Абдул Рахметов – 1986 жылы 15 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы БҚМУ «Мәдениет және өнер» институтын бітірген. «АР» және «Белес» атты жыр жинақтары жарық көрген.
***
Мен тау ұлы емеспін, далалықпын,
Аңсап жүрген бал дәмін балалықтың.
Дархандықты даламнан сіңіргесін,
Кермесі жоқ кеңдіктен жаралыппын.
Далалықпын, айт солай таныстарға,
Тұлпардай тарпып өтер шабысқанда.
Сайын дала төсінде еркіндікпен,
Көз тастаймын шегі жоқ алыстарға.
Ия мен тау көрмедім асқары шың,
Дала бардым, дауыл жыр бастау үшін.
Сағымдарың жетектеп қиялымды,
Қырда хаттар, тұрғандай таста мүсін.
Мен тау ұлы емеспін, дала ұлымын,
Далам сынды дарханмын, бағалымын.
Күйлердің сіңген талай күмбір үні,
Ізі қалған һас тұлпар, тағалының.
Құмартып аңсап тұрам қырларыңды,
Оқып бергім кеп саған жырларымды.
Ал сен үнсіз жатырсың кең төселіп,
Құмдарыңа жасырып сырларыңды.
Мен тау ұлы емеспін, далалықпын,
Мекені болған талай бар алыптың.
Қаладан қарайлаймын ауыл жаққа,
Себебі, мен ЖАҢАҚАЛАЛЫҚПЫН.
***
Алмасып жатқан күннің көп,
Бітетін тұсы әп сәтте.
«Өмірде мынау кіммін» деп,
Ойланып көрші бір сәтке.
Сен кімсің өзі, бауырым,
Құр асқа жүрме ортақ боп.
Естіле қалса ауыр үн,
Жалтақтап жүрме, қорқақ боп.
Азамат болып келгесін,
Ар алдындағы хақыңды ұқ.
Ез болып жүру ерге сын,
Бойыңда болсын батырлық.
Әкеден сен де жаралдың,
Жаратты сені адам қып.
Ақ сүтін емсең анаңның,
Танытшы көпке адалдық.
Ту ұстап қолға топқа кір,
Пікірің болсын мен деген.
Бола біл адал Һаққа құл,
Беделің болар елменен.
Еңбек қыл, терлеп, шаршама,
Бақыт кеп басын иеді.
Жалған сөйлеуді ар сана,
Адалды Алла сүйеді.
Еркексің қайсар, намысты,
Бауырым сенде үміт мол.
Ойланып жаса әр істі,
Еліңе керек жігіт бол!
***
Ұйқыда қала, тыныш тым,
Тыныш тым, бірақ тым шулы.
Әуені әсем дұрыс түн,
Тамшымен айтты бір сырды.
Қараңғы түннің құшағы,
Жаныма тіпті жақын-ақ.
Қиялым көкке ұшады,
Сыбырлап кетсе жапырақ.
Қара аспан кімге қарасқан,
Жарығы бәсең жұлдыздың.
Аспанға қарап бал ашқан,
Арманы сынды бір қыздың.
Телмірем солай түнге мен,
Жайым да болмай жалпы онған.
Үміттің шоғын үрлегем,
Толғатып тұрып балконнан.
Іргесі түннің сөгілді,
Атты таң, әне, рауан.
Сәулесі күннің көрінді,
Тазартшы мені,
Тазартшы жерді күнәдан.
***
Алматы кеттім мен,
Естелік боп қалдың көп күннен.
Мазаңды алмадым жатып ап,
Жерім де болмады жек көрген.
Мен қайта келемін,
Сенде екен мықтылар дегенің.
Алатау асқақтап тұр әлі,
Сосын да зор болар беделің.
Құдайым болса шын,
Жүрегім сен неден қорқасың.
Бір күні келем де тағы да,
Толтырам ақындар ортасын.
Қолдай гөр, О, Алла,
Мыңдаған шақырым жол алда.
Арманды қалдырып мен саған,
Жол тартып барамын Оралға.
***
Алда неге жоқсың деп сұрақ қойма,
Алдан келер алдымен сынақты ойла.
Көзге түспей жүргенді ұнатамын,
Көз көретін өнер бар бірақ бойда.
Сен-ақ алдан көрінші, самға күнім,
«Көш соңында» деген ол жалған ұғым.
Көрінбей де жасармын кереметтер,
Бәрі мықты емес қой алдағының.
Әлде мені алдың ба жорта сынға,
Дейсің ғой «Алдан аға қорқасың ба?»
Мен әуелден қарағым ұнатамын,
Жүргенді мықтылардың ортасында.
Демеймін көңіләм пәс, бос арманым,
Өмір өзі алдымнан тосар дәмін.
Артта көрсең налыма, құлатпастан,
Арқадан тіреп жүрмін осалдарын.
***
Күзгі жасын төгіп тұр аспан анық,
Жапырақтар соңғы әнін бастап алып.
Өз тағдырын айтады айға жылап,
Айнымайтын, қойғандай тасқа жазып.
Өтіп кетті көктемгі жасыл дәурен,
Сағыныш сары күзге қосылды әнмен.
Жапырақтар тағдыры үзіледі,
Атыраптар алтындап жасырғанмен.
Мың жапырақ, ақ қайың мың жүректі,
Суық желге қосылып дір-дір етті.
Құмарттым жапырақтың тағдырына,
Жылаттым кеудемдегі бір жүректі.
***
Қабағыңды жаппаса екен қалың мұң,
Жанарыңда сәулесі бар жалынның.
Куәсі өзің ең бақытты шағымның,
Жаным сені сағындым.
Күлкісіне ұқсамайтын басқаның,
Жымиғаның күміс сәуле шашқаның.
Жұпар сіңген сенің сүмбіл шаштарың,
Шын сағына бастадым.
Жүрегіммен жүрегіңнің әні бір,
Мінез мақпал, жаны көктем, тәні гүл.
Сен қасымда жүргенде де жарығым,
Сағынамын бәрі бір.
