Абылай Мауданов, ақын,
Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің
Гран-При иегері:
«Елбасы айтқан 550 жылдықты сөз бұйдаға салып, өзімізді өзіміз қыжыртқаннан ештеңе ұтпаймыз»
Жыл сайынғы Президент Жолдауы - ел өмірі үшін маңызды шара, жол нұсқайтын бағыт, біздің көп болып атқарар ісімізді белгілейтін құжат, тапсырма. Жолдауда айтылған істер бұлжытпай орындалуға тиісті, жергілікті жерде орындалмай жатса, оның орындалуын талап ету қоғамның міндеті. Бұған дейін тәуелсіздік жылдарымыздағы жетістіктерімізге баса назар аударылып келгенін білеміз. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі сол, тарихымызға көңіл бөлініп отыр. Және анау-мынау емес, 550 жылдық шежіремізді түгендемекпіз.
Осы ретте, қоғам арасында түрлі пікір айтылып қалып жатыр. «Біздің тарихымыз одан да әрі емес пе, ендеше неге анау сақтардан бастамаймыз» деген ізгі ниеттен туған қызба ойлар да қылаң беруде. Бірақ Жолдау талқылауға салатын диспут емес, мемлекет басшысы тапсырған пәрмен екенін түсінгеніміз абзал.
Бізде сәл бірнәрсе болса, «әлемге таныламыз» деген пафос бар. Әлем біздің тарихымызға қызықпайды да, таңырқамайды да. Үңіліп оқып, зерттеп зерделейді деудің өзі күлкілі. Әлемге бізге бұған дейін үлкен деңгейдегі өткізген іс-шараларымыз бен олимпиададағы спортшыларымыздың жетістігі, тағы сондай табыстар мен мазақ еткен кино туындылар арқылы ғана бір сәт мойын бұрды. Одан артықты талап ете алмайсың, ғалам сондай, заман сондай.
Бұл реттен келгенде, 550 жылдық тарих тақиямызға тар келмейді. Ол біріншіден, Қазақстанды мекендеген өзге ұлт өкілдері мен отарланған қандастарымыздың санасын серпіп, көзін ашу үшін, өзімізді өзіміз тану үшін керек. Өйткені, бұған дейін мұндай түсіндіру жұмыстары жүрген жоқ. Сондықтан да, әлем түгілі, үш атасы осы жерде туған жүздеген ұлт білмейді Қазақтың қашан ұлт болып ұйысқанын, өз алдына жеке хандық құрғанын. Оған отарланған қара көздерімізді қосыңыз. Келімсектердің біздің даламызды игеруге келгенде көргені арып-ашқан, кедейліктің шегіне жеткен, бірлігі тозған, бес-алты малының соңында қалт-құлт еткен бейшара халық еді. Бұл шындық, шындыққа тура қарау өзімізді тану үшін керек. Әуелі, Қазақ хандығын танытып алсақ, «бұл хандықтың алдында кімдер болды?» деген сұрақтың өзі-ақ күманданғандарды арғы тарихымызға жетелемей ме?!
Ендеше, Елбасы айтқан 550 жылдықты сөз бұйдаға салып, өзімізді өзіміз қыжыртқаннан ештеңе ұтпаймыз. Тәуелсіздік деген ең алдымен тұтастық. Шекарамыздың тұтастығы, ойымыздың тұтастығы.
«Ел барда ер тудырмай тұра алмайды», Қазақ тарихында батырлар көп болған. Бірақ «бәленше батыр түнде молаға жалғыз қоныпты, жыланды жұтып қойыпты, мың адамға жалғыз шауыпты» деген миф өзімізді алдағаннан басқаға жарамайды. Реті келсе, Ұлы Отан соғысындағы батырларымызды насихаттап алсақ дұрыс болар еді. Сұлтанның, Талғаттың, Бауыржанның ерлігі кімге күман тудырады?! 20 сериал түсіргеннен гөрі, 20 мультфильм түсірген аса пайдалы болады ма деп ойлаймын. Бізге дәл қазір тарихи факт іздеуден гөрі, қолда бар фактілерді қоғамға түсіндірудің ең тиімді формаларын ойластырған маңызды. Өйткені, қазіргі қоғамға тез қабылданатын дүниелер керек.
Мен кәрістердің сериалын көп көрдім, сол арқылы санама мемлекетшілдік ұялады. Басшысына қалтқысыз бағынған ел ғана ел бола алады. Бауыржан батырдың айтқаны айтқан, «тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпке бағынбаған ел болмайды!». Бізде жағыну бар, бағыну жоқ. Әйтеуір, «билік» деген «құжыбық» жасап алып, соған «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп тас лақтырып, сонысымен өзін «ұлт батыры» санайтындар көп. Әлемде 500 млн халық бір тілім нанға зар дейді, ал, бізде қатқан нанды қоқыс теріп жүрген қайыршының өзі менсінбейді. Барды бағалау керек.
«Ұлттық идеология» деген тек қана этнодүние, киіз үй, сауыт, шоқпар, қазы қарта емес, Президент ұсынып отырған «2050 стратегиясы». Біз бәрібір киіз үйге көше алмаймыз, ал, ұлт барда ол жерде қалмайды.
Мемлекеттігімізге күманмен қарап, көз алартып отырған анталаған «достың» арасындағы алмағайып сәтте, тарихымыздың бір бөлігін түгендеп алудың өзі аз олжа емес.
Материалды көшіріп жариялау үшін
редакцияның
немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме
берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас
құқықтар
туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.