Романс
Романс (исп. romance) — белгілі бір музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен жеке дауыста орындалатын шығарма. Испанияда пайда болған романс алғашында испан (“роман”) тіліндегі ән деген ұғымды білдірген. Бүгінде романс лирико-эпикалық немесе лирико-драмалық мазмұнға толы бір дауысқа арналған ән жанры. Романс көбіне лирикалық поэзия мәтініне құрылып, аспаптық музыкада вокалдық негізде жазылады. Романстың әннен айырмашылығы — әуеннің сөзбен тығыз байланыстылығы мен аспаптық сүйемелдеудің маңыздылығында. Романстың баллада, элегия, т.б. жанрлық түрлері бар. Романс синтетикалық, музыко-поэтикалық жанр ретінде 18 ғасырдың 2-жартысында неміс композиторларының мектебінен басталып, кейін Франция мен Ресейде жалғасын тапты. 19 ғасырдағы романтизм кезеңінде жетекші жанр рөлін атқарып, адамның ішкі дүниесінің сезімталдығын жан-жақты көрсету мен оны музыка арқылы бейнелеуді негізге алды. Романстың бұл түрі В.Шуберт шығармашылығында кеңінен орын алған. Кейін Ресей (М.И. Глинка, А.С. Даргомыжский), Франция (Ш.Гуно, Ж.Бизе), Чехия (Б.Сметана, А.Дворжак), Польша (М.Карлович, К.Шимановский), Норвегия (Х.Хьерульф, Э.Григ), т.б. елдердің классик композиторлары жанрды жан-жақты дамытты. 19 ғасырда әуесқой әншілерге арналған қарапайым романс стилі де бой көтерді. Қазақтың дәстүрлі ән жанрында еуропалық романстардан кем түспейтін ән нұсқалары аз емес. Мысалы, “Ардақ”, “Айттым сәлем қаламқас”, “Қорлан”, “Гауһартас”, “Алқоңыр”, т.б. Романсты қазақ композиторлары 20 ғасырдың 30-жылдары жаза бастады (М.Төлебаевтің “Май кеші”, “Қамар сұлу”, т.б.). Әр жылдары Абай өлеңдеріне жасалған ұлттық романстар жанрдың көркемдік деңгейін арттыра түсті (Төлебаевтың “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, С.Мұхамеджановтың “Жарқ етпес қара көңілім не қылса да”, “Ғашықтың тілі тілсіз тіл”, М.Маңғытаевтың “Не із-дейсің, көңілім”, “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес”, т.б.).