Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Айбол Исламғалиев: "Шынымен күлген бе Джоконда?!"...

14.12.2016 5130

Айбол Исламғалиев: "Шынымен күлген бе Джоконда?!"

Айбол Исламғалиев: "Шынымен күлген бе Джоконда?!" - adebiportal.kz



Айбол Исламғалиев

***

Көретінім бір түс, ана,

Жүретінім бір көше,

Мен өмірдің бола алмадым мазағы.

Қайырымсыз уақыт тағы тілдесе,

Ол – ақынның азабы.

Ескі де ескі ғасырларға қош айтып,

Мені өзімен әкетеді жыраққа ән.

Ай күледі саусақтарын шошайтып,

Жауабы жоқ сұрақтан.

Жауабы жоқ сұрақтардан

жиектейді айналама көп елес.

Әйтпесе, Ана,

Анау көкті жылатқан да,

Мынау түнді жұбатқан да – мен емес.

Арман ғой ол – апаратын құрдымға,

Тағы кім?!

Жалған ғой ол – бата алатын мұңлы ұлға,

Жарығым!

Қалай қосам үмітімді төзімге,

Қайдан табам,

Қайдан табам еңсені?

Мейірімсіз пендерлердің көзінде

жасырдым ғой,

жасырдым ғой мен сені,

Ана!



Ида



Қайғыруды ұмытқан, гүл алуды білмеген,
Ида, сенің көзіңде өмірді ойлап тұрды өлең.
Мына ғалам ертегі оқып тұрса бір қызға,
Сен де аспан қызғанған айналарсың жұлдызға,
Мен де солай елеусіз естелікпен бірге өлем.



Ида,
Ида,
Қайда еркім?
Ессіз бола алар ма екен мұнша адам?!
Көлеңкемдей жасырып жүр ай көркін,
Аяулым-ау,
Күн жыласа, -
жыр саған,
Түн жыласа, -
жыр саған...



Не күтейін қадірі жоқ ісімнен?
Тағы қайтып сезімдерді жұтты үміт.
(Тұрар ма едің көк тұманның ішінде,
Бұл ғаламға әділдікті ұқтырып?!)



О, Ұлығым,
Қайтар енді жанымды,
Ақ гүлдерге орап бер де шашылған...
Соның үшін көктен жеткен әр үнді
Көбелектің жүрегіне жасырғам.



Іңкәрлікті сезіне алар шақ бар ма?
Өмір деген - Ида, сондай күпті ілім.
Жапырақтар жылап жатқан бақтарда,
Уақыттың тоқтағанын күтті кім?..


***

Кеңістік сөйлейді салдақы көшелер тілінде,
адасқан арудың айғыздап жүрегін.
Мен болсам бұл түні
бұлыңғыр сұлбалар итерген


күнәмнің алдында сүрінгем,
білемін...



Білемін,
көп қабат қораптар - не түрлі
үміт пен үрейдің мүрдесін көтерген

санасыз қалпында.
Ондағы сауатсыз таңба мен жазулар қашалған жарлар да
Александриялық пақырдың ең ескі иероглифтері секілді
xайуанға сенуге шақырған
шартында...



Осының бәріне көз жұмып,
Жетінші авеню бойында шылымын сорғылап отырған
ессіздеу бір шалдың көңілін демегім келеді...
Сенсеңіз, менің тым ақылды жолдасым
Тәурәтті төбеге көтеріп шоқынған -
Көздерді дуаның ұшына байлаудың

байырғы үлгісін білді ғой,
Демек, үндемеді...



демек, ол -
жөніне түсуге құлықсыз жандардың тірісін таба алмай,
әсерлі түсі мен

ірілі-ұсақты картина ішінде асылған Құдайын іздеген.
Аспаннан іздеген,
дастаннан іздеген.



Түсінуге тырыстым
тағы да, тағы да -
Шіркеуде қартайған сақалды, сәлделі әруақ бола алмай.
Осылай барлығы:
ізгілік ұстанған жүректің ішіне

бейуақ қонақтар келеді ағыла,
кетеді ағыла.
...қона алмай...


