма құрғақ шөптің дәмі келді. Темір тұлпарымның тіреуішін тіреп, сәл демалып отыр едім, сөмкеге көзім түсті. Өзім сабаққа ұстайтын әскери сарғыш сөмкенің үстінде іші тоқ қара жол сөмке байлаулы тұр. Балалық құмарлық қой, ішін ашқым келді. Сумаң еткен ойды тежей алмадым. «Тек бір қарасам болды емес пе? Ештеңе алмаймын...» деймін өзіме. Бала әрқашан өзін осылай алдайды ғой, үлкендер де өзін солай алдауға құмар, әрі жуып-шаюға шебер келеді. Бірақ айырмасы – үлкен адам алдағанын біледі, бала білмейді. Көп нәрселерді уақыт ескіртеді, махаббатың, кегің, ренішің мен қуанышың бәрі ескіреді. Көнермейтін бір нәрсе бар, ол әлі есеймеген шағыңда басыңнан өткен кейбір тосын істер ыстық пен суығы.

Сөмкенің аузы ашылғанда бала атаулыны баурап алар бір жұпар иіс аңқыды. Ішінде жаңа туған балаға арналған ит жейде бар екен. Сосын түйе жүнінен тоқылған кіп-кішкентай кеудеше мен сәнді байпақ, орауышқа арналған қалың мата, өзге де ұсақ-түйек киімдер. Ал бір шетінде толық байланбаған шағын жібек қалта ауызынан оншақты алма көрінді. Шамасы, жолда өзі ашқан болса керек. Біздің тауда алма өспейді, қиыр оңтүстікте көктейтін алма, қарбыз дегендерді аудан орталығына өзге ұлт саудагерлері әкеліп сатады, одан ауылға жеткенше бағасы қымбаттайды. Біздің жейтініміз қашанда қарақат, бүлдірген, тошала, тасжарған сияқты тау жемістері. Оның құнары да, дәмі де бөлек, әрине. Алайда адам баласы өзінде жоқ нәрсеге құмар ғой.

Алғашында қымсынғаныммен ақыры балалық құмарлығым жеңіп, біреуін жей бастадым. Дәмі тіл үйіреді, оның үстіне ыстық күннен кенезем кеуіп-ақ тұр. Күректі асуынан соққан ыстық аңызақ жел аңқамды кептіріп, таңдайым құрғап кеткен. Үйім алыс болған соң күні бойы тамақ та ішпегенмін. «Біреуін жегенде тұрған ештеңе жоқ, онсызда оншақтысы бар екен. Көрші қақысы деген де бар, онсызда қолы ашық жеңгем әлгінде ұмытып кеткен. Әйтпесе, бірер алманы өзі де берер еді». Сөйтіп, бала ақылым осылай заң шығарып алды. 

Сәл отырған соң өзімді билей алмай, екіншісін бас салдым. Одан кейін үшіншісі кетті. Қарасам жібек қалта ортайып қалғандай, ауыр қылмыс жасағандай күйге түстім. Сөмкені асығыс жауып, рулге іліп алдым да, үйге қарай құйындатып бердім. тепкішекті басқан сайын ішімдегі ұят та сыртқа шығып алып, соңымнан қуалап,  менімен бірге жүгіріп келе жатқандай. Қашып келемін, соңымнан дедектетіп ұят қуып келеді... 

Үйге жеттім де сөмкені жазғы үйге қоя салып, кешкі асқа отырдым. Қарным тойған соң үй артындағы тауға өрмелеп, өз-өзімнен ой қуып кеттім. Қылтаны аз жақпар жартасқа өрмелеп, өзім жақсы көретін үңгірде жатып төңірекке көз тастадым. Тау биік әрі тік еді, айналаның бәрін төбеден көріп отырасың. Сонадайда Ботамойын асуына дейін тірелетін тақталы атыздар, оң жақта біздің қыстақтың сымдай тартылған, екі жағына көк теректер өскен шаңдақ көшесі. Бидай атызын қақ жара түстікке қарай ұмтылған соқпақ жол Елубайдың құдығына жетіп тұмсық тірейді. Кештетіп су алған бірнеше арба қыстаққа қарай кетіп барады.

Біздің үй жаққа көз салып едім, кешкі ымырт ішінен ауламызға тақау келіп тоқтаған арбадан түсіп жатқан жеңгемді таныдым. Әне, біздің үйге қарай бара жатыр, жазғы тамға кірді де аз аялдап қайта шықты. Сосын, біздің үлкен аумақты алып жатқан қырманды басып, артқы қоршаудан шығып үйіне қарай кетті. Бір сәт демім шықпай қалғандай болды. Ойымды шырылдаған тау қарлығашының үні бұзып жіберді. 

Мен отырған үңгірді бағзыдан тау қарлығашы мекен етеді. Бірер жыл бұрын ауылдағы тентек достарыммен бірге мергендік сынасу үшін төбеге салынған ұясын таспен атқылап бұзып тастаған едік. Міне, орнына жаңасын салыпты. Ұясына оралған қос қарлығаш мені танып тұрған сыңайлы, төбемнен арлы-берлі ұшып тыным таппайды. «Әуелден адам баласымен дос едік, мынау есерсоқ тағы келіпті, онысы тегін емес» дегендей. Өзегімді енді қос өкініш қатарласа өртеді, кеудемнің екі тұсынан екі от жанып жатқандай, қарадай құлазыдым. 

Таудың үрейлі түні етектегі кереге тастарды баса, маған қарай өрмелеп келеді. Жалама жартас үңгірлеріне маған таныс қарашұбар жыландар өрмелеп жете алмайды. Ақылды құс соны біледі, абажадай кең, еңселі үңгірдің ең оңтайлы жерін таңдап салған ұясы ирелеңдеген суықбауыр жыландардан аман қалғанымен, екі аяқты адам пендесінің бұзақы балаларынан құтылмады. «Мен неткен тасбауыр едім» деп ойладым. Жұбай құстарға қарап: «Енді ұяларыңа тиіспеймін. Балапандарың бауыр көтеріп, қанаты қатқанша күнде келіп қарап тұрамын. Мұнда ешкімді жолатпаймын. Қорықпаңдар, мені дос деп ойлаңдар!» дедім дауыстап.

Кінәлі кейпімнен, мүләйім дауысымнан менің қауіпті жау емес екенімді сезсе керек. Екеуі қатарласа ұшып, айналсоқтай келіп ұяларына қонды. Сол кезде барып төрт балапаны шиқылдай бас көтеріп, ауыздарын ашты. «Ешқашан тиіспеймін сендерге. Қайта қорғаймын!..». Өз дауысымнан жылап тұрғанымды сездім...

Арада біраз күн өтті. Жаныма батқан «алма ұрлығының» ұяты біртіндеп сейіліп, ұмытып та кетіппін. Шешем бізбен іргелес тағы бір апамен әңгімелесіп отырды. Әңгіме ауанына қарасам, дәрігерлік, босанған келіндер жайында сияқты. Өйткені менің әкем де, шешем де аты белгілі дәрігерлер. Қызыл крест суреті бар төртбұрыш сөмкесін мойынына асып алған әкем күндіз-түн демей ел аралап, науқастарды емдеп жүреді. «Туытанасы» деген аты бар шешем ауылда толғатқан әйелдерді босандырып әлек болып жүретін. Гинеколог деген сөзге тілі келмейтін қазақтар «Туытана» деп атағанды ұнататын. Ол шақта көп істерге мән бермейміз.

– Ана қатын жақында ауданға барып еді ғой, – деді әлгі кемпір. – Үкіметтің жоспарынан асырып, үшіншісін тез көтеріп қойғаны үшін аудандық ауруханаға апарып, уколмен түсіртіп қайтыпты. Байы егіннің екінші суынан босамай өзін жалғыз жіберген екен.

Бұл әңгімеден хабары бар-жоғы белгісіз шешем үндемей тыңдап отырды да, қатты күрсініп жіберді.

– Алты айлық ұл бала екен дейді. Ол қатынның қасарысқанына қытай бастықтар қарасын ба? «Қашып-пісіп жүріп туатын болсаң, он бес мың юан төлейсің» депті. Ондай ақшаны байы екеуі өмір бойы қытайға құл болса да ақтай ала ма? Ақыры көніпті. Емханада екі күн жатып шыққан соң жарық дүниені көре сала жаны қиылған шақалақты қызыл матаға орап қолына ұстатқан екен, қала сыртындағы ескі қабірстанға өз қолымен жерлеп, үйіне қайтыпты. Тым құрса сүйеу болар күйеуі де қасында жоқ еді, әттең. Осы қыста бір дорба түйе жүнін әкеліп, болашақ ұлына арнап маған жылы байпақ, кеудеше тоқытып еді...

Жүрегім «зырқ» ете түскені. Бала жүрегінің алғаш рет әділетсіздікке, өлімге, зорлыққа тірелгені болар. Оған қоса мұрыныма алма иісі келді. Таңдайыма жеткен алма дәмі бұл жолы тым кермек сезілді, біреудің көз жасын жұтып қойғандай түршіктім. Шешем шарасына толған жасты жаулық ұшымен сүртіп, теріс айналды. Осыған дейінгі саналы өмірін қаншама сәбиді аман-есен босандырумен өткен, өзі алты бірдей ұл мен қыз өсіріп отырған ана үшін ауыр тигені белгілі. Сол көрші жеңгемнің ұлы мен қызын шешем босандырып алған. Ары қарай тыңдауға дәрменім жетпей, тысқа шығып кеттім. Алғаш рет болар, сол түні ұйықтай алмадым. 

Біздің таулы қыстақты қыс бойы иықтан жауған қалың қар басып жататындықтан ат шанадан өзге көлік атаулы қатынай алмайды. Көктем туа қыстақ көшесін шаңдатып, сұры түсті УАЗ көлігі жиі келіп кететін. Үлкендердің айтуынша, мемлекеттің «Жоспарлы туу» саясатын бұлжытпай орындау үшін қытай дәрігерлері келіп, қыстақтағы жас әйелдерінің жатырына бірдеңелер салып, иығына дәрілер көміп кетеді екен. Бұлшық етті тіліп, тереңге салатын белгісіз бір дәріні ауыл адамдары «Дәрі көму» деп атайтын.

 

*   *   *

Санап отырсам, одан бері отыз неше жыл өте шығыпты. Таулы қыстақты тастап, Алтайдан кеткеніме ширек ғасыр болыпты. Содан бері әлгі үш түйір алма менің ішімде көрінбей көктеп жатыпты. Осынау оқиға әр кез есіме түскенде жанымды бір шымшып өтетінін ешкімнен жасырмаймын. Әсіресе, дүкен сөрелері мен жеміс базарларында жайнап тұрған алмаларды көргенде өзімді ыңғайсыз күйден құтқару үшін үнемі тез өтіп кетуге тырысатынмын. Адам дегеннің өзі кейде бір-ақ сәттің қарызын өмір бойы арқалап өтетін сияқты ғой.

Өткен жылы көктемде қайран әкем бақилық болды. Күллі ғұмыры адам емдеумен өткен, аса қайсар жан еді. Біз есейіп кетсек те жылап-еңіреп жүріп, ақтық сапарына шығарып салдық. Жаназаға кезінде оның шапағатын көргендер молынан жиналды. Бірі әкемнің емінің арқасында аман қалған жалғыз ұлын мысал етсе, тағы біреулері әйелінің қалай емделіп, сауыққанын, тағы біреулері өздерінің ажал тырнағынан марқұм әкемнің мұқият емінің себебімен тірі қалғанын айтысады.  Бір ақсақал қабір басындағы жас топырақты күрекпен салып жатып: «Жарықтық-ай, жаның мәңгі Жұмақта болсын! Сен болмасаң, менің қабіріме осы күні қурай қаптап, сүйегім әлдеқашан қурап жатар еді ғой» деп еңкілдегені есімде.

