ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның республикалық «Айқын» газетіне берген сұхбатында еліміздің ақпарат және мәдениет саласындағы көптеген өзекті мәселелер жөнінде ой-пікір білдіре отырып, қол жеткізген жетістіктер, алда атқарылатын істер мен мемлекеттің бұл бағыттағы ұстанымы туралы баяндап берген екен. Осы сұхбаттың әдебиет және кітапқа, жазушылар шығармашылығына қатысты бөлігін ұсынып отырмыз. Сұхбаттың толық мәтінін мына сілтеме бойынша оқи аласыздар.
…– Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды. Мәдени нысандарды жөндеп жатырмыз ғой, ал оның ішкі мазмұны қалай болады? Мысалы, кітапханаға келетін оқырмандарға кітаптар қаншалықты қолжетімді? Біз қазіргі оқырман сұранысын қанағаттандыра алып отырмыз ба?
– Өте орынды сұрақ. Шын мәнінде, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту – тек қабырғаны жөндеу емес, ең алдымен оның ішкі мазмұнын жаңарту. Қазіргі заманның оқырманы, көрермені, тыңдарманы мүлде басқа. Олар жылдам ақпарат алады, цифрлық кеңістікте өмір сүреді. Сондықтан біз мәдени мекемелердің мазмұнын да сол үдерістерге сай бейімдеуіміз керек.
Кітапханаларға келсек, соңғы жылдары бұл салада бірқатар өзгеріс жүзеге асырылып жатыр. Жай ғана кітап сақтау орны емес, интеллектуалды орталыққа айналу жолында нақты қадамдар жасалуда. Әсіресе, Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық кітапхана және өңірлік кітапханалар цифрлық трансформация үдерісін бастап кетті. Электронды каталогтар, онлайн қызметтер, цифрлық платформалар – бүгінде кітапханалар қызметінің ажырамас бөлігіне айналды.
Дегенмен сіз айтып өткен оқырман сұранысын қанағаттандыру – алдағы басым бағыттарымыздың бірі. Қазір, өкінішке қарай, оқырман іздеген жаңа туындылар, заманауи жанрлар, балама әдебиеттер кітап сөрелерінен табыла бермейді. Бұл – қорды жаңарту, жүйелі сараптау, нарықтағы әдеби үрдістерді бақылау қажет деген сөз.
Біз дәл осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ең алдымен, кітап қорын заманауи әдебиетпен жаңарту қолға алынуда. Бұл тек көркем әдебиетке емес, ғылыми-көпшілік, кәсіптік, мотивациялық, балалар мен жасөспірімдерге арналған контентке де қатысты.
Осы орайда, елімізде жеке баспалар белсенді дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Бұл – оң үрдіс. Баспалар арасындағы бәсеке отандық авторлардың шығармашылығын жаңа деңгейге шығарады.
Қазіргі кезде жарық көріп жатқан салмақты туындылардың басым бөлігі халқымыздың өткен тарихына, тарихи тұлғалар мен оқиғаларға арналып келеді. Мұны тәуелсіздік алған ұлттың өткенін түгендеуі деп түсінуге болады. Бұл міндетті аға буын жазушылар абыроймен атқарып шықты.
Алайда қазіргі әдебиетте қазіргі заман адамының көркем бейнесі, Қазақстанның жаңа мыңжылдықтағы келбеті, жаһандану кезеңіндегі ұлттық болмыс, ғылым мен технология тақырыптары әлі де жеткілікті қамтылмай отыр.
Бүгінде жаңа жанрларды дамыту аса маңызды. Қазіргі балалар мен жасөспірімдер комикс, фэнтези, детектив, фантастика жанрларына қызығушылық танытады. Бұл – олардың әдебиетке бастар алғашқы жолы. Сондықтан осы бағыттағы кітаптарды көбірек шығарып, қорларды жаңарту, заманауи авторларды қолдау – күн тәртібіндегі маңызды міндет.
Ел Президенті «кітап оқитын ұлт» бастамасын көтеріп, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырды.
Ал енді кітапханаларға барсаңыз, заман келбетін, дәуір шындығын ашатын дүние таба алмайсыз. Бұл, әрине, заманауи әдебиеттің, шығармашылықтың мәселесі деп жылы жаба салуға болады. Бірақ мәселе тек онда емес. Бізде оқырманның лайықты бағасын күтіп тұрған туындылар баршылық. Оған жылда Президент қолдауымен өткізіп жүрген әдеби байқаулар куә. Қазір бізде осы бағытқа ең көп назар аударылып келеді. Ән-күй, көркем-сурет немесе басқа емес, әдебиет саласындағы байқаулар көп. Бұл нені білдіреді? Әлбетте, мемлекеттің мүдделігін. Ал бұл мүдде қайдан шықты?
Біз өткен жылдары егемен тарихымызда алғаш рет республикамыздағы бүкіл кітапхана қорына тиянақты талдау жүргіздік. Нәтижесінде, түйген түйініміз – елде бар кітаптың саны көп, бірақ саласы жұтаң. Айналдырған төрт-бес автордың бір тақырыптағы кітаптары бірнеше мәрте өзгертіліп қайта-қайта басыла берген. Мысалы, кітапхана қорларында кітап аталымы тұрғысынан белгілі классик жазушымыздың 1 174 кітабы 26 804 данада болса, кітап тиражы тұрғысында ортаңқол бір автордың 1 012 кітабы 34 746 данасымен көш бастап тұр.
– Атын атап, түсін түстегіңіз келмей ме?
– Жоқ. Өйткені авторға да, оның туындысына да сұрақ жоқ. Мәселе басқада. Менің айтпағым – бұл жекелеген бірреттік факт емес, жүйелі, стратегиялық тұрғыда шешетін мәселе. Мемлекеттің кітап басуға жұмсалатын қаражатын тиімді пайдалану. Тақырып жаңғырту. Жазушыларды қолдау. Әрине, бұл айтуға оңай сияқты. Бірақ біз бұл жұмысты қалай ұйымдастыру керегін білеміз. Қазірдің өзінде Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы басылып шығатын әдебиеттер қатарындағы заманауи көркем, публицистикалық (non-fiction) және ғылыми-көпшілік, сондай-ақ министрлік бастамасымен аударма мен балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиеттер үлесін 80%-ға көтердік.
Сондықтан да осы бағыттағы жұмыстарды әдеби орта терең түсініп, оған белсене араласса екен деген тілегіміз бар. Мемлекеттік қолдауды қанша ардақты-сыйлы болса да тек жеке-дара ағаларымыз емес, тұтас ұлттық әдебиетіміз көрсе екен деген ниет.
Балаларға кітапты күштеп оқыту емес, қызықтыра отырып үйрету қажет. Олар әдебиетке жаңа формалар арқылы ғашық болуы мүмкін. Демек, біз әдебиет пен мәдениетте мұраны сақтай отырып, болашақты қалыптастыру миссиясын қатар алып жүруіміз керек.
Айта кетейік, тәуелсіздік жылдарынан бері мемлекет тапсырысы бойынша жыл сайын қаламгерлердің кітаптары басылып, еліміздің барлық өңіріндегі кітапханаларға жеткізіліп келеді. Мәселен, 2017–2024 жылдар аралығында мемлекеттік тапсырыспен 1 487 кітап, жалпы таралымы 4 млн 911 мың дана басылып шықты. Сонымен қатар авторларға қаламақы төлеу жүйесі де жолға қойылған.
Мерейтой иелерінің еңбектерін Үкімет қаулысына сәйкес басып шығаруды құптаймыз. Алдағы жылдары идеологиялық маңызы зор көптомдықтар, ғылыми, танымдық, салалық әдебиеттерге басымдық беріледі деп есептейміз.
Қоғамдық көлікте, кітапханада, әлеуметтік желіде кітап оқып отырған жастарды жиі көреміз Демек, оқу мәдениетін дамыту, авторларды қолдау – басты міндеттердің бірі болуы тиіс.
Бұл бағытта Ұлттық кітап күні мерекесін атап өту, «Абай» атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық, «Айбоз» ұлттық әдеби байқауы, Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, «Дарын» жастар сыйлығы, «Әдебиет пен журналистика саласындағы үздік жұмыстар үшін» марапаттары, үздік баспа мен кітаптарды қолдау жобалары жүзеге асырылуда.
Осының бәрі – сапалы контент қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар. Сондықтан да кітапханаларымыз біздің идеологиялық және интеллектуалдық ұстанымымыздың айнасы болуға тиіс.