Ал кейін
басыма қарғыстай айналып оралған
есепсіз жат арман, бақсыкек -
жәшіктің ішінде жатады бүктеліп.
Олардың иесі –

алжыған ақыл мен өртенген тақсірет
жазаның бетіне тік келіп,

жылайды...



Жылайды құлшылық –

балағын түрмеген күмбездің басында,

Мен болсам,

қартайған құмдардың қолымен сыйпадым жүзімді.

Қаралы аспанға қонбаған сөздердің қанаты,

расында,

қастерлі жоолдардың көзінде үзілді.



Сана мен мыңжылдық дәрменсіз ойлардың сұлбасы –
босаған қаңылтыр артында теңселіп барады.
Күндегі қырғыннан шаршаған мейірлі бұқаның

мүйізін бағытсыз бұрғасын,
жап-жасыл қағаздар

сенім мен сезімнің өлшемін еңсеріп барады.



Жарнама парағы –

пірлер мен монарxия көсемі қолынан тұр басым.
(Шынымен күлген бе Джоконда?!)
Меніңше,
Ең ескі кітаптар - ғасырдың құрдасы,
жаңасы - өткенді қайталау болғанмен,
Әйелдің кінәсі жоқ онда...



***



Құлықсыз жолдар табуға өлеңді,
Үмітсіз жылдар өртенді неге?
Жалғыздық менсіз қалуға көнді...
...ерте өлді деме...


Ерте өлді деме түндердің жанын,
Гүлдердің зарын түсінбей.
Сүймеуден өзге білгенмін бәрін,
...Күлгеннің бәрін мүсіндей...


Күлгеннің бәрі қолымнан сүйреп,
Күндерге тіреп ақырғы.
Жанымды әр сәт торыған күй боп,
Түнекке сосын батырды...


Кешігіп келген түсімдей бүгін,
Төбемнен күліп, бұлданды Ай.
Ессіз көздерді мүсіркейді кім -
Ессіздік деуге тіл бармай?!


Шырақтың неге ізінен бастым,
Ізінен бастым, жоғалмай?!
Мен, қасіреттің жүзінен қаштым,
Ақыл-есімді таба алмай...


Үрейім, көктен сезімді ұрла сұм,
Кеудеме кек боп көшсең де.
(...Аяулым, сосын төзімнің жасын,
Көзімнің жасын кеш сен де...)


Көне алмай жүрген көп естіге ерсем,
Керінен қорқам басқа ойдың...
Өле алмай жүрген елесті көрсем,
Өлеңнен қорқа бастаймын...



Түн кешу


Жолдан - сабыр сұрадым, құстан - қанат,
Жылағанда төбемнен мыстан қарап...
Жанарымнан жұлдыздар төгіледі
Қара түннің кеудесін құшқанда алап...



Еміреніп, егіліп көл толқиды,
Тебіреніп, төгіліп жел толқиды.
Есірік күй еңсемді езгілесе,
Өршіленіп өрлеуіт бел толқиды.



Жалдамшы боп шығардай жаным сонда,
Алдамшы боп тұрардай сағым сонда.
Бір ғажайып сәуленің жоғалды ізі,
Үмітімді, қайтейін, шағылса ол да.



Үзілмеген түстерден таптым медет,
Гүл еркелеп, ішінде бақ гүлдеп ед(і).
Көлеңкеме қолымды созып тұрып,
Обалымның отына баттым кенет?!.



Бетін жапқым келді ме күнәлі ойдың,
Бетім шаққың келді ме жыланы ойдың?!
Мынау шексіз ғаламның тақсіретін
Таспасына тағдырдың жылап ойдым.



Қайтара алмай аспанның жасын, отын.
Күрсініс боп төгілер қасіретім,
Мінәжатын оқимын сынған айдың
Жалғанбаған жолдардың басып өтін.



Сосын мені көтеріп дүрия аспан,
Табанымнан түрткелер дүлей асқан.
Сорлы ақынның маңдайын күнге таңып,
Қойынына әкетер дүния астам.


Алагөбе шақ келер Арды байлап,
(Алауыз таң тап келер қарғы байлап.)
Арманымды Хақ көрер сонда менің,
Жалғыздығын отырған қалғып-ойлап...



***


Күлкіңде өртеніп - сәт көркем,
Жүзіңде жылады - дәрменім.
Көзіңнен қуаныш тапты, еркем,
Әлдекім...



Әлдекім сипады шашыңнан,
Әлдебір беріліп ойға ылғи.
Кеудеге барлығын жасырғам,
Көндіге алмады бой бірдей.



Көндіге алмайды ақылым,
Ол да бір ессіздеу досымдай.
Жүректер іздесін жақынын
Шошынбай.



Шошынбай желіккен сөздерден,
Шошынбай зеріккен көздерден,
Біз енді қайтайық аспанға,
Біз енді қайтайық аспанға
өзге елден...



***


Жазықсызға жалықтым өкпе айтудан,
Есіркеген үніңді естімеймін...
Өткенімнің елесін епті ай қуған,
Пердесіне оранып ескі үрейдің.



Жар артында қайтемін жасырынып,
Бұл қалада барлығы мен секілді:
Аспан-жерде алысқан досы құрып,
Серік қылып қайтатын көрсе-кімді.



Бұл қалада барлығы бөтен маған,
Орана алмай жүреді отқа басым.
Сен де жұмбақ түсімдей жете алмаған,
Еміс-еміс көрініп,
жоқ боласың...



Түннен, гүлден, тамшыдан күш сұрадым,
Жұлдыздармен отырдым мұң бүркеніп.
(Қанатында көктемнің ұшты бағым,
Көлеңкесі тәнімнің күнге өртеніп.)



Кешірімді болуға көне алсаң ғой,
(Азабымның алауын күйіп үргем...)
Көңіліңді бір сәтке бөле алсаң ғой,
Күлге айналып кетермін мейіріңнен.


Сезіміңді өлтірме ескі ызамен,
Арманыңда адасқан құс шығарсың.
Өзім ғана сүйетін - ессіз әлем,
Өзім ғана көретін - түс шығарсың...
Сен, бәлкім...



***


Бағытсыз ұлылар көшіне
ілескен үрейдің ең ауыр сөзімін
мен, бәлкім...
Мен, бәлкім,
дамылсыз жылжыған ғасырдың
өшіне туатын -
өлеңнің ең ауыр кезімін.



Өмірдің -
ең асқақ ойларға арбалып,
ең нұрлы түстерден
қашатын сәтімін.
Сенімнің -
ең ұзақ жолдарға қамданып,
ең ұлы жұмбақты
ашатын сәтімін.



Түнерген көңілдің
қалтырап шығатын үнімін көмейден.
Сананың алқымнан
тартып ап шығатын мұңымын мөлейген.



Тым сырқат бұл түнге жалынған
Қалпы да емес ем жүректің.
Тым көркем күмбезден
Тәңірге табынған
Анты да емес ем кітаптың.



Шәлісін жамылған
ең жақын арудың
ең алыс көшеде жаны ұшқан дертімін.
Танысын сағынған
тым тұйық мінездің
тым әлсіз жүрекпен алысқан сертімін.



Етегін көтерген мезгілдің
егіле жылаған кейпіне
айналғым келмеген.
Өтемін алмаған құлдардың
өтіне жабысқан құрсауға
байланғым келмеген.



Бағытсыз ұлылар көшіне
ілескен үрейдің ең ауыр сөзімін
мен, бәлкім...
Мен, бәлкім,
дамылсыз жылжыған ғасырдың
өшіне туатын -
өлеңнің ең ауыр кезімін.


Ғайыптан келетін елестен,
Сезімнің тазасын
сұрадым мен сорлы,
Төбемде мүлгіген аспаннан,
Жанымның жазасын
сұрадым мен сорлы.



Сөнген күннің
күнәсі шығармын ең соңғы,
Семген гүлдің
дұғасы шығармын ең соңғы.. 


                    


Айбол Исламғалиевтың осы өлеңдеріне жазылған пікірді оқыңыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар