Соңғы уақытта интеллектуалды ұлт, кітап оқитын, жаңаша ойлайтын қоғам қалыптастыру мәселесі жиі айтылып жүр. Қазақ әдеби кеңістігінде ғасырға жуық тарихы бар «Қазақ әдебиеті» газеті ұлттық руханияттың негізгі тіректерінің бірі ретінде өз миссиясын абыроймен атқарып келеді. Сонымен қатар «Жұлдыз», «Жалын» журналдары да әдеби үдерістің үздіксіз дамуына қызмет етіп, қаламгерлер мен оқырман арасындағы алтын көпір болды. Бұлардан бөлек қаншама газет, журналдар жарық көрді.
Дегенмен, ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы дәстүрлі мерзімді басылымдардың орнын біртіндеп жаңа форматтағы алаңдарға ығыстыра бастады. Соның нәтижесінде әдебиеттің жаңа медиалық кеңістігінде сайттар мен порталдар қалыптасты.
Осы бағытта «Әдебиет порталы» да ұлттық әдебиетті жүйелі түрде насихаттап келеді. Портал тек архивтік база қалыптастырумен шектелмей, әдеби кеңістіктегі күнделікті жаңалықтарды жедел жариялап, қаламгерлермен сұхбаттар ұйымдастырып, жаңа шығармаларды дер кезінде оқырманға жеткізеді.
Бір қуанарлығы, әдеби бағыттағы цифрлық платформалардың қатары жыл сайын артып келеді. «Мәдениет порталы» мен «Qalamger.kz» порталы бүгінде өз аудиториясын қалыптастырып үлгерді. Сондай-ақ соңғы кезде «Жазушы», «Жерасты әдебиеті», «Солақайлар» секілді жаңа жобалар іске қосылып, әдеби кеңістікке тың серпін әкелгендей.
Бұл – таза энтузиазмнан туған жоба

«Жазушы» порталын ашудағы мақсат – қазақ әдебиетін насихаттауға титімдей болса да үлес қосу. Бұл таза энтузиазмнан туған жоба болғандықтан портал жұмысын жалғыз өзім үйлестіремін. Ара-тұра авторлар, кейде жас журналистер атсалысып, контентін даярлауға қатысып тұрады.
Әу баста портал жұмысын үш бағытта жүргіземін деп ойладым. Оның алғашқысы – әдеттегідей әдебиет категориясына енетін кез келген дүниені (әрине, сапасын ескере отырып) жариялау. Екіншісі – негізінен, жастар туындыларын көпшілікке ұсынып, насихаттау. Үшіншісі – отандық баспалардың кітаптарын алдын ала сайтқа салып, оқырман қауымға таныстырып отыру.
Бірақ жұмыс күші жеткіліксіз болғандықтан бұл мақсаттар әлі толыққанды орындала қойған жоқ. Десе де, сайтымызда жарияланған әңгімелер, өлеңдер мен эсселер тәуір оқылып, лайықты бағасын алып жатыр. Алдағы уақытта сайтқа жаңалықтар лентасын қосып, күшейткіміз келеді, - дейді портал жетекшісі Абай Аймағанбет.
Жалпы, кез келген салада дамудың басты қозғаушы күші бәсекелестік екенін ескерсек, бұл әдеби порталдар мен сайттардың көбеюі сапалы контенттің артуына, жаңа есімдердің танылуына және әдеби үдерістің жандануына ықпал ететіні анық.
«Жаңа форма, жаңа өнер тілін қалыптастыру қажет»
Үнемі ізденіс үстінде жүретін жаңа буынның дүбірін сезген белгілі сыншы, әдебиетші Амангелді Кеңшілікұлы осынау әдеби жобалар туралы пікірін әлеуметтік желіде жариялаған еді.
Мен жастарға сенемін! Қазір мені 20 мен 35 аралығындағы жас толқынның ізденісі көбірек қызықтырады. Әрине, бәрі шетінен жүйрік, шетінен тұлпар дегеннен аулақпын. Олардың ішінде де айғайшыл, ұраншыл халтурщиктер толып жатыр. Дегенмен, кесек ойлайтын, үнемі ізденіс үстінде жүретін таланттардың дүбірін сезгендей боламын. Түбі сең қозғалып, стильдік тұрғыдан, формалық тұрғыдан, баяндау тұрғысынан жаңалық әкеліп, олар ендігі сөз өнерінің бет-бейнесін қалыптастыруы ықтимал. Риза болатыным, олар биліктегілерді жағаламай-ақ, аға буынмен жағаласпай-ақ, бір-бірін өтірік мақтамай-ақ үлкен дүние жасауға талпынып жатыр. Қайта жанданып жатқан «Солақайлар» мен «Жерасты әдебиеті» сайтының іс-әрекеті осының - айқын көрінісі, - деп жазды Амангелді Кеңшілікұлы.
Біз де «Solaqailar» әдебиет және өнер клубының мүшесі Асылан Қуанышұлына хабарласып, пікірін сұраған едік.
– Жуырда әдеби кеңістікке «Солақайлар» қайта оралып, жаңа сайт ашты. Сайттың алғашқы бетінен-ақ жаңаша көзқарас пен тың ізденіс байқалады. Бұл жобаның негізгі бағыты мен мақсаты туралы айтып берсең.
– Иә, «Solaqailar» клубы осыдан он жыл бұрын құрылған. Ол тұста қазақтілді медиа кеңістікте де, баспасөзде де әлемде жоғары бағаланған мақалалар тым аз еді және дүниежүзі әдебиетіне жаңа леп әкелген қаламгерлердің біразының шығармалары былай тұрсын, олар туралы қазақша ақпарат та жоқтың қасы-тұғын. «Solaqailar-ды» біріктірген – аударма және шығармашылық еркіндік. Яғни, әлем әдебиетінен аударма жасай жүріп, әдеби процесс пен стильдерді қазақ оқырмандарына таныстыруды мақсат тұттық (құдайшылығын айту керек, мен ол кезеңде ауылдан енді келгем, бұл қатарға кейінірек қосылдым).
Тағы бір себеп – әдеби кеңістікте жаңа бір тыныс іздегеніміз болар. Клубтағы ақындар түгел верлибр жаздық. Бұл, әрине, мақсатты дүние емес еді, эстетикалық таным мен талғамымыз осыған жетеледі.
Клуб осы екі бағытта да бірнеше жыл өндіріп еңбек етті. Оған дәлел – баспасөз бен ғаламтор беттерінде. «Solaqailar» аудармаға шындап ден қойғаннан кейін өзге жастар да жаппай тәржімаға құлаш ұрды. Қала берді, «Solaqailar» верлибр жазғаны үшін алдыңғы толқын әдебиетшілерден біраз «таяқ жеп» алған соң, көптің көзі мен құлағы әбден үйренген соң «ұйқассыз» жазатындардың да қатары молая бастады. Осы ретте, бізге дейін де верливр немесе ақ өлең жазған қазақ ақындары болғанын жоққа шығармайтынымды айта кетейін. Дегенмен олар әр буында бірнешеу-ақ болды. Ал біз бір буын боп үйіріле келе қалдық.
Кейін «бәсеңсіп» қалғандай көрінуіміз мүмкін, «қайта оралды» дегеніңізден де соны аңғаруға болады. Біз ешқайда кеткен емеспіз, бәсеңсіген де жоқпыз. Тек аты-жөніміздің қасына «Solaqailar» клубы дегенді көп тіркемедік. Міне, алғашқы қадам жасағалы бері он жыл өтті. «Solaqailar» әдебиет және өнер клубы боп қайта жаңғырдық. Бүгінгі «Solaqailar»: Ықылас Шалғынбай, Шалқар Дәулеткелді, Абзал Сүлеймен, Санжар Бекжан, Әділхан Асанов, Тілек Ырысбек, Арман Әділбек, Бауыржан Майтай, мен (Асылан Қуанышұлы), Тілеубек Батыс, Думан Терлікбай, Мәди-Асқар Қанжарұлы.

Біздің ендігі мақсатымыз – қат дүниелерді аудару ғана емес. Бұдан бөлек, өнердің түрлі саласындағы «солақайлардың» мінберіне айналсақ дейміз. Бірауыздан клубтың жетекшісі ғып Әділхан Асановты сайладық. Бұрын жастық максимализммен кеткен олқы тұстарымызды толықтырып, кәсіби түрде жүйелі жұмыс істеуге ынталымыз.
– «Солақайлар» атауының өзі белгілі бір қарсылықты, қалыпқа сыймауды білдіретіндей...
– Әлбетте, солай. Атақты «қарғыс атқан ақындардың» бірі, символист Стефан Малларме бір сұхбатында: «Өлең өлең болғалы үздіксіз ыңылдап келе жатқан үлкен бір хор бар. Ал қазір әдебиетімізге алғаш рет сол хорға қосылып ән салудан бас тартқан ақындар келді. Бұл хор күні бүгінге дейін дәстүрлі әдебиеттің үлкен синтезаторының сүйемелдеуімен келген-ді...», – деген екен. Сол сұхбатында «бүгінгі өлең кешегі өлеңнен жалыққаннан туды» дейді тағы. Біз белгілі бір деңгейде осы «жалыққандардың» қатарына жатамыз. Алайда мұны өзімізге дейінгі қаламгерлерді жоққа шығару деп емес, солардың жақсысын алып, ары қарай өрістетсек деген ниет деп ұққан жөн. Бастысы, «Ұлттық әдебиет деген не?» деген сұраққа басқа қырынан, яғни, кеңес әдебиетіне дейінгі қазақ ауыз әдебиеті мен миф әлемінен жауап іздеуге талпындық. Ал мұны қасаңданып қалған «дәстүрлі әдебиетті бұзу» деп қабылдары сөзсіз еді. Бізді «Солақай» атандырған осы дүние.
– «Тақыр жерге тау тұрмайды» ғой, «Солақайлар» әдеби клубы да аяқ астынан пайда бола салмағаны анық. Осындай көзқарастың қалыптасуына, жалпы, әдебиеттегі қалыптасқан классикалық түсініктер мен қасаң қағидалардан бас тартып, әдебиетке өзгеше қырынан қарауға кімнің немесе кімдердің ықпалы болды деп ойлайсың?
– Әңгімені әріден бастайын. О баста жаңаша ойлайтын, ескі сүрлеуден жалыққан, ішкі қайшылықпен алысып, шығармашылық ортада, әдебиетте өз орнын іздеген бір топ жас біріккен. Клубты сол «жаңа форма, жаңа өнер тілін қалыптастыру қажет, ал оны қайтсек жеткіземіз, ол үшін не істеу керек?» деген сұрақтарға жауап іздеген жас әдебиетшілер құрды. Иә, әлбетте, әркімге әсер еткен, жол көрсеткен адамдар да болды.
Ал клуб болу идеясын алғаш айтқан Ықылас Шалғынбай еді. Онсыз да басымыз қосылса әдебиет пен өнердің айналасында әңгіме айтып, форма мен тіл, қазақ тіліндегі жаңаша анализ, сын, ғылыми мақаланың аздығы, бар ақпаратқа қол жете бермейтінін сөз етіп жүрміз, соны өзіміз шама-шарқымыз жеткенше өзгертіп, жаңа толқынды бастап, жастардың жаңаша ойлауына жол ашып, солар бізді басып өтетін баспалдақ болайық, соны мақсат тұтайық деді. Сол идеяны «пісіріп», кейін Ықылас Шалғынбай, Шалқар Дәулеткелді, Санжар Бекжан, Абзал Сүлеймен төртеуі сулыққа (салфетка) сызбасын сызып, Ардақ Нұрғазыға көрсеткен. Ардақ ағамыз батасын беріп, ақ жол тіледі. Сол кезде ол кісі жалғыз еді. Мұзжарғыш кемедей жаңа поэзияның жүгін жалғыз өзі көтеріп жүрген. Әлі күнге дейін тынымсыз еңбек етіп келеді.
Клуб құрылған соң көп ұзамай қатарға Тілек Ырысбек, Бауыржан Майтай, Еділбек Дүйсен, әр уақыт аралығында Арман Әділбек, Әділхан Асанов, мен (Асылан Қуанышұлы), Думан Терлікбай секілді жігіттер қосылды.

«Solaqailar» аударманы Кафкадан бастады. Кафканың шығармасынан бұрын, шығармашылығы туралы зерттеу-мақалаларды жарыққа шығаруға тырысты. Сол кезде клубқа платформа ұсынып, арқамыздан қағып, тілекші болған Тоқтарәлі Таңжарық ағамыз екенін айта кетуіміз керек. Ол кісі біздің танылуымызға, еңбегіміздің жарық көруіне көп көмектесті. Демек, осы аталған кісілердің ақылы, қолдауы белгілі бір дәрежеде бізге әсер еткені анық. Жанымыздан табылған, қолдау білдірген Ы.Дәбей, Т.Меллат, Ш.Батан секілді ағалардың да болғанын айтпасақ болмас. Сондай-ақ осы он жыл ішінде Жантас Еркін, Айгерім Серікбай, Қаһар Уайыс секілді қыз-жігіттер де клуб атынан аударма жасады. Оларға да алғысымыз шексіз. Он жылда клубтың жұмысы медиа кеңістікте тоқтағанымен, шығармашылығы, концепциясы өзгере қойған жоқ. Қатарымызға талантты жас әдебиетшілер – Тілеубек Батыс пен Мәди-Асқар Қанжарұлы қосылды.
– Әдебиетте де, қоғамда да кез келген жаңалықтың қабылдануы оңай бола бермейді. Осыдан он жыл бұрын сыналған «Солақайларды» бүгінгі әдеби орта мен қоғам қалай қабылдап жатыр?
– Жоғарыда «біраз таяқ жедік» дедім ғой, расы осы. Алайда сол кезде-ақ бізді қолдап-қолпаштағандар аз болмады. Әдебиет пен мәдениетке, руханиятқа қатысы бар сайттардың бәрінде дерлік «Solaqailar» туралы мақалалар жарияланды. «Әдебиет порталы» да «Solaqailar-ға» арнайы орын берді. Клуб мүшелерінің шығармалары мен аудармалары арт-артынан жарық көріп отырды. Соның арқасында, жоғарыда айттым, аудармаға құлаш ұрған жастар мен еркін өлең жазуға ұмтылған авторлардың да қатары жылдан-жылға көбейе берді.
Бұрын үрке қарағандар мен жақтырмағандар, сыпсың сөз айтқан былай тұрсын, жорта (я қасақана) елемегендер не барынша шеттетуге күш салғандардың өзі қазір бізге қызыға қарайтынын айтып жүр. Жалпы оқырман қауым да ықыласты. Оны әлеуметтік желілердегі парақшаларымыздан да, сайтымыз аз уақыт ішінде жақсы көрілім жинай бастағанынан да байқаймыз.
Әрине, «өнер – өнер үшін». Алайда атқарып жатқан шаруаларымыз қазақ оқырманына арналған соң, олардың бір ауыз жылы сөзіне жанымыз семіріп қалатынын қалай жасырайық. «Solaqailar» туралы пікір берсең дегеніңізде де қатты қуандым. Өйткені бүгінгі қолдау ертеңгі істі аяғына жеткізуге күш береді.
«Жер үстіндегілердің қабылдамаған дүниелері «жер астында» жариялансын»
Қазақ қоғамы мен әдеби кеңістікте классикалық, ресми дискурстан тыс ойлау мәдениетін қалыптастыру, шығармашылық еркіндікті кеңейту және альтернативті әдеби бағыттарды дамытуды мақсат еткен порталдың бірі – «ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ» порталы.

Портал жетекшісі Қарлығаш Қабайдың айтуынша, «ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ» порталы – Қазақстандағы тәуелсіз әдеби кеңістікте қалыптасқан әдебиет пен өнердің онлайн-платформасы.
Оның міндеті – әдеби сын, поэзия, проза, философия, аударма, мәдени-саяси ойлар мен эстетикалық зерттеулерді, қызықты ақпараттарды жариялау арқылы әдебиет пен өнердің «жерасты» (маргинал, альтернативті, эксперименталды) бағыттарын дамыту. Портал 2023 жылы ашылды. Техникалық, финанстық мәселелерге қатысты осы күнге дейін жұмысы баяу түрде жүзеге асырылып отырған еді. Биыл жаңартылып, жұмысын да жандандыруға мүмкіндік туды. Порталдың атауының неге бұлай алынғанын 2023 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатымызда да айтып өткен болатынбыз. Жерасты әдебиеті жер үстінде аңсар ғана болып қалғаны үшін кейіннен амалсыз көмілген әдебиетті танытумен айналысатын болады. Қазақша контентті көбейту мақсатында шет тілді әдебиетті ана тілімізде насихаттау, бұрын соңды аударылмаған, Қазақстанда аты да аталмаған авторларды қазақша сөйлету бірнеше жылдан бері ойымда жүрген бір тілек еді.
Ештеңеге қармастан өмір сүру қақтығысына бел байлау, өз-өзімізді сендіріп келген өтіріктеріміз, ашылмаған құрлықтар, аты болмағаны үшін шақырылмаған көшелер, қорғалмаған құқықтар, көзге көрінбейтін ойлар, танығымыз келмейтін дүниелер мен барғымыз келмейтін жерлерден жолданған сырлардың түбі мекен ететін жері – тек қана жер асты болмақ. Өйткені бұлар жер үстінде билік құрғандардың тосқауылына тап болып отырады үнемі. Біздің қоғам қабылдағысы келмейтін көптеген дүниелер осы порталда жарияланатын болады. «Жер үстіндегілердің қабылдамаған дүниелері «жер астында» жариялансын онда» деген ащы әзілден пайда болған ой еді бұл. Есениннің: «Бір сүйген сүйе алмайды қайта. Өртеліп қойғанды өртей алмайсың», – дегеніндей ғой.
«Жерасты» сөзін «жер асты» түрінде жеке жазу туралы пікірлер де келіп жатыр. Енді қазақ тілінің жазу ережелерін біз де білеміз. Бірақ «Жерасты» сөзін қалып сөзге айналдырып, атаулық деңгейге көтеру мақсатын алға тарта отырып, «Жерасты» түрінде жазылғанын қаладық. Ағылшын тіліндегі «underground» сөзі де, түрік тіліндегі «yeraltı» сөзі де бірге жазылып жүр. Әрине, бұл сөздердің қолданылу аумағы біздікінен бөлек. Бірақ мағыналық, формалық, түпкі түбірлік бояулары бір жерден келіп отыр. Жерасты әдебиеті порталы қазақтың жаңа әдебиетін, классикадан тыс қазақ өнерін насихаттау арқылы өнердің «еркін» формаларын, оқшауланған түрлерін насихаттағысы келеді, - дейді Қарлығаш Қабай.
Порталдың негізгі бағыттары да айқын. Ол: Жаңашылдық пен бірегейлік: классикадан тыс қазақ әдебиеті; Әлем әдебиеті және аударма; Альтернативті әдеби ағымдар; Әдеби сын, эссе, сұхбат; Өнер, мәдениет, философия, әлеуметтік рефлексия; Өнер тарихы. Ал ерекшелігі: Еркін ой, цензурасыз көзқарас; Жас авторларды қолдау; Қоғамдық және экзистенциалды тақырыптарды көтеру; Әдеби экспериментке ашықтық.
P.S. Әдеби үдерістің табиғатына үңілсек, әр он-он бес жыл сайын әдебиетке жаңа буынның келіп отыруы – қалыптасқан заңдылық. Ал сол жаңа буын алдыңғы толқынның соңынан ілбіп қана ілесіп отырмай, жаңа ізденіспен, жаңа көзқараспын ұлт әдебиетін дамытып отырса, әрине, қуанарлық жағдай. Осындай ойды бағытқа алып, оқырманның ақыл ойы мен санасын кемелдендіруге ниеттенген қаламдастардың еңбектеріне табыс тілейміз.
