Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әбіш Кекілбайұлының соңғы сұхбаты (аудио)...

15.12.2015 3591

Әбіш Кекілбайұлының соңғы сұхбаты (аудио)

Әбіш Кекілбайұлының соңғы сұхбаты (аудио) - adebiportal.kz

Қарашаның 27-ші жұлдызында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық Оқу конгресі өткен болатын.

Сол Халықаралық Оқу конгресі барысында уақыттың тығыздығына қарамастан Әбіш Кекілбайұлы «Әдебиет порталына» шағын сұхбат берген еді. Сол кезде қазақтың қайран абыз жазушысынан, ұлы тұлғасынан соңғы рет сұхбат алып отырғанымызды білдік пе?! Оның әдебиет туралы соңғы толғанысы екенін түйсіндік пе?! Қаламына қасиет қонған замана заңғарының бір ауыз сөзінің өзі теңіздей тереңдік пен кемеңгер кемелдікке тұнып тұр ғой, шіркін...

Назарларыңызға ұсынып отырған алып Абыздың қоңыр қобыздай ақылман үні мәңгі жадымызда қалады. 






(Сұхбаттың мәтіні)

- Аға, бүгінгі Оқу конгресінің маңыздылығы туралы айта кетіңізші...


- Оқу конгресі қазір кеңінен таралып келе жатқан жаңа үрдіс. Бұл шын мәнінде әлемдік деңгейде үлкен интеллектуалдық жоғалту басталып жатыр. Түгел дерлік сауатты болуға айналдық. Адамзаттың арасында қазір сауаты азы - аз. Көбінің қолынан кітап оқу келеді. Көп кітап оқыдық та. Кейінгі жылдары электрондық технологияның жетілуіне байланысты, сосын тұтыну қоғамының орнауына байланысты, біздің арамыздағы ең ежелгі дәстүрлер, ең кемшін дәстүрлер одан сайын құлдырап түсіп бара жатыр. Бір кездегі сауаты аз адамдардың бар кезіндегіден де гөрі әлсіреп, төменірек түсті. Ол мына біздің кітап оқуымыз кеміп кеткендігінен байқалады. Қазір негізінде барлық оқу орындарында шәкірттер бағдарламада көрсетілген әдебиеттерді оқумен ғана шектеледі. Өзінің мамандығына байланысты оқулықтармен ғана шектеледі. Есесіне жеңіл қабылданатын күнделікті кино, радио, тағы басқа құралдардағы айтылатын ақпараттармен тамамдалады. Бұл шын мәнінде білім алу жүйесін, білім шынықтыру жүйесін қатты әлсіретеді. Өйткен себебі, мысалы кітап оқыған адам әр әріптің түбін қазбалап, әрбір сөздің оқылу жазылуымен қоса мағыналық мән-маңызын түгел түсініп үйренеді. Сөйтіп ежіктей оқу арқылы, бажайлай білу арқылы баянды білім алады. Ол әлсіреп кетті қазір. Мысалы біздің көптеген адамдарымыз сөздің айтылуын біледі, жазылуын білмейді. Жұрттың айтқан сөзін қайталап бере алады, бірақ оның мән-мағынасын түсінбейді. Сөйтіп, шын мәнінде оның оқығаны, алған білімі интеллектуалдық еңбек емес, ол әншейін «көппен көрген ұлы той» дегендей дырду-думан сияқты бірдеңе болып кетеді. Бұл қазіргі адамзаттың етіп жатқан еңбегіне, ұмтылып жатқан армандарына сәйкес келмейді. Олар ылғи адамдардан ылғи өзін-өзі интеллектуалдық тұрғыдан шынықтыруын талап етеді. Спортпен шұғылданған адам өзінің организмін күн сайын шынықтырып тұрмаса, ол көп ұзамай өз мамандығына жауап бере алмайтын адам болады. Сол сияқты біздің көптеген білім алған инженерлеріміз, дәрігерлеріміз, ғалымдарымыздың көбі қазір қараптан-қарап қожырап кеткен, орысша айтқанда атрфироваться еткен. Міне, осы жағдайлардың бәрі оқу деген үрдісті қайтадан насихаттауды, қайтадан кітап оқуды қолға алуды талап етеді біздің бәрімізден. Осыған байланысты Оқу конгрестері де өтіп жатқан болу керек деп ойлаймын. Бұл шын мәнінде игілікті бастама. Қолдау табуға тиісті бастама. Өйткені адамзатқа одан ары қарай өмір сүру үшін, одан ары қарай өркениетті дамыту үшін ең керекті істің өзі – осы еді.


- «Әдебиет порталында» Жұмекен Нәжімеденовтің апталығы жүріп жатыр еді. Сол кісі туралы бір ауыз айта кетсеңіз...


- Мен Жұмекенді өте жақсы көремін. Әдебиетте бірден-бір жақсы көретін адамым Жұмекен десем артық айтпаған болармын. Соған байланысты Жұмекеннің творчествосы жөнінде алғашқы кітабынан бастап пікір білдіріп келе жатқан адаммын. Менің ойымша, Жұмекеннің уақыты әлі бола қойған жоқ. Енді туып келе жатыр. Жұмекен әдебиетке келген күннен бастап жұмбақ кісі болып көрінетін. Жымсиып қана күледі. Ар жағында не ойлап тұрғанын айтпайтын. Жақсы күліп, жақсы жүріп, жақсы адам сияқты ғана болып дүниеден өтті. Артында жақсы-жақсы кітаптар қалдырды. Сол жақсы кітаптардың нағыз қадірін, нағыз қасиетін қалың оқырман білсе, енді біледі. Өйткені ойдың еркіндігі, ойдың мәдениеті жаңа туып жатыр. Оны үйреншікті кітапты оқығандай қылып оқымау керек. Үйреншікті айтып жүрген ақиқаттарды білгендей қылып білмеу керек. Ол шын мәнінде жеке адамның жан дүниесінде жинақталған қорытындысы, түйіні. Оны көп дарақыланып айтуға болмайды, ежіктеп түсіндіруге болмайды. Оны әркім өзінің ішкі түйсігімен, құдайдың берген үлкен, кемел ақылымен ғана ұға алады. Бұл шын мәнінде солай екенін кітапты оқыған кісілер жақсы біледі. Жұмекеннің поэзиясы қазіргі қазақ әдебиетіндегі интеллектуалдық поэзияның біден бір жақсы үлгісі. Ұлы Абай бастаған үлкен поэзияның бір үлгісі. Оның үстіне, ол адам интеллектісін білетін, адам сезімін жақсы түсінетін Мағжан бастаған дәстүрді жалғастырды. Оның бер жағындағы көптеген қазақ ақындарында қалыптасқан жақсы дәстүрлерді де біледі. Бірақ соның барлығын біле тұра, Жұмекен өзінше іздейді. Әлгілердің көбінің айта қоймаған, әлгілердің көбінің батып кете қоймаған бағыттарына батыл беттейді.

Негізінен қазақ оқырмандары Жұмекеннің осындай жақсы екендігін біледі. Ал бірақ сонымен қоса Жұмекеннің жақсы прозаик екенін түсінбейді. Жұмекеннің прозасы тіптен жұмбақ! Ол кезде прозаға өзек болатын нәрсені әлеуметтік өмірден іздейтін, қоғамдық өмірден іздейтін. Сонда болып тұратын тартыстарды, сонда болып тұратын жұлқыстарды суреттейтін кітаптардан басталатын. Ал Жұмекеннің кітабында ол жоқ. Оның кітабында адам өмір сүреді, күнделікті өмір сүріп жатқандай өмір сүреді. Күнде көріп жүргендей нәрселерді көреді. Күнде болып жатқан нәрселерді түсінеді. Сондай нәрселердің барлығын өмірде қалай болса, солай қылып бейнелейді. Бұл шын мәнінде ХХ ғасырда әлемдік прозада басты бағытқа айналып келе жатқан бағыт еді. Кешегі Джойсты алыңыз, мейліңіз, Хемингуейді алыңыз, мейліңіз, Фолкнерді алыңыз, мейліңіз. Оның арғы түбі адамның жанында не болғаны, адамның жанында қандай әсер қалғаны, нені түсінгені, неден шошынғаны ең басты нәрсе болып есептеледі. Соны уақытылы ұға білген, мынаны ұғып жатырмын, мынаны түсініп жатырмын, сендер де ұғыңдар, сендер де түсініңдер деп жан-жаққа байбалам шашпай-ақ, соны өзінің іс-жүзінде іске асырып кеткен қаламгерлеріміздің бірі – Жұмекен еді. Қысқасы, Жұмекеннің жұмбағы енді-енді ашыла бастады. Қазақ қауымы осы Жұмекенді іздеп жүріп оқитын болады. Тыңғылықты зерттейтін болады. Сол кезден бастап Жұмекеннің дәурені басталады.


- Аға, алда келе жатқан желтоқсанның 25-інде «Әдебиет порталының» құрылғанына 2 жыл толады. Осыған орай бізге құттықтау ретінде тілегіңізді айтып, батаңызды берсеңіз...


- Сіздің порталыңыз шын мәнінде қазіргі әдебиет сүйетін кісілерге, оның ішінде бізге ұқсаған әдебиетшілерге ең керекті портал. Өйткені қазіргі кітап оқу дәстүрін қолға алу керек деп айтып жатырмыз, содан бастап біздің әдебиетіміздің нағыз жанашыры да сол, қорғаушысы да сол – осы портал болады деп сенеміз. Бұны тек қана электронды ақпарат жүйесі деп ойламау керек, бұл - үлкен рухани жүйе. Сондықтан сіздің порталдан күнделікті өніп-өсіп жатқан әдебиетті мейлінше тұрақты, мейлінше баянды етіп бейнелеулеріңізді өтінемін.


- Рахмет, аға!












Әңгімелескен Әбу-Асқар Мекешұлы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар