Жүйкесімен жазған, жүйке ауруынан зардап шеккен Мопассан
әдебиетпен айналысып, аз азап шекпеді... бірақ жақсы табыс тапты. Қаламақысына
алған үш яхтасы, төрт вилласы болды. Бәрінен шаршағанда теңізде жүзіп, шетелдерге
саяхат жасады. Бірақ жаны бәрібір тыныштық таппады. Ортадан, адамдардан қашса
да, өз-өзінен қаша алмайтынын сұңғыла суреткер жақсы түсінді... Бір кезде,
«кішкентай шенеунік» болып жұмыс істеп жүргенде «Мынау да өмір ме? Азаннан
кешке дейін офисте отырып, ішпыстыратын жұмыспен айналысудан шаршадым. Жазғым келеді»
деп шешесіне мұң шаққан Мопассан жазушы болып атағы жер жарғанда, тағы да
шешесін кінәлады. «Сен мені қарғыс атқыр жазушы Флобермен таныстырған.
Жазушылық... бұл өзі бүкіл қан-сөліңді сорып алып, жұтып жіберетін кәсіп екен».
Оны, шын мәнінде, әдебиетке әкелген Флобер де, шешесі де емес, тағдыры еді.
Жазушы болу оның пешенесіне жазылған жазу еді...
Француздың ғана емес, әлемнің ұлы жазушысы Ги де Мопассан 1850 жылы 5 тамызда Нормандияда дүниеге келді. Болашақ ұлы жазушының әкесі – ақсүйектер әулетінен шыққан, сурет өнеріне жақын, суретшілермен жақын араласып, сауық-сайран құрғанды ұнататын, тапқан ақшасын тапқандай құртатын ысырапшыл адам еді. Бай-бақуатты әулеттен шыққан, жүйкесі жұқа Лора күйеуінің өмірге жеңіл қарайтын мінезіне шыдай алмай, екінші ұлы дүниеге келгеннен кейін ажырасып, екі баласын өзімен бірге алып кетеді. Күйеуімен ажырасқан Лора «қайда тұрамыз» деп қинала қойған жоқ, әкесі жасауына берген Вергидегі вилласына барып, қоныс тепті. Анасы он үш жасында Гиді «діни білім алсын» деп, рухани семинарияға береді. Ги өзі «тірілердің моласы» атаған семинарияда сабақ оқымақ түгілі, бұзықтық жасап, мұғалімдердің ашуына тиеді. Табиғатынан еркін балаға «еркіндікті шектейтін әлем» мүлдем ұнаған жоқ. Семинариядан оқудан шығарғанын білгенде қатты қуанды. Семинариядан кейін лицейге барады. Мұнда өзінің зеректігімен, алғырлығымен, шығармашылық қабілетімен көзге түседі. Университеттің заң факультетінде оқып жүргенде француз-прус соғысы басталып, тылда еңбек етеді, соғыстан кейін ата-анасының әлеуметтік тұрмысы әлсіреп, Ги оқуын әрі қарай жалғастыра алмай, жұмыс істеуіне тура келеді. Теңіз министрлігінде жұмыс істеп жүрген кезінде жалықтыратын жұмысты жек көргені сондай, жұмысқа сүйретіліп әзер келетін. Арманы – армансыз әдебиетпен айналысу. Флобермен анасы арқылы жақын танысқан Ги ол арманына да жетті. Флобер Мопассан туралы: «Бұл – менің мұрагерім, мен оны туған ұлымдай жақсы көрем» деп жазды.
Әдебиет әлеміндегі бәсекелестік, өсек, күншілдік, қызғаныш... жүйкесі әлсіз Мопассанды қатты шаршатты, бірақ ол жазу үстеліне отырғанда шаршауын ұмытып кететін.
Мопассан күн сайын таңғы жетіден он екіге дейін жазу жазды. Әр күн сайын алты беттен жазып отырады. Ал кешкісін күнделікті әсерін күнделік ретінде ғана қағазға түсіретін. Мопассан көп жазды, өнімді жазды.
«Мопассан және әйелдер» тақырыбында жазушының шығармашылығы да, өмірі де аз зерттелген жоқ. Жазушы әйелдер туралы көп жазды. Мопассантанушылар жазушының өмірінің көп бөлігін жезөкшелер үйінде өткізгенін жазады. Сонша көп әйелдің арасында жүріп, үйлену туралы ниеті бола тұрып, өмірден үйленбей жалғыз өтті.
«Томпыш» атты әйгілі шығармасында жезөкше әйел мен монах әйелдердің бейнесін қарама-қарсы қойып, салыстырады. Ұзақ жолға шыққан күйменің ішінде отырған жолаушылар ашыға бастайды. Әлгінде ғана Томпышқа жиіркене қарап отырған монах әйелдер жезөкше ұсынған тамақты тойып жеп алып, алғыс айтпай, қайтадан теріс қарап отырады. Томпыш күймедегілерді аштықтан бір құтқарса, кейіннен олардың мүддесі үшін өзін жауға сатады. Жазушы жезөкше болса да, кейіпкерінің Отанын сүйетінін, онда да намыс пен ұят барын әдемі детальдармен жеткізеді.
Мопассанның туғаннан жүйке ауруымен ауырған туған інісі Эрве отыз жастан асқанда жынданып, көз жұмады. Інісінің өлімінен кейін Мопассанда үрей, қорқыныш пайда болады. Бұл – «өлемін-ау» деп қорқу емес еді. Жазушы өзінің де жүйкесінің тым әлсіз екенін білетін, «бұл тұқым қуалайтын ауру емес пе?» деп қорқатын. Бәлкім, оның үйленбей, жалғыз өтуіне де осы бір үрей себеп болған шығар? Ол жалпы сүйді ме? Өзі «Мен ешкімді сүймедім» деп жазады.
Өмірінің соңғы жылдарында Мопассанды шабыт тастап кетті. жазу үстеліне отырып, жазуға әрекет жасаса да, ештеңе жаза алмады. 1891 жылы ақын досы Огюст Доршенге жаңа романының қолжазбасын көрсеткен Мопассан былай дейді: «Міне, «Анжелюс» романымның елу бетін жазып қойғаныма бір жыл болды. Әрі қарай бір жол да жаза алар емеспін. Егер үш айдан кейін ештеңе жаза алмасам, өзіме өзім қолжұмсап өлем».
Шығармашылығында тоқырау болып, өзімен өзі алысып, жанымен қайғы болып жүрген жазушының өмірімен бұл кезде сары басылымдар ойнап жатты. Тіпті бір басылымнан «Мопассан психиатриалық ауруханаға жатады» деген тақырыпта мақаланы көргенде жүрегі тоқтап қала жаздады. Бұл кезде басқа да басылымдар «Мопассан есінен адасты ма?» деген тақырыпты қызу талқылап жатыр еді. Өзі өмір сүріп жатқан қоғамның аярлығын, биліктегілердің екіжүзділігін «Сүйкімді дос» романында аямай әшкерелеген жазушының дұшпандары аз емес еді. Онсыз да жынданудан қорқатын жазушыны қоғам, сары басылымдардың сандырағы жүйкесін әлсіретіп, жындандырып жіберді.
1892 жылдың 1 қаңтарында Мопассан анасының үйінен түн жарымында өз үйіне келіп, тамағын пышақпен орып жіберді. Өлмей қалған жазушы Париждегі жүйке ауруларын емдейтін ауруханада бір жарым жыл жатып, көз жұмды.
Ол «Сүйкімді достағы» басты кейіпкер – өзім» деп жиі айтатын. Ол не жазса да, шынайы жазды, шындықты жазды.
Аягүл Мантай
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.