Өткен айдың соңында «ӨзгеEpic» креатив хабтың ұйымдастыруымен Орал қаласында бір апталық шығармашылық курс жүргіздім. Ең әуелі түрлі мамандықтар бойынша дәріс оқитын менторлар сабақ алуға келген топтың алдына шығып, бір аптада не айтып, не талқылап, талаптылары қандай нәтижеге жететіні туралы қысқаша баяндады. Сөйтіп, біздің курсқа әдебиетке әуес он адам жазылды. Негізгі мақсат – көркем шығарма жазу, соның ішінде әңгіме, эссе жазудың негізгі, қарапайым тәсілдерін білу, сюжет құру. Сонымен бастап кеттік. Таныстықтан басталып, әрқайсысы ойында жүрген, жазғысы келген оқиғаларын әңгімеледі. Соның ішінен саралап біреуіне тоқталып, көркем шығарма деңгейіне көтеруге тырыстық. Кейіпкерлердің өмірбаянын, мінезін, қажеттілігін, кедергісін қағазға тіздік. Содан ары сюжет, мазмұн. Бір айта кетерлігі топ тек жастар емес, жазуға қызығушылығы бар кез келген жастағы түрлі мамандық иелері. Былайша айтқанда өмір көрген, ортасы қалыптасқан, тісқаққандар. Бұл әрине бізге де жеңілірек болды. Кейіпкерлерді түрлі қиындықтарға жолықтырып, әбден әуре-сарсаңға салу, олардың жан дүниесіне үңілу аса қиын болмады. Бір топ мүшесі автобуспен үйіне қайтып бара жатып өзінің кейіпкерлері туралы терең толғанып кетсе керек: «Көзімнен жас төгіліп келе жатыр екен», - дейді. «Апай, бәрі дұрыс па?», - деп бір жас бала сұрап жатыр. «Ойбай-ау, ойдан оқиға құрап алып жынды кісі құсап жылап отырғаным не болды деп ұялып қалдым», - дейді. Мұндай қызықты жайлар көп болды. Өзімізге де ой салар жайларды түртіп алдық. «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз ескірмек емес, облыс, аудан, ауылдарда небір таланттар, жазылар тірі оқиғалар аз емес. Қайнардың көзін ашып, бағыт-бағдар берер бағдарламалар керек-ақ. «ӨзгеEpic» сол керектің үстінен дөп түскен деп ойлаймын. Аталмыш курсымыздың арқасында қағазға түскен шығармалардың алғашқы біреуін оқырманға ұсынып отырмыз. Айдана Сұлтан-Махмұдтың алдағы шығармашылық өміріне сәттілік тілеймін.
Ұларбек Нұрғалымұлы, жазушы
«Қара балам, самғай бер!»
Телефонына тоқтаусыз келіп жатқан қоңырауларға жауап бермеді. Күллі қаланы уысында ұстайтын дөкей бастықтың өзінен келіп тұрған қоңырауға ұзақ қарап отырып, оны да баса салды. Телефонын біржола өшірді. Айбардың бұл концертке қатысуы осыншалық қиынға соғатынын ешкім де ойламаған. Дөкей бастықтың сырттан шақырған сыйлы қонақтарының бірі Айбардың дауысын жақсы көретінін айтыпты. «Әрине тыңдайсыз, - дейді бастық, - керек десеңіз, жеке өзіңізге тыңдатам». Енді міне, әнші жігіт жеке ән салмақ түгілі жыл басында жоспарға еніп қойған үлкен республикалық концертке шықпайтын болып отыр. Енді айналасының телефоны безілдеп «Айбар бар ма?» дегенге басты. Қолды сілтеп бұл отыр. Бар көңілі түпкі бөлмеде төсек тартып, күнін санап жатқан аппақ анасында еді...
Дүниеге бес қыз, бір ұл әкелген, ардақты анасының жағдайы нашарлап, астан қалғалы неше күн. Сәл де болса жеңілдігін берер деп кезек-кезек келіп уколын салып жүрген қыздары, әлсін-әлі суын беріп, енесінің денсаулығына елеңдеп жүрген қолындағы келіні, аяқ-қолын уқалап жанынан шықпай отырған жалғыз ұлы, бұдан отыз жыл ілгері тиыннан тиын құрап анасы алып берген ескі пианино да, бәрі-бәрі жабырқаңқы. Жарының жақсылап үтіктеп қойған костюмы, жарқыратып сүртіп қойған туфлиі де сондай сұрғылт тартқан, сүреңсіз.
Бұл концерт өзі үшін ғана емес, өзі көп жыл қызмет еткен филармония үшін де аса маңызды еді, осы концерттен кейін филармония үлкен статус алып, әншінің өзі де мемлекеттік марапат алмақ. Концерт теледидардан тікелей эфир арқылы көрсетіледі, басты солист – өзі.
Басшылықтың шыр-пыр болып жатқаны содан. «Оркестр баритонсыз қалай шығады? «Келмесең, мансабың мен абыройыңнан айырылдым дей бер» деген сыңайдағы келте хаттар анасы әлсіреген сайын бұған әсер етіп те отырған жоқ. «Маған жұмыс жақтан хабарласса мені шақырмаңдар» деді де, анасының қасына келіп жүзін, маңдайын сипап ұзақ отырды.
Дәл қазір әнші үшін жалғыз ғана сахна бар еді, ол – анасының жанындағы төсек. Ең шынайы тыңдарманы да – анасы. Бұрын да солай еді ғой. Көз алдынан анасымен бірге өткен шақтың елесі келе берді.
Алдына енесінен қалған алжапқышын тағып, қолына сауын шелегін алып, өрістен мал келгенше анасы ұлынан домбыра сабағының «есебін» алатын. Ондай кезде төргі бөлменің сары пердесінен анасы тігіп берген қабынан домбырасын шығарып, бірінің артынан бірін төгілтіп күй тарта жөнелетін. Анасы – тыңдарман. Баласының ынтасына тәнті болып, арқасынан қағып қояды. Абайы одан сайын қанаттанып кететін. Абай дегені осы Айбар. Солай еркелететін. Анасымен өтетін осы бір шақты ұнататыны сонша, іштей малдың өрістен келмеуін тілейтін.
Ол анасының қасына шалқалап жатты. Екеуі де төбеге қарап жатыр. Екеуі де сол баяғы сәтті ойлап жатыр. Екеуі үндеместен сол баяғы сәттерді ойлап жатқандарын түсініп жатыр. «Өрістен сиырлар келетін еді ғой, иә мама», - деді Айбар. Айтайын демеді, дауысы шығып кеткенін байқамай қалды. Анасы сәл бетін бұрып, жымиды.
Айбардың өнерге келуіне анасының сіңірген еңбегі орасан еді. Ас үйде тамағын дайындап жүріп ыңылдай салған әнін бес жасар Абайы лезде жаттап алып, «Сусамыр – елдің жайлауы, Өмірдің бар ма байлауы» деп әндетіп жүргенде бойындағы өнердің ұшқынын сол кезде байқаған еді.
Бірде үлкен нағашысы ауылдағы айтысқа бір топ ақындармен келді. Айтыстан кейінгі отырыс думанға айналған. Кезек-кезек ән салып, қайымдасып жатқан қонақтардың қасынан кетпей, тамылжып тыңдап отырған балаға әнші Қатимолла нағашысы жүлдеге алған домбырасын тарту еткен.
Содан кейін анасы ұлын жасы жетпесе де домбыра сыныбына алып барды. Әуелі саусағы жеткен жерге дейін ойнайтын. Екі жылдан соң тым тәуір күмбірлететін болды. Сол жылы күй үйірмесі ауыл шетіндегі ғимаратқа көшкенде балаларға еріп алыссынып домбыра сыныбына қатысқысы келмей қиғылық салған еді. «Балам, сен үлкен нағашыңдай әнші боласың, бастаған істі орта жолдан қалдыруға болмайды» деп анасы музыка мектебіне өзі апарып, қас қарайғанда бір-ақ алып келетін. Жаңбырлы, қарлы күндері ол жаққа жету азаптың азабы болатын. Баласын арқалап әлгі жолдан өтудің өзі аса қиын еді. Баласы күйді де тартады, анасы екеуі жазып жүрген қалың дәптердегі әндерді де жатқа біледі. Енді әнді домбыраға салып орындап көрейік деп, «Қоғалы-айды» сазына келтіріп алғаш рет өзі үйреткен еді. Кейінірек пианиноға да қолын жеткізген анасы.
Анасы ән сабағының маманы емес, бірақ баласы айтатын күллі әнді зерттеп, оның қалай шыққанын, нені айтып тұрғанын ұзааақ талқылайтын. Алыс қалаларда болатын концерттерге бірге барып, баласы сахнадан түскен соң «қара балам, жарадың!» деп арқасынан қағып еркелетіп отыратын еді. Бала кезі емес, өзі балалы болған осы кезге дейін солай. Міне, бұл жағдай әлі күнге қайталанып келеді. Әншінің өзі ән салған бірде-бір концерті жоқ анасы қатыспаған. Бірде-бір! Айбардың бұл концертке барғысы келмеуінің бір сыры осы еді. Ол көрермен ішінде анасы отырмаған сахнаға шығып көрмеген-тұғын. Арқалап жүріп домбыраға апарған, жетелеп жүріп жеткізген, әр концертте баласының өнеріне дем берген анасының демі үзілейін деп жатқанда, концертіне баруға шамасы келмей жатқанда ол қалай ән салмақ, қалай шырқамақ? Мүмкін емес қой, «бармаймын» деген шешімнен айнымауға ант еткен.
Сағат сайын демі үзілердей әлсіреп бара жатқан анасының мамықтай алақанын бетіне қойып, қайта-қайта сүйеді Айбар.
- Қара балам, - деді әлсіз ғана, - бүгін концертке баратын күнің еді ғой...
- Жоқ, мама. Ешқайда бармаймын. Жаныңызда болам!
Анасы баяу дем алып, тағы сөйлегісі келді. Ойланып сөйлегісі келді.
- Сені осы сахнаға шығару үшін бүкіл ғұмырымды арнадым, балам. Мен халықтан үлкен емеспін, халық сені күтіп отыр, бар балам...
Айбардың көзінен жас төгіліп кетті. Бұл сөздер анасының аузынан қиналып шықса да, баласы үшін бір сәтке бар дертінен сауығып, зілді сөйлегендей көрінді.
Жалғыз ұл болса да, анасы Абайын шектен тыс еркелетіп, дегенін жасатпаған еді. Осы жолы да бала дегені болмайын деп тұр. Бүгін анасының бойында сол кездегідей қуат болмағанымен, сөзі аса қуатты еді.
- Мама!.. -деді дауысы дірілдеп, тамақты өксік қысып, кеудесі өртеніп барады. Көз жасын көрсетпеуге тырысып еді, болмады. «Қазір барам, мама!» Жылап тұрып басын изеді. Анасы барынша тырысып, күлімдеді. Сол күлімдеуінде «соңғы өтінішім» деген ишара бардай.
Айбар шыттай киініп сахнаға дап-дайын күйде түпкі бөлменің табалдырығынан аттай алмай біраз тұрды. Қазір кетсе көңіліне өкініп қалатындай сезім ұяласа да, бөлмеге кіруге оқталды. «Мама, мен дайынмын» деп анасының жанына жақындады. Ұлының костюммен кіріп келген сәті оның мектепке алғаш барған кездегі жаңа киімін көрсетуге келген уақытын көз алдына әкелді. Келесі жылы да киетіндей етіп молымен алған сол кездегі киімі де анасы үшін баласына құйып қойғандай көрінетін.
«Мама, қазір келемін»,- деп анасының ерніне маңдайын тосты.
Жол бойы «бекер кеттім бе, тыңдамай жанында қалуым керек еді», - деп жанын жегідей жеген ойлар толастамады. Оның үстіне аязды ақпан да анасының «Ақпаным, ақпаным, ақпанымда тапқаным» деп еркелететін сөздерін еріксіз еске түсірді. Абайынан туған немересін осылай еркелететін. Сүйікті ақыны Төлеген Айбергеновтың құрметіне ақпанда дүниеге келген немересіне Айберген деп ат қойған еді. Бұл ақпан неге құбылады бұлай? Әкесі мен анасы осы айда отау құрғанымен, кейін әкесін де алған осы ай. Айбарға ұл бергенімен, енді міне, анасын да арғы әлемге тартып бара жатқан жатқан осы ай.
Айбардың келгеніне қуанып, бәрі абыр-сабыр. Бетін әрлеп те, шашын тарап та, киімін түзеп те үлгеріп жатыр. Кезегі жақындады. Айбар әлсін-әлі телефонына қарай береді. Сол бір сәтте әйелінен аудиохабарлама келіп түсті. Дереу ашып қалып еді, ар жағынан анасының әлсіз дауысы естіледі: «Қара балам, самға!». Көңілі астаң-кестең бір қопарылып барып, орнына түскендей болды. Көңіліне жайлылық орнағандай еді, бірақ көпке созылмады. Бұл анасы қатыспайтын алғашқы концерт болғандықтан, бойын балабақша баласындай қорқыныш билеген. Қазір сахнаға шығады. Әнін шырқайды. Ол түрлі ойдың басын шалып тұрғанда «сахнада «ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, бірнеше Халықаралық вокалисттер байқауының жеңімпазы, алтын дауыс иесі...» деп шақыра бастағанда басы тұманданып кетті.
«Осы атақтың бәрін анамның бүгінгі кешке қатысуына айырбастап жіберер болсам ғой, шіркін! «Ерен еңбегі үшін» медалі де сол кісінің кеудесінде жарқырап тұруы керек қой» - деген ой жетегінде келе жатып сахнаға қалай шыққанын байқамай қалды.
Зал лық толы. Дирижер қолын сермей жөнелді. Сүйемелдеу басталды! Халық әні «Еркем-айдың» әуені құйқылжып залды жаңғыртып барады.
«Қара қас қарлығаштай қанат жайған» -деп басталды әні. Өзі де қанаты жайылып, сахна емес, басқа жерде тұрғандай сезінді. Ән жалғасып келеді. «Ақ жүзің аспандағы асқан айдан». Кенет көзіне көрермен емес, шынында ай көрінгендей, ашық аспан астында анасының алдында ән салып тұрғандай елес жүріп өтті, елес емес, шын. Көзі ашық, ұйқыда емес, сахнада тұр ғой. Сол сәт айдан асқан сезімнің қандай болатынын өзі де сезінгендей.
Дауылдай дауысымен кульминацияға жетіп, ферматаға жақындаған тұста кеудесі керіліп, тынысы тереңдей түсті. Қалың көрермен тыныштық құшағында. Дәл жүректен шыққан жоғары нотаны ала бергенде бәрі тұншығып қалғандай болды. Нота енді тек музыка емес, анасына жетер үн, сағынышқа ұласқан ұлы сезімге айналып кеткен. Енді бұл нотаны жіберсе, анасын да жібере салатындай көрінді. Кең зал, неше жүз көрермен, шексіз жарықтар – бәрі бұлдырап, алыстап кеткендей болды. Ол енді сахнада емес, анасының құшағында секілді. Жұмулы көзін нотаны одан әрі соза түсіп ашты. Сол сәтте көз алдында сахна биігінде желбіреп ұшып бара жатқан анасының аппақ жаулығы көрінді. Жаңа ғана елес берген аппақ айға қарай самғап бара жатқандай, қайырыла қарағандай. Сол сәт тағы да «қара балам, самғай бер» деп бара жатқандай, кәдімгі үн келді құлағына. Кеудесі шым етіп, көзіне үйірілген жасты жұтып жіберді.
Пианоға төмендеген сәтте зал ішін таза бір үн биледі. Ол үнде тек әуез ғана емес, анаға деген шексіз махаббат, өмірге деген іңкәрлік, жоғалған жылдарға деген сағыныш және үнсіз қоштасу бар еді. Енді әннің әр жолы қоштасу секілді, рухына бағышталған дұға секілді естілді. Ән аяқталып келеді. Оның жүрегінен бірдеңе сырт етіп үзілердей, «мені босат» дегендей әлде сезім, әлде үн, әлде үнсіз өтініш келгендей. Әнді аяқтаса сол өзегінен бірдеңе мәңгілікке үзіліп кетердей, аяқтағысы келмейді. Дирижер қолын тағы сермеп жіберді. Ән аяқталды. Сахнада сәл үнсіздік орнап барып, шатырлаған шапалақ дүр ете қалды. Залды кернеп кетті. Бірақ оның құлағына ештеңе естілмеді. Көзінен бір тамшы жас ыршып түсті.
Ол сахнада ән шырқап тұрғанда ұйымдастырушылардың телефонына Айбардың анасының үзіліп кеткені туралы хабарлама келіп үлгерген. Алдынан шығып естіртпек болып, екі кісі қолын алып, сөйлей беріп еді «мен білдім» деді әнші, сөйтті де сылқ етіп отыра кетті. Құлағына тағы келді аяулы анасының үні: «Қара балам, самғай бер!»
Орал қаласы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.