Судьба неизбежнее, чем случайность.
Судьба заключена в характере.
Рюноскэ Акутагава
Человек не для того создан, чтобы терпеть поражения.
Человека можно уничтожить, но его нельзя победить.
Эрнест Хемингуэй
Мен оның алдында басымды иемін.
Бауыржан Момышұлы
Пролог орнына
Күн батқанын көруің үшін ғана,
Таңғы ауаны жұтамыз құшырлана.
Өмір менен өлімнің арпалысы,
Ақ пен қара бояйды түсіңді, аға.
Мен өмірді көрдім деп айта алмаймын,
Келсең, келші, бетіңді қайтармаймын.
Толқымалы тағдырдың теңізіне,
Тастай салса,
Шығады шайқалмай кім?
Жалған дейміз,
Жүз айнып,
Мың өзгерген.
Іргеңді аулақ сала жүр кіл ездерден.
Жұқармауың үшін де жүрек беріп,
Мұқалмауың үшін де мінез берген!
Тостағаның меймілдеп толса мұңға,
Сол мінез ғой дем берер дер шағында.
Адам адам болғалы,
Ең қиыны,
Адам болып қалу ғой ең соңында!
1994 жыл, маусым
Жаңа ғана жауып өткен жаңбыры,
Кешкі Алматы,
Абылай хан даңғылы.
Тау суындай тасты итерген тасқын боп,
Толқып жатыр талай адам тағдыры.
Талай адам ерсілі кеп, қарсы кеп,
Бұл көшеден күнде өтеді қан сүрек.
Жылтырайды кешкі аспанның алауы,
Жаңбырдан соң тасқа қонған тамшы боп.
Танып болмас миллионның түр-түсі,
Естіледі жылағаны, күлкісі.
Сол нөпірдің арасында келеді,
Сұңғақ бойлы,
Сергек ойлы бір кісі.
Қасқа маңдай,
Асқақ ондай аз адам,
Ақсүйектер секілденіп таза қан.
Мейірленіп тұрғанымен,
Көзі өткір,
Қаймықпайтын қайғы-мұңнан, назадан.
Сыпайылап, сыйлап тұрып өзгені,
Тұңғиық мұң жасырады көздері.
Рухы мығым басып тұрды, байқаса,
Өткен күннің,
Өктем күннің безбені.
Сәл жымиып,
Қалжың үйіп,
Жылы леп,
Аузын ашса, Сарыарқаның үні кеп.
Кең кісінің кеудесінде соғып тұр,
Ит талаған жұлым-жұлым жұмыр ет.
Көрсетпейтін отқа күйген қанатын,
Ол – әйгілі артист адам,
Ол – ақын.
Қарлы шыңға қарап тұрған қасқайып –
Шерлі тағдыр...
Шахан Мусин болатын!
Бірінші шегініс. Халық күйі
***
1913 жылы 27 желтоқсанда қазіргі Павлодар облысы, Май ауданы (бұрынғы Семей облысы, Бесқарағай ауданы) Ақжар ауылында, Әлімхан мен Биғайшаның шаңырағында тұңғыштары Шахан дүниеге келеді.
Ақжар
Төсенген тобылғының асыл нұрын,
Жамылған жағаталдың жасыл бүрін.
Ауылда Ақжар деген туған екем,
Жылынан «қызыл жалау» үш жыл бұрын.
Шахан Мусин
«Арғы жағы Ертістің, бергі жағы»,
Кер даланың жайылған кең құшағы.
Кезіп жүрген секілді судың бойын,
Елес болып Шаханның шерлі жаны.
Кішкене ауыл,
Ертістің жағасында,
Еншісі бар Арқаның даласында.
Екі ананы тел емген есіл ауыл,
Бір қасиет, бауырым, бар осында.
Өткен күнін сұрасаң сұрқайға тең,
Танытады өр мінез, ыңғай бекем.
Аққулары Ертістің үзілдірсе,
Боз далада бозторғай шырқайды екен.
Ағын еді Ертістің биік әні!
Сағым еді Сарыарқа, құйын әрі.
Елжіреген жүрек боп сыйынады.
Мөлдіреген өлең боп құйылады!
Сайын дала,
Сарғайып жазық өңі,
Ақ қайыңы ат байлар қазық еді.
Елге барсам,
Осынау белге барсам,
Елітеді сағыныш сазы мені.
Самал сүйген селеуі, бетегесі,
Керіледі қара үйдің керегесі.
Ер боп туса өзіңнен шыққан бала,
Топыраққа тартады деген осы.
Қазақсың деп тұрмайды қаймана сен,
Қашан барсаң құшағын жайған әсем.
Кішкене ауыл,
Ертістің жағасында,
Шахан туған топырақ қайда десең!
***
Құлынмен жарысып, құлдыраңдап өскен бала Шахан он үш жасында әкесіне еріп Семейге барады. Мектептің табалдырығын аттайды. Мектепте Баянауылдан келген Шәкен Аймановпен бірге оқып, дос болады. 1931 жылы әкесінен айырылады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, бозбала Шаханның ес жиып, етек жапқан шағы ұлы нәубет, азап болған ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келеді.
«Қазақстанның жергілікті халқының ұлы нәубет жылдарындағы орны толмас шығынының мөлшері 2 миллионға жуық немесе
оның бастапқы санының 49 процентін құрайды»
Манаш Қозыбаев, «Ақтаңдақтар ақиқаты»
Ақботаға сапар
Меккесі той-думанның Майлықара,
Шалқыған шыңыңды өртеп қайғы-жара.
Тал түсте тірі жанды селт еткізбей,
Қалыпсың құба жонда жеке-дара.
Шахан Мусин
Сандуғашы сайрамай, самғап әрең,
Сайын дала самарқау,
Ол да керең.
Алыстағы Ақбота ауылына,
Келе жатыр екі адам арбаменен.
Майлықара төбенің үні сараң,
Тіл шықпаған баладай тыныш оған.
Ол дегенім екі адам арбадағы,
Бірі – ағасы Темірхан,
Бірі – Шахан.
Темір аға көп сырды жайып келді,
Шахан үнсіз,
Бір кезде ғайыпқа енді.
Көріп қалды көмусіз жатқан талай,
Жол бойында ісінген мәйіттерді.
Үлкен кісі көрсетпей жасты иегін,
Шахан шошып,
Шарпыды аш күй өңін.
Көп сүйектің үстінде,
Құзғын-қарға
Шоқып отыр баланың бас сүйегін.
Ақботаға жеткенше көбін көрді,
Қайғы түсті күйе боп көңілге енді.
Ақ боз үйдің елесі ғана қалып,
Шұбатылған көреді кебіндерді.
Іздеп барған там үйге кеп тоқтады,
Іштен дауыс шықпады,
Тоқпақтады.
Жұлқып ашып екеуі кіріп еді,
Сол көрініс шошытты шер боп тағы.
Әлдеқашан қаңсыған тегенесі,
Шал мен кемпір, төрт жасар немересі,
Ұйықтаған адамдай үшеу жатыр,
Зәресі ұшып, кірді ғой әрең есі.
Найзағай күн нәубеттің наласы боп,
Толды өлікке қазақтың даласы көп.
Басу айтып Шаханға ағасы отыр:
– Аштан өлген адамның моласы жоқ.
Қайғы артамын қалайша жорға күйге?
Тас қоям ба мүрдесі толған үйге?
Аша тұяқ қалмады, қалдырмады,
Асыра сілтеу бірақ та болды әрине.
Құлақ естіп, көрмеген жайт көп еді,
Айта бердік,
Адамзат айт деп еді.
Қара ниет қоғамға қарғыс айтып,
Қара түнді жамылып қайтты екеуі.
***
Аш өзегі үзіліп, қынадай қырылған ел-жұртының қайғылы да қасіретті күйін өз көзімен көріп қайтқан Шаханның ет жүрегі езіліп, аты да, заты да зілді, он алты шумақтан тұратын «Наркомға хат» деген өлең жазады.
Өлең жайлы өлең
Көрші осыны, ағатайым – наркомым,
Өзің қаздың көрін тірі әкенің.
Баласың деп маған егер сенбесең,
Айтсыншы анау Голощекин крайкомың.
Шахан Мусин
Сорлы жігіт тау-тасқа соқты басын,
Кім өтейді нәубеттің көп күнәсін?
Ернеуіне Ертістің құлатады,
Сорғалаған көзінен кекті жасын.
Ыза қайнап,
Қолына қалам алды,
Сол сапардан жүрегі жараланды.
Нан сұраған аңырап аш баласы,
Қансыраған қаралы дала қалды.
Жалын атып,
Атойлап жас ғұмыры,
Құлағынан кетпейді қасқыр үні.
Ақын еді,
Азамат болған күні,
Ақ қағазға төгілді ащы жыры.
Көз алдында айналып мәйітке адам,
Әсерінен әлі де айықпаған.
Адуын жыр,
Кім болса ол болсын деп,
Адамзаттың алдында айыптаған!
Тауқыметтің табада қуырғаны,
Қадап ұрған қанжардай буындағы.
Уытты өлең оқылған орталарда,
Сол құлағы наркомның шуылдады.
Өксігі бар өжет ұл,
Тасты үгіткен,
Мұндай жырды күтпейді жас жігіттен.
Осы өлеңін оқыса,
Аң көргендей,
Шет айналып Шаханды, қашты үріккен.
Жігіт еді жүрегі таза, ақ көңіл.
Қыл-көпірден құлады қазақ небір,
Соның бәрін өлеңмен айтамын деп,
Шахан үшін басталды азапты өмір.
Екінші шегініс. «Халық жауы»
***
30-ыншы жылдардың орта тұсы. Ел ішінде қызыл қырғын репрессияның ушығып тұрған шағы. Сталиннің жеке билігін орнату барысында режимге қарсы тұрып бас көтергеннің бәрін қоғадай жапырды. Атты. Асты. Итжеккенге айдады. «Халық жауы» деген жалған айып тағылып, қазақ зиялысы, Алаш қайраткерлері саяси қуғын-сүргінге ұшырады.
Репрессия
Жемтік етіп жеңістерін тарихтың,
Тек біле алмай кім шоқырын қай құстың.
Барлық халық жауы атанып халықтың,
Жалғыз «досы» өзің болдың байғұстың.
Шахан Мусин
Аққу құстың арындай,
Айман жұртым үркіді.
Қара ниет қағынды-ай,
Қойныма сап түрпіні.
Күйкентайлар шүйлігіп,
Киеліме тиеді.
Қан тілеген килігіп,
Шақты қоса бүйені.
Аққудайын мүсінге,
Күйе жаққан жегі өңкей.
Ақ болғаның үшін де,
Айыптысың дегендей.
Тұтқиылдан тас атты,
Тәйірі не, оқ атты!
Қан аралас жас ақты,
Күндіз-түні боратты.
Тұзағына байланып,
Қайғы қанат жайды шын.
Айнакөлін айналып,
Ұша берді байғұсым.
Құмықтырды тақыр, шөл,
Қиқулаған үніңді.
Қаңғыған оқ ақыр сол,
Қиып түсті жұлынды.
Кетпей қаны жуғанда,
Жауып қайғы жаңбыры.
Азап үшін туған ба?
Аққу құстың тағдыры...
***
Семейдегі облыстық қазақ драма театрының алғашқы артистерінің бірі болып жұмыс істеп жүрген жерінен Шаханды ең алғаш рет 1936 жылдың 6 қаңтарында ұстап, ГПУ-дың түрмесіне қамайды. Сол баяғы «Наркомға хат» деген өлеңі үшін.
Ең қызығы, ол өлең еш газет-журналға жарияланбаған. Тиісті жерге жаттап алып жеткізген өзінің арамза «достары» еді.
«Мусин Шахан...
3. Был автором целого ряда антисоветских произведений и
распростронял их среди казмолодежи
(см. л.д. 291, 364 и пакет №6)»
НКВД, 1936 г., дело №5277
(Мұратбек Кенемолдиннің мақаласынан)
«Түрме түндері»
Қанталап қара көзім, ыза кернеп,
Зауал түн әлдиінде аза тербеп.
Кешегі кең даланың ерке желі
Телміріп, тереземнен зар еңіреп.