Әкемнің жетісі өткен соң өзім тұратын қалада әке аруағына арнап ас бердім. Көз көрген көне ауылдастарым мен дос-жаран, туыстарымнан біршама ел жиналды. Кенет ағама еріп, жоғарғы қабатқа көтеріліп келе жатқан әлгі жеңгемді көрдім. Көзіме оттай басылғаны-ай! Мен оны, ол мені бассалып құшақтас амандастық, көз жасымызды да тыя алмадық. Сол сәтте әкем үшін жыладым, жеңгем үшін жыладым, дүние жарығы бұйырмаған, аты қойылмаған балпанақтай ұл үшін жыладым, ұрлап жеген үш алма үшін жыладым, өзім үшін де жыладым. 

Бір-бірімізге мүлде тіл қатпасақ та, іштей сөйлесіп тұрмыз. Көз алдымнан бір сәтте бәрі тізіліп өтті: мектеп пен қыстақ арасындағы соқпақ жол, Байгетөбеден айнала қалғанда қарсы алдыңнан шығар қабірстан, жүзі нарттай жанып жүретін жас жеңгем, қара велосипед... бәрі елестеп өте шықты. Дөң үстінде, Күректі асуы жақтан соққан аңызақ желден ерні кеберсіп, шақырайған күн астында жолаушы сөмкесінен алма алып, ашқарақтана жеп тұрған он үш жасар бала...

Мен сол үш алманы енді ешқашан қайтара алмаймын. 

Өзім алма өспейтін тауда туып-өстім. Тағдырдың мені аяғаны болар, қазір де алма өспейтін қалада тұрамын. Алайда менің жүрегімде әлдеқашан қаулап өсіп кеткен алма бағы бар. Әр түп алма менің естеліктеріме толы. Бір түбінде аңғал балалығым, бір түбінде тау қарлығашының ұясы, бір түбінде әкем, ал тағы бір түбінде ғұмыр жарығын көрмеген алты айлық баламен қоса жүз мыңдаған қазақ сәбилері жерленіп жатыр...

Менің жаным мен жүрегімде балалық шағымда жарылмай қалған сыздауық көп. Есейе келе кейбірі тіпті күйікке айналған. Сол кезде батырсынып жеңгемді қабірстанның қасынан өткізіп салған едім, нағыз қорқатын нәрсе – ата-бабаң жерленген зират емес, тірі жүрген адамның өзі екен. Қолдан жасалған саясат пен оның жолында өлген, азап шеккен, қорланған қаншама пенденің азалы рухы мен жанын сіз ешқандай қабірстанның қасынан қорғап алып өте алмайсыз. Отарланған бір ұлттың қайғысы мен жаралы рухына зорлығы үстем, шеңгелі күшті екінші ұлттың батырған тіс-тырнағының ізі оңай өшпейді. Жер басып жүрген адамын былай қойғанда, құрсақтағы сәбиіне ауыз салған олар адам етіне ешқашан тоймайды.  Менің туған жерімдегі қаншама қыстақтан қаншама сәби дүние дидарын көрмеген қалпы құрсақта көз жұмды екен?

Кейде үрейлі түстер көремін. Түсімде әлі сол бала қалпымда ақ жейдемнің арқасын жел кеулеп, велосипедпен ұшыртып келе жатамын. Әлдебір уақытта дөң үстіне тоқтап, рулге ілген қара сөмкені ашамын. Ішінде алма емес, балпанақтай ұл бала жатады. Маған қарап күлетін сияқты, бірақ, үндемейді. Үндемесе де мен оны естіп тұрамын. Сұраулы жанарымен «Сол күн есіңде ме?» дейді. «Ұмытпаған екенсің. Екеуімізде де еш кінә жоқ қой» дейді, сосын. «Аяғым тоңып кетті, жүн шұлығымды кигізіп берші» дейді тағы.  Осы тұста оянып кетемін, терезені айқара ашып көшеге, қаулай өскен ағаштарға көз саламын. 

Бір тәуірі онда да алма өспейтіні қандай жақсы...

08.03.2026

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan