Абылайхан Мақсұтов – 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Қадырқұл ауылында дүниеге келген. “Жансебіл” жыр жинағының авторы.
***
Мен алыста жүргенде сағым қуып,
Сен жырақта жүрмісің сағындырып?
Жұлдыздарға көз салып жатырмысың,
Аспанның мақпал бұлтын жамылғы ғып?
Желсіз түн, жалқы мұңым жанымды үгіп,
Отырмын тақуадай сабыр қылып.
Тəңір де «тəк» демеді, қойғаның не
құп-құттай жүрегіне табындырып.
Секілді жер шарында аяулы адам,
Сеземін нөпір бақыт таяу маған.
Тамсанып менің нөпір бақытыма,
Аспанымда арғымақ Ай аунаған.
Жұлдыз да жымыңдайды қақ төбемде...
(Пендеге мəз болатын шақ деген не?)
Бәлкім менің еселеп бақытымды,
Әлдебір қияндардан ап келер ме?
Сағынышым құзар шың, жарда құшқан,
Жалғанда дəл мендей жан бар ма құштар?
Боз жусаннан сұрашы боз сəлделі,
Боз торғайдан сұрашы таңдағы ұшқан..
***
Айсұлу қыз шығып кетті тұрмысқа,
Қыз дәурені болд,– дейді ел – тым қысқа.
Ел айтады, неге айтады ұқпаймын,
Бойжеткен қыз теңін тапса қылмыс па?
Сері біткен қызығатын жан еді,
Өзі сұлу, жүрісі де паң еді !
Құрбылардың ортасында сәні еді,
Жарасымды шыт көйлегі әдемі.
Сол сылқымға ғашық болып бір ағам,
Өмір жолы, – дейді —соқпақ, бұралаң.
Ара-тұра ақтаратын сырларын,
Ауық-ауық ұрттағанда сырадан.
Кейінгі кез томаға тұйық боп алды,
Жұбатамын болмысы ірі ағамды.
Сезімі жоқ аруларды аяймын,
Аяймын мен жүрегі жоқ адамды.
Қыз дәурені болд, – дейді – ел тым қысқа.
Бойжеткен қыз теңін тапса қылмыс па?
Сүйіндіріп, күйіндіріп ағамды,
Айсұлу қыз шығып кетті тұрмысқа...
***
Сені бәрі: «ибалы, келісті өңі,
қарындасы» - дейді ғой періштенің.
Қылықтым-ау, сен бірақ өкпелеме,
Періштелер жерде емес, көкте неге?
Қарайтындай көрікті жан қызыға,
Енді бірі теңейді Хор қызына.
Хор қызы ма?
О да жоқ тіршілікте,
Томсырайып отырам күрсініп тек.
«Ай»-деді жұрт...
Бос сөзге тағы алдандың,
Күнәсі көп тілінде адамдардың.
Күрсінбеші
Ол күрсінсе – күрсінеді қара аспан,
Таулардың да сілкінеді сілемі.
Жапырақтар үзіліп кеп ағаштан,
Қара жерді төсеніш қып түнеді.
Ол күрсінсе – күрсінеді құрлықтар,
Буырқанып дөңбекшиді көк теңіз.
Ол жыласа жанынан көп мұңлықтар,
Бір сұрапыл жыр оқымай өтпеңіз.
Ол күрсінсе – күрсінеді жұлдыздар,
Тас төбемде жанатұғын түн маздап.
Айдан сұлу, айпара аппақ бір қыз бар,
Тағдыр оның маңдайына мұң жазбақ.
Ол күрсінсе – күллі ғалам күрсінер,
Соқтығысып көкте бұлттар жосылып.
Ақын жаны бәрін көріп түршігер,
Ал кейіннен бірге жылар қосылып
Күрсінбеші...
Қазақтың монологы
Уай, Мен Көк Түріктің ұрғыны ем,
Әлмисақтан Тәңірім жаратқан сұңғыла ем.
Алтайдың қар-мұзын жастанып жаттым,
Арқада сары қымызға мас болып жаттым.
Шалқайып жатқан жерім - Жайық пен Шағанның шалғыны, дүр кілем.
Кеудемді бір басса, туған жердің топырағы басты,
Атақ-даңқым Алатаудан әрі асты.
Қаратаудан құлдилап кеп шапқанда,
Атымның басын тартқан жерім Шу, Сарысу, Талас-ты.
Сыр бойында қара қобызым аңырап,
Ырғыз бен Торғайда төрт түлігім жамырап.
Маңғыстауда алшаң бастым,
Арқама қанат бітірді 362 әруақ.
Баянауыл мен Жетісуды тәу етіп түнер түнек қылдым,
Ұлытауды ұя қылдым.
Қаройда қара жамылсам да,
Қараниетті қанжар сұқпасын деп,
Тарбағатайды арқама тірек қылдым.
Бір уыс топырағыңды тұмар ғып тақтым,
Жеріңді - жастық, бұлтыңды көрпе қылдым,
Тауыңды қалқан қылдым.
Иә Хақ! Иә Әруақ!
Қайта жанып өшкенім,
Құл болмасын деп айдарлым,
Күн болмасын деп кестелім.
Тілімді - пырақ, ғылымды шырақ қылып келешекке аттанбасам...
Кешпегін...
***
Сынық қанат арман құсым құлап
ұш,
Болмысыңнан бар еді ғой бұла күш.
Тағдырыңды Хақ иеңе тапсыр да,
Тəңіріңнен несібеңді сұрап іш.
Шопан шалдың сыңар езу атындай,
Ымыртта ылғи саған тартып тұрады іш.
Тізгін бермес қайғы менен қасірет,
Қапталдасып ермейді екен қуаныш.
Құдайымның жоғы қандай қорқыныш,
Құдайымның бары қандай жұбаныш.
Омырауын еміп өгей ғасырдың,
Білемісің жанашыр кім, қасың кім?
Басқан бұлттай көлегейлеп күн көзін,
Келеді ме нұр жүзіңді жасырғың?!
Ыстығына күйіп-жанып жүрмісің,
Жанарыңнан тамып түскен жасыңның.
Жұрт көзінен жасырасың жүзіңді,
Аңсаймысың мизам шуақ күзіңді.
Нəн шаһарда мігір таппай сенделіп,
Іздеймісің тротуардан ізіңді.
Сен дегенде алабұртып сезім мың,
бұлқынады.
Талықсыдым, көз ілдім.
Саған ба еді...
Кімге обал, сауабы?
Жанарымның ішінде өлген сезімнің,
Қаламымның ұшында өлген сөзімнің
***
Бүгін нағашы əжемнің өмірден өткеніне тура бір жыл.
Жарықтық жақсы адам еді. Иманы жолдас болғай!
Ауылымның бір шеті қорым еді,
Қорым жайлы осы жұрт не біледі?
Төбешік боп шетінде əжем жатыр,
Патша сынды көретін тегі мені.
Сол қорымға соңғы кез көп барамын,
Өлуге емес...
Жоқ, жоқ, жоқ, жоқ, қарағым.
Үнсіз мені көрінед(і) тыңдайтындай,
Мен бір нəрсе айтуға оқталамын.
Мен бір нəрсе айтуға оқталамын,
(Ділмəрсыған адамдай топта қалың.)
Əлдекімдей көлгірсіп сөйлемедім,
Əумесер əлдекімдей оттамадым.
Жатыр мұнда көз көрген таныс жандар,
(Жетеді енді олармен «алыспандар»)
Анау шетте бейкүнә сəби жатыр,
Қуанышынан ғұмырдың қалыс қалған.
Ауылымның бір шеті қорым еді,
Қуыныш-қайғы қос делбе өмір еді.
Араздық та жоқ мында алауыздық,
Сол бір ұлы тыныштық төңірегі.
Мен ештеңе білмеймін...
Аят оқып қайтамын
Ал, осы жұрт не біледі?
***
Мен деген..
Өзегім өрт боп өліарада да өлмегем.
Қызғыш құсың ем, қанаты қатты, мойны бос,
Айнадай көлде аңқасы кеуіп шөлдеген.
Іңірде...
Миымда кіл көкмойнақ ой дүбірлеп.
Сəруар сəуірдің бұлты зеңіп төбемнен,
Омалып сосын,
Отырам іштей күбірлеп.
Бұл күнде..
Ұшырап тағы кетер ме екенбіз үркінге?!
Бейсеубет бір жан келер ме екен деп мені іздеп,
Талаурап тұрам,
Алпыс екі тамырым бүлкілдеп.
Ұғар кім?
Жабырқап жүрген мұңлығыңа да сыңармын.
"ҚАЗАҚСТАН ЖҰМАҚ" дейді түйсігім,
Күнəдан ада шығармын.
***
Сәуір өтіп барады.
Сезесің бе, қарылғаш?
Биыл сәуір тым суық, ай қаралы,
Сәурік-өлең азынап, жай табады.
Қара өлеңнен жүк артқан қара нарлар,
Байқадың ба?
О, қалай найқалады?!
Болмысы да тым ерек жүрісі де,
Солар еді қазақтың ірісі де.
Жасын төкті солқылдап дәруіш бұлт,
(Пендесінде Құдайдың жұмысы не?)
Шайыры көп жыр-шәрі — жыр-Алматы,
Жыр-Алматы — жайқалған гүл Алматы.
Алатау тұр қабарып, есеңгіреп,
“Жәркен көкең өлді” деп тұр Алматы.
О дүниеге бет алып Көктөбеден,
Жұпар аңқып, баурайда көктеп өлең.
Құс біткенмен қоштасып біздің шалдар,
Аспан жаққа көшеді көктемеде.
Өтті өмірден Есағам “піріміз” боп,
Жабырқадық, лауламай түрімізде от.
Керенау бақ...Шуылдап қалды құстар,
Ал, құстарды түсінген біріміз жоқ.
***
Жеткізе ме жүйткіген арман-күлік?..
(Жағымпаздар жүр күнде жалған күліп).
Қанды аңсаған шеңгелі ажал-бүркіт,
Қапияда алады жардан бүріп.
Ажал шіркін демді үзіп, дәніккесін,
Қараңғы боп көрінер жарық бесін.
Жалғанды жалпағынан басу қайда?
Жардан биік жаныңды зар үккесін.
Қашанда ірілердің үгіті кем,
(Жапанда жалғыз жортқан жігітің ем).
Қара түнге жұтылған шерлі өңімді,
Ойласам, түтіледі түбіт-ірең.
Қылаң-ғұмыр...
Жан едім өте ғашық,
Титықтатып бітті әбден "жеке кәсіп".
Аяғымнан тартқылап жібермейді-ау,
Аяғымнан тұрар ем шетел асып.
Ой, Жаратқан!
Қоя тұр жарлығыңды,
Бипаз дүние, сүйемін таң нұрыңды.
Терезеден отырам тамашалап,
Тәлтіректеп баратқан тағдырымды.
***
Мынау қоңыр мұңым ба,
Мынау қоңыр жолым ба.
Қоңыр мұңға ілесіп,
Бара жатыр сорым да..
Бара жатыр шүңейтке,
Жарылқашы о, Тəңір.
Бізде бір сəт күл(е)йікте,
О, аяулы Отаным..
Есігімнің алдыңда,
Қара ағашқа не дейін?
Ол да өкпелі тағдырға,
Мен де іштей сенейін.
Ел иланып сенеді,
Көз жасыңда бар күнə.
Жылағың -ақ келеді,
Жылайтын жас қалды ма?
Есік алды қара ағаш,
Жапырағың жел үзді.
Жаңбыр - мұңы аралас,
Тəңірі оған ең ізгі.
Ең ізгі едің Тəңірім,
Адамзатта ізгі еді.
Үзілмеші тағдырым,
Жапырақтай күздегі.