Шахан Мусин
Тозақтың қақпасындай ұлып, анық,
Ашылды темір есік ыңыранып.
Қамады тас қараңғы тас түрмеге,
Қолына қара жендет құрық алып.
Біз қадап,
Сіңір қиып,
Тізелерге,
Жастанбай жатты Шахан мұз еденге.
Жылытты жас жігітті жалғыз үміт,
Үмітін, өтінемін, үзе көрме.
Назасын тасқа жанып намысындай,
Сенімі сүйеп ішкі,
Сағы сынбай.
Айтады кездескен деп Ахаңдармен,
Алаш деп айға ұмтылған арыс ыңғай.
Телмірткен тас босаға, терезеге,
Ерке жел көнсін қалай ережеге?
Ертістің бір тамшысын тамызар ма,
Қан қатып, кеуіп қалған кенезеге?!
Ішіңде от болмаса өлер ме едің?
Түрмеде не болмайды?
Не көрмедің?
Қанша рет қайталадың, қайран боздақ?
Мағжанның жаттап алған өлеңдерін.
Қисапсыз қанша түндер өте берді,
Тоқтатшы азабыңды!
Жетер енді!
Жүрегім әрі айтуға дауаламай,
Шаханның өзі жазған оқы өлеңді:
Терезе
Терезе анау, мен мынау,
Терезе тым биікте.
Көңіл қаяу, көз бұлау,
Телмірдім сол биікке.
Жалғыз сауал, бір сұрау,
Жарық күтіп үңілем.
Темір құрсау – мұз қырау,
Жарық түспей түңілем.
Ой – шежіре, жан – жырау,
Ойлыға уайым – ереже.
Құрғақ қиял, құр жылау,
Жалғыз досым – терезе.
Түн дүбілткен қоңырау
Сыңар күнің туар ма?
Жасқа бөккен омырау
Тынар күнің туар ма?
Ой – шежіре, жан – жырау,
Ойлыға уайым – ереже.
Терезе анау, мен мынау,
Жалғыз досым – Терезе.
Шахан Мусин
«Колыма зары»
Барса, келмес қиыр шет,
Колыма, дүлей, Колыма!
Шахан Мусин
Ұшпақ болар тұрақ қай?
Шындығыңды мың аттап.
Шыңылтырға шыдатпай,
Мұзға салып мұқатпақ.
Туған елден айырып,
Қасарысқан кек тамып.
Қанатынан қайырып,
Колымаға кетті алып.
Бет қаратпай жалмап от,
Мұз құрсады ғаріпті.
Алтын іздеп бармап ед,
Алтын іздеп арытты.
Арып, ашып, үсіген,
Көбі ақылдан адасты.
Суын сорып тісінен,
Қазанға сап қар асты.
Жендет төніп жебір кей,
Дүре соғар ысқырып.
Ажал тыныс-деміндей,
Сүйек қарып үскірік.
Аяз болған аз несіп,
Жұтайды ерлер жайрап кіл,
Толарсақтан саз кешіп,
Қасқаяды қайратты ұл.
Құқай көрсең тепкідей,
Болысады саған кім?
Колымада өтті ғой,
Жастық шағы Шаханның.
Жырмен көсеп жүрді отын,
Суық алтын тасы деп.
«Колымада – күнде түн»,
Колымада – қасірет!
«Сібір шері»
Сарғайып сонау Сібірде,
Сүлдерім құрып, тарығып.
Жан ілініп сіңірге,
Ел-жұртымды сағынып.
Шахан Мусин
Тозақ оты жымыңдап іңірдегі,
Шахан шері басталды Сібірдегі.
Тік қараған көздері төмендемей,
Тексіздерге тізесі бүгілмеді.
Түнек кешкен күндер-ай Тайгадағы,
Сақылдаған сары аяз аймалады.
Дүре тиген дидары дүниенің,
Теріс қарап еріксіз айналады.
Білінбейді бұл жақта таң атқаны,
Шалажансар ойларын шабақтады.
Қанша боздақ шырмалып,
Өксіп өтті,
Өрмекшінің торына барактағы.
Айдауылдар айқайын төкті зілді,
Адамдықтың ақ жібі кетті, үзілді.
Итжеккенде иманын үйіргендер,
Итке берсін күнімді деп кіжінді.
Бықсығандай шаласы жанбай пештің,
Улы қоғам,
Қиямет қандай кештің?
Керуендеп кісенмен әкеледі,
Серуендеп Сібірге бармайды ешкім.
Қажытқанмен қайғы-мұң өктем болып.
Қар астынан қылтияр көк тербеліп.
Сібір болсын,
Сөнбейді жалғыз үміт,
Оятатын секілді көктем келіп...
***
Зұлмат заман есіл ердің жалындаған жастық отын ұрлады.
Бақандай 18 жылын қапаста өткізді.
«Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» деген Абай қандай данышпан!
Сталин өліп, Берия атылғаннан кейін, 1954 жылдың 6 маусымы Шахан үшін азаттықтың ақ таңы болып атты!
Он сегіз жыл
...Ұшпаған соң бақыт құсым,
Он алты жол өлең үшін
Он сегіз жыл қуылыппын.
Шахан Мусин
Қайран жастық,
Сен жүрмедің сайрандап,
Желпінбедің жүйрік мініп,
Жайраңдап.
Қылшылдаған қыршын күнің қор болып,
Тайга жаққа тайғанатты тайған бақ.
Сұрауы бар көзден аққан сораңның,
Өтеуі не опат болған обалдың?
Теперішке төзім қылып темірдей,
Кебін кимей,
Кебенекпен оралдың.
Еңкілдемей,
Ез бір ойға еңсертпей.
Шағымданбай,
Терек басын теңселтпей.
Сен жымидың, ішің жылап тұрса да,
Жан азабын жан адамға көрсетпей.
Жыр боп қана жылжып ақты жан мұңы,
Шыңыраудан шығады ертең барлығы.
Он сегіз жыл – бір адамның ғұмыры!
Он сегіз жыл – бүтін ұлттың тағдыры!
Үшінші шегініс. Халық әртісі
***
Ең бір аяулы шағы ең бір аяусыз кезеңге тап келіп, жас күнін каторга мен айдауда, қара түнек қапаста өткізген Шахан елге қайтады. Сол кездегі сұм саясаттың заңы бойынша «Халық жауы» атанған адамға өзінің туған жеріне баруға рұқсат жоқ еді. Шахан Алматыға келеді. Бәрін басынан бастайды.
Түлеу
Кешірек, сірә, келсем де,
Түгесілмепті сыбағам!
Шахан Мусин
Итжеккеннің қанша қарып қар-мұзы,
Туған елден бұйырыпты дәм-тұзы.
Жігерінің жайлау оты жасыл боп,
Атқақтады жүрек дейтін жалғызы!
Тектілігін танытты ғой тынып іш,
Қайта оянды өнер сүйген ұлы күш.
Қайта самғап,
Қанат жайып,
Қайсарлық,
Қыран құстың түлеуіндей құбылыс.
Нығырламай өткір, жуан дауысты,
Тыныш күнмен қайта туып табысты.
Мұқым елге мәшһүр болған, әйгілі,
Сол баяғы Шәкен доспен қауышты.
Шәкен доспен жүрек сырын шерткен соң,
Шәкен досы сахнаға ерткен соң,
Театрға қайта оралды ұлы артист,
Он сегіз жыл антракт өткен соң!
Жарық күнге жалын атып ұмтылды,
Сахнада қайта түлеп,
Сілкінді!
Азат күнге алып шықты қайтадан,
Шымылдықтан шындық дейтін шіркінді.
Қайта сайрап көкейінде құт әні,
Бұрқырады боз жусанның жұпары.
Алағайдан аман қалып,
Бүр жарды,
Қарағайдың қарсы біткен бұтағы!
Театр
Өнерде актер болсам да,
Өмірде ойнап көргем жоқ.
Шахан Мусин
Зауал соққан ғасырдың,
Қасіретін көрдік біз.
Арымаған асылдың,
Қасиетін көрдік біз.
Тауға тартқан тас үйіп,
Қонды саған кейін бақ.
Өміріңе бас иіп,
Өнеріңді мойындап.
Озбыр күннен ой қалың,
Шашың содан ағарды-ай.
Сахнада ойнадың,
Түк болмаған адамдай.
Жиырма жылдай жүріп кеп,
Жалыныңмен бұрынғы,
Жиырмадағы жігіт боп,
«Қаракөзде» – Сырымды,
Ойнап шықтың ойқастап.
Қайрат жиып, бар мығым,
Төрт аяғын жай тастап,
Құлагерге қарғыдың.
Кіжінгендей күйікке,
Қыза түсіп көрігі.
Қомдап ұштың биікке,
Сомдап Ақан серіні!
Өр еді ғой өнерің,
Пайымына жетер ме ой?
Ақан сері дегенің,
Өз болмысың екен ғой!
От боп,
Лаулап,
Өртену!
Жыламайсың,
Күлмейсің.
Сахнада тер төгу,
Қан төгумен бірдей шын.
Орынға кеп ең шеткі,
Шешіп тастап шырмауын,
Көрермен боп қол соқты,
Қасіретті жылдарың...
Майып қылмай мың езгі,
Мұңның кетпес татымы.
Мойымаған мінезді,
Мойындады ақыры.
Заман ауып көшеді,
Ақтаңдақ боп әр тұсы.
«Халық жауы» кешегі,
Бүгін – Халық әртісі!
***
Осылайша, қиямет-қайым кешіп, құрдымға құлап кетпей, қайтадан аяққа тұрып, тұлға болып тұғырға қонған Шахан Мусинге асқан шеберлігінің арқасында «Халық әртісі» деген атақ берілді.
1999 жылы ақтық демі үзілгенге дейін М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында, табаны күректей 45 жыл еңбек етті.
Аяулы жары, қазақтың маңдайына біткен филолог-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Рәбиға Сыздықовамен баянды ғұмыр кешті.
Уыт
Құрдасым, қалайша сен жасарасың,
Соныңның айтшы маған сиқыр сырын.
Қалижан Бекхожин
Ықылас қып ындыны,
Дархан мінез далиған.
Қалжыңдады бір күні,
Қайран досы Қалижан.
«Шаха!», - деді, орай кеп,
Көзін алмай қырағы,
«Қартаймайсың қалай?», - деп,
Құпиясын сұрады.
«Оның сыры көпке әйгі,
Жасырам ба?
Не бопты?
Тоңазытып сақтайды,
Бұзылмасын деп етті.
Білген соны бұрынғың,
Аяз сорып ақпаны,
Жиырма жылдай Сібірдің,
Суығында сақтады.
Тоңазытқан Тайга көп,
Қамқорлығын молайтты ол.
Денсаулыққа пайда деп,
Диетаны көп айтты ел.
Төзім қылып тамаққа,
Есімде сол тұстары.
Жиырма жылдай баракта,
Аш-арық қып ұстады.
Жүйкең тыныш болсын деп,
Ілтипатпен ізетті.
Жиырма жылдай сол шын боп,
Мылтықпенен күзетті.
Сұрадың-ау бүгін сен,
Өткен күннің өрінен.
Жас көрініп жүруші ең,
Болғаныңда менімен».
Қалжыңына тосылмай,
Салмақ қосып сөзіне.
Уытты еді осындай,
Әзілінің өзі де.
Эпилог
Көрсе де бар бейнетін бұл бес күннің,
Өр мінез иілуді білмес, құрбым.
Шаханның өміріне ескерткіш деп,
Болмысын бүгінменен тілдестірдім.
Кеңсайды бұлт айналып дамылдайды,
Жүрегің қалай сенің ауырмайды?
Құстары Алматының құйқылжыса,
Ертістің аққулары мамырлайды.
Арғымақ арқан үзіп осқырады,
Жалғанның жанарына жас тұнады.
Бір жусан Сарыарқада артық шығып,
Бір орын сахнада бос тұрады.
Беу, Шахан!
Тағдыр уын сан ұрттаған,
Ар сақтап, адам атын арытпаған.
Кеңсайдың биігінен қарайды енді,
Ұлы артист!
Құрыш қазақ!
Бақытты адам!
