Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Жалындап өткен Жұбан аға...

13.07.2018 18070

Жалындап өткен Жұбан аға 12+

Жалындап өткен Жұбан аға - adebiportal.kz

Жалындап өткен Жұбан аға

ұлтының жадында мәңгіге қалып қойды

Қазақтың көрнекті ақыны Жұбан Молдағалиев «Өткен 1954 жыл – совет жазушыларын әдебиет туралы, оның келелі мәселелері туралы қатты толғандыртқан жыл болды» деп бастапты «Өлең өмірлі болсын» деген мақаласында. Осы бір ауыз ләмнің өзінен-ақ сол кездегі әдебиетке деген ықыластың айырықша екендігі аңғарылады.

Иә, 1954 жылы біз өмірде жоқ едік. Қолымызға жорнал мен кітап алып, там-тұмдап оқи бастаған кезіміз жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғы-тын. Ол кезде «Жұлдыз» бен «Жалын» жорналдарының ел ішінде танымалдығы мен қолдауға ие болғаны сондай, әр отбасы жаздырып алатын еді. Содан кейін, әрине, қиыр шеттегі ауыл тұрғынының өзі жазушыларын сырттай танып, түстейтін. Сол уақта менің назарыма жиі түскен қаламгерлер Жұбан Молдағалиев пен Тұманбай Молдағалиев. Екеуінің өлеңдерін оқимын да «бір үйдің балалары немесе ағайынды екі кісінің балалары шығар» деп ойлаймын. Қазіргідей ғаламтор жоқ қажеттік туындағанда аты-жөндерін жаза қойып, өмірбаяндарындағы мәліметті қолма-қол көретін.

Екеуінің де жазғандары маған ұнайтын. Сөйтсем, қос саңлақ қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерінің қатарынан екен. Сәби көңілім тебінгісі терге шыланып, әдебиет айдынында үздіксіз жазып келе жатқан өрелі өрендердің өміріне текке үңілмепті. Жұбан ағамыздың «Мен – қазақпын» поэмасы рухты үнімен жанып, халықтық мазмұнымен баурай берді. Ұлтын қорғаштап, елін сүюдің нақты көрінісі аңғарылды. Көңілге патриоттық сезімді орнықтырып, кімнің кім екенін тануға жол сілтеп тұрды.

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.

Жөргегімде таныстым мұң тілімен

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Осы бір алғашқы шумақтан-ақ халқымыздың басындағы күллі қайғы-қасіреті мен тапжылмас табандылығы бірден көзге ұрады.

Жұбан ағамыздың өн-бойынан асқақтық, қара қылды қақ жарар әділеттілік және биік парасаттылық аңғарылып тұратын.

Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын.

Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.

Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,

Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.

Өжеттілік пен өрліктің болмысы, қажыр мен қайраттың бейнесі жігіт кейпінде сомдалады. Бойында әлеуетті күш бола тұра жүрегі мейірімге меймілдеген, жақсылыққа иіп кететін нағыз адамшылық қасиет пен құндылықтың уызына жарыған.

«Жұбан Молдағалиев» десе оқырманның көкейіне «Мен – Қазақпын» поэмасы бірден сақ ете қалады. Автордың есімімен шығарманың атауы қатар жүруі – көп қаламгерге бұйыра қоймаған несібе.

Қазақ әдебиетінің абызы, ақын Әбділда Тәжібаев: «Осы заманның сөзін сөйлеп жүрген, сөйлеп кеткен қаншама ақын бармыз. Соншамыздың аузымыздан басқа емес, бір ғана «қазақ» деген сөз шығып кетсе болды, «мынау нағыз ұлтшыл» деп қайсыбірімізді түрмеге жауып, қайсыбірімізді енді ауыз ашпастай етіп жазалап жатқанда, мына Жұбан ініміздің «Мен – қазақпын!» деп айқайлаған үні өзінің рухани ажарын жоғалтпай, аспанымызда тұрып қалды. Бұған не дерсің! Құдды бір өртенген өлкенің ортасында жанбай жалаулап қалған бір уыс жасыл шөптей желбіреп, жан-жағындағы тіршілікті қайта жандандырғандай болды. Бұл – Жұбан інімнің ырыс-бағы, ар-намысы болар. Қала берді, ол бүкіл қазақтың ырыс-бағы мен ар-намысын сақтап қалғандай болды. Алланың мұнысына да шүкір» деген екен тебірене.

Жұбан ағамыздың «Мен – қазақпын» поэмасында барынша ақтрыла алмай күмілжіген түстары да аңғарылады. Бірақ сол тұстағы қоғамдық ахуалда осыншама батыл ойлар айту – нағыз жүрек жұтқандық еді.

Алғаш дастанды қолжазба нұсқада оқыған Зейнолла Қабдолов пен Мүсілім Базарбаев: «Жәке, мына еңбегіңді ұлтшылдыққа балайды ғой» деп, сақтандыра пікірлерін білдіріпті. Өйткені онда қазақтың тағдыры мен өлермендігі қабат сипатталған еді.

Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым.

Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.

Сансыз басты диюдей сан тіріліп,

«Мен – қазақпын» дегенді айта тұрдым.


«Мен – қазақпын» дедім хан Темірге де.

Жез тырнақша қадалды жебір неме.

Шыңғыс қорқау болғанда, мынау бөрі,

Біреуінен бірі кем елірді ме!?


О да құдай саналды, жұртты алдады.

О да мені өлтірді, құрта алмады.

О да кетті жегідей, жерімді отап,

О да салды денеме дыр таңбаны.

Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің қатыгездігін сипаттай келіп, осы тұстағы соңғы шумақты қызыл империяға қаратып айтып отырғандай.

Иә, тірмізіктік хал кешкен қазақ жұрты тарих сахнасынан жойылмай аман қалды. Нешеме бопса көріп, бодан болса да болашаққа деген үмітін жоғалтпады.

Ұлы аманат етейік еркіндікті,

Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.

Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең

«Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті...»

– дейді ақын сонау 1964 жылдың төрінен. Ой-арманы бүгінгі Тәуелсіз елдің мұрат-мақсатымен ұласып кетіп жатыр.

Алайда, уақыттың әлпетіне қарап сөз саптаған тұстары да жетерлік. Бірақ өзінің оған лажсыз барып отырғанын келешек ұрпаққа, біздерге астыртын аңғартып кетеді.

Көшіп-қонып жүргенім мал қамынан,

Өмір іздеп су, шалғын алқабынан.

Одан өзге тіршілік, кәсібім жоқ,

Не тауыппын құранның әлхамынан.


Ұқсатамын оны мен қысыр малға.

Білем, бұл сөз – күпірлік мұсылманға.

Шынымды айтсам, алланың өзін де мен

Еске аламын кейде бір қысылғанда.


Шариғаттың шартынан үрке бердім,

Көргенім жоқ өмірге бір керегін,

Еркек болып сәлдені сыйламадым,

Әйел болып бетімді бүркемедім.

Атеистік қоғамның шылауына шырмалған уақта бұдан басқаша айту да мүмкін емес еді. «Білем, бұл сөз – күпірлік мұсылманға» дейді ағынан жарылып, әрі Алланы да хаһ деп танитынын бүркелемейді. Сондай-ақ, ата-баба дәстүрімен орныққан дәстүрлі дінді ұстануды да ескертіп кеткендей. «Әйел болып бетімді бүркемедім» деген сөз, үлкен зауалдың келе жатқанын аңғартып, халықтық арнадан аутқымаңдар деп тұрғандай.

Түптің-түбінде қазақ елі шынайы тәуелсіздікке қол жеткізетінін ақын ішкі түйсігімен ұғынатындай. Және соны қиял көкжиегіне салып, елестете алғандай.

Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,

Жаза алатын, ғылымды қаза алатын,

Жаза алатын дүниелік дастандарды,

Жаза алатын тарихқа қазақ атын.


Атымның да кеше ғой танылғаны,

Оған дейін не таңба таңылмады?

Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз –

Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары.

Ұрпаққа аманат айта алған ақын Желтоқсан дүрбелеңінде жалғыз өзі жастарды қорғай да алды.

Қанды оқиға дүрк етіп, арман-тілегін алаңға шығып жеткізбек болған жастар ресми билік тарапынан аямай езіп-жаншылды. Басқыншылық ниеттегі қызыл империя қитұрқы амалдарға барып, зиялылардың бас шұлғып, айыбын мойнына алған қалпын көргісі келіп еді. Осы ниетте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.В. Колбин жазушылармен кездесуді ұйғарған. Оған қатысушылардың арасынан сөз сөйлейтіндердің кандидатураларын нақтылау мақсатында О.Сүлейменов өзінің алдында Қазақстан Жазушылар одағын басқарған айтулы ақын Жұбан ағаға телефон соғады. Ж.Молдағалиевтің келісімін алған соң орталық партия комитетінен әлдекімдер байланысқа шығып, «ұл-қыздарымыздың әрекеті үшін орыс халқынан кешірім сұраймыз» деп айтыңыз» деген тұрғыдағы уәждерін тықпалайды.

Алайда, өз ойы мен позициясы бар қабырғалы қаламгер ішкі жандүниесіндегі құбылысты жасыра алмады. Колбинмен кездесу үстінде «...көзімен көргендердің айтқанындай, 17-18 жастағы қыздардың шашынан сүйреп сабаған солар емес пе екен? Ақырында, сонан кейінгі күндері қалалық транспортта, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тіл тигізу мен қоқан-лоққы жасау солардан шығып отырған жоқ па... Мен сондай ұят оқиғаға және артынша не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім. Иә, мен кез келген қоғамға қарсы бой көрсетулерді түбірінен қиып отыруды толық жақтаймын, өйткені демократия – анархия емес! Солай болғанмен де, тіпті кінәлілерді де оған деген сенімінен айырмау керек. Біз олардың жасағанына ғана емес, сондай-ақ, олардың азаматтық болашағы үшін жауаптымыз» деді шамырқанып.

«... Осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім» деген бір ауыз ләм бұқара жұртты тебірентіп жіберді. Желтоқсан оқиғасының ізінше айтылған сөз ақиық ақынды одан сайын асқақтатып, ұлттық ар-намысты қорғап қалған жалқы тұлға екенін айпарадай әлемге жайып салды. Әрине, ол кісі мұндай қадамға атақ-даңқын асыру үшін бармағаны аян.

Сөйтіп, ақынның ұлты дегендегі айнымас сүйіспеншілігі сын сағатта айқын танылды. Қайсыбір қаламгерлердің қарсаққа тән бітімі де аңғарылып қалып жатты.

Ел, әсіресе, жастар жағы Жұбан ағаны жанындай жақсы көріп кетті.

Үлкен ақын жүрегімен Жұбан інісіне жыр арнаған Әбділда Тәжібаев:

«Бар қазақ Жұбанына сенбеп пе еді,

Ақынын пайғамбардай көрмеп пе еді,

Есінен туған елдің шығар қалай,

Жырыңмен жас ұрпағын тербеткенің!..»

  • деді ағынан жарылып.

Қаламгер әріптес інісін еш бүкпесіз қадірлеп, алаштың алдында алғауы – ағалық үлкендігі ғана емес, қазақ әдебиетінің ел ішінде өркен жаюына жасаған қолдауы. Әрі, алыптардың бір-біріне деген ықыласы. Бұл – бір ауыз жылы сөз айта алмайтын бүгінгі қалам ұстағандарға өнеге болса игі.

Сөзіміздің басында әңгіме еткен «Өлең өмірлі болсын» мақаласын «Өзінің республикалық және бүкілодақтық съездерінде, оған әзірлік күндерінде жазушыларымыз әдебиет мәселелері жөнінде көп ойларын ортаға салды, еркін пікір алысты. Бұл әбден заңды да еді. Өйткені әдебиетімізді онан әрі өркендету міндеті оның табыстары мен қатар кем-кетіктерін де көре білуді, әдебиет мәселелерін шешуге бүкіл жазушыларды қатыстыруды қажет етеді», – деп жалғастырады Жұбан ағамыз. Осыған қарағанда бұл Жазушылар одағының кезекті құрылтайында сөйлеген сөзі болса керек. «Қарап отырсақ республика жазушыларының екінші съезінің өзінен бері кемінде 40-50 поэма жазылған екен» деп, ойын тиянақтай түседі.

Осы бір ұлыжіңгір жиын бүгінгі алқалы басқосулардан әлдеқайда мазмұнды, салиқалы, «бейбіт қалыпта» өтетіні қызықтырады. Иә, Қазақстан Жазушылар одағының соңғы ондаған жылдарда әтүйірі қашып кеткені әркімді-ақ қынжылтатын болса тиіс. Ендігі тұста Ұлықбек ағамыз бастаған оғыландардың Жазушылар одағында орнықты ахуал қалыптастыратынына сенім мол.

Қазақ әдебиетінің қалыпты ілгерлеуіне Жұбан ағаларымыз сияқты алтын ұстынға айналған алыптар қашан да керек-ақ. Ішкі қуаттың көзімен поэтикалық сарында жазылған «Мен – қазақпын» тәрізді туындылар бүгінгі күнде де айырықша қажет. Тоталитарлық құрсауында бұғатталып тұрған уақытта осындай еркіндікті көксеген шығарма, біріншіден, ақынның бойындағы көрегендікті, алғырлықты, адуындылықты паш етіп тұрғандай.

Егер осы шығармасын 1986 жылдан кейін жазғанда дастан бұдан да айбынды, бұдан да шыншыл реңкте болар ма еді.

Ақын елінің Тәуелсіздік алғанын көрмесе де Тәуелсіздіктің бақыты мен дәмін әуелден татып, тамсанып қойғандай.

Қандай дүние жетеді балауына!

Бәрі сенің, жан Отан, қалауыңа!

Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып

Қазақстан гербі де, жалауы да.


Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске

Айта бергім келеді, айта бергім!

«Мен – қазақпын» дастаны 1964 жылы жазылып біткен екен. Ол туынды бүгінде әрбір қазақтың жүрегінде десек, артық айтқандық болмас. Жұбан ағаның өзі «Өлең өмірлі болсын» дегеніндей, осы бір туындысы өміршеңдігімен ұлт санасына сіңісіп, халқымен қатар ғұмыр кешіп келеді.

«... осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім» деп қынжылған ақынның парасатқа толы болмысы да ел перзенті ретінде халқының көңілінен өшпек емес. Жалындап өткен Жұбан аға ұлтының жадында мәңгіге қалып қойды.

Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, эпик ақын Жұбан Молдағалиев өзінің туындылары мен өнегесінің өмірлі болатынын біліп кеткендей.

ӘДІЛБЕК ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар