Бүгін, Нобель қоры 9 қазан күні әдебиет саласы бойынша 2025 жылғы Нобель сыйлығының иегерін анықтап, есімін әлемге жариялады.
Оның иегері – венгер жазушысы Ласло Краснахоркаи. «Нобель сыйлығы жазушының апокалипсистік үрей жағдайында да өнердің құдіретін қайта дәлелдейтін, терең пайым мен көрегендікке толы шығармашылығы үшін берілді», – деп хабарлаған Нобель комитетінің баспасөз қызметі.
Жазушы Ласло Краснахоркаи 1954 жылы 5 қаңтарда Венгрияның Румыния шекарасына таяу жатқан Бекеш өлкесі, Дьюла қаласында дүниеге келген.
Орта мектептен соң заңгер мамандығына түсіп Сегед және Будапешт қалаларында оқыған. 1983 жылы Будапешт университетінің өнер тарихы факультетін бітірген.

Тырнақалды туындыларын 1977 жылдан жариялата бастаған. Краснахоркаидің романдары мен новеллалары антиутопиялық сипаттағы, жалпақ әлемнен оқшауланған және мағыналы перспективалардан айырылған бұйығы әлемдегі адамдардың тіршілігі туралы қыжылды-келекелі астарға толы туындылар болып келеді.
Жазушының таланты Нобельге дейін де еуропалық, әлемдік деңгейде мойындалып, бірнеше рет беделді әдеби сыйлықтарға ие болған. Атап айтқанда «Sátántangó» («Шайтан тангосы») романы 2013 жылы Рочестер университетінің сыйлығына ие болса, 2015 жылы Халықаралық «Букер» сыйлығының иегері атанған.
Осы кезде «букерлік» қазылар алқасы жазушының тіл байлығы мен ерекше эмоциялық қарқынын айрықша атап өткен екен.
Жазушының «Қарсылық меланхолиясы» (1989), «Соғыс және соғыс» (1999),
«Си-ван-му осында, арамызда» (2008) романдары әлем жұртшылығына кеңінен танымал.
Венгер кинорежиссері Бела Таррмен көптен бері шығармашылық тандем құрған жазушының туындылары бойынша халықаралық дәрежеде мойындалған бірнеше фильмдер түсірілген.
Әсіресе жоғарыда аталған «Sátántangó» («Шайтан тангосы») туындысының желісімен түсірілген жеті сағаттық фильм көрермендердің ықыласына бөленген.
Жазушы өзінің романдарын, қысқа әңгімелерін және сценарийлерін бірнеше халықаралық табысты фильмдерге бейімдеген режиссер Бела Таррмен белсенді жұмыс істейді.
Краснахоркаидің кітаптары жапон тіліне және еуропаның жетекші тілдеріне аударылған. Соның ішінде орыс тілінде «Сатанинское танго», «Меланхолия сопротивления» деген атаумен екі романы мен бірнеше аударма туындылары орысша әдеби журналдарда жарияланған екен.
Жазушының сүйікті ісі – саяхаттау екен. 1990 жылы Монғолия мен Қытайда саяхаттаса, 1996 жылы Боснияда, 1997, 2000, 2005 жылдары Жапонияны аралаған. 1992 жылы Атлантикада жүзген. 1992-1998 жылдары Еуропа мен Америка Құрама Штаттарын шарлап шыққан.
«Мені шығармашылықпен айналысуға шабыттандырған басты адамдар – Толстой мен Достоевскийлер болды», - деген екен, бір сөзінде. Жазушы өзінің туған еліндегі саяси оқиғаларды жіті бақылаумен қатар, қазіргі мемелкет басшысы Виктор Орбанның ұстанымдарына сын көзбен қарайды. Әлем жұртшылығы Нобель комитетінің соңғы шешіміне осы фактор әсер еткен болуы мүмкін деп қарайды. Себебі Виктор Орбан – көптеген мәселелер бойынша Еуропа Одағында өз ұстанымымен ерекшеленген саясаткер.
Алдағы кезеңде түбір бір мажар жұртынан шыққан талантты жазушы Ласло Краснахоркаидің туындылары қазақ тіліне де аударылып, қалың оқырмандарымыз өз тілінде оқып жатса игі еді дейміз.
«Бауырлас ғұн текті жазушы Нобель сыйлығын алды!» - деп қуанып жатқандар да бар. Әлем мойындаған ең беделді сыйлыққа ие болу – әркімнің маңдайына жазыла бермеген бақ екені рас. Дегенмен бұған дейін Нобель сыйлығының әр саласы бойынша он алты мажар баласы ие болуы – сонау ғасырларда Ұлы Даладан Еуропаның төріне қоныс аударып барған жұрттың ғылым-білім, әдебиеттегі көрнекті орнын әйгілеп тұрғандай. Ласло Краснахоркаиді қосқандағы осы он жеті мажарды үш топқа бөліп қарастырады екен.
1. Венгрияда азаматы ретінде, осы елде тұрып Нобель сыйлығын алғандар – 3 адам;
2. Венгрияда тумағанымен, венгер текті болып есептелетін – 6 адам;
3. Венгрияда туып-өскен, түрлі себептермен эмиграцияға кетіп, шетелдерде еңбегімен танылып Нобель сыйлығына ие болған адамдар – 8 адам.
Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған тұңғыш қаламгер венгерлік – прозаик жазушы Имре Кертес (1929-2016). Венгрииялық еврей отбасынан шыққан жазушы өзі бастан өткерген Освенцим, Бухенвальд жазалау лагерьлеріндегі азап пен тозақ өмір туралы жазды. Ол әдебиет бойынша Нобель сыйлығына 2002 жылы «Sorstalanság» («Өлмес») кітабы үшін ие болды.
Но́бель сыйлығы (шведше Nobelpriset, ағылшынша Nobel Prize) – әдемдегі ең беделді сыйлық. Жыл сайын ғылыми зерттеулер, мәдениет немесе қоғам дамуына өлшеусіз үлес қосқан жаңалықтары үшін тағайындалатын бұл сыйлықты Швед корольдік академиясының шешімі бойынша 1901 жылдан беріліп келеді. Жеңімпаздар физика, химия, физиология және медицина, әдебиет және бейбітшілік үшін күрес, экономика бағыттары бойынша сыналтылып келеді.
