Терең тамыр

Роллан Сейсенбаев – қазақ әдебиетінің өрісін кеңейтіп, оны әлемдік деңгейде танытуға сүбелі үлес қосқан көрнекті жазушы әрі қоғам қайраткері. Оның шығармалары адам жанының терең иірімдерін, рухани ізденістері мен заман тынысын шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді. 

29

Терең тамыр - adebiportal.kz

(эссе)

1995 жыл. 23 қараша, күн бейсенбі...                                                                                                             

 Көкшетау облыстық телевизиясында жұмыс істейтінмін. Түстен кейін мені телерадиокомпания төрағасы Кәрібай Мұсырманов шақырды. 

- Ертең Алматыдан Президенттің мәдениет мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі, жазушы Роллан Сейсенбаев келе жатыр. Қасында танымал өнер қайраткерлері бар. Сыйлы қонақтармен кездескің келе ме? 

 - Әрине!

- Онда дайындал...

Роллан Сейсенбаев әлемге мәшһүр жазушы. Кезінде Семей облыстық комсомол комитетінде, қалалық атқару комитетінде жауапты қызметтер атқарған. М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғарғы курсты бітірген. Қазақ жазушысын Қазақстан ғана емес, өзге ел де таниды. Оның «Аңсау», «Өзімді іздеп жүрмін», «Тау басында түйіскен жол», «Түнгі диалог», «Сағынып жеткен жаз еді» кітаптары қазақ оқырмандарына қазақ тілінде жетті. Р.Сейсенбаев Мәскеу қаласында КСРО Жазушылар одағының қазақ әдебиеті бойынша жауапты хатшысы болып жиырма жыл жұмыс істеді. «Всего одна ночь», «Если хочешь жить», «Дни декабря», «Трон сатаны» кітаптары мен «Отчаяние» или мертвые бродят в песках романдары орыс, ағылшын тілдерінде шыққан. 

«Ол Прометей құсап адамның рухани қасиетін сақтап бағудың отын жағып тұрудан тайған емес. Ол өзін аямайды, ал туған халқының өнері мен әдебиетін нағыз жаужүрек батырдай қорғап, аялап, ардақтайды. Ролландай тұлғалар аз. Ал Қазақстанда ол жалғыз және қайталанбас тұлға» - деп жазады әйгілі жазушы Анатолий Ким.

Роллан Шәкенұлы төрткүл дүниеге Абайды танытуды мақсат етіп қойды. Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Шетелде Абайды он бес тілге аудартты. 1995 жылы Лондон қаласында «Абай үйін» ашты. 

Мен «Абай тағылымы» деген телехабар жүргізетін едім. Сәттілік деген осы емес пе? Қадірменді қонақ келіссе, сұхбат жасармын...

Суретте: Р.Сейсенбаев пен Т.Әбдірайым. Алматы қаласы. 2001 жыл.

Т.Әбдірайымның жеке мұрағатынан

Роллан Сейсенбаев есіміне бала кезімнен таныспын. Семейдегі инженер-технологиялық институтында оқып жүрген жылдары жас жазушының газет-журналдарға шыққан шығармаларын жиі оқитынмын. 1969 жылы «Жалын» альманахында «Соңғы қар» деген әңгімесі жарияланғаны, оны оқырман қауым жоғары бағалағанын еш ұмытпаймын.

Әдебиет есігін айқара ашып, нық басып кірген жас жазушы облыстық «Семей таңы» газетіне берген бір сұхбатында: «Мен өзімді-өзім аямай жұмыс істеуге тиіспін. Әйтпесе жақсы жазушы бола алмайсың» - дегені бар. 

Дана қазақ: «Су түбінен асыл тас су толқыса шығады, ой түбінен асыл сөз ой толқыса шығады» демей ме?! Ал Нобель сыйлығының лауреаты, испан жазушысы Камило СЕЛА бүйдейді: «Проза – сырға, құпияға толы жанр. Лев Толстой, Диккенс, Сервантес, По, Достоевский, Фолкнер сияқты ұлы жазушыларды қайта-қайта оқығанда адам жанының тереңдігіне таңғалумен болады екенсің. Адам жаны құпия болса, онда проза да құпия деген сөз. Терең түсініп, терең сезінген сайын ойлы оқырман ғана прозаның кілтін таба алады. 

Әдебиет – тірі организм... Ал тірі ағзада тылсым көп. Сан ғасыр бойы сол тылсымды әлі ешбір жазушы толықтай аша алған жоқ. Және, оны толық ашу мүмкін де емес. Өйткені, Әдебиет, оның ішінде прозада Жаратушы жасырған ғажап нәрсе бар...»

***

1970 жылдары Р.Сейсенбаевтың «Аңсау» деген атпен тұңғыш жинағы жарық көрді. «Орақтың үйі», «Ұлың жолға шықты, Қайсар», «Бір құшақ көк шөп», «Алғашқы махаббат», «Оралу», «Арман сапары», «Намыс» әңгімелеріндегі кейіпкерлердің жан дүниелері қандай таза болса, армандары да асқақ, табиғаттың өзіндей шынайы. Сұлу әннің әуезді қайырмасын тыңдағандай ғажап әсерлендім. 

«Алғашқы махаббат» әңгімесіндегі оқушы қыз бен жігіт мектептен екі-үш шақырым өзен жағасындағы фермаға бет түзеген. Қыз сұңғақ, жұқалаң өңді, жүзі ашаң. Шашын өріп бос жіберген. Жігіт ұзын бойлы, қоңқақ танау, дөңгелек бет. Денесі ірі болғанымен бостау, тіпті жүрісі де, қимыл қозғалысы да болбыр. Бозбаланың балаң мұрты тебіндеп шығып келеді. Екеуінің қолында да сумка. Ауа таза. Дала ойланып жатқан қариядай үнсіз. Ары-бері ұша беретін қара торғай да көрінбейді. Күн батып барады. Шыңғыстаудың шекесі қызарды. Қызыл шапақтың сәулесі екі жастың жүзіне түсіп келеді. Көк шөп су. Екеуінің аяғы да су. Екеуі де аяқ киімдерін шешіп қолдарына алған... Бала еңкейді. Балағын түрмек. Қыз байқамаған боп бұрылып  жүріп кетті. Жігіт алда, қыз соңында қатар келе жатыр... 

Екі жастың жүректері лүпілдеп, бірін бірі ұнатып келе жатса да үнсіз. Арада сөз жоқ, таңғы шықтай сезім бар, мөлдір сезім... 

Қырық жыл бұрын оқыған «Алғашқы махаббат» атты әңгіме әлі жадымда. Үйткені, жақсы туынды есте қалады. 

***

Үйдегі шағын кітапханамда Роллан Шәкенұлының бірнеше кітабы бар. Соның бірі - «Жалын» баспасынан, 1978 жылы жарық көрген «Өзімді іздеп жүрмін» прозалық жинақ.

«Әдебиетке келер жол әр түрлі. Көптеген жас талапкер ең әуелі редакциялар мен Жазушылар одағын төңіректей жүріп өзін де, көзін де үйретіп, біртіндеп танылып, әдебиет әлемінің дүбірлі жарысына біртіндеп кеп қосылады, - деп жазады көрнекті жазушы, әңгіме жанрының шебері Сайын Мұратбеков кітапқа енген «Роллан Сейсенбаев туралы бірер сөз» атты алғысөзінде. - Олардың әрқайсысының аяқ алысы әр түрлі болып келеді; біреулері ұшқыр, біреулері ұзаққа созыла шабатындар; таланттары да әр деңгейде.

Роллан Сейсенбаевтың алғашқы әңгімелерімен осыдан төрт жыл бұрын танысқан едім. Жоғары білімді инженер, комсомол қызметкері өз қолжазбасына айтылған ауыр сындарды үнсіз қабылдаған. Әдетте жас авторлардың көбі-ақ өз жазғандарын жақсы жақтарынан дәлелдеп, түсініктер беріп, тіпті кейде «түсінбедіңіз-ау» дегендей қабақ шытып ренішпен кететін. Роллан өйткен жоқ, тағы да келетінін, жазғандары болса тағы да алып келетінін  айтты. Айтқанындай-ақ арада бірер жыл өткен соң қолыма Ролланның жаңа әңгімелері түсе бастады. Бұрынғы жазғандарынан мүлде өзгеше жазылған дүниелер, жас автордың іздену, өсу жолында екенін танытып отырды. Содан бергі уақытта баспасөз беттерінде оның бірталай әңгімелері, «Үміт» атты повесі жарияланды, театрларда «Өзімді іздеп жүрмін» пьесасы қойылды. Сөйтіп әдебиетімізге өзіндік дүниетанымы, беті бар талантты жазушы келіп қосылды. Әлі де біреу танып, біреу танымай жатқанымен, Ролланның соңғы жазылған әңгімелері мен повесін оқи отырып, жас жазушының өзіне ғана тән қолтаңбасын байқауға болады. Оның кейбіреулерге ұқсап жазатындарын саусағынан сормай, өзі көріп-білген өмірлік материалдарды суреткер елегінен талғампаздықпен сұрыптай өткізе білетін қабілеттілігі сүйсінтеді, нағыз жазушыға тән сезімталдық аңғарылады. Осы жинақтағы «Опырацейя», «Шірет», «Отелло» әңгімелерін бей-жай оқу мүмкін емес. Бір-біріне ұқсамайтын, үш түрлі тақырыпқа жазылған осы үш әңгіме қай тұрғыдан алып қарасаң да бас-аяғы тап-тұйнақтай, жұмыр да салмақты туындылар. Еліктеу-солықтауы жоқ шебер қолдан шыққан. Үш әңгімеде де кейбір адамдар бойынан кетпей жүрген тоғышарлық, көрсоқырлық аяусыз әшкереленеді, автордың азаматтық позициясы бар қырымен бой көрсетіп отырады...

Бұл жинақ – Роллан Сейсенбаевтың екінші кітабы. Алғашқы әңігмелерінде қадамын апыл-тапыл басқан автор мына жинағында өзінің тез өсіп, буыны бекіген күйін танытты. Әдебиетімізге жаңа бояулы жаңа тақырыбы бар дарынды жазушы келгенін қуана құптауымыз крек. Ол асар асулар, ол шығар биіктер әлі алда. Тек қажымай-талмай еңбектене бергей, іздену жолынан таймағай дейміз».

***

Суретін газет-журналдардан көргенім болмаса, атақ-даңқын ғана естіп-білетін жазушымен кездесу мен үшін үлкен қуаныш еді.

Р.Сейсенбаев хәкім Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында, республикалық телевизия арқылы «Абай әлемі» атты хабар жүргізіп, Қазақстан Республикасының экс Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, одан соң ЮНЕСКО-ның Бас директоры Федерико Майормен сұхбаттасқан болатын. Телехабар қамтыған тақырып  ауқымдылығы, тереңдігі мен жан-жақтылығы көрермен қауымды баурағаны рас.

Ал белгілі тележурналист Жанна Ахметованың авторлық бағдарламасынан Роллан Шәкенұлының салиқалы, салмақты, ойлы сөздерін естіп тарлан таланттың дарын-қабылетіне тағы да тәнті болдым.

***

24 қараша күні сағат 12:30-да Көкшетау аэропортына ЯК-40 ұшағы келіп қонды. Құрметті меймандарды облыс әкімінің орынбасарлары Б.Жанәділов, Қ.Ыдырысова, облыстық мәслихаттың хатшысы С.Багинский, облыстық мәдениет басқармасының бастығы А.Балмұқанов  қарсы алды.

Әуе лайнері тоқтап, баспалдақтан жолаушылар жерге түсе бастады. Менің көзіме елу шамасындағы орта бойлы, жалаң бас үстіне күздік қара пальто киген, қой көздеріне мейірім ұялаған, жылы жүзді адам бірден шалынды.

Мен Роллан ағаны таныдым. Елмен бірге қос қолымды ұсынып, сәлемдестім.

- Амансыздар ма? Ыңғайсыздау екен!.. Бұлай қарсы алады деп күткен жоқпын!.. Бір топ адам!..  

Аман-сәлемнен соң мен сол жерде құрметті қонақтан Көкшетауға келген іс-сапары жайлы  шағын сұхбат жазып  алдым. Бұл интерьвю сол күні облыстық телевизияның «Құлагер» ақпараттық бағдарламасынан  эфир арқылы облысқа тарады.

Түстен кейін қала ортасындағы «Юность» кино театрында оқырмандармен кездесу кеші өтті. Ол кездесуге Роллан Сейсенбаев клубының мүшелері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ерекше баритон дауысқа ие, Алматы мемлекеттік консерваториясының деканы Шахмардан Әбілов, бүкілодақтық конкурстардың дипломанты, концертмейстер Индира Ахметова, танымал кинорежиссер Марс Омаров қатысты.

Кездесу кешінің тартымды, қызықты болғандығы сондай үш сағат іп-ілезе өте шықты. Кешкісін құрметті қонақтарға «Көкшетау» мейрамханасында облыс әкімі қонақасы берді.

«Юность» кинотеатрында да, «Көкшетау» мейрамханасында да Роллан Шәкенұлына өте көп сұрақ қойғанымды байқаған жазушы маған қарап:

- Толымбек, сен бүгін жақсы жұмыс істедің. Әлі де қояр сауалың бар сияқты. Осы сұрақтар негізінде екеуміз кітап жазсақ қайтеді? - деді.

- Қуана келісемін.

- Уақыт табасың ба?

- Демалыс аламын.

-Марстың телефон номерін жазып ал. Оны тапсаң, мені тапқаның. Мақұл ма?

Бұдан кейінгі күндері Көкшетау қаласы әкімдігінде, қаладағы құрал-жабдық жасау зауыты мәдениет сарайында, Шучье аудандық әкімшілігінің үлкен залында әдеттегідей  кездесу кештері өте шырайлы, жоғары деңгейде өтті.

Құрметті қонақтар жер шоқтығы – Бурабайдың сұлу көркін тамашалады, Абылайхан алаңына барды. Бұқаралық ақпарат құралдары алматылық меймандар жайлы дүркін-дүркін хабар таратып жатты.

26 қараша күні меймандар Алматыға аттанды.

Қонақтар мінген ұшақ әуелеп, көзден тасаланғанша қарап тұрдық. Жанымдағы өзге адамдардың қандай күйде болғанын білмеймін, менің жан дүнием астаң-кестең... Роллан Шәкенұлының қарапайымдылығы, кішіпейіл мінезі әдебиет, өнер, өмір жайлы толғаған ғибраты мол әңгімелері ойымнан шығар емес... Сағыныш,  мұң қоса қабаттасып... беймәлім сезім жетегінде біраз тұрдым... 

***

10 желтоқсан. Түн. Көкшетаудан шыққан жолаушылар пойызы қараңғылықты қақ жара оңтүстік-шығыс бағытына жүріп келеді. Купе іші жылы. Шыңылтыр аяздан тоңған бойым жылынып, теңселе тербелген вагон доңғалақтарының бірқалыпты ырғағы ұйқы ұйығына тартып барады.

Көңілім алаң. Ертеңгі кездесуді ойлаймын. Екі күн бұрынғы Роллан ағамен телефон арқылы сөйлескенім еске түсті.

- Рахмет, Толымбек! Хабарласқаның жақсы болды.

- Пәкістанға қалай барып келдіңіз?

- Алдыңғы күні оралдық. Аллаға шүкір, бәрі ойдағыдай. 12 желтоқсанда Ақмолада «Абай үйін» ашамыз, соған кел. Облыс әкімінің орынбасары Құралай Ыдырысова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Аманкелді Балмұқановқа сәлем айт. Облыстық әкиматқа қоңырау шалып едім, орындарынан таппадым.

- Роллан аға, сұхбаттасуға уақыт табыла ма?

- Бір күн бұрын келсең, жақсы болар еді.           

Жолаушылар пойызы Ақмолаға таңғы 6-да жетті. Роллан ағаны  «Интурист» қонақ үйінен таптым. Бибігүл Төлегенова мен Ермек Серкебаев кешкі пойызбен келеді екен. Мен мейманханаға орналасқан соң таңғы шәйімді ішіп болып,  сұхбатқа дайындалдым.

Қалалық телефонда тыным жоқ. Алматыдан, Павлодардан, Семейден, Ақмоладан соғылған қоңыраулар... Соған қарамастан сұхбатымызды бастадық.

 - Роллан аға, сіз  қазақ халқының мақтанышысыз. Алайда оқырман қауым сіздің өміріңіз бен қызметіңізді жақсы білмейді. Үйткені сіздің кітаптарыңыз Қазақстанда жарық көрмегелі көп болды.

-Менің жерлестеріме ешқандай өкпем жоқ. Қазір  шығармашылықпен айналысатын зиялы қауымға өте қиын. Қағаздың тапшылығынан жазушылардың кітаптары сирек шығып жатыр. Сол үшін менің үлесімді басқа қаламгерлер алсын. Мен қарт жазушылардың  басылып шыққанын қалаймын. 

Бүгінгі таңда, бір есептен кітаптардың шықпай жатқаны дұрыс та шығар. Қазір мейлінше көп жазу керек. Келешекте экономикалық жағдай түзеліп, барлығы жеткілікті боларына сенімім мол. Есіңде ме, қайта құру кезеңінде осы тақырыпты жазатын, ақиқат айтатын бірде-бір жазушы болмады. Ал Ресейде Рыбаковтың «Дети Арбата», Дудинцевтың кітәбі тағы басқа қызықты кітаптар тез пайда болды. Бауыржан Момышұлының кітабы шыға ма деп күтіп едім, үмітім ақталған жоқ.

Бауыржан Момышұлы дарынды әскери қолбасшы, ғажап жазушы. Оның әскери жазбаларын біз көре алмадық, өкінішке қарай бұл жанға батады.

Жасырып керегі не, біздің жүрегімізде әлі де үлкен үрей бар. Әдебиет мықты болуы үшін жақсы жазушы ғана емес, жақсы редакторлар да керек. Уильям Фолкнердің, Эрнест Хемингуейдің кітаптарының жақсы редакторлары болған. Шығармашылық жұмыста, редактор басты адам. Кеңес одағы кезінде цензура болды. Бірақ ол жазушыны сөзбен жұмыс істеуге үйретті. Қазір жазушылар сөзбен жұмыс істемейді. Соның салдарынан бізде оқылмайтын нашар кітаптар көп. 

-Совет одағы кезінде ешкім соцреализм соқпағынан шықпады емес пе? 

-Стильді табу мен жазуға оның бөгеті болған жоқ. Жазушы өзін-өзі редакциялады. Үйткені, цензура артық ешнәрсе жіберген жоқ, сенің төбеңнен тотолитарлық режим қарап тұрды. Біз көптеген кітаптар мен газеттерді жол арасынан оқуға мәжбүр болдық. Солай еткенде ғана автордың не айтқысы келетіндігін түсіндік. 

- Балалық шақтағы жарқын әсерлеріңіз туралы айтсаңыз?                     

-Мен Абайдың ұрпағымын. Семейде  туғаныммен, бес жасымнан Қарауылда тұрдым. Мектептегі ұстаздарым өте білімді адамдар еді. 8-ші сыныпта Алашорда жайлы, Абай, Шәкәрімнің өмірі туралы естідім. «Абай жолы» кітабындағы кейіпкерлердің ұрпақтарын өз көзіммен көрдім. Мұхтар Әуезов: «Жер – әңгімеші, жер әңгімеші болған соң, ел әңгімеші» демекші, бұл өлкенің әр түп шиі, әр түп жусаны, тау-тасы, бәрі тұнып тұрған шежіре!    

Жарылыстан көз ашпаған ядролық сынақтар ше? Мен ақ қан ауруынан қаза болған қарттарды көрдім. Жұрт оның себебін білсе де, қорыққаннан тіс жарып ештеңе айтпады, бірақ радиацияның зардабы екенін білді. Қатерлі ісік сырқаты неге көбейіп кетті? Ал дәрігерлер, «қазақтар ыстық шәйді көп ішеді» деп өтірік айтты. Олар  жұртты алдап иландыруға тырысты. Қазақтар өмір бойы ыстық шәй ішіп келеді, рак болған жоқ қой ешқашан. Қоғамдағы кез келген өтірік, алдау – қылмыс! Сол үшін, саясаткерлер, билік басындағылар ел-жұртқа шындықты жасырмай айтуы керек.

Біздің бүгінгі қасіретіміз – билік иелері шындық айтпайды, халықпен тікелей сөйлеспейді. Президент, Премьер-Министр, министрлер, тағы басқа лауазым иелері, мойны озық, өркениетті ел болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек. Билік пен лауазым иелері халық есебінен байымайтын болсын... 

Шәкәрімнің, Алашорда ардагерлерінің шығармаларын біз оқи алмадық, тек  ауызша айтылған әңгімелер арқылы білдік. Кеңес одағына қараған өзге халықтар сияқты қазақтар да тотолитарлық империяның темір құрсауында болатын.

Сегізінші, тоғызыншы сыныптарда мақсатты түрде жаза бастадым.  Менің өмірге көзқарасымның қалыптастуына, жан дүниемнің жақсы әдебиетпен тәрбиеленуіне әкем көп еңбек сіңірді. Бала кезімде Джек Лондонды,  Эрнест Хемингуейді, Уильям Фолкнерді көп оқыдым. Мен Джек Лондонмен есейдім. Жазушы көп көріп, көп білу қажеттігін түсіндім. Джек Лондон алтын іздеушілер арасында тұрды. Оның барлық  әңгімелері сол дәуірмен,  сол кездегі Американың өмірімен тығыз байланысты. Оның кейіпкерлерінің рухы күшті.

Хемингуей маған ғажап әсер еттіі. Мен де Хемингуей сияқты спортшы болдым. Өйткені жақсы шығарма жазу үшін жазушыға мықты денсаулық керек. Кейде неше сағаттап ақ қағазға қарап отырсаң да ой келмейді. Төзімділікпен отыра алмайтын адам, шығармашылықпен айналыса алмайды. Поэзия – жан дүние сыры, ал проза – мехнаты мол, күнделікті ауыр еңбек.                                                                                                                                                   

Фолкнер маған адамның азаптану тереңдігін білуді үйретті. Адам жан дүниесінде тылсым көп. Ол жұмбаққа кіру өнерін мен Фолкнерден үйрендім. Лев Толстой, Антон Чехов, Николай Гоголь, Федор Достоевский ұлы жазушылар. 19-ғасыр Ресей үшін алтын ғасыр болды. Үздік қалам шеберлері еуропалық, әлемдік ойды бір сатыға көтерді. Бұл кезең – адамзат рухының шарықтау кезеңі еді. Америкада, батыста, шығыста Лев Толстойды бас алмай оқыды. Қазақстанда да мұндай тұлғалар болды. Олар – хәкім Абай, ғалым Шоқан Уәлиханов.

Шоқанның өскен ортасы ғажап. Омбының кадет корпусы, Санкт-Петербург. Ол осы орталарда жүріп рухани азық жинады, шығыстанушы атанды. Біз Шоқанға, қазақтың баға жетпес аңыздары мен эпостарын жинағаны үшін қарыздармыз. Қырғыздың «Манасын» алғаш жазып алған да Шоқан. Бұл түріктер үшін ғана емес, жер бетіндегі барлық халықтар үшін құнды еңбек.                                                                                                             

- Әкеңіз туралы әңгімеңіз қатты әсер етті. Шәкен аға туралы айтасыз ба?

- Әкем балаларын еркін тәрбиеледі. Бала кезімізде біз кітапты көп оқыдық. Әкеміздің балаларына берген өсиеті, шыншыл адал бол дейтін. 

Мені кішкентай кезімде Ресейге ертіп апарды. Кавказ елінде болдық. Лермонтовтың үйін көргенде таң қалдым. Атақты ақынды мен Абай аудармалары арқылы білетінмін, ал өзге өлеңдерін  орыс тілінде оқығанмын.

Әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, жаралы болып елге оралған соң Абай аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеді. Соғыс зардабынан көп науқастанды. Ол кісінің майдандағы әскери бөлімшесі Калининград түбінде тұрыпты. Ерте  қайтыс болады деп ойлаған жоқпын. Жүрек сырқатынан, аяқ астынан дүние салды.

«Тоска по отцу, или когда рухнул мир» повесімде әкем туралы жаздым.  Бір ғажабы, менің ұлым Дархан Калининградта әскери борышын өтеді. Бұл таң қалатын дүние. Әкем тірі болса біз оның соғысқан жерлерін аралап көрер едік. Әкем мені Калиинградқа ертіп барғанда, неміс философы Иммануил Кант туралы айтты. Менің жазушы болуыма әкем көп қолдау білдірді. Мәскеуде тұрғанда отбасыма барлық жағдай жасады. 

Әкемнің өлімі, мені теңселтіп кетті...

***

Кейінірек мен кезекті еңбек демалысымды алып, Роллан ағамен арадағы әңгімені жалғастыру үшін Алматыға келдім. Жазушымен консерваторияда қызықты кездесу кеші өтті. Бір аптадан астам уақыт бірге жүріп, соның негізінде орыс тілінде «Трудись как раб» деп аталатын көлемді  сыр-сұхбат дайын болды. Ол сұхбатты Көкшетау облыстық «Степной маяк» газеті 1996 жылғы № 135, 136, 137 сандарына жариялады.   

***          

Халықаралық «Абай» клубынан жарық көрген Р.Сейсенбаевтың «Тектілер туралы реквием» әлемнің ұлы жазушылары мен ойшылдары туралы дара тебіреністен туған үш кітаптан тұратын үлкен еңбек. Екінші кітапқа енген Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Иоанн Павел 2, Чеслав Милош, Вислава Шимборская, Мұхаметқалым Шаяхметов, Ғабдулла Тоқай, Мұса Жәлел, Мұқағали Мақатаев, Әбіш Кекілбаев хақындағы эсселер көркем туындылар сияқты оқылады, оқи бастасаңыз соңына жеткеніңізді аңғармай қаласыз. 

Р.Сейсенбаев интеллектуалды кейіпкерлер образын сомдайтын суреткер ғана емес, кеңістікті көкірек көзімен шолу үшін көк бөрідей жалғыз жортатын көшпендінің дара ұрпағы, жазушылықты, аудармашылық пен ұйымдастырушылық тынымсыз еңбекті өз бойына астастыра білген тұғырлы тұлға. Бұл сөзімізге Роллан Шәкенұлымен жан жары, марқұм Клара Серікбаева екеуі жиырма жылдан астам уақыт шығарған «AMANAT» журналы мен әлем жазушыларының 70 томдық кітаптар сериясы айғақ.

***

Осы жолдардың авторына, 2006 жылы қазан айында Астана қаласындағы Президенттік Мәдениет орталығында, Сан Франциско (АҚШ) қаласында орналасқан, өнер және әдебиет мәселелері жөніндегі Әлем Академиясының академигі, халықаралық «Абай» клубының президенті һәм халықаралақ «AMANAT» журналының бас редакторы Роллан Шәкенұлының 60 жылдық мерейтойын жүргізу жауапкершілігі бұйырып еді. Сол мерейтойда көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «1970 жылдары әдебиетке келген бір топ талантты жастың арасында Роллан да бар еді. Өзінің жазу мәнерімен, оқиғаны ойната отырып, кейіпкер сомдауымен ерекше болатын. Егер сол кезде қазақ әдебиетінде алғаш интеллектуалды кейіпкерлер пайда бола бастаса, оны Роллан қаламынан туған образдар деп түсінеміз. Өйткені, кілең интеллектуалдық тақырыпқа қалам тартқан бірден-бір жазушы өзі еді. Ол адам жанының қатпар-қатпар қалыңдарына бойлайтын Юкио Мисима, Габриель Гарсиа Маркес сияқты үркек жылқыдай жазушылардан көбірек үйренетін сияқты. Қазіргі заманды лазердің сәулесімен ми қатпарларын ақтаратын нейрохирургия заманы десе болады. Сондықтан микропсихология сұрыпталып, адамдар «жаңару» үстінде. Кезінде сыншылардан бағасын алып үлгермеген жазушы туындыларының, дәлірек айтқанда, оның совет үкіметі оқырмандарына түсінікті болмаған кейіпкерлерінің құпиясы енді ашылмақ» - деген еді.

***

Роллан ағаның әр туындысын оқыған сайын толқып, тебіренгеннен орнымда отыра алмай тұрып кетем. Не деген көркем тіл, тереңнен тартқан қордалы ой-орамдар ғажап.

Екі жыл бұрын «Жұлдыз» («№2,2024) журналында «Мінбер» айдарымен жарияланған «ОСЫ БІЗГЕ НЕ БОЛҒАН?!» деп аталатын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат немесе ұйқысыз түндердегі сағым ойлар өзінің дер кезінде айтылған шыншыл, өткір пайым-парасатымен айшықталары сөзсіз.

Рекең қай кезде де сөйлеп кетсе шешен, топ бастаса көсем. Қараңыз:

«...Бүгін орыстың көзімен, соның түзеуімен қазақ тарихын жасау керек дейді. Қазақтың тарихын қазақтар жазу керек. Оған орыстың миы да, көзі де, қаламы да керек емес. Орыс, қазақ даласында атом электростанциясын сала алады, ал тума тарихын орыстан қайырап ала алмайды.

Сұмдық! Жын-ойнақ театры! Орыстың иттігі. Қазақтың табансыздығы. Өз тарихы болмаған халық, халық бола ала ма? Өз тарихын үлгі етпеген ел, ел бола ала ма?! Қазақ – талантты халық. Сол қазақтың қаймақтары бас қоссын…

Бүгінгі қазақтың үйінен кітап көрмейсіз. Кітапқа тесілген адамды соңғы жылдары мен де көрмедім. Қазақтың билігінде жүргендерге кітап керегі жоқ. Олар оны бала кездерінде де ұнатпаған. Бүгін олар кітап жинамайды, театрға бармайды. Ақша жинайды. Ақша тән үшін. Кітап жан үшін. Бүгінгілердің жаны – суы тартылған құдық. Сол құдықтың көзін ашпай, адам – адам бола алмайды. Бүгінгілердің көзінде төрт әріп жанып тұрады. Ақша. Сол көздерге отыз бес жыл болды. Ақшаны таниды. Байларды пір тұтады. Кітапты танымайды. Қазақтың бүгінгі тіршілік аясы осы ғана. Аянышты тірлік шіркін, өтіп, өшіп, кетіп жатыр. Қайран ғұмыр-ай десеңші...». («Қазақ әдебиеті» апталығы, №49-50, 13.12.2024)

***

Шын дарын, тамыры терең талант атақ-даңқтан да, дақпырттықтан да бойын аулақ ұстайтыны белгілі. Бүгінге дейін Р.Сейсенбаевтың дарындылығына, шығармаларының өзгеге ұқсамайтындығына ешкім шүбә-күмән келтірмесе де, елден еректігі, ерлікке лайық жаңашылдығы, жүрек қылын шертер ойының қордалылығы, тереңнен толғайтындығы айтыла қойған жоқ.       

          Әсілі Р.Сейсенбаев туындыларын толық оқып, талдап-таразылап баға беру үшін кемел білім, үлкен білік Һәм талғам керек. Рас, көрнекті қаламгерлер Анатолий Ким, Герольд Бельгер, Максим Кузин, Мұрат Әуезов, Сайын Мұратбеков, Дидар Амантай т.б. жазғандары жадымызда. 

« - Мен Роллан ағаның артынан ерген інісімін, - деп жазады белгілі ақын, қоғам қайраткері Төлеген Жанғалиев «Егемен Қазақстан», (11.09.26) газетінде. - Арамызда төрт-бес жас айырмашылық бар. Рекең әлем таныған жазушы ғой. Бірақ оны қазақтардың танып жатқаны шамалы. Оған ол өкінбейді де. Атақ-мансапқа көп қызықпайтын адам. Ақшаға да қызықпады. Қайта өзінің шығармашылығынан алған барлық қаламақысын Абай атасына арнады. Бірнеше кітабын шет тілдеріне аударды. Лондонда тұңғыш рет «Абай клубын» ашқан да осы – Роллан Сейсенбаев».

Шағын эсседе терең тамырлы таланттың шығармашылығын жан-жақты, кеңінен қамтып жазу мүмкін емес. Эссе соңын 80 жасқа толып отырған мерейтой иесі - Роллан Сейсенбаевтың өз сөзімен аяқтауды жөн көрдім. 

Рекең былай дейді:

- Жиырма бірінші ғасырдың жазушылары, оқырмандарына адамгершілік идеалын ұсынулары тиіс, онсыз рухани прогрестің кемелденуі мүмкін емес. Біз ұлттық салт-дәстүрімізден, ана тілімізден айырылмауымыз керек.

Ұлы махаббатпен, ұлы жанкештілікпен туған әдебиетіміз бен мәдениетімізді дамыта беруге құлшынудан таймайық. Сонымен бірге Ана-Жерді мекендеген әлем халықтарының салт-дәстүрін де үйренуден, сыйлаудан жалықпайық.

Дәл осы ұмтылыстардың тоғысқан тұсында Қазақтың ел-жұртында мүлде жаңа, универсалды дәстүр қалыптасады. Біз өз өмірімізді Отанымыздың болашағына арнауымыз қажет. Ол үшін, әр қазақ Отаны үшін жанын беруге әзір болуы шарт. Сол кезде ғана, Дешті Қыпшақ даласының рухы асқақтап Ана-Көкке қайта дүбірлей көтерілеріне сенемін...

 

Толымбек Әбдірайым, жазушы,

 Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan