Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әділбек Қаба: Жан - Тәңірдің шуағы...

26.09.2019 5536

Әділбек Қаба: Жан - Тәңірдің шуағы 12+

Әділбек Қаба: Жан - Тәңірдің шуағы - adebiportal.kz

ТОПЫРАҚПЫН АДАММЫН

Бар тіршілік әмәннан,
Топырақтан нәр алған.
Тіпті... бекзат Адам да,
Топырақтан жаралған.

Керегі де, қорегі,
Топырақтан өнеді.
Түптің түбі бәрі де,
Жер қойнына енеді.

Туады да... өледі,
Топыраққа көмеді.
Адам адам болғалы,
Осылай боп келеді.

Кеудесін біреу кереді,
байлығына сенеді.
Дүние жалған басынан,
Көшпейтіндей көреді.

Білмейді-ау жалған өтерін,
Машхар күні жетерін.
Бекзат тәні топырақпен,
Араласып кетерін.

Топырақ тисе қағасың,
Кір жұққандай боласың.
Алайда мәңгі мекенді,
Топырақтан табасың.

Топырақпын – Адаммын,
Топырақтан жаралдым,
Топыраққа барармын
Топырақ болып қалармын...


(2018 жылғы 7 ақпан)

ӘЙЕЛІҢ ҚАРТАЙЫПТЫ

Әйелің қартайыпты,
Жүзінен әр тайыпты.
Көрмесең тұра алмайтын,
Сезімің... ортайыпты.

Кезінде бағыңды ашқан,
Қара көз қарындастан,
Айналды бәйбішеге,
Ақ жүзін әжім басқан.

Солған соң бала көрік,
Махаббат барады өліп,
Өзгеге қырындайсың,
Жар көзін ала беріп.

Уақыт аз ілгері,
Өткенде сезінгені,
Нұр тайып көзіңдегі,
Ұнамай қапты саған,
Бетінің әжімдері...

Аямай қолда барын,
«Ерім» деп қолдағанын,
Сен әлде ұмыттың ба,
Өмірін арнағанын...

Қамын қып балалардың,
дәл ондай баға алар кім?
Қартайған ата-анаңа,
мәпелеп қараған кім?

Тағдырың сынаған күн,
жоқтан бар құраған кім,
сен күлсең бірге күліп,
Жыласаң, жылаған кім?

Өбектеп жүр әлі де,
қарамай түр, әріне,
шашқа – ақ, бетке – әжім
түскенге кінәлі ме?

Жылуын іздеп кімнің,
күніңді түзде өткіздің.
Жастықта қосылғасын,
қарттықты бірге өткізгін,
... Беттегі әр әжімін
Сен салған із деп білгін.

(2018 жылғы 9 ақпан)

ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ ЕКІ БӨРІ

Адам мәңгі бақытты боп жүрмейді,
Бірде Ақыл, бірде Ашу билейді.
Ырылдасып, бірін бірі жүндейді,
Не жетпейді... өздері де білмейді.

-Мисал айтам, әрекет қыл, түсін де,-
деді ақсақал,- оңалады ісің де,
әр адамның біле білсең, қарағым,
Екі бөрі отырады ішіңде...

Қара бөрі сақ-сақ ұрып азуын,
Қаратпайды, бар ма, жоқ па жазығың,
Ал ақ бөрі беріспейді, күзетіп,
Өзгертуге Жаратқанның жазуын.

Ақсақалдың үміт артқан өрені,
Көп күтпестен сұрақ қоя жөнеді,
-Сонда менің ішімдегі бөрінің
Айтшы Ата, қайсысысы жеңеді?

Әуел баста екі бөрі тең келер
Өсе келе бір-біріне жол берер...
Ол әркімнің өз қолында, қарағым,
Қай бөріні көп жемдесең, сол жеңер!

Ақиқатқа жүрегіңді айқара аш!
Көк бөрінің ұрпақтары байқамас,
Өз ішіңде жүріп жатыр ей, пенде,
Ақ пен қара арасында тайталас...

(2018 жылғы 6 ақпан)

ЖАН МЕН ТӘН


Мен дегенің сен емес,
Сұлба, пішін, тек елес,
Жалғасып мәңгі келеді,
Жан мен Тәндік ерегес.

Тәннің сенен сұрары,
Нәпсісі мен құмары.
Ал Жаныңның қалауы,
Жәннаты мен жұмағы.


Жан Тәңірдің шуағы,
Тән Жаныңның тұрағы,
Бір фәнилік сыңары,
Ал тіршілік иесі,
Тәнен Тән боп туады,
Ажырайды Жан мен Тән,
Келген кезде уағы.

Маған да Тәнім бөтенсің,
Уақытша Жанға мекенсің,
Аллаға Жаным кетерсің,
Топыраққа Тәнім өтерсің.

Жаныңды құрбан етерсің
Құмарыңа жетерсің,
Қу тірлікке құл болсаң,
Пенделікпен өтерсің.

Келерсің де кетерсің,
Дүниеден сен де өтерсің.
Түбіне ешкім жетпеген,
Сен қалай оған жетерсің.


(2018 жылғы 8 ақпан)

МӘҢГІЛІК ЕШТЕҢЕ ЖОҚ... ӨЗГЕРЕДІ

Ұмтыламыз үнемі, келесіге,
Жаңалықтың алда ғой, төресі де...
Жаңа ғана бір сәби туылды да,
Бір қарт мінді келместің кемесіне.

Жаңа ғана бір патша тақтан түсті,
Мақтап, даттап...біраз жұрт ақтарды ішті...
Жаңа ғана бір патша таққа отырып,
Хан болмаққа ант етті асқан күшті.

Өмір солай өзгерді қас қағымда,
Жаңа Күн пайда болды аспаныңда...
"Әрбір істің түбінің қайыры бар",
Ой жатыр сол нақылдың астарында...

Мәңгілік ештеңе жоқ өзгереді,
Әркімнің бола бермес өз дегені...
Қанша адам болса сонша пікір болмақ,
Әркімнің өз мүддесі көздегені.

Өзгереді бәрі де, жаңарады,
Ақ қарайып, қаралар ағарады...
Біреулердің қарқ боп қағанағы,
Күні батып біреулер жоғалады.

Бір Күнім бар батпайтын, биік тұрған,
Мен үшін бәрінен де биік тұлғаң!
Қазағым, қайран жұртым, текті халқым,
Жөргектен мен өзіңді сүйіп туғам!

Ұлыс келді, күтіп ек нұрлы күнді,
Жаңа арнаға түзегін тірлігіңді.
Жаныңды қи ел үшін, ей алашым,
Сақта бірақ береке бірлігіңді

Е, Құдай Ұлтқа Ұлыста береке бер,
Төрт құбыласын халқымның тең ете гөр!
Ұлыстың ұлы күні Қызыр қолдап,
Ынтымақ, ырысы артқан ел ете гөр!

ТАУЛАРЫМ-АЙ...

Арқар атып, кұлан қуып өскен жер,
Қараша үйді өгізге артып көшкен бел,
Кекілімді желпуші еді, дәурен-ай,
Хан Тәңірден еркелете ескен жел.

Тауларым-ай, аспанменен тілдескен,
Бұлтты жарып, көк Тәңірмен үндескен,
Тауда туып, тауға қарап өспесем,
Биіктіктің не екенін білмес пе ем?

Бала шақтан уайымсыз күн кешкен,
Пір тұтыппын, өзім де оны білместен,
Менің пірім тау болмаса, кім білсін,
Ұсақтықпен арпалысып жүрмес пе ем...

(2018 жылғы 21 ақпан)

СЕН ЕРКЕКСІҢ!

Көрсетпеңдер, еркектің жылағанын,
Жылағанын, жан сауға сұрағанын.
Қан жылап қайран жүрек тұрса-дағы,
Табыңдар, босамаудың бір амалын.

Сен еркексің, жылауға жаралмаған,
Алатаудай қарайды саған балаң.
Етінен ет кессе де міз бақпастан,
Өмірін тамамдаған талай бабаң.

Қайғы дендеп ауырар жараң жаман,
Қасқыр болған заманда адамға адам.
Сен еркексің, аманат, саған елім,
Тілім, дінім аманат саған далам!

ОСЫ ХАЛІМ...

Бір жаққа асығамын,
Осы сарын,
Үнемі осы халім.
Әлденеге...
Үлгерместей болып тұрам,
Несі барын.

Жәйбарақат,
Өзге елдің баласындай,
Неге өмір сүрмеймін, аласұрмай.
Осы сарын,
Үнемі осы халім...
Бірдеңеге үлгермей қалатындай.

Сап, сап көңіл,
Сен неге асығасың,
Күніне мың өрекпіп басыласың.
Күнде асығам... ашуға құпияңды,
Ей Өмір! Менен нені жасырасың?

АҚША БҰЛТ

Бұлт үстінде келемін қанат қағып,
Тәңірден сыр ұғуға талаптанып,
Өмірімнің кітабы орталады,
Күндегісін күнде оқып, парақталып.

Төбемде Күн! Ақ бұлттар табанымда,
Жиналған жүн секілді сабалуға.
Жерде дәмі біткендер аспаға ұшып,
бұлт астында басқалар жаралуда.

Өткізіп, өмір деген қас қағымды,
Күйбеңге қор қыласың жас шағыңды.
Ақ бұлттың астындағы қу тірлікте,
Тауға-тасқа соғасың бастарыңды.

Ей, ақша бұлт, сен қайда асығасың,
Жөңкілесің, толқисың, басыласың,
Күн мен Жердің арасын бүркемелеп,
Күнәларын адамның жасырасың.

Жерге қонам, қайтемін жерге қонам,
Періште емес, күнаһар пенде болам.
Өттің, кеттің...Мен саған өкпе артпаймын,
Өкпелеме, күндерім сен де маған...

АР

Армысыңдар, бауырлар армысыңдар!
Баймысыңдар, жоқ әлде жарлысыңдар.
Кедей байға теңеліп, бай - Құдайға,
Елден ерек болуға зармысыздар.

Армысың, мал мүлікке семіргендер,
Құл болып дүниеге жегілгендер.
Халқының несібесін жасырып жеп,
Әбүйірі айрандай төгілгендер.

Армысыңдар, тәбетін оятқандар,
Тонап қаңдар, қазірше... тояттаңдар.
Ел үстінен сан жетпес табыс тауып,
Ұятын ар алдында жоғалтқандар.

Армысыңдар, бір - бірін жүндегендер,
Күндегендер, қазақты тілдегендер.
Нанын жеп, намысына балта шауып,
Қасиетін халқымның білмегендер.

Армысыңдар дегенім: арың бар ма?
Арымды қи, деуші едің малымды ал да.
"Армысың!" деген сәлем жоғалғалы,
Арынан біраз найсап арылған ба?

Армысыңдар, қазағым! Ар ма? Ар ма?
Сен - Адамсың, ақ, адал арың барда.
Таразыға түссе егер Ар менен Жан,
Арды сақта, кеудемнен жанымды ал да!

ДҮНИЕ ЖАЛҒАН...

Біз де өтерміз...
өтер өмір, өтер күн,
Қайран жүрек,
қай күні тоқтар екенсің...
«Дүние жалған» деп еді бабам...
екен шын,
Тәттісің... бірақ бөтенсің.

Бала да болдым...
аға да болдым, тоқталдым,
Дүниені өзгертпек боп та оқталдым.
Тағдырым мені тақымға салып сүйрелеп,
Құз басынан құларман болып...

шақ қалдым.

Ей, жарық дүние,
аялы менің мекенім,
Өтемін! Білем...
тәрк етіп сені кетемін.
Өтпестей болып көрінген өмір...
білмеппін,
Әр секундыңның да санаулы ғана екенін.

НАҒЫЗ АҚЫН...

Сүйетіндер көп болар, сүймейтіндер,
Түйрейтіндер, көре алмай күндейтіндер.
Жүндейтіндер, есікке сүйрейтіндер,
Қадірін қара өлеңнің білмейтіндер.

Міндейтіндер... жел сөзді үрлейтіндер,
"Мен тұрғанда мынауың кім?" дейтіндер,
Күндейтіндер! Мәңгілік жүрмейсіңдер,
Кім кетіп, кім қалады... білмейсіңдер.

Нағыз ақын - тілден бал тамызатын,
Қаһарланса тастан қан ағызатын,
Аңыз атын, қалдырар қазынасын,
Жырлармен тасқа қашап жазылатын.

Бір легі ақынның үгіледі,
Үгіледі тірліктен түңіледі...
Үзіледі... арақ боп жүгінері,
Тірліктің қалмаған соң түк реңі.

Бір легі осылай сүрінеді,
Ілігеді мәреге ірілері,
Ұмытылса шыққанда-ақ бірі демі,
Нағыз ақын өлген соң тіріледі.

ӨТПЕЛІ-АУ, ДҮНИЕ ӨТПЕЛІ...

Өтпелі-ау, дүние өтпелі,

Кімдерге келіп кетпеді.
Білінбейді пендеге,
Басынан пәни өткені.

Тағдырға біреу өкпелі,
«Не жаздым, Тәңір?» деп тегі,
Талайдың кетіп кектері,
Құдайға дауысы жетпеді.

Көтермес өмір өкпені,
Кәрілік келіп жеткені,
Келмеске кетер артынан,
Бабаларының көктегі.

Кімдерден дәурен өтпеді.
Айды алмақ болған көктегі,
Өлмесе қайда кеткені,
Бағзы заман бектері.

Патшалардың өктемі
Өлмейтұғындай боп тегі,
Хандардың ханы Шыңғысхан
Бар билікті көкседі.

«Күн біреу-ақ көктегі,
Екі Күн көкте боп па еді?
Бір аспанның астында,
Екі патша жоқ»,- деді.

Өтпелі-ау, дүние өтпелі,
Ғұмыры оған жетпеді.
Баршаға аян бір күні,
Одан да дәурен өткені.

Біреудің келмей көктемі,
Біреулер қайта көктеді.
Басыңнан өтер қарағым,
Аумалы заман төкпелі.

Бабалар неткен текті еді,
Ел мүддесін көкседі.
Отауының оты өшсе де,
Отанының аты өшпеді.

Түбіміз Түркі -Көкбөрі,
Тағылым, тарих - өткені.
Өлмейтін мәңгі жан болса-
Еліне қызмет еткені.

Өмірде мынау өтпелі,
Мәңгілік нәрсе жоқ тегі.
Өмір дегенің қарағым,
Бесік пен көрдің өткелі.

ПЕНДЕМІЗ..

Сен де, мен де пендеміз,
Бір Алладан өзгеміз,
Дәмін татып жалғанның
Қайту үшін келгеміз...

Билік, мәнсап, төрге біз,
Отырып та көргеміз.
«Дүние жалған екен» деп,
Айту үшін келгеміз.

Алақаптай кеудеміз,
Тоқтамаймыз сөзге біз.
Пенде емес, Құдаймын,
Дегенге де төзгеміз.


Топырақ толмай көзге біз,
Тоймасын да сезгеміз...

Өрлеңіз, мейлі төрлеңіз,
Ешкімге төрді бермеңіз.

Кірмейтіндей көрге біз,
Асқақтаған бекзаттың,
Талайларын көмгеміз.

Ұқсамаймыз... өзгеміз,
Ергіштеуміз сөзге біз.
Салт-дәстүрді жатсынып,
Тілден, діннен безгеміз.

Байлықты мейлі көздеңіз,
Әлемді билеп ерлеңіз,
Ұмытылмас есімің
Деген сөзге сенбеңіз.

Бас иіп жасың, кәрің де,
Алладан келген әмірге,
Таяды бағың, әрің де,
Топыраққа айналар,
Топырақтан келген тәнің де...
Уақыт деген өшіргіш,
Өшіреді бәрін де.
Өлмейтіндей талтаңдап,
Жүре тұр пендем әзірге,

Жүре тұр ...

(2018 жылғы 27 сәуір)

ӘЙЕЛДЕР- АЙ, ӘЙЕЛДЕР...

Моп-момақан, монтаны қызды алсақ та,
Жазылмаған заңдарын бұзған шақта,
Әйелдер-ай, әйелдер, неге бұлай,
Айналып кетесіңдер қызғаншаққа.

Айналып кетесіңдер қызғаншаққа,
Бұлдансақ та, көнбейтін, тұлдансақ та.
Қанша жуас болса да әйел билер,
«Қожайын өзім ғой» деп сыздансақ та.

«Қожайын өзім ғой» деп сыздансақ та,
«Етектегі намазды» бұзған шақта,
Әйелдер-ай, әйелдер, көнбейсіңдер,
Алдыңа қол қусырып, жүз барсақ та.

Алдыңа қол қусырып, жүз барсақ та,
«Темірді соғасыңдар, қызған шақта».
Қызғанып, қыз құлатқан құздан сақта,
Қызғаншақ әйел болар қыздан сақта.

Қызғаншақ әйел болар қыздан сақта,
Қызғаншақ боп шықпасын, кімді алсақ та,
Әйелдер-ай әйелдер, қоярсыңдар,
Күйеулерің көздерін жұмған шақта.

Күйеулерің көздерін жұмған шақта,
Көздеріңе маржан жас тұнған шақта,
Әйелдер-ай әйелдер, зар боларсың,
Ұрлансақ та... дін-аман тұрған шаққа.

Моп-момақан, монтаны қызды алсақ та,
Жазылмаған заңдарын бұзған шақта,
Әйелдер-ай әйелдер, неге бұлай,
Айналып кетесіңдер қызғаншаққа...

(2018 жылғы 16 сәуір)

Автор туралы:

Әділбек Қаба - «Жас Алаш», «Айқын» газеттерінде Бас редактордың орынбасары, «Тіл және Қоғам» журналының Бас редакторы, ҚР Бас Прокуратурасының Басқарма бастығы қызметін абыроймен атқарған белгілі заңгер-журналист, Қазақстан журналисер акедемиясының академигі. Бүгінде ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметінің жетекшісі. Қаламгердің «Сіз бақытты болыңыз», «Махаббат маусымы» жыр жинақтары және «Қабір қазған», «Қасиет», «Мыңнан бір мезет» атты белгілі әңгімелері бар.

Суреттер ашық интернет кеңістігінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар