Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Сағат Әбдуғалиев. Жүрегінде қалу керек халықтың...

Сағат Әбдуғалиев. Жүрегінде қалу керек халықтың

17.03.2026

5625

Сағат Әбдуғалиев. Жүрегінде қалу керек халықтың - adebiportal.kz

Қысқа ғана ғұмырында өлместей өлең жазып үлгерген ақындар болады. Сондай ақынның бірі Орал өңірінің перзенті Сағат Әбдуғалиев еді. 

Сағат тағдырлы ақын. Ол небәрі 36 жыл өмірінде тағдырдың сынағы мен талай тауқыметін тартып үлгерген. Табиғи талантқа тән тегеурінді мінезі мен шідер үзген еркін болмысы оны өмірдің талай бұралаңына салды. Ноқтаға сыймас өр рухы үшін абақтының азабын да көрді.

"Қулықтар мен сұмдыққа кіжінгенде,

Тіршілікті келеді тастап кеткім", – деп жазған Сағат 1983 жылдың қақаған қысында аяқ астынан із-түзсіз жоғалып кетеді. Қыстай хабарсыз кеткен ақынның денесі қар еріп, көктем шыққан уақытта ғана ауыл шетіндегі бір сайдың аңғарынан табылады. Бұл жайында бард-ақын Табылды Досымов: «Ол Сағат еді-ау… Неткен ауыр тағдыр. Небары отыз алты жасында қазақ поэзиясынан өзіндік орын тауып, кенеттен бәрін лақтырып, артына қарайламай кете бару – адам түсінбес дүние. Бірақ, өмір кетпесіне қойды ма?! Өлмесіне рет берді ме?! Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен түрмелерінің тақтай төсегін әлденеше жамбастаған Сағат еліне өкпе ауруын жамап қайтты. Ендігі жерде Сағат ақынға бұл дүниені тәрк етпеске жер қалмап еді. 1983 жылдың желтоқсанының соңғы күндері. Калмыков селосынан кешкілік үлкен трасса жолды бетке алып шыққан шайыр бір сайдың аңғарына құлайды. Сол түні қатты аяз ұрып, қалың қар жауған… 1984 жылдың наурыз айының бір жайма-шуақ күндерінде малын ауыл маңына өріске шығарған екі бала ақын мүрдесін таппағанда, Сағатқа сайлы жерден топырақ та бұйырмаған болар еді…», деген екен.

Сағат Әбдуғалиев 1948 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында дүниеге келген. Көзінің тірісінде жарық көрмеген жырлары кейіннен «Құлыншақ көктем», «Көзайым келешек», «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның», «Жанымның жалғыз бұлбұлы» секілді бірнеше кітап болып шыққан.

Шын мәнінде Сағат қандай ақын еді? Бұл сұраққа Жарасқан Әбдірашевтың «Сағат өлең оқығанда біз тек қана тыңдап, ләззат алатынбыз», деген сөзі дәл берілген жауап болса керек. Осы пікірден-ақ оның қандай ақын екенін аңғаруға болады.

Ал Қадыр Мырзалиевтің «Сағат Әбдуғалиевке қызмет ету – түбінде әдебиетке қызмет ету болып шығады» деген сөзі – бүгінгі ұрпаққа аманаттай естілуге тиіс. 

 

Тудырып пікір таласын,

Жайым жоқ елді екшемек,

Бөлмеймін қазақ даласын:

Жетісу, Жайық, Көкше – деп.

................................

Арғымақ шалып қырларға,

Сүйемін күнді, Ай төсін.

Рухымды көріп тұрғанда,

Руымды сұрап қайтесің?!

Сағат ақын рушылдық пен жершілдік санадан аса алмай тұрған кезеңде тар шеңберді бұзып, кең ойдың, биік танымның сөзін айтқан. «Рухымды көріп тұрғанда, руымды сұрап қайтесің?!» деген бір ғана жолдың өзінде қарсылық та, биіктік те жатыр. Мұндай сөзді айту үшін де үлкен жүрек керек. Сағат Әбдуғалиев сол жүректің иесі еді.

Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,

Жүрегінде қалу керек халықтың! 

Бұл жолдарды Сағаттың ақындық мұраты деуге болады. Және ол қысқа ғана ғұмырында сол мұратына жеткен ақын. Шынында да, Сағат Әбдуғалиев – ата-ананың ғана емес, тұтас халықтың жүрегінде қалды. 

Тәтті мұң

Жанымнан көрдім кеше түн,

Жанарың жәуміт, жан құрбым.

Жұпары сенен есетін,

Жайықта жауған жаңбырдың.

 

Жалғанда жаңғақ тәтті ой көп,

Жазмыштан жүрдік сый күтіп.

Желбіреп желге ақ көйлек,

Жоғалдың қайда құйғытып?!

 

Жаралған жансың жыр үшін,

Жасырмай оны айта алам.

Жиырма бес – алмас қылышым,

Жадыма түсті-ау қайтадан.

 

Жүрекке сырнай сазын бер,

Жанталас ұқпай ешқашан.

Жүгірді бетке әжімдер,

Жабысты мына шашқа шаң.

 

Жаңғырса кейде сыр нәзік,

Жауапты дейсің бұған кім?

Жоқтасам сені, жыр жазып,

Жабыққан сәтте жұбандым.

 

Жұмбағы шалқар шақпенен,

Жадағай үміт тұтаттым.

Жоғалдың қайда, әттеген,

Жалғасы болмай кітаптың.

 

Жанымды жауып құм селі,

Жіктемен өшімді ешкімнен.

Жоғалтып алған бір сені,

Жүректі кешірмеспін мен!

 

Лебіз

Айқындалар кімдер жабы, кім тарлан,

Болмысынан пенде болмас бұлтарған.

Жүгіремін бір құмарды қуалап,

Жеткізбейді тірліктегі түлкі - арман.

 

Қанаттары қатаймаған қыр құсын,

Торабында тосып талай тұрды сын.

Таң алдында дауысымды естімей,

Жер бетінде мені жоқ деп жүрмісің?

 

Жантық болып жорғаламай жұрт алдын,

Жалғыз жүрек ізгілікке іңкәр мың.

Келешегің көк жиегің алда деп,

Тұяғынан от шашады тұлпар – күн.

 

Мәймөңкелеп талайларды майда тіл,

Парақордың көмейінде пайда тұр.

Жарамсақтар жек көреді жау санап,

Жолдастарға атанбадық «әй, кәпір».

 

Күндестік қой қазақтағы күшті індет,

Ібілістер табалайды іштің деп.

Көңілінен шыға білген жігітке ел,

Көктемдерден ұшырады құс - құрмет.

 

Борандарда іздестірмей бір ықтын,

Қажетінде қара тасты үгіттім.

Жалғыз ұлы атансам да әкенің

Жалпақ елге борышы мол жігітпін.

 

О, тіршілік, жанардағы жарық күн,

Жарық күннен жарағанша мән ұқтым.

Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,

Жүрегінде қалу керек халықтың!

 

Кіндік жұрт – Қазақстаным

Тудырып пікір таласын,

Жайым жоқ елді екшемек,

Бөлмеймін қазақ даласын:

Жетісу,

Жайық,

Көкше – деп.

 

Даңқтан дарқан дәулетім,

Шабыттың шоғын шат үстеп,

Бөлмеймін баба әулетін:

Оңтүстік,

Шығыс,

Батыс – деп.

 

Оятып түнде үш рет,

Інжуің тапсын ізгі өлең.

Ұлы деп,

Орта,

Кіші – деп,

Бөлмеймін және «жүзге» мен.

 

Шапағат шағым шашты ірең,

Көңілді билеп құт кенен.

Жаудан да бетер қаскүнем

Жұртымды,

Жерді жіктеген.

 

Жойылсын адам аласы,

Кеппеген күншіл ұрты удан.

Қарқара қазақ даласы,

Теңізі, Тауы бір туған!

 

Жаңбырлы жаздың жалты игі,

Шалғынға түсіп шық - теңге.

Қазақтың жаны аңқиды:

Жусаннан,

Қардан,

Сүттен де!

 

Арғымақ шалып қырларға,

Сүйемін күнді,

Ай төсін.

Рухымды көріп тұрғанда,

Руымды сұрап қайтесің?!

 

Бөлмеймін түрге түндікті еш,

Тұғырда тұрам тас түйін.

Қандары бірге кіндіктес:

Қарт Арал,

Ертіс,

Каспийім.

 

Төсеулі көрпе, төрі кең,

Табатын туыс,

Дос талай.

Жанымның бірге көгімен:

Гурьев,

Шымкент,

Қостанай...

 

Сарыарқа жері – сом алтын,

Бұрымы бидай,

Сәнді иық.

Маңғыстау – донор,

Жомартым

Ғасырға жатқан қан құйып.

 

Қаратау жері – қазынам,

Толағай істен тапты ырыс.

Сылыңғыр Сырдың жазынан,

Сырғасын қақты ақ күріш.

 

Бұлбұлға толы көгалы,

Жетісу жері – жыршы әлем.

Жайықтың бегей бораны,

Серілігің үшін бір сәлем!

 

...Сайраттың құмбыл құс тілде,

Жанымның жаз ағыстарын.

Тілегім сенің үстінде,

Кіндік жұрт – Қазақстаным!

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan