«Халық мемлекетке айналу үшін ең әуелі публика мен полемика кезеңінен өтуі керек…».
(Дмитрий Корчинский)
«Көркемдік танымы, эстетикалық ой-талғамы бізден бөлек адамды жер қылып жеңу былай тұрсын, өлтіріп тастағымыз келіп тұрады…».
(Таласбек Әсемқұлов)
Фридрих Ницше бүкіл әлем әдебиеті мен мәдениетінің келбетін өзгерткен, керек десеңіз, XIX ғасырда өмірге келген декаданс дәуірінің басында тұрған ғажайып тұлға. Сондықтан Ницше жайлы айтпасақ, мұнымыз енді ұжданға сын болар еді. Жуырда ғана жазылған кезекті бір жазбамда «Жетілген мәтін мен классикалық өнер де адамды тазартушы храм мен Қағба есебінде» деген ой айтқан едім. Неміс философы Ницшеге қатысты төмендегі түсінігім де сол ойлардың циклді жалғасы іспетті.
Қысқасы, менің автономды бұл көзқарасыммен келісуіңіз де, я келіспеуіңіз де өз еркіңізде.
Ал «исламның жауы, дінсіз неме» деп жеті бабамды желдей көшіріп балағат айтып басымды қорлайтындарға ақын Орынбасар Әлдіковтың «Мейлі, түкіріңдер, түтіп жеңдер ...Бәріне де түкіріп үйренгендер» деген екі жол өлеңімен ғана жауап бергім келеді. Бастысы, осы жазбамды елеп, ескеріп оқыған оқырмандар тарапынан конструктивті сын, мәдениетті пікір күтетінімді де еш жасырғым келмейді…
«ҚҰДАЙ ӨЛДІ». Сөз жоқ, Фридрих Ницшенің осы тұжырымы мәдени мінбер биігінде міндетті түрде талқылануға тиіс. Мәселе, Құдайдың бар я жоқ екендігі туралы емес, Ницше бұл фраза арқылы не айтқысы келді, міне, осы ойды жіпселеп тарқатсақ дейміз.
Бізде бір жаман ғадет бар. Батыс танымын барынша еуроцентризм ұғымына балап, одан халқымызды қызғыштай қорғаудың рухани иммунитеті тек өзіміздің «қазақ философиясы» деп ойлаймыз. Бұл – барып тұрған ергежей, керек десеңіз ұлтты түбі бір құрдымға құлатпай қоймайтын түсініктің өзі.
Қазақ дүниетанымы, бар болғаны, әлемнің бір түйір бөлшегі ғана екенін ескерсек, бізге ең керегі де адамзаттық аумақ аясын қамтыған классикалық философия дер едік.
Классикалық философия да бейне бір әлемдік әдебиет жауһары секілді. Әрине, мұны меңгермей ештеңе де болмайды.
Сонымен, Фридрих Ницшенің «Құдай өлді» фразасы нені білдіреді?
Әрі адам санасы үшін мұндай миыңа сыймас «қорқынышты» пайым нендей құбылыстың негізінде пайда болды?
Біздің ойымызша, бұл Еуропа елі үшін табиғи жағдай еді. Бұл бүгін болмаса да ертең, ертең болмаса да бүрсүгіні бәрібір мінберге шығатын мәселе-тұғын. Басты мәселе соны адам жүрегі дауалап қабылдауы мен түсінуі еді.
Өркениетті елдерде рационалды пайымның алдыңғы шепте жүретінін ескерсек, аталған фразаны сол кездегі Еуропадағы сыни ойлау мәдениеті өмірге әкелді десек те болады.
Ескі танымды сындарлы әшкерелемей жаңа түсініктің табалдырық аттай алмасы тағы да белгілі.
Енді әңгіме әлхамын етене түсіну үшін бастапқы кезеңге аздаған шегініс жасасақ дейміз. Сонымен, әуелгі кезеңде не болып еді?
Ілкіде адамзат нәсілі ақылы жетіп ашалап түсіне алмаған табиғат құбылыстарының бәрін «Құдайдың құдіретіне» балады.
Ницше фразасы «Құдайдың құдіретіне» балаған осы құбылыстардың, бар болғаны, физикалық заңдылықтар екенін, бұл үшін енді Жаратушыға жалбарыну мен оған қайта-қайта тағат-ғибадат жасап мазасын алудың мерзімі түгесілгенін түсіндіру еді.
Мұндай ойларды тек бір Ницшеден ғана емес, сол кезеңдегі ірі ойшылдар еңбегінің көбінен ұшыратуға болады.
Аталған сол еңбектерді оқи отырып мынадай ой түйеміз.
Адамзаттың бұдан кейінгі «Төбеден түскен төрт кітабының» әміршілері пайғамбарлар мен сахабалар емес, ендігі су жаңа қожайыны адамның өз автономды көзқарасы, сондай-ақ кез келген дүниеге «сындарлы қарай алуы» мен «күмәндана алу» қасиеттері екенін ұғамыз.
ҚАЙЫРА АЙТАЙЫҚ, «ҚҰДАЙДЫ ӨЛТІРГЕН» ДЕ ОСЫ КҮМӘНДАНУ МЕН СЫНДАРЛЫ ОЙЛАУ ӘРЕКЕТІ ЕДІ.
Сонымен, әуелгі кезең әрекетінен тағы бір сөз суыртпақтап көрейік.
Осылайша өмірдің өз даму ырғағымен адамның табиғи өсімі де күннен-күнге еселене берді. Бұл мәселе өз кезегінде түрлі қауымның пайда болуына, енді сол қауымды шашауын шығармай айламен басқаруды талап ететін тәсілге әкеліп тіреді. Бақсақ, бұл биліктің төл табиғаты, ал дін атаулы дәл осы үшін табылған басқару тәсілі еді.
Біз ілгерідегі бір жазбамызда көрінекті философ, әдебиет саласы бойынша «Нобель» сыйлығының иегері Бертран Расселдің кей еңбектері арқылы осы құбылыстың мәнін ашалап жазуға тырысқан едік.

Мұны жазудағы себебіміз, адам санасының қашанда алдануға бейіл тұратын әрекеті еді. Сонда байқағанымыз, неге екені белгісіз адамзат санасы бір нәрсеге алданудан я жанын сала үміттенуден ерекше жұбаныш табатыны.
Міне, ет пен сүйектен жаралған пенде баласының осы әлсіздігінің де көп өтпей жатып-ақ әлгі билеушілер тарапынан жауабы да табылды.
Бұл құбылыстың табиғатын терең зерделегендігінен шығар, Ницше дін мен саясат идеяларының өзара ауыз жаласқан бір ұғым екенін айтып қатаң сынады. Әсіресе, социализм идеяларының дінмен ымыраласқан тұстарына ерекше назар аударды. Бұл мәселеде Ницшемен келіспеске еш амалымыз жоқ. Біз кеше кеңес халқының миын ботқа қылған коммунизм идеясының да осы діндегі «ұжымақ» ұғымынан алынған идея екенін жанама мысал ретінде ұсынған болар едік.
Енді сөзіміз дәлелсіз болмас үшін мына бір мысалдарды келтіре кетейін.
Айталық, христиандық көзқарас бойынша: «Бұл дүние – күнәға батқан әлем. Әлсіздер үнемі мықтылардың езгісінде, сол үшін біз Құдайға және айналамыздағы адамдарға қызмет етуіміз керек. Болашақта Құдай рақымымен жұмақ орнайды, барлық әділетсіздік жойылады» дейді.
Ал бұл сөйлемдер социалистік мазмұнда былайша түрленді.
«Бұл қоғам – қанау мен әділетсіздікке толы. Әлсіздер мықтылардың қолында құрбан болып жатыр. Сондықтан өз мүддеңді ойламай, мұқтаж жандарға көмектесу керек. Тарихтың ілгерілеуімен әділетті социалистік жүйе орнайды, ал зұлым қанаушылар мәңгі жойылады» дейді.
Байқайсыз ба, дәл осы қос пайым қағидалары бүгінгі авторитарлы биліктің халыққа қаратып айтатын жалынды ұрандарына да көбірек ұқсайды.
Қарап отырсаңыз, осы екі мысалдың өзінен қандай айырмашылық, нендей өзгеріс көріп отырсыз.
Рас, адамға ақыл ойлану, бір нәрсенің нарқына жетіп түсіну үшін берілген.
Бұл тұрғыдан келсек, кешегі үңгір ішіндегі ұят пен әділеттің де көлемі кішкентай болатын. Айналып келгенде не нәрсе болсын адам ұятының көлеміне байланысты анықталады десек, адам баласы ғаламдық шексіздіктің қасында ештеңе де болмағанымен, саяси шындықтың алдында еңбегі қатпаған сәбидей болмағаны жөн.
Қаламгер Марат Қабанбай айтпақшы: «Ұлт» деген кішкене ғана күркешік жасап алып, соның ішінде «сәби болғым келеді, сәби болғым» деп әндетіп қойып…» әсте жатуға болмайды.
СОНЫМЕН, ФРИДРИХ НИЦШЕНІҢ «ҚҰДАЙ ӨЛДІ» ДЕГЕН СӨЗІ ТЕК ҚҰДАЙ ТУРАЛЫ ЕМЕС, САНАМЫЗҒА ҚҰДАЙДАЙ БОЛЫП СІҢІП КЕТКЕН ТҮРЛІ СТЕРЕОТИПТЕРГЕ, ЕСКІ КӨЗҚАРАСТАР МЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАҒА ҚАЙТАДАН ҚАРАУ ДЕГЕН ТҰЖЫРЫМҒА САЯДЫ.
Ендеше, сіз бен біз санамызға текемет төсеп жатып алған осындай мызғымас түсініктерді әшкерелеуге дәл қазір дайынбыз ба?
XIX ғасырды айтпағанда, содан бері аттай екі ғасыр өтсе де бұл фразаның мәніне бойлап, мағынасына жетуге аз да болса талаптанып көрдік бе?
Әлде қоғамдық пікірден өлердей қорқамыз ба?
Сонымен, Құдай өлді дейік.
Енді Ницшенің сол «өлген Құдайының» орнын не ауыстыруы мүмкін?
Бұған енді ұлы философтың өз сөзімен жауап берейін.
Ол: «Нағыз адам – өз еркіндігінен ғана күш алады. Ол қоғамның, діннің, тіпті мемлекеттің бұйрығына да көзсіз бағынбайды. Керісінше, өмірдің қатал шындығына тура қарап, соны еңсеру арқылы ғана рухани биіктікке көтеріле алады», – дейді.
Ницшені түсініп отырмын. Тобыр қашан да сәби. Бұл жерде «сәби» ұғымы балаға қатысты емес, санаға қатысты. Дін мен билік, лауазым мен шен, тобыр үшін қашанда сәбидің «еміздік» есебінде. Бұған алданбай, бұған жұбанбай пенде баласы еш тұра алмайды. Билік те мазасын алып жас сәбише «жылайтындардың» ауызына «омырау» төсеп осылай уатады. Рас, өнер адамдарының шен мен шекпенге өлермендігін айтпағанда, «еміздік» сұрап жылайтындардың қарасы қашанда көп.
Бұл әрине, дін мен билік үшін таптырмас тәсіл.
Шын мәнінде сонау ықылым заманнан бері адамзатпен бірге жасасып келе жатқан мұндай үйреншікті әрі дәстүрлі түсініктерге бір күнде «сындарлы қараудың» сәбиді омыраудан айырғандай ауыр екенін де жақсы түсінуге болады.
Өзімнің жеке көзқарасым…
Ницще кітабында айтылған: «...ӨМІРДІҢ ҚАТАЛ ШЫНДЫҒЫНА ТУРА ҚАРАП, СОНЫ ЕҢСЕРУ АРҚЫЛЫ РУХАНИ БИІКТІККЕ КӨТЕРІЛУ…» деңгейіне дін секілді сырттан жапсырылған дайын шаблондар ережесі еш мүмкіндік бермейді, керісінше, рухани жетілу мен түлеудің бәрі адамның өз арпалысы мен тұлғалық даму тәжірибесінің ішінде деген пайымды қуаттаған болар едім.
Сонымен, Ницшенің «Өлген Құдайының» орынын не алмастыруы мүмкін?
Бұған Құдайға құл, пайғамбарға үмбет қылмаққа үндейтін кешегі жол еш ілдебайға жүрмейді. Өз ішіңе бойлап өзіңді табу, сол арқылы сана биігіне талпыну сапары ғана сәттілік болып есептеледі.
ОЛ – АДАМ ЖАНЫНЫҢ МЫҢ ҚАТПАРЫНА ҮҢІЛІП ТЕРЕҢ ЖАУАП ІЗДЕЙТІН, АР МЕН ҰЖДАН ІСІНЕ ҚОЗҒАУ САЛАТЫН ЖАСАМПАЗ ТУЫНДЫЛАР МЕН КЛАССИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ДЕР ЕДІК...
Бұл Ницше «өлтірген Құдайды» басқа формат, өзге мәдени мазмұнда тірілту десек те болатындай.
