Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Әбубәкір Cмайылов. Махрсыз махаббат жырлары...

Әбубәкір Cмайылов. Махрсыз махаббат жырлары

08.03.2026

75

Әбубәкір Cмайылов. Махрсыз махаббат жырлары - adebiportal.kz

    АСҚАҚ ИЫҚ

                    (Раяға)

Аса сұлу көркіменен жүрді асқақ,

Көз қиығын бір тастамай, бір тастап.

Жігері құм болды талай жігіттің,

Жыртып-жыртып, сосын қайта жыр бастап. 

 

Сабау кірпік, қасы болса білектей

Қандай жүрек тұра алады дір етпей?

Жүрдім мен де қорқасоқтап әуелі

Қолдарымды ұсынуға күректей.

 

Иығыма басын сүйеп ұйықтаған,

Сол сұлудай жанымды ешкім ұқпаған.

Кеуде қағып кейбір ақын секілді,

Ұлы болам деген жоқпын, 

хит болам.

 

Қабырғадан жаратылған жақсылар, 

Осы күні осалдарың жоқ шығар.

Ол қыз бірақ қабырға емес майысқақ,

Сүйегі асыл, 

асқақ иық шарт сынар.

 

Мен сүйген қыз сүйегі асыл иықтан,

Маңдайыма жаратқан хақ бұйыртқан.

Бар сынақты көтерумен келеді

Көңілімді ұғып көзден, қиықтан.

 

Жаныма ылғи жалау болып, сүйеумен

Жартықұдай жасап алған күйеуден-

Асқақ иық, 

мынау жалпақ әлемде

Жалғыз сені сүйем мен

   

       ШЫРАҒЫҢ СӨНБЕСІН

                                      «Әйел-мойын, еркек-бас»

                                                (Халық нақылы)

Әйел емес еркек екен ең әлсіз,

Нәпсісіне келген кезде және арсыз.

Жер қайысқан қол БАСтаған батыр да,

Мойынсұнған МОЙЫНына амалсыз!

 

Арғы-бергі тарихтағы кіл мықты

Әйел затын әуел бастан пір тұтты.

Тұғыр болып тұрған Афродитаға

Елемейді ешкім еркек мұңлықты!

 

Мықтысың ба, бір әйелге бол тұғыр 

Мүжілмейтін, үгілмейтін зор тұғыр.

«Алма!», - деген АЛЛАНЫ да тыңдамай

Әйел тілін алған АДАМ салты бұл.

 

Қыз Құртқасыз батыр болмақ қандай ер,

Қыз Жібексіз ақын болмақ қандай ел?

Ел айтады «Әйел қырық шырақты»,

Ал еркекте бір-ақ шырақ,

ол да ӘЙЕЛ!

 

Мұны біреу теріс десін, жөн десін

Шындық болса жасырамын мен несін?

Әйел заты, асқақтасын Тұғырың

Ал еркектің Шырағы әр кез сөнбесін!

 

P.S.Артық кеткен жерім болса егерде,

АЛЛАМ өзі кеше жатар пендесін.

 

МАХАББАТЫ АНАМНЫҢ МАҒАН АҢЫЗ

Мейлі, мені ақтаңыз, қаралаңыз

Тек сөзіме күмәнмен қарамаңыз.

Ажалдың да алдында бас имеген,

Махаббаты анамның маған аңыз.

 

Әкем кетті соғысқа, қан майданға

Көру үшін жазғанын маңдайға Алла.

Анам қалды ауылда. 

“Сары бидай”-

Салатын ән сағынып, сарғайғанда.

 

Ол заманның жігіті өңшең бөрі:

“Шейіт деңдер осыдан өлсем мені”.

Қара қағаз келгенде қан майданнан,

Туған-туыс, ел сенді - ол сенбеді.

 

Ол сенбеді хабарға өлді деген,

Жасқа толып жанары мөлдіреген -

Белді бекем буынып, үмітті үзбей

Жылд-а-а-р бойы күту де Ерлік екен.

 

“Келеді әлі, келеді есен-аман

Келін болып аттаған босағадан

Ажал ғана айырсын - айыра алса!”

Деген сөзді айта ма осал адам?

 

Сұм соғыстың сейіліп бұлты мүлде,

Ел ұмыта бастаған күркірін де.

Есен-аман есіктен кіріп кепті

“Өлген әкем” күндердің бір күнінде!

