Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Әбубәкір Смайылов. «Өзімді өзім тордағы құсқа бала...

Әбубәкір Смайылов. «Өзімді өзім тордағы құсқа балап...»

24.10.2025

5548

Әбубәкір Смайылов. «Өзімді өзім тордағы құсқа балап...» - adebiportal.kz

 

            Калигуладан Оруэллге дейін

 

Ақыл айтып көрмеппін мен біреуге,

Расында зауқым жоқ «ел түзеуге».

Аузы күйген деседі Абайдың да

Аузы бармас қазақтың өлді деуге. 

 

Тірі жанға айтпадым «Мен – ақын!» деп,

Түсінбейтін өйткені кем ақыл көп.

Калигула тұсында атқорадан

Ат та келген Сенатқа Сенатор боп.

 

«Ат жүре ме адамның есебінде?»,- 

деп күлмеңдер жігіттер, кеше күнге.

Қай жері кем жылқыдан, енді біреу 

Ел билеуге баулып жүр Есегін де!

 

Жер жарған соң Есектің жарнамасы,

Кім екенін сезбейді жан баласы.

Осыншалық өміршең болармысың,

ОРУЭЛЛДІҢ әйгілі “МАЛҚОРАСЫ”?!

 

                    Ақынға атақ қажет пе?

 

«...Қырық жастан асқанннан соң біздер де

«Атақ бер!» деп айқай салар ма екенбіз?»

                         (Е.Раушанов)

 

Дәл осылай бас қатырған көп ақын,

Даңқ деге не, бақ па сірә, қонатын?

Бола алмадым «көкелерге» қолбала,

Ақ Орданың тізімінде жоқ атым.

 

Көшіп-қонып он жыл жақтым пәтерге от,

Есейсем де ес кірмепті, қатем-көп.

Мақтанар ем Мақат досым секілді,

Тоқаевпен бірге түскен фотом жоқ.

 

Мені тіпті, танымайды мемхатшы,

Мен де оған дей қоймадым «сен жақсы».

Бір кем дүние, жетпейді де тұрады

Дегдарлық па, тектілік пе ең тапшы?

 

Елбасымен тонның ішкі бауындай,

Болған жоқпын. Мансаппенен ауырмай

Өмір кештім, бастағы бақ баянсыз

Өте шығар өткінші бір жауындай.

 

Бір-екі өлең жариялап газетке,

Орден сұрап өзеурейді бозөкпе.

Өлең жазсаң өзің үшін, жалпы осы

Ақынға атақ қажет пе?

 

Өлең жазсаң біреу үшін міндет пе,

Аш бол, тоқ бол, үй-күйсіз жүр, дірдекте.

Жүз жылдан соң өлеңдерің өлмесе,

Бөленерсің құрметке!

 

Шындық нешеу?

 

Бұлдыр-бұлдыр, 

билейді түзде сағым

Жапырақтар күйгенде күзге салым-

Адам жанын кім ұққан, 

біреулерге

Көрінеді көк болып бізге сарың.

 

Бәлкім, ерлік біреудің көссіздігі   

Бәлкім, «Еңлік-...» екеудің ессіздігі?

Өз шындығы өзінде әр адамның, 

Ақиқат дей алмаймыз сөзсіз мұны.

 

Мүминсіз бе, 

білмедім кәпірсіз бе

Қажет болса хас сезім ақыр сізге,

Шүберекке оранған шүбәлі қыз,

Шын махаббат болады мәхрсіз де!

 

Айтып та айтпай жан сырын жүректегі,

Бұл өмірден құдай-ау, кім өтпеді?

Шындық біреу – 

сәбидің шыр еткені,

Сосын... 

шыбын жаныңның «пыр-р-р» еткені!

 

         Күзгі көңіл-күй

 

                 «Біз надан боп өсірдік,

                  Иектегі сақалды...»

                     (Ы.Алтынсарин)

 

«Ұстаз» десіп дүмшені ұлы көріп,

Қаншама адам адасты тіліне еріп.

Сол надандық, сол сақал қаз-қалпында

Қазақ қандай ел еді «діні берік»!

 

Танымастай өзгерді әлем мүлде,

Нендей үміт артамыз келер күнге?

Кеткеніміз кеткен бе әлде осылай

Бөлінумен үш жүзге, пәлен дінге?

 

Өзімді өзім тордағы құсқа балап,

Торығамын, налимын тысқа қарап:

Келешектің келбеті осы ма еді –

Қаба сақал, қырғи көз, қысқа балақ?!

 

Тітіркеніп тигендей сыз денеңе

Көңіл үрке береді күзде неге?

Керуенге ілестік кері қайтқан,

Кейінгіге бере алмай біз де өнеге.

 

              Ескі де жаңа желтоқсан 

 

«...Қабағын шытпас ер керек

Біздің бүйткен бұл іске»

              (Махамбет) 

 

Қан болдық, көріп сан қорлық 

Нәлет деп біздің жүріске -

Оқ тисе міне, тар қолтық

Оқталғам  сонда бұл іске.

 

Жалындап өңкей жас кеуде

Өрттей боп таудан құлаған.

Жасқанбай, қорқып Мәскеуден

Ақырып теңдік сұраған!

 

Алаңда үш күн тұрыстым

Алқымға жаным таяды...

Қайтейін бүйткен бұл істің,

Қайырсыз болса аяғы?!

 

Алланың ісі ал, көндік

Біз салған қане, ұлы жол?

«Шал кет!» деп жүріп шал болдық.

Шамдансаң шамдан, 

шыны – сол.

 

        Үміт туралы жыр

 

Аты ауысқыш қала бұл,

Досым айтқан қыршаңқы.

Қазақстан жаңа-дүр,

Қоспағанда бір шалды.

 

Қоғам –жаңа, ел –жаңа

Деп сендірмек,

бірақ та

Бітеу жара- сол  жара,

Жауап жоқ көп сұраққа.

 

Қабағына мұз қатып,

Қаруын кім оқтаған?

Қаңтарда кім бізді атып,

Сосын...

бізді соттаған?

 

Жанып-өшті тағы үміт,

Бір шалдан соң бір шалдан

Көңіл қалып, қамығып

Өтіп жатыр сұм жалған.

 

Көзінде жас мөлтілдей,

Күтумен жүр кіл жалшы.

Үміт,

Бізді өлтірмей

Келіп-кетіп тұрсаңшы…

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan