Ресей Еуропалық даму жолын таңдауы керек пе, әлде, керісінше, өзінің бірегейлігіне назар аударып дамуы керек пе, әлде азиялық көршілеріне көбірек тартылуы керек пе деген сұрақ міне, бірнеше ғасыр орыс қоғамын толғандырып келеді. Лев Толстойдың Еуропа құндылықтары Ресейге қажет пе деген сұраққа пікірі де ерекше әрі біржақты емес. 1847 жылы Қазан университеті Шығыс факультетінің араб-түрік әдебиеті бөліміне оқуға түскен студент Лев Толстой Монтескьенің «Заңдар рухын» Екатерина II патшаның «Өсиеттерімен» салыстырған «Жан-Жак Руссоның философиялық ескертулері» деген философиялық эссесінде «Заңдар мінсіз болу үшін моральдық заңдармен бірдей болуы керек» деген қорытынды жасайды, артынан оқудан кеткенін ақтаған Толстой: «Мен оқуымды тастап деревняға қайттым, Монтескьені оқи бастадым, ол менің көзімді ашты; мен Руссоны оқи бастағаннан кейін университетті тастадым, өйткені мен оларды оқығым келді» деген Лев Толстой он жылдан кейін Еуропадан неге шошынды?
Лев Толстой Еуропа ағартушылығына, мәдениетіне, еуропалық білімге және олардың бостандыққа ұмтылыстарына таңданғанымен, «пайдақұмарлыққа құрылған еуропалық өмір салтын тым жасанды, табиғилықтан жат екенін айтады, батыс өркениетін екіжүзді, техникалық табынушылыққа құрылған, қоғамдық теңсіздік пен материалдық дүниеге «шатысқан» даму жолы, ол жалған жол» деп жазады.
Лев Толстойдың Еуропаға көзқарасы қайшылықтарға толы, оның шығармаларындағы Еуропаға қатысты көзқарастарын, дүниетанымдық еңбектеріндегі ойларын, күнделік жазбаларындағы пікірлерін зерттеген ғалымдар «Толстой Еуропаға өте қатал және сын көзбен қарады» дейді.
Орта ғасырлардан кейінгі XVIII ғасырдың басынан XIX бірінші жартысына дейін Еуропа батысынан басталған ағартушылық ағым ғылыми, философиялық, қоғамдық – әлеуметтік және саяси ақыл – ойдың дамуымен ерекшеленді, еуропа ағартушылары әділдік, теңдік және бостандық идеяларын көтерді.
Еуропа ағартушылары адам мен қоғамды тануды ақыл-ой еркіндігіне жүгіну арқылы адамдардың өмірін жақсартуды ұсынды, әсіресе француз ағартушылары қоғамда әділетсіздіктің, әлеуметтік теңсіздіктердің өршуіне өзгерістер керегін жазды. Олардың жазғандары адамды адам қанайтын, феодалдық қоғамның жойылуына септігін тигізген «Ұлы Француз революциясына» идеологиялық ықпал етті, Еуропада өндірістің, сауданың, қоғамдық ой мен ғылымның, өнер мен әдебиеттің қарқынды дамуына жол ашты. Ағартушылық бірмезгілде Солтүстік Америкаға тарап, АҚШ тәуелсіздігіне ұласты (он жылға созылған «АҚШ революциясы» деп атайды), АҚШ- тың саяси құндылықтарды таңдауына, демократиялық республиканың құрылуына алып келді. Сол кезде көтерілген идеялар: адам құқықтары мен бостандықтары, әлеуметтік теңдік тұжырымдары қазір де батыс еуропа мемлекеттерінің негіздерін құрайды.
Француз ағартушылығының белсенді өкілдері Монтескье мен Вольтер мемлекет өзінің барлық азаматтары үшін бостандық пен әділеттілікті қамтамасыз етіп, халықтың игілігі үшін жұмыс істеу керектігін, ел заңдары мен саяси құрылымдар адамдардың өмірін жақсартуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталуы керек деп санады. Сонымен қатар қоғам өмірінде білімнің рөлін басты қойды. Олар білімді халық қана қоғамдық - саяси өмірге араласып, саналы шешімдер қабылдауға қабілетті екеніне сендірді. Мораль мен этика мәселелеріне көп көңіл аударды, мораль адамға және қоғамға қажетті ізгіліктерге құрылуы керек деп тұжырымдады.
Толстой Ресей Еуропа «құйрығында» жүрмеуі керек, еуропалық нашар әдет-ғұрыптардан, оларды құлдық көшіруден және азғындықтан сақтандырды, «Еуропа «ескірген әлем», шынайы руханият пен мораль қарапайым орыс шаруалары бойында сақталды» - деп жазады.
Лев Толстой «Арылу» дүниетанымдық – философиялық шығармасында жас кезіндегі Еуропа туралы алғашқы пікірін былай білдіреді:
«Мен сол кезде шет елге аттандым. Еуропадағы өмірім және алдыңғы қатарлы еуропа адамдарымен сырласуым менің жетілсем деген ойымды оның үстіне нығайта түсті, өйткені менің бойымда бар сенімді мен олардан да кездестірдім. Бұл сенім менің санамда қалыптасқан, біздің уақыттың оқыған адамдары бойындағы қарапайым түсінік еді. Бұл сенім «прогресс» деген сөзбен анықталатын. Сол кезде маған «прогресс» нақты нәрсені білдіретін сияқты көрінетін. Кеудесінде жаны бар адамды ойландырып, қалай дұрыс өмір сүрсем деген сұраққа: «прогреске сай өмір сүру керек», – деп жауап беретінмін, бұл ескексіз қайықта отырып, дауыл мен толқынға қарсы, «бұл бағыт бізді қайда апарады?» деген басты және жалғыз сұраққа – «әйтеуір бір жаққа жеткізеді» дегенмен бірдей еді, мен прогресс дегенді әлі түсіне қойған жоқ едім. Мен сол кезде бұны түсінген жоқпын. Тек кейде ақылым емес, ішкі сезімдерім қарсы тұратын, адамдар өздерінің өмірде білмейтінін осылай жасыратын. Парижде жүргенде, адамды жазалау кезінде адамның басының шабылуы менің прогреске деген сенімімді мүлде жоққа шығарды. Адам басының денесінен ажырап жәшікке сарт етіп түскенін көргенде мен жан дүниеммен ақыл ой мен дамудың қандай болмасын қазіргі теориялары, жер жүзінде өмір сүретін барлық адамдар маған жаратылыс бойынша осылай болуы керек десе де, бұл өте жаман, бұны көріп тұрып бұндай қылықты ақтай алмайтынымды жүрегіммен сездім. Санамда қалғаны, прогреске деген сенімімді жойған тағы бір жәйт – ағамның өлімі еді. Ақылды, қайырымды, өте жақсы көретін адам, менің ағам жас кезінде ауруға шалдығып, бір жылдай ауырып, қиналып өлді, ол не үшін өмір сүргенін, оның үстіне неге өлетінін білмей өмірден қайтты. Ол қиналып жатқанда ешқандай теориялар маған да, оған да жауап бере алмады. Бұл кейде ойыма түсетін шүбәләрім болса да, мен бәрібір прогреске деген сеніммен, одан әрі өмір сүре бердім. «Бәрі даму үстінде, менде көппен бірге даму үстіндемін, ал не үшін даму үстіндемін, оны уақыт көрсетеді» деп өмір сүрдім. Сол кездегі ішкі сеніміме осылай жауап қайыру маған қажет еді. Шет елден қайтып келгеннен кейін мен деревняға қайтып, крестьяндарды оқытатын мектепке қызметке тұрдым. Оқу сабақтары маған таныс болатын, әдебиет оқытушысы қызметінен маған түсінікті болғаны, әдебиеттегідей бұнда көзді алдайтын өтірік жоқ болатын. Бұл жерде де мен прогресс үшін жұмыс істедім, енді прогреске мен сын көзбен қарайтын болдым. Мен өзіме прогресс кейде дұрыс емес деп, алғашқы да адамдарға, крестьян балаларына мүлдем еркін қарап, оларға өздері қалайтын прогресс жолын таңдауды ұсыну керек деп санадым» деп ойын білдіреді.
Лев Толтойдың Еуропа туралы көзқарасы Еуропаға шетелдік саяхаттары кезінде, бірінші сапары 1857 жылы және екінші сапары 1860-1861 жылдары көрген көзқарастарынан қалыптасты.
1857 жылы 29 жастағы помещик, жер иесі ЛевТолстой Еуропаға алғаш рет сапарға шығады, ол Францияда, Швейцарияда, Италияда және Германияда болады, жазушының өмірі мен рухани ізденістерінің маңызды бөлігіне айналып, шығармашылығына шабыт береді.
1857 жылдың басында Лев Николаевич Толстой хат жазысып жүрген қызы Валерия Арсеньевамен қатынастарын үзуге мәжбүр болады. Қаңтар айының ортасында ол әпкесіне паспорт алғанын, Еуропаға сапарға шығатынын, бұрынғы сүйіктісімен кездесуден қорқатындықтан қоштаса алмайтынын жазады.
Толстой 1857 жылғы 29 қаңтарда Санкт-Петербургтен шығып 1269 шақырым жүрген соң Варшаваға жетеді, сол жерде ол пойызға отырып, 1857 жылғы 9 ақпанда Париждің солтүстік станциясына келеді. Толстой алдымен Риволи көшесі бойындағы Мерис қонақ үйінде тоқтайды, кейін Иван Тургенев тұрған №206 үйдегі пансионда жайғасады, бұнда Тургенев пен Некрасов Толстойды Гранд-Операдағы карнавалға шақырады.
Толстой Париждің көрікті жерлерін тамашалайды, Сорбоннадағы лекцияларға қатысады. Бірақ көп ұзамай жоғарыда «Арылу» шығармасында жазғандай өзі көзімен көрген өлім жазасының куәсі болады, Толстой Парижден шұғыл кетеді. «Франциядағы гильотин арқылы адамның басын шабумен атқарылатын өлім жазасы көрермендер ойын-сауығына айналған, Ресейге мұндай «жабайылық» мүлдем керек емес» дейді. Адамды өлтіру спектакльге айналғанына, кісі өлтірудің автоматтандырылғанын, арнайы жасалған машинамен жасалғаны Толстойды қатты шошындырады.
Ал екінші сапарында Лондонда болғанннан кейін батыстық буржуазиялық өркениет ұнамады, «Еуропа рухани адамгершіліктен мүлдем айырылған екен» деп жазды.
Лев Толстой Ресей патшалығындағы «патриархалдық варварлықты, жайлаған ұрлықты, заңсыздықты аямай сынады, орыс шындығына сын көзбен қарады, алайда бұл жолы Толстой орыс мемлекетін Еуропаның кейбір дәстүрлерінен сақтандырғаны еді.
Толстой Еуропадан кейінгі «Соғыс және Бейбітшілік» көркем шығармаларында Ресей мен Еуропа арасындағы қайшылықтарды, ерешеліктерді кеңінен суреттеді, ескі құрлықтың жағымсыз жақтарын шығармаларында жазды, Толстой Ресейге батыстық бостандықтар мен либералды реформалар қажет емес, өйткені орыс халқының өзіндік даму жолы бар деп санады.
Лев Толстойдың Еуропада мойындалуы
ХХ ғасырдың басында Лев Толстой Еуропада әлем әдебиетінің классигі ретінде өте танымал, ең ықпалды мәдени қайраткерлердің бірі ретінде танылды, оның көркем шығармалары ХІХ ғасырдағы реализм мен ХХ ғасыр әдебиеті арасындағы көпір ретінде қабылданды.
Лев Толстой 1902, 1903, 1904, 1905 және 1906 жылдары әдебиет саласында Нобель сыйлығына ұсынылды, жазушы одан өзі бас тартты.
1928 жылы Еуропада жазушының жүз жылдық мерейтойы салтанатты түрде атап өтілді, Толстойдың танымалдылығын одан әрі беки түсті. Журналдар мен газеттерде шыққан көптеген мақалалар «Соғыс пен бейбітшілік» әлемдегі ең үлкен роман, Толстой «барлық жағынан басқа жазушылардан жоғары тұрған, роман жазғандардың ішіндегі ең үлкені» деп мойындалды.
Толстой қайтыс болғаннан кейін 1911 жылы жарық көрген Толстойдың өмірі» өмірбаяндық очеркінде Ромен Роллан: «Жүз жыл бұрын жер бетінде жарқырап жанған жарық - біздің ұрпақтың жастығына нұрын септі. Сөнген ғасырдың қара түнегінде Толстой біз үшін жарық жұлдызға айналды; біздің жас жүректеріміз оған қарай ұмтылды; ол біздің панамыз болды. Еуропалық өнердің барлық шеберлерінің ең жақсы, тіпті жалғыз, нағыз досы болды, артынан оның шығармалары еуропалық гуманизм мен реализмге үлкен әсер етті» деп жазды.
Лев Николаевич Толстой ағылшын, француз, неміс, итальян, поляк, чех және серб тілдерін жетік білді, еуропа тілдерін игергендігі арқасында Толстой еуропалық ойшылдарды түпнұсқада оқыды.
Толстой еуропалық ойшылдардың ішінде мойындаған философтың бірі Жан Жак Руссо болды. Толстой Еуропаға ағартушы ретінде мойындалған кезде, қайтыс боларынан үш жыл бұрын «Мені Руссомен салыстырады. Мен Руссоға көп қарыздармын, оны жақсы көремін, алайда арамызда үлкен айырмашылық бар» дейді.
Лев Толстой еуропалық моралистік философтардың еңбектеріне де баға берді, олардың ішінде Кант пен Шопенгауэрді ерекше атады, Толстой еңбектерінде Гегель, Фихте және Шеллинг есімдері де аталады. Ол осы Еуропа ойшылдарынан өзін-өзі жетілдіру идеялары мен этикалық ілімдерге қызығушылық танытып, өзінің философиялық және діни көзқарастарына керек идеялар мен көзқарастарды алды.
Кант философиясынан өзіне жақын ойларды тауып, оларды көбіне Христос ілімімен салыстырады, Канттың адамгершілік туралы тұжырымдарын жоғары бағалады, рухани сенім туралы пікірлерінің маңыздылығын атап өтті, Толстой «Практикалық ақыл-ойды сынаудың» сол кездегі өзектілігін мойындады.
Толстой Вольтерге көзқарасы күрделі болғанымен, ағартушылық кезеңнің ұлы ойшылы ретінде құрметтеді, алайда діни сенім бойынша оның көптеген түсініктерін сынға алады, ал оның мақалаларындағы мораль туралы айтқандарынының кейбірін ғана құптайды.
Толстой өзін Сократ және кейінгі стоиктер сияқты ағартушы моралистердің ізбасары санады, олардың зұлымдыққа қарсы тұру туралы қағидаларын өз ілімінде жалғастырды.
Ұлы француз революциясы Толстойдың шығармашылығы мен дүниетанымына айтарлықтай әсер етті және Ресейдегі 1905 жылғы революцияның қанды оқиғаларына деген көзқарасын алдын-ала анықтады дейді толстойтанушы зерттеушілер. Лев Толстой француз революциясына арналған шығармаларды, оқиға куәгерлерінің естеліктерін, тарихшылардың еңбектерін көп оқыды.
Толстой 1904 жылы өзінің күнделігінде «Француз революциясын жариялағандардың сөзінде шындық бар, алайда осы идеяларды жүзеге асыра бастағандардың сатқындығы мен қатыгездігі революцияны құртты» дейді.
Толстой Еуропаның бел ортасындағы және алдыңғы елдердің бір Германияда екі рет болды, неміс мәдениеті мен тілі Толстойды жас кезінен қызықтырды, өйткені бала кезіндегі үй тәрбиесіндегі неміс мұғалімі Фридрих Рессельдің (Фридрих Россель) арқасында Толстой неміс классиктері Гете мен Шиллер әлемін бала кезінен ерте оқып өскен болатын. Кейіннен ол Шиллердің «Қарақшыларын» ең көп әсер еткен кітаптар тізіміне енгізді, ал Гетенің «Герман мен Доротея» эпикалық поэмасы «өте күшті» әсер еткенін ерекше атап өтті.
1857-1962 жылдар аралығында Германияға сапары кезінде Толстой неміс шаруаларының бостандығына тәнті болды (Ресейде әлі де крепостнойлық құқық болатын), ересектерге арналған педагогика мен оқыту мәселелері қызықтырды. Германияға сапары кезінде Толстой көптеген неміс зиялыларымен танысады, кейін 1891-1892 жылдары Ресейдегі аштық кезінде неміс таныстары қол ұшын береді. Толстойға Германиядан жүздеген хаттар келеді: кейбіреулері жай ғана ортастық білдірсе, ал кейбіреулері мысалы, Мюнхен университетінің оқытушысы доктор Роберт Пивоти ( Dr. Роберт Пивоти) Ясная Полянаға ақшалай көмек аударды.
Толстойдың цензураға ұшыраған кейбір шығармалары Германияда жарық көрді мысалы, Ресейде «Крейцер сонатасы» повесі 1890 жылы славян және театр ғалымы Рафаэль Левенфельдтің қолдауымен Берлин қаласында жарық көрді.
Еуропа жұртшылығы Лев Толстойдың Еуропа туралы оның пікірлеріне қарамады, Толстойдың шындыққа деген адалдығын оның ұлылығы деп бағалады. Батыс Еуропада қоғамдық резонанс тудырған және еуропалық гуманизмге ықпал еткен терең ойшыл жазушы ретінде қабылдады.