 

Ырымдауға ылғи да үйренгем мен,

Кебін емес, кебенек киген келген.

Ажал сірә, әкемді ала алмады

Махаббаттың күшінен именгеннен!

 

Айтар едім мен мұны ұлылық деп,

Кім кімнің де күтпесе күні бітпек.

Әкеміз бір әулеттің жалғызы еді,

Тоғыз бала өргізді “тіріліп кеп”!

 

     ҚАЙЫРЛЫ ЖАР

Бесінші жатақхана – махаббат бесігі еді,

Жастық дейтін жұмақтың есігі еді.

Любовь (апай) Шаламай шағымданса,

Қожакеев қатеңді кешіреді.

 

Бұл шындықты шығарсын кім теріске,

Сол жұмақта жолығып бір періште,

Пешенеме жазылған тағдырымдай,

Кіретін де боп алды күнде түске.

 

Неткен таза бұл сезім, неткен ыстық

Өкіндірмеу үшін де өткен іс түк -

Көзден ғайып болғанша бұл дүние,

Сөзден тайып кетпеуге серт берістік! 

 

Қол ұстасып өмірге өрімдей жас

Аттанарда аптыққан көңіл беймаз.

Бесінші жатақхана, өзіңменен

Қош айтысқам көзімнен көрінбей жас.

 

Қатал екен, тым қатал үлкен өмір.

Отау құрып, от жақтық күркеде бір,

Он жыл орыс кемпірдің есігінде,

Қиындықты көтердік бірге небір.

 

Жаратқанның тартуы - қайырлы жар,

Қайырлы жар жасайды жайыңды бар.

Оққағарың секілді ол бір сенің

Отқа-суға түсуге дайын тұрар.

 

Ащы-тұщы өмірдің болды әттеңі,

Бірақ, таза қалпында ар дәптері.

Отыз сегіз жыл бойы сол періште,

Оттан-судан келеді қорғап мені!

 

               КЕНЖЕ КЕЛІН 

Түсініксіздеу түсімнің аяғы кейде,

Сипаған сынды бетімнен аяулы бейне.

Аяқ сылдыры…

Ас үйде апам жүргендей

Жатамын сосын ұйқылы-ояулы күйде.

 

Аяулы бейне келгендей аялағысы,

Соншалық таныс жаныма таяған кісі.

Көзімді ашсам - апамның келіні жүреді

Апамнан аумай бар ісі, аяқ алысы.

 

Әдетте түстес келеді ене мен келін,

Әлгі бір түсті неліктен көре беремін?

Өзіне тартқан бір қызды таңдап әперген,

Не деген менің анашым, көреген едің!

 

Түсім арқылы түсіндім сезінбей келіп,

Өзіндей болып апамның көзіндей болып-

Жүре бер менің жанымда жүре бер, жаным

Анам арқылы Алладан тілеп алғаным!

 

ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ЖӘНЕ БІР КҮН

Жүрегімнің түбіндегі тұнық жыр,

Шым-шым қайнап шықсын бері, күліп жүр.

Күліп жүрші, аз болған жоқ қайғы-мұң

Біз шаңырақ көтергелі қырық жыл.

 

Біз сезімге жығып бердік ақылды,

Біздер мүлде білген жоқпыз махрды.

«Сен - мендіксің!», 

«Мен - сендікпін!»

Серттестік

Біргеміз деп дем біткенше ақырғы.

 

Бір көргеннен құлай сүйдім, ұнаттым.

Синонимі сияқтысың жұмақтың.

Бірте-бірте бір адамға айналдық,

Қарап тұрсаң қырық жылың бір-ақ күн,

 

Дәл осылай айтуымның бар жөні

Оған дәлел өлеңімнің әр жолы.

Кешегің - жоқ, 

ертеңгі күн - беймәлім

Біздің ғұмыр БІР КҮН екен бар-жоғы.

 

Тұтас ғұмыр болып шықты бос ұғым,

Бір-ақ күн бар, басыңдағы осы күн.

(Бір күнді де сүре алмаймыз дұрыстап,

Білмеген соң соның жөнін-жосығын). 

 

Әзілдеп ем: 

-Ақыл қостық ақылға,

Енді үйленсек не сұрар ең махрға?

-Сұрап алып тағы бір күн, бір-ақ күн

Оны тағы арнар едім ақынға! 

(Сәл үнсіздік...)

-Сен де сөйтші, мақұл ма?

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan