Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер азамат дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.
ـــ М. Мақатаев
Жазылды естеліктер сен туралы,
Сен кеттің тау тербелді, көл тулады.
Көз жасын сығымдады нар табиғат,
Еш пенде сезінбеді дертіңді әлі.
Жазылды сен жайлы көп естеліктер,
Өлмес заң – мадақталар өткен істер.
Отызыңда-ақ өсиет айтып едің:
«Жанымды білгің келсе тексеріп көр!»
Зерттемек боп жалқау жұрт кеш қозғалды,
Сен жайлы пайым қалды, көп сөз қалды.
Жарты ғасыр өтсе де жарқыл қағып,
Ақиқаттың пердесі боп-боз мәңгі.
Ақындықтың дегенсің азабы – сор,
Ақыны өлсе жаяды қазағы төр.
Асыл атың аспандап әр күн сайын,
Асып ақын тумады – ғажабы сол.
Е, Мұқа, егей Мұқа, есіл Мұқа,
Тотықұстай түрленді жетім бұта.
Еңсесі түскен жұртың теңдік алып,
Сарыарқаға сабырмен көсілді таң.
Сол ақ таңда түрленді қарасаз да,
«Егемен ел – ел» деген Алаш аз ба?
Ертегідей күн кешті есіл бойы,
Батшаға дәтін айтып бала таз да.
Беу Мұқа, найзағайдай жасын ақын,
Алты алашқа ән болды асыл атың.
Жазам деген ақындар жаутаңдамай,
Болды әуелі, өзіңе бас ұратын.
«Қарасаздың шыбығын жел тербеген»,
Беу тағдыр, ғұмыр – қамшы, келте өрген ең.
Жел тербеген шыбыққа қарап тұрып,
Ел тербеген шындықты көрсем деп ең.
Көре алмадың сол таңды – асыл таңды,
Ашшы ақиқат – сүймей жұрт ашырқанды.
Ақ далаға төгіліп жасын жырың,
Ақ қағазға жанардан жасың тамды.
Желтоқсанда сол бір күн жетті ақыры,
Жалғандық жай-жайына кетті асығып.
Сен көрмеген ақ таңды жұртың көрді,
Тау мүсінді қазақтың хас батыры!
Жазылды естеліктер сен туралы,
Азамат деді жұртың өр тұлғалы.
Ақын туды өзгеден кем тумады,
Бірақ, сенмен ешкімі тең тумады.
Сені ойлап дәл өзіңдей өр шағыңда,
Бір ақын бұлқынып жүр «көрші ауылда».
«Қойшы әнін» қоңыраулатып, жырыңды оқып,
«Көршінің» қорығы көп жон тауында.
Жазылар естелік те мен туралы!?
2014 ж. 21 қаңтар түн (Үрімжі)
Ғажайып түс
Жүзін маған бұрайын халайықтың,
Айтпауға тағатым тұр азайып тым.
Тақырыбын көметін талай істің,
Мен көрдім өткен түнде ғажайып түс.
Түсімде мен бір тауда жүр екенмін.
О, таубә, жұртын көрдім жүмекеннің.
Жұртында жүмекеннің бұрау жатыр,
Бұрауды қолыма ұстап тұр екенмін.
Мен мұны қалай көрдім, О, Дарханым,
Осы жұрт болар енді қонар тағым.
Бұрауың жыр көшкенде ширықтырар,
Босаса қом арқан мен қол арқанын.
Жақсылыққа ырымдап бұл бұрауды,
Ойландым оңаша бір жыр құрауды.
Мұқағали үйі тұр көз көрімде,
Мұнарланып есігі мұз қыраулы.
Бұл үйден көсеу көрдім от көсеген,
(мұныма таңдай қағар көпке сенем).
Ошағы одан әрі маздасын деп,
Ұлы ақын жазған еді өшпес өлең.
Ғайыптың ұқсата алман ісін немен,
Көсеу, бұрау қолымда,
Ішімде өлең.
Сенбейтін де боларсыз бәлкім бұған,
Осы өлеңді жазыппын түсімде мен.
(өтірікке балайды ол мұнда тұр,
Өзектегі өртімді түсінбеген).
Есіркеп тұрғаның ба, О, тәңірім,
Бабадан қалған жырға опалымын.
Сап өнерге күшейтті сақтығымды,
Жұртына жыр қалдырған қос алыбым.
Ұйқыда, мен осындай жәйді көрдім.
Ояндым.
Терезеден айды көрдім.
Жарыма айтып жымидым: «Ұлы адамдар
Түсіне кірмейді», -деп жай біреудің.
Жолаушы
Адамдар, сендер мені білмейсіңдер,
Бұл да жақсы.
Білсеңдер, күндейсіңдер.
Алда-жалда көздерге түсе қалсам,
Манағы ұзын бойлы кім дейсіңдер.
Я, я, менмін ғой – ұзын сары,
Тануға болмадыңыз сіз ынталы.
Кездескеннен сұрасып, жөн білісер,
Біз едік қой алаштың із, ұрпағы.
Әр күні кездесеміз мың кісіге,
Мың кісі мыңқ етпейді бұл кісіге.
Себебі, олар үшін керексізсің
Келмейді жөн-жайыңды білгісі де.
Шындық осы жүректі шымырлатқан,
Жалған дүние жаңылмас бір ырғақтан.
Мен Ерекше аяимын ақындарды
Елеусіз, егей өмір сүріп жатқан.
Адамдар,
Жасыра алар жоқ-ау, сырың,
Мен сендерге зерделеп Қараушымын.
Мұқағали отырса автобуста,
Қаншасы таныды екен жолаушының.
Мән бермеген онда ешкім пішініне,
Қиуалы тірліктің ісі, міне.
Енді адамдар суретке түсіп жатыр,
Мұқағали ақынның мүсініне.
Бізде ескерткіш болмайды оны білем,
Әрбір пенде бағалы өмірімен.
Бірақ, өшіп кетпесек болғаны ғой,
Азғантай кісілердің көңілінен.
Жолаушылар!
Осымен, сіздер жайлы өлең тамам,
Кім ақын?
Құрмет етер әлем соған.
Адамдар, күлімсіреп жүрейікші,
Қайырлы күн, Алматы!
Сәлем саған!
Автор туралы
Әділет АХМЕТҰЛЫ 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген.
2012 жылы Пекиндегі орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап, Шинжяңдағы «Мұра» журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы атажұртқа оралған.
Бала кезінен әдебиетке аса бір әуеспен келген Әділеттің «Қарғалдақ махаббат» атты өлеңі 2008 жылы Шинжяңдағы «Құмыл алқабы» журналынан жарық көргеннен бері, «Шинжяң газеті», «Алтай газеті», «Іле жастары», «Шұғыла», «Мұра» сынды ел іші-сыртындағы түрлі басылымдарда 80-ге жуық өлеңі, мақалалары және аудармалары жарияланған. Арғы бетте жүрген студент кезінде еліміздегі «Сыр дидәрі», «Қала мен дала» газеттерінде жас ақынның өлеңдеріне орын берлілген. «Сан ғасырлық сағыныш», «Күрең бел», «Айналайын, Атамекен» қатарлы жинақтарда және «Таңшолпан», «Жұлдыз», «Жалын», «Үркер», «Әлімсақ», «Шұғыла» (Моңғолия) журналында өлеңдері жарық көрген. «Ақ ала ордам қонған жұрт» атты поэмасы Астананың 15 жылдығына орай «Қазконтент» акционерлiк қоғамы ұйымдастырған жыр мүшайрасының 2 дәрежелі жүлдесін, “Қаз-айтыс” сайты ұйыстырған “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” жобаысының ай жеңімпазы жүлдесін, 2016 жылы қазанда “Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі” атты халықаралық жыр мұшәйрасының бас жүлдесін еншілеген. «Әділет», «Ұлы сағыныш» қатарлы жыр жинақтарының авторы.
Әділет АХМЕТҰЛЫ қазір А.Байтұрсынұлы музей-үйінде аға ғылыми қызметкер.
