Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өтіп жатқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасының кезекті лекциясы осы жолы Орталық қалалық кітапханада жалғасты. 31 қазанда көрнекті әдебиеттанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сауытбек Абдрахманов «Әбіш әлемі» атты тақырыпта лекция оқыды. «Әдебиет порталы» лекцияны диктофоннан түсіріп, тақырып реті мен лектор стилін сақтай отырып, оқырманға ұсынып отыр.

Алғашқы таныстық
Сауытбек Абдрахманов өз сөзін іс-шараның Орталық қалалық кітапханада өткізілуінің жай-жапсарынан бастады.
Иә, өткен жолғы кездесуде қаламгерлер бастамасының алғашқысы ретінде осы кітапхананы таңдағаным рас. Кітапхана меңгерушісі Гүлайым Едігеқызымен алдын ала ақылдастық, қамқоршылықтың қандай формада болуы жөнінде ойларымыз бір жерден шығып отыр.
Қамқоршылықтың бастауы ретінде мен бүгін кітапханаға біраз кітап сыйладым. Олар, атап айтқанда, шығармаларымның он томдық жинағы, әр жылдарда шыққан «Өнер өлкесі», «Әдебиет әлемі», «Сұхбат сыры», «Абыз Әбіш», «Корифей», «Алып Абай», «Қашаған құрықтаған Қазақстан», «Төлтума мен телтума», «Перевод поэзии и поэзия перевода» сияқты жекелеген кітаптарым. Мұның сыртында таяуда кітапханаға шамамен жүз кітап тарту ететінімді қоса айтқым келеді. Ең бастысы бұл да емес. Ең бастысы – осы Орталық қалалық кітапхананың жұмысын жаңаша жүргізуге қал-қадерімше септесу, қажет деп табылған жағдайда ақыл-кеңес қосу. Кітапхананың дәл университет іргесінде орналасуы да оған студенттерді қазіргіден көбірек тартуға мүмкіндік беретіні анық.
Сан түрлі себеппен мен Астана әкімдігінің қолдауымен, Жазушылар одағының Астана филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатқан «Қаламгер ұстаханасы» жобасының аясында оқылған лекциялардың ешқайсысына қатыса алмадым. Сондықтан олардың форматынан, сипатынан онша хабардар емеспін. Бүгінгі оқылатын лекция бұрынғы лекциялардан басқашалау естіліп, кәдуілгі әңгімеге көбірек ұқсап, еркін баян түрінде шығып жатса, алдын ала ғафу өтінемін. Тегінде, Жазушылар одағы өткізетін іс-шараның академиялық лекцияға айналып жатуы шарт та емес болар. Қысқасы, қазіргі айтылатын жайдың бәрін менің Әбіш Кекілбаев жөніндегі ой-пайымым деп қабылдауды сұраймын. Оның өзінде де Кекілбаев шығармашылығын жалпылама қамти алатын бір лекцияның оқылуы мүмкін емес деп ойлаймын.
Ашығына келгенде, лекцияның «Әбіш әлемі» деп аталуы оны тыңдауға ықылас білдіретін адамдар санын арттырудың амалы ғана... Өйткені, тағы да айтамын, Әбіш әлемі бір автор айқара ашып тастай алатын әлем емес. «Құшақ жетпейтінді құшақтай алмайсың» деген сөзді дәтке қуат етуге тура келеді.
Біз өз кітабымызда Әбіш Кекілбаевты негізінен суреткер ретінде емес, ойшыл ретінде қарастыруды мақсат тұттық. Ол үшін Кекілбаевтың көркем сөзіне емес, көсем сөзіне көбірек назар аудардық. «Данышпан сөзі тағдыр талқысынан өтіп барып, адам сырына айналады. Сондықтан да болар, адамзаттың сан ғұламасы мен данышпаны өмір мен болмыстың, табиғат пен адамның талай-талай құпиясын айдай ақиқат қып ашып беріп кетсе де, өмірге деген зерттеуші зерде әлі бір сәт тыным тауып көрген жоқ», деп өзі айтқандай, Кекілбаевтың зерттеуші зердесіне зейін салдық. Замандастарының оны «интеллектуалды парасаттың жиынтық тұлғасы» деп атайтынының сырына үңілдік. Бұл үшін кітаптың әр тарауын Кекілбаев ойшылдығының бір-бір бағытына арнадық. Тарауларда қозғалатын мәселелер олардың атауларынан танылып тұр. Жазушы толғаныстарын толығырақ жеткізу үшін кітап соңына Әбіш ағамен жасаған төрт сұхбатымыздың мәтінін қоса тіркедік.
Ең алдымен айтатыным, жалпы бір адам жайында кітап жазатын авторға керек ең басты қасиет, басты талап – өзінің кейіпкерін жақсы көруі деп ойлаймын. Бұл жағынан менде қапы болған жоқ. Мен өзім пір тұттым десем артық сөз болар, бала күнімнен осы есімге қанық боп өстім. «Абыз Әбіш» кітабы да өз кейіпкерім – Әбіш Кекілбаевты шын құрметтеуімнің, жан-жүрегіммен жақсы көруімнің жемісі. Мен Әбекеңді адам ретінде де, ағам ретінде де ала бөтен ардақ тұтып өттім. Біз сегізінші не жетінші класта жүргенде «Ұйқыдағы арудың оянуы» «Лениншіл жасқа» басылды. Басылғанда, тіпті бір он күн, кемінде бір аптаға басылды. Енді ондай тарихи очерк деген одан кейін қайталана қойған жоқ. «Ұйқыдағы арудың оянуы» деген Маңғыстаудың атам заманынан бастап бүгінгі күніне дейін келіп, ең ақыр аяғында ұшқыр нейтронмен жұмыс істейтін станцияның егжей-тегжейіне дейін жазып шыққан ғажап кітап еді.
Жақын араласуым 1975 жылы, университеттің соңғы курсында Мемлекеттік кино комитетіне жұмысқа орналасқан тұсымнан басталды да, ағалы-інілі қарым-қатынасым Әбекең өмірден өткенге дейін, яғни 2015 жылға дейін, тұтас қырық жыл бойы жалғасты.
Әбіш Кекілбаев мені алғашқы таныстықтан-ақ таң қалдырған болатын.
Жетпісінші жылы жазда, абитуриент кезімде Жазушылар одағына бардым. Жазушыларды көруге барасың ғой. Барсам әдеттегідей сапырылысып жүрген адам жоқ. Таңданып төменге түсіп едім, бір адамдар бір жаққа кіріп-шығып жатыр аздап-аздап. Сөйтсем, арғы шетте, үлкен қаламгерлер біледі, жетпіс үшінші жылы Азия, Африка жазушылары конференциясына дайындық барысында пристройка салынды ғой, одан бұрын осындай ғана сәл ғана үлкен зал болатын. Мәжіліс залы. Барлығы сонда өтетін. Барсам, жиын болып жатыр. Жұрт алдында тұрған жігіттің қолында шиыршықталған қағазы бар. Ауық-ауық шиыршықтаған қағазын жайып жіберіп қарайды, қағазы қайтадан шиыршықтала қояды. Сөз деген ағыл-тегіл кетіп жатыр. Жай сөздің легі емес, құйылған образ. Бірін бірі үдемелеп жатқан ой. Аң-таң қалып қарап тұрмын, «Не деген шешендік!» деп. Бір кезде залдан: «Әбіш, дұрыс айтасың», – деді біреу. «Ой, мынау Кекілбаев екен ғой», – дедім. Алғаш көргенім және маған алғашқы әсері. Ол жиын жыл сайын өтетін әдеби жыл қорытындысы екен. 1969 жылғы проза шығармалары туралы баяндама жасау Әбіш Кекілбаевқа тапсырылған екен.
Бесінші курс жаңа бастала бергенде ол кісімен мені тағдыр өте жақын араластырды. Асқар Сүлейменовпен екінші курстан бастап араласқан жағдайым бар еді. Бір күні театрда жолыққанда айтады: «Госкинода менің жиенім бар. Сайлаубек деген, Жұмабеков, соларға қосымша редакторлық штат беріпті, сол жұмысқа бармайсың ба?». Мен сол Асекеңе еліктеп, өзінің сөздерімен:
– Оны бізге кім беріп жатыр? – дедім. Асекең:
– Бермесе бергіземіз. Мен Қалағаңа айтамын, – деді.
Бұның бәрін Әбіш ағаның адамға жақсылық жасайтын көңіліне байланысты айтайын деп тұрмын. Содан ертеңіне кинокомитетке бардым. Қалтай Мұхамеджанов жақсы қабылдады. Содан кейін: «Қазір председательге кіреміз, отыра тұр», – деді. Ол кезде кинокомитеттің кино өндірісі бөлімінің бастығы Сләмбек Тәукелов. Төрағаға кіретін уақытты күтіп, сол бөлімде отырмын. Бір кезде жаңағы жерге Әбекең келіп кірді. Әбіш Кекілбаев. Әрине, мені танымайды. Сайлаубек елпілдеп айтып жатыр. «Әбеке, мына бәленбай деген ініңіз КазГУ-дің студенті. Бізге жұмысқа қабылданғалы жатыр», – деді. «Ана жолы «Көксеректі» жаздың ғой», деді. Содан жарты жылдай бұрын «Социалистік Қазақстанға» «Құрмаш, қасқыр және қайырымдылық» деген мақала жазғам, «Көксерек» фильмі туралы, соны айтқаны. Бұл кезде сағат онның шамасы. Маған Әбекең: «Сен осы жерге түс қайта келе аласың ба?», – деді. «Келе алам». «Сен сөйтші, солай ету керек болып тұр», – деді. Бірінші танысқаным сол. Кішкене таңданып қалдым. Парк жақта жүріп-жүріп, түстен кейін келдім. Камал Сейітжановичке кіргізді. Қабылдағаннан-ақ Кәмекең айтады: «Ой, сен популярный жігіт екенсің ғой, сені Қалағаң мақтап отыр, сені Әбіш біліп отыр ғой», – деп. Сөйтсем, Әбекең, қайран Әбекең-ай, төрағаға жаңағы киностудияның бас редакторы ретінде шаруамен кірген жерінде сөздің ретін келтіріп, мені айтып кетіпті. Осындай бір ерекше адам еді.
Әңгіме барысында ауық-ауық «Әбіш», «Әбіштің» деп қалып жататыныма байланысты түсіндіре кетейінші. «Ой, мына кісі жанында жүрдім екен деп, немене, құрдасындай етіп Әбіш дей бере ме» демеңіздер. Жалпы, қазақтың адамға, азаматқа көрсететін үлкен құрметінің бір биігі – есімімен атау. Біз, әсіресе, зиялы қауым болсын, жалпы былайғы жұрт болсын, мысалы, Сәкен, Ахаң, Жақаң, Қасым, беріден түссек, Төлеген, Қадыр, Тұманбай деп сөйлейміз. «Фаризаның өлеңдері» дейсің. «Фариза айтқандай» дейсің. Фариза Оңғарсынова демейсің. «Мұқағали Мақатаевтың жырлары» деп сөйлесең де бір жасанды ма, бірдеңе болып тұрады. Сөйтіп, қысқасы, халық айрықша ардақталатын адамдарды сондай категорияға ауыстырады. Бір назар аударарлығы – олардың көпшілігі ақындар болып келеді. Қадыр, Фариза, Тұманбай сияқты. Ал прозаиктерде олай есіммен атау сирек кездеседі. Мысалы, Мұхтар демейсің ғой, Әуезов дейсің, Ғабит демейсің, Мүсірепов дейсің. Сол категорияға ауысқан адамдардың біреуі осы Әбіш Кекілбаев. Әбіш деп айтып отырғаным содан. Енді бірте-бірте бір замандар өтеді, уақыт дистанциясы келеді. Әбіш те кәдімгі Абай, Сәкен, Ілияс, Бейімбет деген сияқты категорияға ауысып, Әбіш деп көбірек аталатын шығар деп ойлаймын. Сондықтан осылай айтқанымды сіздер де дұрыс түсініңіздер.



Айтматовтың мойындауы
Университеттің бесінші курсында, 1974 жылдың күзінде Мемлекеттік кино комитетіне жұмысқа орналасқаным – өмірімдегі баға жетпес олжам. Комитет төрағасы Камал Смайылов, комитеттің бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов, киностудияның бас редакторы Әбіш Кекілбаев...
Бұл есімдерге сыпаттама беру артық, әрине. Басқа қасиеттерін былай қойғанда, осы азаматтардың бір-бірін бағалауының өзі жатқан бір ғибрат, өнеге еді. Бір күні Қалағаң – Қалтай Мұхамеджанов кабинетіне шақырды да, «Мына шимайымды қарап шықшы, пікіріңді айтарсың» деді. «Шимайы» орысша екен. Шамамен 5-6 беттей. «Көктөбедегі кездесу» бір елден кейін бір елде қойылып, ақыр аяғы мұхит асып, абырой тасып тұрған кез. Сол жақта пьеса кітапша күйінде басылатын, Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджановтың авторлық өмірбаяндары алғысөз ретінде салынатын болып шешілген екен. Қалтай ағаның кезінде Мәскеудің атақты ГИТИС-ін бітіргенін білгеніммен, орысша мақалаларын газет-журналдардан оқып жүргеніммен, Кино үйіндегі, Комитеттегі, киностудиядағы жиналыстарда жұртты күлкіге батыра сөйлеген сөздеріне талай құлақ түргеніммен, орыс тілінде де өзінің қалтайы қалжыңын, қайталанбас юморын бар сөлімен сақтап, соншалықты стилистік шеберлік көрсететінін біле қоймайды екенмін. Қатты риза болдым. Ойымды ақтарылып айттым да. «Керемет жазыпсыз» деп те жібердім. Сөзімді тыңдап отырды да, бір кезде былай деді: «Рақмет көңіліңе, шырағым. Өз шамамызды білетін жасқа келдік қой. Біз, енді, қанша дегенмен, қазақтың арасында қалатын қаламгерміз. Керемет деп мына Әбішті айту керек. Он межконтинентальный писатель... «Межконтинентальная баллистическая ракета» дегенді білесің ғой?.. Әбіштің размахы сондай»... Сөйтті де Әбіш туралы әңгіме бастап кетті.
«Әлемдік ауқымдағы жазушы» демей, «құрлықтардан асатын қаламгер» демей, «межконтинентальный писатель» дегенінен, «кең құлашты» демей, «размах» дегенінен бе екен, әйтеуір, Қалағаңның сол сөзі ерекше есімде қалып қойды. Отызында «Шыңырауды» шығарып, сөз танитын жұртты шалқасынан түсірген қаламгерге құрметім бұрынғыдан да арта түсті.
Келесі, 1975 жылы тағы қызық болды. Алматыға өз шығармасы бойынша қойылған фильмнің премьерасына Шыңғыс Айтматов келе қалды. «Лениншіл жастың» редакторы Сейдахмет Бердіқұловтың редакцияның әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Аян Нысаналин арқылы айтып жіберген сәлем-өтініші бойынша, жазушының жан досы, «Көктөбедегі кездесудің» телавторы Қалағаңның көмегімен әлемге әйгілі жазушыдан сұхбат алудың («Қайткенде адам қалады адам болып», «Лениншіл жас», 1975 жыл, 26 қараша) сәті түсті. Әңгіменің аяқ жағына қарай, кино және жазушы деген негізгі тақырыптағы сұрақтарымды қойып болған соң, бойым үйреніңкіреп, сұхбатқа қатыстырылмайтын жайларға да ауысқым келді. «Аға, біздің әдебиетімізді оқып отырасыз ба? Кімдерді бөліп атай аласыз?» деп қалдым. «Көп қой. Бөліп атап жатқаным қалай шығады? Оның үстіне проза мен киноның байланысы, экранизация мәселелері туралы ғана сөйлесетін болып едік қой», деді құлықсыздау күйде. «Айып етпеңіз, мысалы, Әбіш Кекілбаев туралы пікіріңізді білейін деп едім», дедім бас жоқ, көз жоқ. Студент кезім ғой, мысы да басып барады. Сондағы Шықаңның аузынан ә дегенде шыққан сөз мені сәл тіксінтіп тастады. «Ой, оны айтпа», деді... Сол сәтте маған келгені «Аралары нашар екен ғой, қап, бекер сұраппын» деген ой болды. Есімді жиғанша Шыңғыс аға тағы айтып қалды: «Оны қой» деп... Әп-сәтте түсіп кеткен еңсемді көтеріп, жүзіне қарасам... жазушы жымиыңқырап тұр екен. Бір кезде барып, «Он неисчерпаемый» деді... Біледі екен, білгенде де тіпті жақсы біледі екен. Әбіштің таусылып бітпейтін, телегей-теңіз білімін бөлекше бағалайды екен.
Қаламгердің қазақ қоғамындағы алар орнын оның жазушылығымен де, тарихшылығымен де, ойшылдығымен де, саясаткерлігімен де, қайраткерлігімен де толық жеткізіп айта алмаймыз. Әбіш Кекілбаев туындылары жалпыадамзаттық мәселелерді әлемдік өреде қарастыратындығымен, ой тереңдігінің, көркемдік кестенің, тіл өрнегінің классикалық үлгісін көрсетуімен, қай жанрға салғанда да өрен жүйрік шығатындығымен, әрі көп, әрі дөп жазуға болатындығын дәлелдеуімен тәнті етеді. Бір бойында жазушының, ақынның, драматургтың, аудармашының, мемлекеттік қайраткердің, саясаттанушының, тарихшының, философтың, мәдениеттанушының, өнертанушының, әлеуметтанушының, публицистің, журналистің, шешеннің таланты тамаша тоғысқан, соның бәр-бәрін далалық данышпандықтың қайнарынан суарған Әбіш Кекілбаевтың шын мәнінде феномен құбылысқа жататыны қазірдің өзінде талас тудырмайды.
Асылдарымызды ардақтау арқылы елдігімізді еңселендіре түсеміз
Елдігіміздің келісті көріністерінің бірі – жазушының 80 жылдық тойының ел Президентінің назарында тұруы. Қаламгердің ұлы, өзі де саяси әдебиеттің талай кітабын жазған қаламгер Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әке туралы ой-толғау» атты кітабында Әбіш Кекілбаевқа жүрекжарды сөздерін арнады. Президент әкесі – қазақтың көрнекті қаламгері, төл әдебиетіміздегі детектив жанрының ізашары Кемел Тоқаев туралы айта келіп, былай дейді:
«Оның Әбіш Кекілбаевқа деген көзқарасы ерекше еді. Әкей оның шығармаларын тарихи ауқымдылығы және философиялық тереңдігі үшін жоғары бағалайтын. Бұл жазушы гуманитария саласында энциклопедиялық білімге ие және оларды өз шығармаларында ұтымды пайдалана біледі деп ылғи айтып отыратын. Әбіш Кекілбаевты бақытты жазушылық тағдыр күтіп тұр, ол қазақ әдебиетінің классигі болып танылады деуші еді.
Арада біраз жылдар өткенде маған Әбіш Кекілбаевты жерлеуге қатысты мемлекеттік комиссияны басқаруға тура келді. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салардағы қаралы жиында мен қазақ әдебиетінің классигімен, ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілімен қоштасып тұрғанымызды баса айттым».
Қасым-Жомарт Кемелұлы сол тойдың қарсаңында, 2018 жылғы 6 желтоқсанда – Әбіш ағаның туған күнінде Ұлттық академиялық кітапханада қаламгер атындағы оқу залының ашылуына қатысып, сөз сөйледі. «Әбіш Кекілбаевтың әдеби әлемі шексіз дүние, көпқырлы, мағыналы мұра. Білімінің көкжиегі шексіз, бірегей тұлға, әрі жазушы, әрі әдебиеттанушы, ғалым, тарихшы, ойшыл, философ қана емес, мемлекетіміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген көрнекті мемлекет қайраткері. Бұл – ұлы жазушылардың арасында өте сирек кездесетін құбылыс» деп ерекше айтты. «Жаңа жылдан бастап бұл жұмысқа кірісуіміз керек. Үкімет, тиісті әкімдіктер қажетті жоспарларды дайындап, тиісті іс-шараларды қолға алады деп ойлаймын. Бұл бүкіл халыққа керек маңызды жұмыс», деді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғаннан кейін өңірлерге алғашқы сапарларының бірінде Маңғыстау облысына барды, Ақтауда сөйлеген сөзінде де жазушы тойының өзіне лайықты деңгейде өтетінін қадап айтты. Әбіш Кекілбаевты «қазақтың абызы» атады. Біздің кітабымыздың аты сол сөзден шығарылған. Президент жазушының Маңғыстаудағы 80 жылдық тойына арнайы барды, қаламгердің ескерткішін де, қаламгер атын иеленген облыстық музейді де өз қолымен ашты, жазушы жерлестерінің алдында ақтарыла сөз сөйледі.
Әбіш тойы халқымыздың рухани өскендігін келісті көрсетті. Халқымыздың асылдарды ардақтай алатын, жақсының бағасын білетін, ұлыларды ұлықтайтын елдік деңгейге көтерілгенін дәлелдеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Әбіш Кекілбаевтың бай мұрасына қамқорлығы біздің «Абыз Әбіш» атты кітабымызға жазып берген алғы сөзінен де тамаша танылады. Онда былай делінген:
«Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тау тұлғаның есімі, шын мәнінде, қандай құрметке де лайықты. Оның қаламгерлігі де, қайраткерлігі де жан-жақты зерттелуге, сарапталуға, насихатталуға тиіс. Бұл бағытта бірқатар жұмыс жасалып та жатыр. Әбіш Кекілбаев шығармашылығы бойынша жекелеген кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды, ол жөнінде көптеген мақалалар жарық көрді. Бұл жарияланымдардың әрқайсысы өзіндік міндет атқарады. Олардың көбіне Кекілбаевтың көркем шығармалары арқау болды. Зерттеушілер қаламгерді негізінен жазушы, суреткер ретінде танытты.
Сауытбек Абдрахмановтың кітабы — Әбіш Кекілбаевтың ұланғайыр ойшылдығын кешенді түрде талдаған күрделі еңбек. Яғни, кекілбаевтануды кеңейтетін кітап. Мұнда аса қомақты фактологиялық материалдың негізінде Ә. Кекілбаевтың мәдениеттанушылық, өнертанушылық, әдебиеттанушылық, тарихшылық, саясаткерлік қырлары, нағыз энциклопедиялық білімі, терең танымы, академиялық универсиализмі жан-жақты ашылған. Белгілі қаламгердің жаңа кітабы әбіштануды жоғары деңгейге көтеретін, Кекілбаев кемеңгерлігінің көкжиегін көрсететін еңбек деп бағалауға лайықты.
Асылдарымызды ардақтау арқылы елдігімізді еңселендіре түсеміз. Оқырманға ұсынылып отырған бұл кітап осы жолдағы рухани құндылыққа айналады деп сенемін».
Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан шыққан «Корифей» атты кітапқа алғы сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Абиш Кекильбаев – один из тех, кого мы можем представить миру как великого сына нашего народа. Многогранное творчество писателя является своеобразной концентрацией казахского духа» деп айрықша айтқан еді.
«Корифейдің» қолжазбасы қолына тигеннен кейін баспаның Наталья Лиджеева деген редакторы қайта-қайта телефондап тұрды. Бір тарауды оқиды да, телефондайды. Жиі айтатын сөзі «Неужели все это написал один человек?». «Да, конечно», деймін. «Поразительно!». Редактор таңғалады: «Қалай енді, бір адам музыканы да сонша біледі, киноны да сонша біледі, архитектураны да сонша біледі, археологияны да сонша біледі» деп бәрін тізбелейді. «Скульптура туралы да айтады. Театр актері туралы жазса, театровед сияқты, кино туралы жазса, киновед сияқты», – деп шұбыртып сөйлейді. Шынында да Әбіштің әлі толық біз танып білмеген қырлары көп. Ол Әбілхан Қастеев туралы жазса, живописьті зерттеуші маман сияқты. Ыдырыс Ноғайбаев туралы жазса, театр маманы сияқты, Нұрмұхан Жантөрин туралы жазса, кино сыншысы сияқты. Иә, Әбіш Кекілбаев өнердің қай түріне қалам тартса да, нағыз кәсібилік танытатын. Мысалы, таза қазақы ортада өскен, дәстүрлі мәдениетпен тәрбиеленген Әбіш пен рок-музыканың арасында не байланыс болуы мүмкін дерсіз? Жоқ, олай емес. Мына жұмыр жердің бетіндегі әр құбылысқа кемеңгер Кекілбаевтың қатысы бар, байланысы бар.
Марал Ысқақбай «Кемел тұлға келбеті» деген мақаласында бір жолы Алматы қалалық партия комитетінде астананың бүкіл идеологиялық мекемелерінің басшылары мен бастауыш партия ұйымдарының хатшыларының қатысуымен рок-музыка туралы талқылау өткізілгенін еске түсіреді. Қысқа баяндама жасалады да, артынша алдын ала дайындалғандар шығып, қағаздан бас алмай, сүреңсіз сөйлей бастайды. Жұрт жиналыстың сықпытына таңырқай ренжіп, күбір-күбірге көше бастаған кезде Әбіш сөз сөйлеуге ниет білдіреді. «Содан ол орыс тілінде көсіле кеп сөйлеп берсін: рок-музыканың табиғатын талдай ашып, оның қай жерде, қалай пайда болғанын, бастау басында кімдер тұрғанын, ірі өкілдері кімдер екенін, соңғы кездері қай бағытта, қалай дамып келе жатқанын, оның жалпы музыка өнеріндегі алар орны мен болашағын, осы өнер саласының тағы басқа толып жатқан мәселелерін әдемі құнарлы тілмен ғана емес, сол музыка өнеріне қатысты терминдерді пайдалана тұрып, айтып шыққанда залдағы көбіне музыкаға еш қатысы жоқ кіл бастықтан құралған тыңдаушылар білгір маманнан дәріс алғандай қызу ризашылық білдіріп, дуылдата қол соққаны бар. Бір қызығы, Әбіштің сөзінен кейін әлгі жиналысты созудың еш мәні қалмаған. «Апыр-ау, мұның бәрін бұл кісі қайдан біледі», – деп бәрі де қайран».


Төлен ағамның әңгімесі
Кеше маған Төлен ағам телефон соқты. Бүгін бір жерлеуге жүреді екен. «Мен қатыса алмаймын. Лекцияң жақсы өтсін» деп жатыр. Содан кейін бір әңгімені айтты. Ол әңгімені бұрын да естігенмін. Ол да Әбекеңе қатысты әңгіме болғаннан кейін айтып берейін.
1975 жылы Кеңес Одағын дүрліктірген бір оқиға болды. Мұхаммед Әли мен Джо Фрейзердің әлем чемпионы үшін айқасы Филиппинде, Манила қаласында өтті. Содан тікелей репортаж берілетін болды. Ол заманда тікелей репортаж деген тек Олимпиадада беріледі, содан кейін хоккейден құрама команда ойнағанда және футболдан құрама команда ойнағанда беріледі. Басқа спорттың түрінен, әсіресе, ол кезде буржуазиялық болып саналатын, біз онша мойындай бермейтін кәсіби спорттан тікелей репортаж беру деген сирек. Бірақ оның себебі бар. Оның себебі сол кезде соның оның алдында ғана екі жылдай бұрын ба, Кассиус Клей мұсылман дініне өтіп, Мұхаммед Әли атанған. Ол бір жағы, екінші жағы ол Вьетнамдағы соғысқа барудан бас тартқан солдат ретінде оны екі жылға рингтен шеттеткен. Ол кезде енді империализмге қырын қараған адамның бәрі Совет Одағының жан досы болып шыға келеді ғой. Сөйтіп, сол Мұхаммед Әлиге әйтеуір біздің құсымыз түсіп, сол тікелей репортаж беретін болды. Ана жақта таңертең болады. Бізде кешке болады. Түнге қарай, кешке қарай бәріміз дүрлігіп жүрдік, осындай дүрлігіс Орталық комитеттерде болады. Орталық Комитетте Әбекең істейді. Ол кезде Орталық комитеттің адамдары деген ығай мен сығай, Әбіш Кекілбаев, Софы Сматаев, Марал Сқақбаев, Дүйсен Қасейінов, Әшірбек Сығаев, тағы Алтыншаш Жағанова, әрқайсысы фамилия, өте мықты бөлім болатын. Барлығы дүрлігіп жүреді де қысқасы ертеңіне жиналады ғой бір бөлмеге. Жаңағы боксты әңгіме қылып Әшірбек сөйлеп жатыр, Дүйсен сөйлеп жатыр, Марал сөйлеп жатыр, «былай болды, былай болды» деп. «Жетінші раундта есеп ашу керек еді, Әбеке, қалай, сіз не дейсіз?» десе, Әбекең «Дұрыс қой» деп айтады дейді. Содан кейін тағы бірдеңе десе, тағы «Дұрыс қой» дейді. Содан кейін Төлен аға шыдамай кеттім дейді: «Дұрыс қой, дұрыс қой» деп, не ол? Пікіріңіз болмай ма? Айтсаңызшы» десе, Әбіш айтады дейді: «Ой, біздің үйдегі телевизорға қожайын көп», – деп. Сөйтсе, балалары бір сериалдың сериясы бола ма, «Спокойной ночи, малыши» бола ма, білмеймін, қысқасы, «бокс көрмейміз, мынаны көреміз» деген ғой. Қайран Әбіш ағам, данышпан Кекілбаевтың балаларына «Қойыңдар, ол күнде болады, бүгін бокс көреміз» дей алмайды ғой. Сондай бір ерекше адам.
Осыны өткен жылы, Ақтауда Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығы аталғанда жиналған жұртқа әңгімелеп, «Сонда папасына бокс көрсетпеген Сәулет, Зәузат, Дәулет ортамызда отыр» дегенімде біраз жұрт күлісіп қалған еді.

«Қазақ әдебиетінде Толстойға ең жақын тұрған қаламгер Әбіш Кекілбаев»
Бауыржанға лекция атына «Әбіш әлемі» деген тақырыпты ұсынғаным рас. Бірақ ол былайша айтқанда, сіздерді осы жерге тартудың бір «пиар ходы». Шын мәнінде «Әбіш әлемі» деген тақырыпта бір сағаттық лекция оқу мүмкін емес нәрсе. Әбіштің прозасы, Әбіштің романдары, повестері, әңгімелері, драматургиясы, бүкіл публицистикасы деген ол байтақ әлем. Сондықтан «Әбіш әлемі» деп маған лекция оқу қиын. Бірақ сондықтан мұны лекцияның тартымдылығына назар аударту сияқты бір әдіс деп қараңыздар. Біз бүгін Әбіш талантының негізгі бір қырына байланысты әңгіме айтамыз. Ол қыры көп сөз етілмеген, арнайы зерттелмеген саласы – мәдениеттанушылығы.
Жанбибі деген бір қарындас бар Маңғыстауда. Әбіш Кекілбаев романдарындағы тарихилық туралы үлкен, Әбіштің өзінің романына жақындау көлемде зерттеу жазған. Басқа да адамдар, Әбілқайыр Спан сияқты арнайы кітап жазған адамдар бар. Әбіш Кекілбаев шығармашылығынан қорғалған диссертациялардың тізімінің өзі біраз жерге барады. «Абылай хан» драмасының тілі туралы арнаулы зерттеу де бар. Мен өзім ана жылы осы кітапқа кірісерде Алматыдағы Ұлттық кітапханадан Кекілбаевтың биобиблиографиясын сұратып алдырдым. Бәрін сүзіп қарап шықтым. Сонда Әбіш культурологиясы деген тақырыпқа арналған арнаулы зерттеу еңбектері жоқ. Басын ашып айтайын. Соның ішінде осы тақырыпқа арнайы жазылған мақалалар да некен-саяқ. Біз осы олқылықты толтыруға тырыстық.
«Культурология» деген сөздің қолданылуына байланысты бір ауыз түсінік бере кетейін. Біз, әрине, кітапта басынан аяғына дейін дерлік мәдениеттану деген сөзді қолданамыз. Бірақ культурологияны мәдениеттану толық бере алмайды. Неге? Өйткені культурознание, культуроведение, сонымен культурология... Мысалы, литературоведение филологияны толық бере алмайды ғой. Литературоведение филологияның бір тармағы. Сол сияқты культуроведение де солай, мәдениеттануда болатын культуроведение – ол культурологияның бір саласы.
Әбекеңнің жазғандарында да осы культурология термині ауық-ауық кездесіп отырады. Мәдениеттануды да айтады. Жанғара Дәлебаевтың «Абайдың антропологизмі» деген бір жақсы кітабы бар. Арғы түбінен қазып зерттесе, «Кекілбаевтың антропологизмі» деген тақырып та бір ұлан-байтақ дүние. Сондықтан біз кітаптың екінші тарауын «Мәдениет мәйегі» деп атап, Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы антропологизм туралы айттық. Онда Әбіштің еңбектерінде мәдениет ұғымы қандай кең аяда көрсетілетіні жазылады. Кекілбаевтың айтуында, өте қарапайым айтатын болсақ, құдай жаратқанның бәрі – табиғат, адам жаратқанның бәрі – мәдениет. Адам қолымен жасалған дүниенің барлығы, ол құрылыс бола ма, темір жол, рельс бола ма, лаборатория бола ма, барлығы да мәдениетке жатады.
Кекілбаев мәдениет деген өмір сүре білу өнері дейді. Мемлекеттер арасындағы бейбіт қатар өмір сүре білу мәдениетінен бастап, мәдениеттің адамдардың тіршілігіне байланысты қырларын көп келтіреді. Солардың барлығында да Кекілбаевтың универсализмі ерекше көзге түсіп тұрады. Мен осы кітапты дайындауға кірісерде қолым жеткен культурологиялық зерттеулердің барлығын дерлік шұқшиып оқып шықтым. Солардың ішінде арнаулы еңбектер де бар. Запесоцкийдің «Культурология Дмитрий Лихачева» деген үлкен еңбегі бар. Сондай-ақ жеке авторларға арналған кітаптар да аз емес. Лосевтің культурологиясы туралы кітап та бар. Соларды қарап келгенде біздің Әбіш Кекілбаев олардың ешқайсынан да иығы төмен тұрмағанын айтқым келеді.
Барлық жанрда да ол шын профессионализм деңгейіне жетті. Ал саясаттануда ол алдына жан салмайтындығы анық. Венгр ғалымы бар, осында Амангелді ме, бір автор мақаласында келтірген. «Егер Латын Америкасында ма, басқа бір елде, басқа материкте туғанында бұл жазушы әлемдік деңгейде әлдеқашан мойындалар еді» деген тұрғыда айтады. Содан кейінгі бір үлкен бағалы сөз – Олжастың сөзі. «Орыс әдебиетінде жалпы өте шебер қаламгерлер өте көп болған. Тургенев, Паустовский, Бунин деп айтып келеді. «Бірақ, бәрібір, жалпы ауқымы жағынан Толстойға теңесетін ешкім жоқ. Мысалы, Андре Моруаның Толстой туралы эссесінің аты – «Самый великий». Осы екі сөзде Моруа бәрін жеткізген. «Бальзак та, басқалар да өмірді сәл бұрмалап жібереді. Ал Толстой алып айна сияқты, бүкіл әлемді қамтып көрсетеді. Бұл ағып бара жатқан айдын өзен сияқты. «Здесь течет сама жизнь» – деп жазады. «Олар шеберлігіне қарамастан, Толстойдан алыс тұр. Қазақ әдебиетінде Толстойға ең жақын тұрған қаламгер Әбіш Кекілбаев, ойдың ауқымдылығы, планеталық мотивтер, төгілген тіл. Міне, Әбіш оқырманын осы қасиеттермен баурап алады» – дегенді Олжас Сүлейменов айтқан.
Міне, куәм жанымда отыр, Әлібек досым екеуміз Ақпарат министрлігінде жүргенде жүз томдық «Әлем әдебиеті» сериясын ойластырдық. Соны кірісер кезде тізімін жасау керек. Алдымен Әбекеңмен ақылдасып алайық деп үйіне бардық. Осы Әлібек екеуміз. Барғаннан Клара апай қазан көтеріп, еті былқып піскенше Әбекеңмен ақылдастық. Ет үш сағатта пісе ме? Қанша сағатта піседі өзі? Клара апай «Келіңдер, келіңдер. Мына ет суитын болды» дегенге дейін әңгімесін айтып отырды да, біз жазып отырдық. Сонда анау есте жоқ ескі замандардағы алғашқы әдебиет үлгілерінен бүгінгі күнге дейін тартып, жүз он екі ме, жүз жиырма ма, сол шамада кітапты атады. Жүйесі бойынша біз оның бәрін жазып отырдық. Жазып қана отырған жоқпыз, ол кісінің рекомендацияларын алып отырмыз. Қайсылары аударылғанын да біледі. Қайсыларының нашар аударылғанын да біледі. Қайсыларын қайтадан аударту керектігін айтады. Сонан кейін көптеген кітаптарға спецредактор бекітеміз дегенбіз. Соған қай шығарма кімнің табиғатына, оң жамбасына келеді деп,
«Тынық донды» Дулатқа беріңдер, «Соғыс және бейбітшілікті» Төленге беріңдер» деп тұрып айтады. «Бунинді жұлмаламай, тұтас Қалиханға беріңдер» деп қолмен қойғанда, барлығы сол жөнімен келді ғой.
Кейіннен сараптап қарасақ, сол 100 томға Әбекең атаған туындылардың тоқсаннан астамы кірген екен. Демек, ағамыз бүкіл әлем әдебиетін жаңғақтай шағады. Адамзат ардақтайтын көркем шығармалардың бәрін оқыған. Бәрін тоқыған. Өзегінен өткізген. Егер біз сол серияны 200 томдық етіп белгілеп, Әбекеңнен 200 шығарма саралап беруге көмек сұрасақ та, нәтижесі шамамен солай боларына күмәнданбаймын. Тіпті бар ғой, мысалы, «Әлемнің үздік 100 тарихшысы» деген серия ойластырыла қалып, солардың 100 кітабын іріктеп алу керек болса, Әбекең ол тізімді де ауызша-ақ түзіп шығатынына шәк келтірмес едім.

Бір түнде тұтас трактат жазып тастаған
Ақселеу де сол есіммен аталатын адамдардың біреуі. Ақселеудің қарамағында жұмыс істедік Кеңшілік екеуміз. Кеңшілік Мырзабеков. Бір күні екеумізді шақырып ақылдасты. «Толстойдың жүз елу жылдығы келіп қалыпты ғой. Сол жайлы жазуды кімге береміз? Және тез жазу керек» деп. «Толстойды Әбіштен артық ешкім жаза алмайды», – дедім. Содан көзімізше сөйлесті Әбіш Кекілбаевпен. Сөйлесіп еді, «Жарайды» деп ана кісі, ол сағат екі жарым, үштің маңайы, ертеңіне түс қайта сағат төрттің маңайында ма, Әбекең телефондады. Ол кезде Орталық Комитетте. «Сауытбек, Ақселеу маған бір тапсырма беріп еді, соны орындадым. ЦК-да қазақша текст сирек жазылады. Біздің адамдар қазақшаны бастыруға қиналады. Сен соны алып кетіп, өздеріңде, тергізші», – деді. Телефонмен не айтарымды білмей қалдым. «Жазып қойдыңыз ба?» деуге ыңғайсызданып, дереу редакцияның машинасымен барып алып келдім. Ақселеудің көзі атыздай болды.
Бәленбай бет. Жүз жолдай ма қысқарттық. Бетке сыйғызу үшін қысқартуға тура келді. Өзіне айттық. Сонда бір түнде тұтас трактат жазып тастаған. Сонда енді құйылып келіп жатқан білім ғой.
Құйылып келіп жатқан білімнің басты сыры жадының кереметтігі еді.
Кекілбаевтың жады
«Сыр десте» деген бес томдық публицистикасы бар, соны маған берген, қалың-қалың мынандай үш папка қолжазба. «Қарап шықшы көз жүгіртіп» деген, қайдан, мен оны отырып алып, өзім үшін қызығып оқып, алғашқы тезистерді сол қолжазбалар бойынша жасадым. Қандай тақырыпты қозғайды деп. Сонда фамилиялардан, кейде инициалдардан кей жерде қате кетіп қалып жатады. Біз болсақ, ондайда міндетті түрде энциклопедияны қарай қоямыз ғой, ол кезде Википедия жоқ, әйтеуір бір жерге сүйенеміз ғой, ал Әбекең ешқайда қарамайды, қарайтын жағдайы да жоқ. Әлде майда етіп жазатын әріптеріне байланысты терген кезде қате басылған ба, әйтеуір, әріп қателері табылып тұратын. Ал тұтастай алғанда таңғалдыратыны – соншалықты жадының беріктігі. Осындай кереметті Герценнен көруге болады. «Былое и думы» мемуарының үш томының комментарийі бір томның жартысына жуықтайтын шығар-ау. Сонда жиі кездесетін нәрсе ескерту мынандай: «Автор цитирует по памяти». Түрмеде жазылған кітап қой. «Автор цитирует по памяти» дегенді Пушкиннен, Грибоедовтен, басқадан келтірген үзінділерінде жаңылыс жазылған сөздер кездескенде көрсетеді. Содан кейін «В оригинале» деп дұрыс тексті береді. Екеуін салыстырып қарасаң, әр жерінде ғана Герцен шатастырып алған бір сөздерді инверсияда өзі шамалап құрастырған болып шығады. Үш томдық мемуарда қанша цитатаны Герцен тек жадына сүйеніп жазып шығады! Осындай жағдайды Қуаныш Сұлтанов жазған еді өзінің мақаласында.
«Біз таудағы жайлауда саумал ішіп, атқа мініп, серуендеп жүргенде Әбекең киіз үйден шықпай, «Шандозды» жазды» дейді. Жарайды, біраз кітап алып та кеткен шығар. Архивтен сұратқандары да бар. Бірақ бәрібір компьютер жоқ жерде, Қатонқарағайдың бір тауында жатып, Махамбет туралы зерттеуді негізінен жады бойынша жазып шығу деген, енді, бір ғажап! Айтқандай, Әбекең ақыры компьютерді меңгермей-ақ кетті...
«Бағымды арғымақ баптаған жерден, азамат өсірген елден сынайын деп келіп отырмын»
Тоқсан бірінші жылы Баянауылға бардық. Ақ қар, көк мұзда. Сол кезде Әбекең Орталық Комитетте ұлтаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі болатын. Сайлауға түсті. Биліктің адамы дегенмен, бірақ, нағыз қатты тартыс болатын кез. Ол жақтан үш адам түсіп жатыр екен. Соның, әсіресе, біреуі Сәтбаев атындағы совхоздың директоры өте бір сыйлы адам екен. Бүкіл ел-жұрт қатты сыйлайтын жігіт көрінеді. Екібастұз бен Баянауыл ауданы бір округ. Бәрі жақсы өтті. Ең соңында Баянауылда кездесу болды. Сонда бір өте қиын сұрақ қойылды. Енді Баянауылдың аты Баянауыл, бір өзінен жиырмадан астам академик шыққан өте бір текті жер ғой. Бір ақсақал тұрып былай деді: «Айналайын, сенің өзіңе шатағымыз жоқ. Үлкен азамат екенсің. Сөзіңе ұйып отырмыз. Дегенмен, біз де елміз ғой. Баянауыл деген атымыз бар. Біздің де осы бәйгеге салып отырған азаматтарымыз бар. Олар да елге қызмет етіп жүр. Сөзімізді сөйлеп, сол жерде отыратын шығар деп күтіп едік. Енді оларға не айтарымызды білмей қалдық». Содан кейін өте бір ауыр сөз айтты. «Өзіңнің де елің бар емес пе? Ол жақтан неге түспедің?», деді. Ауыр сөз ғой. Зал тым-тырыс. Әбіш бұл жолы жауапты қысқа қайырды: «Ағасы, қазақта сөз бар ғой, «Тұлпарлығыңды сынағың келсе, арғымақ баптаған жерге бар – құлын кезіңді көрген жоқпыз деп қайтара қоймас бағыңды, жігіттігіңді сынағың келсе, азамат өсірген елге бар – әкеңмен табақтас болмадық деп сындыра қоймас сағыңды» деген. Мен бағымды арғымақ баптаған жерден, азамат өсірген елден сынайын деп келіп отырмын. Қалғанын өздеріңіз шешіңіздер». Әлгі ақсақал мықты екен. Сол сәтінде-ақ: «Ау, ағайын, мына жігіт текті адамның сөзін айтып отыр ғой, сөзді қойып, бәріміз осы жігітке дауыс берейік», деп қалың жұртшылыққа қарап еді, зал толы жұрт дуылдата қол соқты. Кейін сайлауда Әбіш жеңіп шықты. Дәл сондай нақыл халықта бар-жоғын әлі біле қоймаймын, оны Әбіштің сол арада суырып салып айтуы да мүмкін, олай болмаған күннің өзінде де табан асты сөз тауып кеткені және онысын бір өзінен он шақты академик шыққан Баянауыл еліне құрметін көрсете келістіріп айтқаны баршамыздың айызымызды қандырды. Шешендік деп те, көсемдік деп те осындайды айтады ғой.
Кейін біраз кітап қарадым, шешендік сөз жинақтары көп қой. Неше түрлісі бар. Бірақ, бірде-бір жерде дәл ондай сөз жоқ. Соны экспромтпен айтты. Жазып алсаң, өйтіп шығара алмайсың.

Саясатқа кетпегенде не болар еді?
Бүгін таңертең маған Бауыржан телефон соқты. «Ағаның жетпіс жылдығында Әбіш Кекілбаевтың саясатқа араласуының сыры жөнінде айтып едіңіз ғой. Сол ойыңызды айта кетсеңіз екен» деді. Айтайын. «Әбекең саясатқа кетпегенде не болар еді?» деген сұрақ талай адамның көңілін күпті етіп келгені рас. Ондай сұрақты Әбекеңе осында отырған Амангелді де қойған. Амангелді Кеңшілікұлы. Оны кейін жазды да, оны Әбекең де біледі.
Амангелді Әбіш ағаның үйіне барғанын, әңгіме үстінде: «Сіз осы қызметке не үшін бардыңыз? Соншама уақытыңызды қор қылдыңыз. Егер бүкіл ғұмырыңызды шығармашылыққа арнағанда сіздің қаламыңыздан Толстойдың ұлы дүниелеріне пара-пар ұлы романдар туар еді», – деп сұрағанын, сонда: «Мені Толстоймен салыстыруға болмайды ғой. Өйткені, ол басқа елдерге тырнағын батыра бастаған империялық мемлекетте дүниеге келді. Ал мен нағыз шығармашылықпен айналысатын уақытта еліміз Тәуелсіздік алды. Мемлекеттігімізді нығайту үшін талай істер атқару керек болды. Әлі де оңды-солын айырып үлгермеген еліме пайдамды тигізу үшін қаламгерлікті қойып, қайраткерлікпен айналысуға тура келді», – деп, біраз сыр шерткенін айтады. Әрине, бұл – көп ойланып, көп толғанып барып қабылданған шешім. Әбіштей дана адам мына дүниеде рухани дағдарыс басталғанын, адамзат кітаптан бетін әрі бұруға көшкенін елден бұрын сезіп, жаңа мемлекетке көркем сөзден гөрі көсем сөз керегірек болуға айналғанын алдымен ұғынған сияқты.
Біз де осы ойды айтамыз. «Бізге сол тарихтың өтпелі кезінде кім көбірек керек еді? Прозаик Кекілбаев көбірек керек пе еді, публицист Кекілбаев, саясаткер Кекілбаев, өнертанушы Кекілбаев, мәдениеттанушы Кекілбаев, философ Кекілбаев көбірек керек пе еді» дегенде, біздің ойымызша, сол кезде Әбіштің таңдауы дұрыс болды. Осы саясатқа келгені де, содан кейін өзінің бүкіл өмірін, ең ерекше жылдарын публицистикаға арнағаны, көсемсөзге арнағаны, мемлекеттік іске араласқаны. Мысалы, талай-талай нәрселер бар. Біреулер біледі, біреулер білмейді. Мысалы, біз сол маңайда жүрген кезде Халықаралық валюта қорының қысымымен қанша шаруалар жасалды. Енді бүгінде айтуға болады. Мысалы, облыстардың қысқаруы дегендердің барлығы әкімшілік шығындарды мынаншаға түсірмесеңіздер, қордан бөлмейміз деген талап қойылған. Соған байланысты облыстар бөлінген. Сол кезде, мысалы, нақты айтқанда шығынды аймақ ретінде Қызылорда облысын жабу, Шымкент пен Ақтөбеге бөлу сияқты әңгімелер де болған. Сондай кездерде, оған қоса Маңғыстауға байланысты, басқа да мәселелерде Әбіштің ерекше жүзеге асқан жерлері бар. Мысалы, Байқоңыр мәселесіне байланысты: «Жоқ, Байқоңыр өзіміздікі болады. Қалай Байқоңырды беріп қоямыз» деп отырып алған адамдар болды. Ақыр аяғында Ресей юрисдикциясына алатын варианттар да айтылды. Мысалы, Қырымда Севастополь порты, бүкіл Қара теңіз флотилиясы Ресейдің юрисдикциясында тұрды ғой. Сонда Әбіш Байқоңырды арендаға беру идеясын айтты. «Елу жылға арендаға берейік. Жылына жүздеген миллион доллар алып тұрамыз», деді. Ақыры ең оңтайлы вариант Әбіш ұсынған аренда варианты болып шықты.

«Есіктегі вахтерден төрдегі министрге дейін»
Содан кейін тағы бір айтатын нәрсе, мен цитата ретінде айтайын, оқып берейін деп дайындап отырғаным мынау. Былайша қарасаңыз, қазір оқылатын үзіндіде Кекілбаев ешқандай ой айтпаған сияқты көрінеді, бірақ бұл цитата да жалпы мәдениеттің қадір-қасиетін танытады. Онда Әбіштің өнерге құрметі де, төгілген тілі де, бәрі көрініп тұрады.
«Мәдениет министрлігі қызметке шақырды. Баяғы қос қабат сарғыш үй. Аттап бассаң, жолығатының – атақтары жер жаратын жақсылар мен жайсаңдар.
Қос жанарынан қос шалқар төңкеріле төгіліп келе жатқандай, күле қарағанда жан-жақты түгел жарқ еткізетін Шара Жиенқұлова, үріп ауызға салардай болып үлбіреп тұрған Бибігүл Төлегенова, Алатаудың жазғытұры шешек атқан бағындай гүл-гүл жайнаған Гүлфайруз Ысмайыловалар кіріп келгенде әрі күңгірт, әрі тар қос қабат үй Харон Рәшиттің тотыларға толы гүлзарындай құлпыра жөнелуші еді.
Сол бір тәпене үйге жалтыраған қою қары шашы дудырап, сабаудай-сабаудай ұзын кірпіктері садақтың жебесіндей самсап, тостаған көздері жарқырай жаудырап, Ермек Серкебаев еніп бара жатқанын көргенде еркек жағы таңғалғаннан, әйел жағы тамсанғаннан өз тілдерін өздері жұтып қойғандай, бүкіл Алматы сілтідей тынып қалушы еді.
Министрлікке жан-жағындағының бәрін жамырата сөйлетіп, жадырата күлдіріп Сәбит Мұқанов, ыңырана амандасып, ырғала басып Ғабит Мүсірепов, Асан Қайғының азасына барып, бата оқып келе жатқандай аһылап-уһілеп күңірене күрсініп Әлжаппар Әбішев, таяғының әр тықылынан тас баспалдақтың өзін жауыр аттың жонарқасындай дір-дір тітіретіп Әбділда Тәжібаев, қауқылдай сөйлеп, қарқылдай күліп Тахауи Ахтанов, әңгімесін «аруағынан айналайын Константин Сергеевич» деп, өксігін әлі баса алмай отырғандай, иегін кемсеңдетіп, жыламсырай бастап, сөйлей-сөйлей келе, кенет арыстанның апанына түсіп кеткендей, көзін ежірейтіп, мұртын тікірейтіп, арқырап, күркіреп, аһ ұрып, ақырып аяқтайтын адуын Асқар Тоқпанов, әр сөзіне жеке-жеке ат басын іркіп, әр дауыссыз әріпті шеге қаққандай қадап айтып, қазып сөйлейтін Серке Қожамқұлов, қарлығыңқы дауысының өзі қалың жыныс арасынан қабылан күркірегендей қаһарлы естілетін Шәкен Айманов, дөң маңдайы жарқырап, шатыра көз әйнегі жалтырап, бұғағынан безіне бөлінген білемдей кеңірдегі бұлқына дірілдеп Евгений Брусиловский, тілінің ұшы таңдайын тайғанап, қылғына сөйлеп, қитыға күлетін Латиф Хамиди, көк бурыл басын Сүбітей Баһадүрдің көк сүңгісіндей әспеттей көтеріп, еңсесін жықпай, тік ұстап, қаққан қазықтай қаздия адымдайтын Ахмет Жұбанов, қынаптан суырылған қылыштай жарқырайтын Құрманбек Жандарбеков, шаңырақ артқан қара атандай балпаң басатын Қанабек Байсейітов, өзі шырқайтын өзек үзді әндердей сырбаз да сыпайы Жүсіпбек Елебеков, ежірейген шегір көздерін сиқыршының қолындағы алмас қанжардай жан-жаққа жалт-жұлт ойнақтаған Ғарифолла Құрманғалиев, Такла-Маканның тау тайлағындай тапырақтай аттап, сампылдай сөйлеп, саңқылдай күлетін Нұрғиса Тілендиев, парадтағы гаубицадай қаралай-ақ зәреңді зәр түбіне кетіретін Бауыржан Момышұлының әр кіріп-шыққаны бір-бір спектакльге бергісіз қыран-топан қызықты оқиғалар еді.
Олар келе жатқанда есіктегі вахтерден төрдегі министрге дейін бүкіл аппарат түгел абдырап қалатын».
Бүкіл бір дәуірдің картинасы тұнып тұр ғой. Сол кездегі адамдарға құрмет, сол адамдардың әрқайсысының орны, өзінің бір ерекшеліктері, өздерінің бір харизмасы, барлығы тұр. Былай қарағанда осының өзінде культурология тұр, Әбіштің осы сөздері де қазақ мәдениеті қайраткерлерінің туын көтереді. Солардың абыройын асырады. Осындай-осындай дүниелері өте көп.
Кітаптың келесі тараулары «Тіл тартысы», «Тәуелсіздік толғауы», «Тарих тағылымы», «Әдебиет әлемі», «Өлке өрнегі» деп аталады. Не жөнінде екені атынан көрініп тұр. Маған бөлінген уақыт аясында ол тараулар туралы тіпті желе-жортып болса да, айта алмайтыныма көзім жетті.
Тағы да айтамыз: Әбіш Кекілбаевтың мәдениеттанушылығына тұтас кітап арнаған мына біз ол тақырыпты бас-аяғы бір, бір жарым сағаттық әңгімеде тіпті желе-жортып та қамти алмайтынымызды түсінеміз. Сондықтан сөздің соңғы жағында «Қаламгер ұстаханасы» аталатын лекцияның талабына сәйкес кітаптың жазылу жайына тоқталайын.

Өзімнің «ноу-хауым»
Әңгіменің тақырыбы «Қаламгер ұстаханасы» болғаннан кейін мен осы кітапты қандай әдіс-тәсілмен жазғанымды ортаға салғаным дұрыс болатын шығар.
Мынандай қағаз ала келдім. Бұл – тезистер. Бас-аяғы 1230 тезис.
Мұндай кітапты дайындауға кірісу үшін Кекілбаев шығармаларын толық оқып қою аздық етеді. Әрине, Әбіштің әр кітабы тұрмақ, баспасөздегі әр мақаласына дейін шұқшиып оқып отырғанымызды айтудың өзі артық. Әбіштің жазғандарын шыққанын шыққанындай оқып отырғанбыз. Бірақ үлкен кітап ойластырғандықтан Кекілбаевтың «Өлке» баспасы шығарған 12 томдығын, «Жазушы» баспасы шығарған 20 томдығын қайтадан, енді зерттеушінің көзімен түп-түгел сүзіп оқыдық. Әсіресе жазушы публицистикасы жинақталған «Сыр десте» атты бес томдықтың орны бөлек болды. Орны бөлек болды дейтінімнің мәні мынада. Әбекең сол бес томдықтың қолжазбасын маған «Қарап көрерсің» деп берген болатын. Үлкен-үлкен үш папка еді. Қысқасы, дайындық жұмысына тұтас бір жылдай уақыт кетті. Бұл жолы әр сөзге үңіліп, әр ойды екшеуге, саралауға тырыстық. Культурологияға қатысты қолымыз жеткен ғылыми әдебиеттің бәрін де қарадық.
Кекілбаев кітаптарын қайталай оқу барысында тезистер мен мысалдарды нақты белгілеу үшін мынандай тәсіл қолданылды. Оны өзімнің «ноу-хауым» ретінде айтуға да болады. Бүгінгі лекциядан кейбір жастау әріптестеріміз, талапкер әдебиетшілер, журналистер осы тәсілді үйреніп қалса да артық етпейтін шығар.
Мысалы, «Әдебиеттер» деген бөлімге қарайық.
Онда «Ш», «Ш12», «Ш20» деген белгілер бар. Бұлардың «Ш» дегені – «Жазушы» баспасы шығарған 20 томдық, «Ш12» дегені – «Өлке» баспасы шығарған 12 томдық, «Ш20» дегені – «Мерекенің баспалар үйі» шығарған 20 томдық. Басқа да таңбалар жетіп жатыр. «СД» деген бес томдық публицистикасы. «Ә» деген «Әбіш Кекілбайұлы – қаламгер, қайраткер, саясаткер» жинағы, «ӘӘ» деген «Әбіш Кекілбаев әлемі және қазіргі заман», осылай кете береді.
Ал енді «Тезистер» деген бөлімге қарайық.
«Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждам» деген сөйлемнің тұсына «Ш14 – 133» деп жазылған. Бұл сол сөйлем «Жазушы» баспасының 20 томдығының 14-томының 133-бетінде жазылған деген сөз. «Тілдің шығуы» тезисіне «Ш15 – 22», «Тілдің орны» тезисіне «Ә-103» деп жазылған. Тиісінше сол мәселе сол беттерде қозғалады деген сөз.
Мысалы, мына тезистерді қараңыздар.
Мәдениет туралы арнаулы білімнің қажеттігі – Ә-95, Мәдениеттану ғылымы – Ә-97; Кекілбаевтың пайымындағы мәдениет анықтамасы – Ә-98; Мәдениет... кісі тануға, ел тануға, жер тануға, сөз тануға баулиды – Ә-99; Мәдениет типологиясы – Ә-100; Адам концепциясы – Ә-100; Жер тарихы – Ә-100; Тарихи сана – Ә-100, Қ-18; Этнология – Ә-100; Ұлттар табиғаты – Ә-101; Дәстүр – Ә-101; Ұлттық сана – Ә-101; Ұлттық даму – Ә-101; Экология – Ә-101; Білім – Ә-101; Демография – Ә-101; География – Ә-101; Этнография – Ә-101, ӘӘ – 356; Эстетика – Ә-101; Этика – Ә-101; Музыка – Ә-101; Өнертану – Ә-101, «таза өнер сыншысы деп қаласың» – ӘӘ-23; Живопись – Ә-101; Музыка – Ә-101; Кино – Ә-101, 247, ӘӘ – 296; Лингвистика – Ә-101...
Кекілбаев сол 20 томда Чехов туралы неше рет айтқан? 4 рет айтқан. 5 рет айтпаған. Ол анық... Бір рет көлемі 16 беттік арнаулы мақала жазған. Беттерінің бәрі дәлме-дәл тұр. Пушкин туралы 4 рет айтқан, 6 беттік арнаулы мақала жазған. Фолкнер туралы 4 рет айтқан, арнаулы мақала жазбаған. Шекспир туралы 5 рет айтқан...
Абай – Ш12-30, Ш16-66-73; Жамбыл – Қ-132-138; Ахмет Байтұрсынов – Ш18-322-348, Ә-130, ӘӘ – 296, 297, Қ-365-379; Әуезов – Ш12-5-49, Ш18-273-287, Ә-236, Қ – 861-873; Сәбит Мұқанов – Қ-474-481; Бейімбет Майлин – Ш18-79-91; Ғабит Мүсірепов – Ш18-61-78; Айтматов – Ш14-330-333, Ш17-325, 326, Ш18-136-151, 310-315, Қ-506, Қ2-77, ОИ – 4, 5, 30, 33, 41, 60, 75, 79, 83, 98, 115,122,126, 134,164-177, 246; Айтматовтың философиясы – ША- 3-182; Мәңгүрт мәселесі – Ш17-244, 319, Ә-223, 231, ӘӘ-122, 123, Қ-124, 413, Қ2-218-229, Қ2-289, 290, 294, ӘС – 67-71, ОИ – 164-177, ША-28-31, Қ1-354, 355; Бондаренконың пікірі – Қ2-294; Мәңгүрт туралы аңыздар – Қ2-230-235; Ахтанов – Ш12-127-150, 138, 140, 142, 150, Ш17-135-164, Ш18-235-253; Әбдіжәміл Нұрпейісов – Ш13-351-381, 361, Ш17-165-183, 229, 230...
Осылай кете береді.
Әбіш қаламының керемет қасиеттерінің бірі – афористика. Қанатты тіркеске, ұшқыр орамға толы сөйлемдер молынан кездеседі. Оларды айтатын тұста «Афористика» тезисін аша қоясыз, шетінен тізіп ала қоясыз.
Сөйтесіз де, кітапқа былай түсіресіз:
«Жазушы мәдениеттанушылығының үлкен бір артықшылығы – афористика. Суреткердің сөз орамдары «Кешегіміз түгенделмей, бүгінгіміз бүтінделмейді», «Тағдырға төтеп бере алған пенде кісілікке жетеді. Тарихқа төтеп бере алған жұрт елдікке жетеді», «Азаттық қадірін азап ұқтырған. Азаптың сынына бойламаған азаттықтың бағасын ойламайды», «Тілдегі шайпаулық көңілдегі жадағайлықтан, пікірдегі ұшқарылық пейілдегі ұйытқымалықтан туындайды», «Бесігі бостың төрі қайдан толы болсын?!», «Елдік жоқ жердің бәрі – тамұқ. Теңдік жоқ жердің бәрі – көр», «Өңкей жақсысын теріп айтсаң – тайсақтық, өңкей жаманын теріп айтсаң – найсаптық», «Жақсысы тату елдің жалпысы бату болмайды», «Жақсылықта таласпағандар ғана жамандықта жараса алады», «Құлықты түзеп қылықты, білікті түзеп тірлікті көркейтуге болады», «Ауызымызға алалық түсірмесек, ісімізге шалалық түсірмейміз» деген сияқты құйылып келеді. Ал «көзі барды емірентпеуі, жүрегі барды тебірентпеуі еш мүмкін емес», «мінгендеріңіз пырақ, жаққандарыңыз шырақ болғай», «қатпаған қабырғаны қайыстырар, бекімеген бұғананы майыстырар», «біреу тасып жүрсе, біреу жасып жүреді» дегендей ішкі ырғаққа құрылған тіркестер тіліңді үйіріп ала жөнеледі. «Қамшы үйірмей, күле қарағанның алдында қазекем қашан төзе алған?!», «Қозының егіз, ханның жалқы болғаны жақсы», «Сауатсыздық – кедейлік», «Өшпенділік өзгешелікті өгейсітуден басталады», «Өзгені жамандаған өз қадірін түсіреді», «Аттан түскен ақырет емес. Тақтан түскен тақсірет емес. Өзіңнің басыңнан бақ ауса да, еліңнің басынан бақ аумасын», «Құлақ бұзылса, құлық бұзылады», «Атасыздық – отансыздық, отансыздық – опасыздық, опасыздық – имансыздық», «Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ. Жақсылық жасаудың жаман атқа ілігуден аулақ болудан басқа жолы жоқ», «Күншілдіктің шабалаңдаған күшігінің әупілі алыстан шықса – құлағыңды, жақыннан шықса – балағыңды тістейді, бірақ бәрібір жүрегіңді жаралайды», «Елдің ырысын жері, мерейін ері үстейді», «Еру заманның жол-жорасы ереуілді заманға жүрмейді», «Үлкен өнер үлкен тағдырдан өрбиді», «Мылтықты майдан өткенмен, мылтықсыз майдан ешқашан бітпейді», «Жамандыққа ұрынбаудың жалғыз-ақ жолы – жақсылықтың жарасымды мөлшерінен жаңылмау, шектен аспау», «Бақытқұмарлық бақытқа жеткізбейді», «Бақытты өмір сүруден абыройлы өмір сүру әлдеқайда қиын. Сондықтан да, ол әлдеқайда биік мұрат», «Дүниеде ақи-тақи дұрыс та жоқ, теріс те жоқ», «Өңменін үзіп сүйе алған ғана өзегін өртеп өкіне алса керек», «Өнердің емі – шабыт. Шабыттың емі – елінің көңіл-күйі», «Аузымызға алалық түсірмесек, ісімізге шалалық түсірмейміз», «Жақсыны көрмек деген. Дұрысты айтпақ деген», «Арға тартпай – арман тұл, намыс қумай – мақсат тұл», «Сырдаң көңілге сыр қонбайды, сылдыр сөзден сыр табылмайды», «Тәңірлікке ұмтылу – өзіңді-өзің тәлкек қылу», «Алдынан үлгі таппаған іні қараң, артына үміт артпаған аға қараң», «Ағада ілтипат жоқ жерде, ініде ізет қайдан жүрсін?!», «Айта алатын ауыздар табылғанмен, ести қояр құлақтар табыла бермейді», «Өткенге әртүрлі қарауға болады. Өткенге өскенді дәлелдеп қарау бар да, өшкенді дәлелдеп қарау бар», «Өнерде шәкірттік сезімін жоғалтқан адам ұстаз да бола алмайды», «Сүйінерге сүйініп үйренеді», «Бірлікке сөз бастамайды – іс бастайды», «Адамдар әділ болса, өмір әрқашан әділ», «Шындық жоқ жерде әділдік жоқ», «Ең берік Ат, ең биік Ат, ең баянды Ат – Азамат», «Көнбістік – рухани мүгедектің бір сатысы», «Тәуекелсіз қауым – тәуелсіз бола алмайды, алауыз қауым – азат бола алмайды», «Өзіне сенетіндер бейқам келеді», «Көңіл сабасына түспей, өмір сабасына түспейді», «Алақаны бар тіршіліктің шапалағы да бар», «Өмір шекті болған соң, бәрі шекті», «Ар қиналмай, жан қиналмайды», «Жеңістің жолы жіңішке» деген сияқты сөздердің мақал-мәтелден несі кем?».
Кекілбаев тіліндегі қасиеттің тағы бірі – дыбыс үндестігі. Оған да қажет мысалдарды кітаптарды оқу барысында компьютерге түрте бергенбіз, түрте бергенбіз.
Қажет үзіндінің бәрі том-томымен, бет-бетімен тізіліп тұрғандықтан, кітапқа былай түсіресіз. Оның өзінде прозасынан мысал алмайсыз, тек мақалаларынан келтіресіз.
«Әбіш тілінің эвфониясы – арнаулы зерттеуді қажет ететін тақырып. Анафора, эпифора, сөз ырғағы, аллитерация, ассонанс, диссонанс сияқты сан түрлі фонетикалық тәсілдерді қолдану арқылы қол жететін дыбыс үндестігі жазушы прозасында тұнып тұр. Олардан мысал келтіріп жатпай-ақ қоялық. Қаламгер зерттеулерінің, баяндамаларының, мақалаларының өзінде де құйқылжып, құйылып келетін қайырым-қағыстар, ширатылып, шырмауықтай шарпысып жататын тіркестер, бір-біріне сәулесін түсіріп тұратын сөздер толып жатыр.
«Тамұқта жүріп, тауқымет шегіп, қияметте жүріп, хикмет кешіп баққан жанықас жан», «үйренуінен жиренуі, елігуінен безінуі, ұмтылуынан ығысуы көп», «қиян түздерде қаңбақпен жарысып, қасқырмен алысып жүрген», «Таң орынынан атып тұр. Күн орынынан батып тұр. Қиямет-қайым болған жоқ. Жерден Мәді шыққан жоқ. Көктен Ғайса түскен жоқ», «барды бағалай, жақсыны жаңалай білу», «сүттей ұйысып, судай сіңісіп», «санаңды кідіртер, тіліңді мүдіртер кедір-бұдырдан атымен ада», «сырты жылтырақ, іші қалтырақ», «разы күштер де, наразы күштер де», «ақылың жеткен жерге ауызың, қиялың жеткен жерге қарымың жетпей», «біреуіне басым, біреуіне бәсік маңыз беру», «Дағдарыстың кеткені жаңа. Жаңарыстың жеткені жаңа», «Абайды сабап жылатқандарды, Шоқанды сайламай құлатқандарды», «ық жақта қарамыз, жел жақта панамыз», «сынаптай сусыған сумақай уақыт», «ғажап қалғандар да, мазақ қылғандар да аз болмады», «көзінің қырағылығы сөзінің сұңғылалығынан», «елдің жай әншейін тобыр, ердің жай әншейін шобыр болатынын», «қатал тағдырға қайыспаған, қара дауылға майыспаған», «ердің де ерені, ереннің де перені төтеп бере алатын төтен сын», «Тәңір оның көзіне отты, көкірегіне шоқты, қорамсағына оқты мол салып жаратыпты», «кескекті кезеңде келелі істер тындырған кемел ер, кемеңгер», «саяси солақайлар мен экономикалық қомағайлар», «жардың басындағы жалғыздай жабығып», «арғымақ арынды, тұлпар қарымды тегеурінді топ», «мыстан жыра, шайтан шатқалдардан алты көш аулақ жүреді», «жарытып мақтамайтын да, батып даттамайтын да», «тісі қышып, іші пысып», «отақтан қалған тұқылдай, ойраннан қалған тұқымдай», «ескінің көзі, егеудің сынығы», «қарға тамырлы, қаршыға сіңірлі халқымыз», «сирек құлықтар мен төтен қылықтар», «тойса күптілікке, тоймаса күпірлікке ұрындыратын нәпсі», «шығарға жаны, тамарға қаны сарқыла жаздап», «тереңнен суырып айтатын, таңдайды қуырып айтатын», «ер жеткенімізді де, кер кеткенімізді де», «сүйегіңді сүліктей сорып, жүрегіңді жегідей жеп», «көшкені сайрандай, қонғаны мейрамдай қызық дәурен», «кем қанағат, кем тағат жандар».... Осылай кете береді, кете береді.
Бұлардың бәрі тек сөздің саздылығы деп тағы айта алмайсыз. Олай қарайтын болсаңыз, жазушының: «Бағалай білмегенге бақ тұрмайды, қуана білмегенге құт қонбайды; табына білмеген қауымға пайғамбар бітпейді, бағына білмеген қауымға басшы бітпейді, бірлік содан азып, береке содан тозады. Ол екеуі жоқ жерде тәуелсіздіктің тасы өрге домаламайды. Ал егер тәуелсіздігімізді тәрк етер болсақ, онда бізді кешегілердің киесі ұрып, ертеңгілердің қарғысы атады. Тарихтың қолы онсыз да тараң. Қайта-қайта желеп-жебей бермесі анық. Болсақ – осы жолы боламыз. Болмасақ – осы жолы біржолата бордай тозамыз» деген сөздері де тұрақты тіркестерді құлпырта пайдаланудың, ішкі ырғақты, дыбыс үйлесімділігін сақтаудың келісті көрінісі ретінде ғана бағаланып қала берер еді. Жоқ, бұл сөздер жазушылық шеберліктің де, лингвистикалық зергерліктің де, публицистік алымдылықтың да, шешендік шалымдылықтың да шеңберіне сыймайтын сөздер. Бұл сөздер, егер, әрине, әр нәрсені өзінің атымен атауға дәтіміз шыдаса, ұлы адам ғана айта алатын ұлы сөздер».
Көріп отырсыздар, скажу без ложной скромности дегендей, «Абыз Әбіш» кітабына дайындық барысында алапат жұмыс атқарылған. Сол жұмысқа жасымыз жетпіске толмай жатып кірісіп қалғанымызға тәубе дейміз.
Әңгімеміздің басында кітапта Әбіш Кекілбаевтың прозасын, поэзиясын, драматургиясын сөз етпегенімізді айтып едік. Әйтсе де сөзді түйіндейтін тұста бір мысалға жүгінуге тура келіп тұр. Ол мысал – «Үркер» романының соңында ұлын аманатқа аттандырып тұрған Әбілқайырдың ішкі ойы. Былай делінеді:
«Түһ, түн неткен қараңғы еді! Жұлдыздар да шілде ортасындағыдай шүпірлей қапты. Анау Темірқазық, анау Жетіқарақшы. Анау Ақбоз, Көкбоз... Анау... Апырау, мынау ат құлағының арасынан қылаңытқан күлдей бозаң шоғыр Үркер ғой! Жарықтық, бұдан ұсақ, бұдан солғын жұлдыз жоқ шығар. Бірақ соған қарамастан, қаншама самала шырақтар самсаған түнгі аспанда оны көзің бірден шалып тұр-ау! Оның сиқыры неде екен? Әлде жұп ажыратпай бірге туып, бірге бататынынан ба? Жұлдыз екеш жұлдыз да неғұрлым саны аз, неғұрлым жарығы солғын болған сайын жиі тұрмаса, көзге түсе алмайтындарын білген ғой! Өздері неткен ыңғайтөк еді! Жаздың жаңбырлы, құрғақ, қыстың жайлы, жайсыз боларын жұрт осы Үркерге қарап біле қояды. Бәрін алдын ала осы бір шөкім солғын шырақтар сезіп қоятындай. Бәлкім, мынау бірін-бірі иықтап, бірін бірі төбеден нұқып жатқан әумесер дүниеде аз халықтарға да осы Үркер мінез керек шығар! Бәлкім, олар да мынау ұйытқымасы көп аласапыран дүниеде тек Үркердей тығыз тұрып, дауыл мен боранды Үркердей алдын ала біліп, алдын ала ыңғайға аунап отыра алса ғана аман қала алатын шығар...».
Айтқан-ақ қой. Бұдан артық сол заманда қалай айтсын енді! Суреткерлік пен ойшылдықтың үздік үйлесімі осындай болмағанда, қандай болмақ!
Жанғара Дәдебаевтың «Өлмейтін өнер үлгісі» атты мақаласында Әбілқайырдың тағдыршешті тілегі қандайлық күрделі саяси-тарихи ахуал жағдайында пісіп-жетілгені, бұл идеяның ханның басынан ғана шықпай, Бөкенбай секілді батыр тарапынан да қолдау тапқаны роман-эпопеяда суреттеліп отырған оқиғаға белгілі бір дәрежеде халықтық сипат дарытатыны дәлелденген. Романда Әбілқайыр хан: «Азға бастың амандығы мен іргенің тыныштығынан басқа мұрат жоқ. Көптің аңсайтыны – асқан, аздың ойлайтыны – қатардан қалмаған. Көп өз мақсатына күшпен де жете алады. Аз ақыл-айласымен ғана күн көре алады. Ақылы болса, көптің көздегенін өз мүддесімен орайластыра алса, аз да есесін жібермейді. Бұл әлемдегі барлық нәрсені тек күш шешетін болса, ақыл мен білік әлдеқашан адыра қалмас па еді. Бірақ олай емес қой», деп ойға батпайтын ба еді?
Бұл сөздерді біз де ұмытпауымыз керек.
Қазақ – аз халық. Азға ақыл мен айла да, білім мен білік те, қажыр мен қайрат та, елдік пен бірлік те көптерге, күштілерге қарағанда көбірек қажет етіледі. Талап етіледі!
Қаламгердің өз сөзін пайдаланып айтсақ: біз «мынау ұйытқымасы көп аласапыран дүниеде тек Үркердей тығыз тұрып» қана аман қала аламыз. «Мынау бірін-бірі иықтап, бірін-бірі төбеден нұқып жатқан әумесер дүниеде» ірі болудың да, тіпті тірі болудың да басты шарты – бір болу.
Абыз Әбіш бізге осыны аманаттап кетті. Аманатқа қиянат жүрмесін.
Бүгінгі осы лекцияның өзі де біздің Әбіш аманатына адалдығымыздың бір көрінісі деп білемін. Барға қанағат етіңіздер. Ұйымдастырушыларға – Жазушылар одағының Астана филиалына, Астана әкімдігіне, осы кітапхананың ұжымына, кітапхана меңгерушісі Гүлайым Едігеқызына алғыс айтамын. Баршаңызға рақмет.
Табиғаттың заңына бағынып, бұл өмірден Әбіш те өтті. Жазарын жазып, айтарын айтып кетті. Соңына бай мұра қалдырды. Ендігі міндет – сол мұраға мұрагер бола білу. Мұрагер бола білсек, тиісінше насихаттай алсақ, Әбіш Кекілбаев шығармашылығы арқылы бүгінгі қазақ руханиятының биігін қай деңгейде де лайықты танытуға болады.
Бұған менің көзім «Абыз Әбіштің» орысшасын Мәскеуден «Художественная литература» баспасынан шығару барысында талай рет жетті. Баспаның басшысы, қазақ әдебиетінің үлкен досы Георгий Пряхин бізге жазған хатын: «Повторяю, вещь серьёзная, фундаментальная, ты действительно окончательно «легализуешь» Абеке в положении национального, и не только национального, корифея» деп бітірген еді. Яғни сөз қадірін білетін жұрт Әбіш Кекілбаевтың әрі ұлттық әрі әлемдік алып екенін қазірден-ақ айтып жатыр.
Ардақтайтын алыптарымыз, асылдарымыз көп болсын. Асылдарын ардақтай алатын халқымыз аман болсын.

Таспадан түсірген:
Жадыра ШАМҰРАТОВА
