Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Көрісу күні - жыл басы!...

Көрісу күні - жыл басы!

13.03.2026

213

Көрісу күні - жыл басы! - adebiportal.kz

14 наурыз – Көрісу күні. Амал мерекесі деп те аталып жататын осы күннің мән-маңызы жыл өткен сайын артып келе жатқаны көңіл қуантады. Көрісу күні немесе Амал мерекесі – қазақ әлемінің батыс бөлігінде ішінара ұмытылмай сақталып келген болатын. 

Әрбір мерекенің туып қалыптасуына тарихи-әлеуметтік, геосаяси, шаруашылық-климаттық факторлар әсер етеді десек, Көрісу күнінің де түп төркіні тым арыда. Және дәл осы 14 наурыз межесі Еуразияның ұлан-ғайыр даласындағы көптеген халықтарға тән. Бұл жөніндегі аз-кем ойларымызды бірер жыл бұрын «Әбдөкейден Амалға дейін» атты мақаламызда жазған едік.

Жыл басын қарсы алу – әр ұлттың, халықтың, мемлекеттің өзіндік мәдениетінің бірегей көрінісі. Амал мерекесінің осы тұрғыдан алғанда да орны ерекше. Қазақ халқына ғана тән наурыз айындағы жыл басын қарсы алу дәстүрі. 

Наурыз мейрамын қарсы алып тойлаудың игі дәстүрі соңғы бірнеше жыл көлемінде қалыптасты. Көрісу күнінен бастап, 14-23 наурыз аралығындағы әрбір күнді дара мазмұндағы іс-шаралармен атап өту дәстүрі жақсы қалыптасып келеді.

Жыл басын қарсы алуды наурыз айының 22-сінде емес, 14-інде бастаудың өзі халқымыздың ежелден бергі бір-бірімен көрісу (жолығысу, қауышу) дәстүрінің көкжиегі қазіргі күні кеңейе түсті. Мұнда ежелгі дәстүрдің түпқазығы болып келген, қазіргі күні мазмұны мен мағынасын бұрынғыдан да арттырып, жетілдіре тойлап келе жатқан Маңғыстау жұртының, Отпантауда орындалатын «Бірлік оты» қатарлы рәсімдердің орны әрине бөлек.

Әрбір үлкенді-кішілі мейрамды әдетте науқаншылдықпен мәжбүрлі тойлату – мүмкін емес. Қаржы-қаражат, адам күшін төгіп мүмкін қылғанның өзінде, біраз жылдан соң-ақ мәнінен ажырап, қожырап ұмытылып кетпек. Ал ежелде қалыптасып, халықтың жан жүрегіне орнығып, санасына сіңген атаулы күндер тіпті қиын-қыстау замандарда да еске алынып, атап өтіле бермек. Оған мысалдар баршылық. Көрісу амалы да – соның жарқын бір мысалы. Олай болмаса да «діни сипаты бар» деген желеумен тыйым салған коммунистер заманында да халық ұмытпаған берік дәстүрлі мейрам.

Тарихы да тым арыда жатқандықтан да ұмытылмаған. «Көшпенділер өз жаңа жылдарын тойлағанда, барлығы бір ауылда жиналып, өткен ескі өшпенділіктерін ұмытып, қару-жарақтарын тастап, бір біріне ізгі тілектерін айтады», - деп он бір ғасыр бұрын Махмұт Қашғаридің жазғанын көрісу рәсімінің сұлбасы да аңғарылып тұрған жоқ па?

Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай,

Жамырасып өріскен.

Шалдар бата беріскен:

«Сақтай гөр!» – деп терістен.

«Кел, таза бақ, кел!» десіп,

«Ием тілек бер!» десіп,

«Көш, Қайрақан, көш!» - десіп,

«Көз көрместей өш!» - десіп,

Бата-тілек бөліскен.

Жыл басын қарсы алудың негізгі амал-әрекеттері – осы. Амандық-саулық, татулық-бірліктің нышаны ретінде алыс-жуықтан жеткен ағайын-туыс, ел-жұрт бір-бірін аман көргеніне қуанысып-құттықтасып, қыстан қалған сүрісіне дәнді дақыл қосып пісіріп, езбе құртпен дәмін келтіріп жасаған көжеден көп болып ауыз тиетін ақжарылқап тілекті, ақжарқын көңіл-күйлі мереке  бұл.

«Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен», - деп Абайдың өзі жазғанындай, Наурызды қазақтардың тым ертеден тойлағаны анық. Дегенмен жыл басын қарсы алып тойлау межесіне қатысты өткен ХХ ғасырдың басына дейін қазақ даласында нақты бірізділік болмаған. 

Кезінде Алаш зиялыларының өзі баспасөзде мақала жазып, осы мәселеге назар аудартады. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 9 наурыздағы № 15 санында: «Наурыз – қазақша жыл басы, бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді», - деп жазады. Яғни ХХ ғасырдың басында Наурызды қарсы алу дәстүрін бірізділендіру күн тәртібінде тұрған. Мұндағы мән берерлік маңызды ақпарат – осы тұста Наурыздың қай айда, қай күні тойланғандығы. «Наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың 1-інде, екіншілері тоғызында келеді деседі.»

Осында айтылған сегіз күндік айырмашылықты біз бүгінгі 14 және 22 наурыз деп түсінуге болады. Ол заманда да қазақтар бүгінгідей Наурыз мейрамын 14-22 наурыз арасында тойлаған деп сеніммен айта аламыз.

«Һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт нәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қалып шаттықпен өткізеді», - дей отырып, «Қазақ» газеті елге ой тастап, ұсыныс айтады: «...Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ, ұнамды іс болар еді.

Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің жаңа жыл – наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады. Біз оқушыларымызды жаңа жылмен құттықтауға наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз.» 

«Ертеде наурызды бір ай тойлаған» дейтін айтылымның бір ұшы осында жатса керек. 

Осы ретте 22 наурызды қазақта «қызылбастың жаңа жылы» деп атайтын ұғымның да барлығын ескерген жөн. Қызылбас деп отырғаны – қазіргі иран жұрты. Наурыздың «ноуруз» жаңа күн» деген атауының өзі осы үнді-еуропа тілді халықтан келген дегенді құптаймыз және мерекенің атауына түркілік төлтума «нау ырыс», «ну ырыс», нәр уыз» т.б. поэтикалық тіркестес негіз болды дегенге келіспеу – өзімізді өзіміз жоққа шығару емес. 

Көрісу немесе Амал деп аталуының өзі – әр жылдың он екі айындағы табиғат құбылыстарына байланысты жасалатын болжамдардың дәл осы күннен басталатындығынан да болса керек. Яғни 14 наурыз – қазақ ұғымындағы жыл бойғы жеті амалдың басы. 

Амал деген айыңыз – мына келген,

Күн қабағын ашар ма сұрағанмен.

Жаңбыр кешіп жүгірген балалық-ай,

Құлыншақтай құлдырап құба белден, - 

деп Есенғали ақын жырлағанындай, Амал – жаңа келген айдың да аты. Тиянақтай айтқанда, Көрісу күні – халқымыздың жыл басын қарсы алатын, тарихы терең төл мейрамы. Қазақ әлемінде жаңа лепке, тың серпіліске ие болып отырған Көрісу күнінің мән-мағынасы, берер рухани қуат-күші жыл өткен сайын зорайып, асқақтай берсін! Көрісу күні, Амал мерекесі құтты болсын!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan