Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
2 ақпан - Ұлттық баспасөз күні...

2 ақпан - Ұлттық баспасөз күні

02.02.2026

4158

2 ақпан - Ұлттық баспасөз күні - adebiportal.kz

Бүгін – Ұлттық баспасөз күні. Қазақтың бірнеше қалталы азаматтарының қолдауымен Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған ұлт зиялылары «Қазақ» атты тұңғыш ұлттық қоғамдық саяси және әдеби-мәдени басылымды жарыққа шығарған болатын. Бұл газеттің өзі уақыттың сұранысына сай пісіп жетілген қадам болатын. Қазақ даласында бұл кезеңде зиялылардың үлкен шоғыры қалыптасты. Жаңаша оқыған жастар көбейді. Абай туындылары да қазақ арасына кеңінен тарады. Қазақ әлемінің білім нарығында бұл кезеңде орысша-қазақша мектептері мен ислам дінінің канондарына негізделген медреселік оқу жүйесі қызмет етті.

М.Сералин қатарлы қазақ зиялылары шығарған «Айқап» журналында, өзге де БАҚ-тарда таза ұлттық нақыштағы басылымның қажеттігі, ондағы әліпби мәселесі жиі талқыланып, күн тәртібіне шығып отырды. Ахмет Байтұрсынұлының араб қарпіне негізделген «Төте жазу» әліпбиінің нақты қолданысқа енуіне де қолайлы кезең туып тұр еді. Осылайша 1913 жылы 2 ақпан күні «Қазақ» газетінің бірінші номері жарық көрді. Газеттің безендірілуінің өзі ұлттық нақышта болды. қазақтың дәстүрлі баспанасы киіз үйінің қос босағасына төте арабша ҚАЗАҚ деген сөз жазылған. Мұндағы басты идеяның өзі – осы ел мен жердің иесі, де қазақ халқы дегенді нышандап тұрғаны анық. Сонымен қоса, қазақ халқының ежелден бергі «Қос босағаң берік болсын!» - дейтін ізгі тілегі де жатыр еді, мұнда. «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын», - деген ұлт зиялыларының мақсаты да осы эмблемаға анық сіңірілген.

«Қазақ» газеті өзінің алғашқы санынан бастап-ақ барша алаш жұртына қараңғылықтың шамшырағындай болғаны анық еді. Газеттің бетінде Ресей патшалығының ішінде, сонымен қатар қазақ даласының әр түкпірінде болып жатқан елеулі жаңалықтар жарық көрді. Бұл кезеңде Бірінші Дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан еді. Газеттің әр номерінде әлемдік державалардың майдандағы хал-ахуалы туралы хабарлап отырған. Сонымен қатар түрлі хабарламалармен қатар, халықтың тұрмыстық қажетін өтеуге арналған техникалар мен заттардың, дәрілік өнімдердің жарнамалары да беріліп, кері байланыс орнатылып тұрған. 

Газетті қазіргі Қазақстан аумағындағы ғана емес, өзге елдерде тұратын қазақтар да, тіпті бауырлас түркі халықтар өкілдері де жаздырып алып оқыған. Шетелдердегі қазақтардың өміріне қатысты да көптеген материалдар жарияланып отырған. 

1913 жылдың 2 ақпанынан 1918 жылға дейінгі аралықта 265 номері жарық көрген «Қазақ» газеті осы азғана жыл ішінде өзінің алға қойған миссиясын толық орындаған. Қазақ халқын бостандық үшін күресуге, ол үшін жас ұрпақты ғылым мен білімге ұмтылуға, ұлттың бірлік-берекесін нығайтуға шақыра отырып, әрбір іс-әрекет жүзінде халыққа пайдалы ақпарат ұсынуға талпынып отырған. Мысал үшін, сол кезеңде қазақтар арасында кеңінен өріске ие болған қажылық сапары жайында «Қазақ» газеті көптеген материалдар жариялаған. Сондай шағын мақалалардың бірінде Қызылжар уезінің екі қазағы пойыз, теңіз жолы арқылы Румынияға жетіп, одан кеме, пойыз арқылы арзан әрі жылдам жолмен, жол бойы тамағын сатып іше отырып, қажылық сапарын өтеп келгендігі туралы жазады. Көптеген қазақ қажыларының әдетте жолға түрлі азық-түлік алып шығып, ол астары бұзылуынан, өзге де себептермен өлім-жітімге, ауруға көп ұшырайтыны, орынды-орынсыз көп қаржыға ұтылатыны жайлы көрсете отырып, жоғарыдағы екі адамның сапарын үлгі пайдалы кеңес береді. Міне, осындай пайдалы кеңестерді «Қазақ» газеті әр салада молынан жариялап отырған.

«Қазақ» газеті өзінің жарық көрген уақытында ел өмірінің барлық саласына атсалысып, қазақ бұқарасына расымен де баспасөздің бұдан кейінгі кезеңдегі қажеттілігін анық сезіндірді. 

Орынборда жарық көрген «Қазақ» газетінен кейін ондаған газет-журналдар әр өңірде басылып шығып жатты. Олардың барлығы ұлтымыздың рухани оянуына, тілі мен ділінің, салт-санасының біртұтастануына игі ықпал еткені анық еді. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді», - деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сол дәуірде айтқан болатын.
Тек Қазақстанда ғана емес, барша әлемдік ақпарат кеңістігінде БАҚ-тардың қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуы ауқымындағы өміршеңдігі күн тәртібінде тұр. Осыған орай баспасөзде де жаңаша трендтер, көзқарастар қалыптасуда. Ақпараттарды жарату, жеткізу мен тұтынудың жаңа мазмұны мен формасындағы елеулі өзгерістерге қарамастан,  мерзімді басылымдардың маңызы кемімек емес. Бүгінгі ақпарат өнімі – ертеңгі тарихтың нақты куәсі. Ақпараттарды ертеңгі ұрпақ үшін сақтау технологиялары да күн сайын елеулі өзгеріске түсуде. Сонау ХІХ ғасырдың аяғынан бері үзіліссіз жарық көріп, таратылып келе жатқан кейбір танымал газет-журналдардың өзі ғаламторлық қалыпқа көшіп жатқаны – бүгінгі күннің ақиқаты десек те, қағаз басылымдар адамзатқа әлі де болса қызмет ете берері анық.

«Халықтың көзі мен құлағы» болушы баспасөздің мәні мен мағынасы, маңызы «ақпарат ғасыры» атанған бүгінгі дәуірде де әрқашан биік болып қала бермек. Баспасөз күні құтты болсын!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan