Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Әйел әлеміне үңіле алмаған қоғамның әдебиеті мешел...

Әйел әлеміне үңіле алмаған қоғамның әдебиеті мешел

01.12.2025

6419

Әйел әлеміне үңіле алмаған қоғамның әдебиеті мешел - adebiportal.kz

Өткенде кітап оқу бойынша рейтингте ең төменгі межені көрсеткеніміз рас. Жалпы жұртшылық оқымайды. Әдебиетсіз де таңын атырып жүр. Ал, бірақ, аз да болса саз оқырман бар, оны байқаймыз. Кітап клубтарына  барған кезде  интеллектісі жоғары қыздарды көп көрдік (кітап клубтары мүшелерінің дені қыздардан тұрады), олар, әсіресе,  әйелдің ішкі дамуы туралы көбірек оқып-білгісі, әйелдің өз даусын естігісі келеді екен. Бірде маған бір жас келіншек: «Неге біздің шығармаларда әйелдер ылғи мұң кешіп не бақытын таппай адасып, жылап жүруі керек?» деп сұрақ қойды.   Ойланып қалдым. Шынымен де...

Бір жағынан, «бізде неге бақытты әйел аз?» деген сұрақтың өзі бүгінгі оқырманның бақыттың барына сендіретін, шынайы жан тыныштығы жайлы шығарманы оқуға дайын екенін байқатады. Әсіресе, соңғы жылдары әлемдік тенденция ауыр трагедиядан гөрі жаймашуақ әрі терапиялық прозаға ықыласты көрінеді. Адамдар драмадан шаршағандықтан да өмірдің баяу, бейбіт тыныс алдыратын шақтарын іздейтін шығар?

Жаңа образ керек

 

Былтыр «Алқа» баспасы әйелдер тақырыбындағы повеске арнайы байқау жариялады. Олардың мақсаты әдебиетке бүгінгі әйелдердің образын әкелуге бастамашы болу екені анық. Егер нәтижесі оң болса, онда бастама дұрыс. 

Біріншіден, қоғам өзгерді, ой, сана, түсінік өзгерген жерде адам қалай өзгеріс тілемейді? Ал біздің әдебиет бұл өзгерісті әлі толық сипаттап үлгермей жатыр. Қазіргі қазақ әйелінің өмірінде жаңа өзгерістер бар, тіпті көп: уақыт жаңа болғандықтан, білімді, урбанизацияланған қыздардың алдынан жаңа міндеттер шықты, жаңа мәселелер туындады. Жұмыс, қызмет, отбасы, бала тәрбиесі, үйдегі рөл арасындағы жауапкершілігі мол  рөлдердің «қақтығысы»   дейміз бе, одан бөлек жалғызбасты аналар, ажырасу көбейген қоғамның психологиясы, әрбір әйел өмірінде кем дегенде бір рет бетпе-бет келетін психологиялық зорлық, эмоционалдық қысым... айтатын дүние көп-ақ. 

Міне, мұның бәрі біздің әдебиетте, оның ішінде прозада әлі кеңірек айтылып, көтерілген жоқ. Әйел образы әлі де шынайы ашылмай отыр (бұл жерде әйелдер прозасы деп бөліп атағалы отырғанымыз жоқ, өйткені, бұл ұғымды көп жағдайда қияли, жеңіл-желпі жанр деген мағынада да қолданатынын байқаймыз), ал біздің айтпағымыз басқа. 

Бұл менің жеке пікірім, келіспеуіңізге, тіпті дауласуыңызға болады, бірақ, біздің әдебиеттегі қазақ әйелдерінің образы қашанғыдай әдемі де нәзік, сабырлы да жуас, көнбіс әйел, мейірбан ана рөлімен ғана шектелген. Ал, бірақ, қазіргі әйел бейнесі әлдеқайда басқаша, керек болса күрделі ғой. Мысалы,  біз өз шешелерімізден өзгерекпіз (олар өте көнбіс еді), ал біздің қыздарымыз бізден басқаша: бұлардың амбициясы бар, әлсіз жағы да біздікіне ұқсамайды,  олар өздерін қорғай алады, өздерін ерте жинақтап үлгергеннен бе, кейде қатал да көрінеді. Өз жеке шекаралары, принциптері үшін махаббаттан да, мансаптан да бас тарта алатын, өз идеясын қорғайтын қыздар бұлар. Міне, осыдан келіп қазіргі әйелдің бақыт коды әлдеқайда кең: олардың жеке кеңістігі, шығармашылық немесе кәсіби амбициясы, эмоционалдық шекарасы бар, өзін қоғамдағы пікірі бар тұлға ретінде сезінеді. Бізде осы жаңа кодты әлі толық суреттей алған жоқ. Бұндай жаңа бейнені, мінезді  жақсы деп, не жаман деуге болмайды, бірақ, біздің әдебиет толық болуы үшін осындай кейіпкерлер бәрібір керек.

 

Әйел жайлы кім жазады?

Жақында керек болып, жапон прозасындағы әйел жазушыларының шығармаларын іздедім. Ертеректе Соно Аяконың романын, Есимото Банананың, Фумико Энтидің шығармаларын оқығанымыз бар еді. Бір риза болатының, жапонда прозаик әйелдер көп. Үлкен масштабта аталып, аты әлемге танылған, шығармалары әртүрлі тілдерге аударылған жапон әйел жазушыларының біздің құлағымыз естіген есімдерінің өзі жиырмадан асады, ал орысшаға аударылмағандықтан да біз білмейтін әйел жазушылары қаншама! Осы кезде еріксіз өз әдебиетіңді ойлайсың. 

Әйел бейнесін тек әйел авторлары алып шыға алады дегелі отырғанымыз жоқ, әйелді тек әйел ғана түсінеді деген көзқарастың өзі ескі ғой. Әйел тақырыбы әйелдерге ғана тиесілі емес, бұл  әдебиеттің ортақ міндеті. Егер ер авторлар әйелді жаңа қырынан жазса, «сыртқы рөл» ретінде емес, «психологиялық субъект» ретінде жазуды үйренсе, әдебиет шын мәнінде толық болады. Десек те, бізде әйел жанына үңіліп, оның табиғатын бере алған шығармалар жазған қазақ әйел қаламгерлерінің саны көп емес.  Әрине, Сара Мыңжасаровадан бастап атап, қаламгер апайлардың әрқайсысы өзінше маңызды дүниелер берген дейміз, алайда әйел тақырыбын көтерген терең психологиялық роман деп аталатын деңгейдегі шығармалар аз. 

Өткен ғасырдағы және жаңа ғасырдағы прозаик апайлардың шығармаларын оқыдық, оның бергі жағында да  әйел жазушылардың жаңа толқыны шыға бастады. Бұл анау айтқандай үлкен толқын емес шығар, бірақ, бар. Олардың әлі еркін жазуға кірісе алмай жатқаны да,  ауыр тақырыптардан қорқатыны да рас, оларға «олай жазба, былай жаз» деп әдеби орта кедергі жасайды дей алмаймыз, бірақ, ерлердің көзқарасымен қалыптасқан  әдеби канонның үстем екені де рас. Бірақ, енді бір оншақты жыл айналғанда әйел тақырыбына арналған мейлінше шынайы, ашық, психологиялық жағынан терең романдар жазылады деп ойлаймын. Мысалы, біздің көрмегені жоқ ұлттың көрмегені аз әйелдерінің тағдырын былай қойғанда, кешегі тоқсаныншы жылдарда бейнетке арқасын төсеген әйелдер жайлы проза жаза алмай жатырмыз ғой.

 

Бақытты әйел туралы проза неге жоқ?

Әлде оны жазу қиын ба? Әлде бастан-аяқ бақытқа мелдектеген әйелдің өмірі туралы оқыған қызық емес пе? Мысалы, бізде бақытты әйел туралы роман жазылса, ол қандай болуы мүмкін?  Ойлап көрсең, оны жазу аса қиын да емес сияқты. Бірақ, ол үшін әуелі шын бақытты әйелді тауып алу керек шығар? Ия, алдымен соларды тауып алу керек. Олардың қайсысы өзін шын бақытты сезінеді? Өмір бойы күйеуінен таяқ жеп, өмірінің саркідір шағында ғана бала-шағасының ортасында шүкірін айтып отырған әйелдер ме, есі кете сүйіп көріп, бірақ некеде көрмеген құқайы қалмай, ақыры ажырасып, ең бақытты сәтім өзіммен-өзім болғаным екен деп жалғыздығынан да мән тапқан әйелдер ме, бала үшін деп, ел не дейді деп шыдап жүрген әйелдер ме, бәріне қанағат деп, бәрінен барақат тапқан классикалық әйел ме,  ел не десе о десін, өмір өзімдікі деп күйеуден күйеуге тиіп, өмірден өзіне қажетін “тартып алып” жүрген әйелдер ме, соны анықтау керек. Өйткені бұл бақыт деген ұғымды дәл осы деп түстеп, стандарттауға келмейтін сияқты ғой. 

Ия, дәстүрлі әдебиетте драма мен қақтығыс шығарманың негізгі қозғаушы күші болып саналады, осы кезге дейін қаншама классикалық роман оқыған болсақ, оның бәрінде бір бақыты кем, жаны жаралы адамды кейіпкер қылып алады,  себебі романдағы  оқиғаны дамытып, жүргізетін осындағы адамның ішкі қайғысы, бастан кешкен қасіреті. Ал бақыт дегеніміз көп жағдайда жан тынышы, әлдебір сәттің сенің ішкі күйіңмен үндесуі, бұндай тыныштықты динамика беріп жазу оңай емес. Әйел туралы жазудағы авторлық жауапкершілік деген тағы бар. Көбіне әйелді жазатын автор әйелді  «әдемі тұжырымға» немесе «драма құралына» айналдырып жібереді. Бірақ жазушы қаласа, бақытты әйел туралы да қызықты шығарма жазуы мүмкін. Тек ол жасанды болмасын. 

Бұл жердегі мәселе кейіпкердің бақытын қалай көрсетуге байланысты. Егер оның өмірін тек жанға жайлы сәттермен толтырсақ, оқырманды ұстап тұру қиын. Ал егер бақытты әйелдің ішкі әлеміне, оның өмірдегі таңдауларына, күмән, үрей, еркіндігіне, ішкі күшіне үңілсек, мұндай роман ешқандай драмаға жүгінбей-ақ тартымды бола алады. Және бұндай роман үлкен оқиғаларға емес, ұсақ детальдарға сүйенуі мүмкін. Мысалы, әйелдің әр күні таңды қарсы алғандағы ішкі күйі, өзімен үйлесімі, егер ол  қоғамда өз орнын  тапқан болса, өзін ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті көрмесе, өзі үшін құндылық деген не, шекаралары қай жерден басталып-бітерін білсе, осыдан келіп ішкі қанағаттанушылық сезіммен өмірге  ризашылық білдіре алса, міне, осының бәрі жиналып бақытты әйелдің образын құрайды. 

Өз басым оқырман ретінде бақытты әйел міндетті түрде мінсіз ғұмыр кешеді дегенге иланбаймын. Бұл тіпті де қызық емес. Әйел бақытты болып та күресе білуі керек, бірақ, ол күрес сырттағы біреулермен емес, мысалы, тыныштық бермей, мазасын ала берген бұрынғы күйеуімен, өмірі ештеңе ұнамайтын енесімен немесе басқамен күрес емес,  өзінің бақытқа деген күмәнімен күрес болса. Бақытты әйел өзінің жақын адамдарымен, айналасымен  қарым-қатынасты жаңаша құра алады, өмірден не қалайтынын анықтаған сайын жеңіліп емес, сенімді  бола түседі. Мұндай романның тартымдылығы бақыттың қандай сезім екенін дәл беруінде. Яғни бұндай бейне драма емес, бір жарық сәулені сезінуге құрылған ішкі еркіндіктің романы бола алады.

 

Оқырман оны оқуға дайын ба?

Ия, біздің көбіміз абсолютті бақытқа жеткен адам аз деп ойлаймыз. Көріп жүргеніміз жартылай бақытты әйелдер болғасын бұндай образға сенбейтін де шығармыз. Осы қоғамда қаншама әйел бар, олардың бәрі арманына жеткен деуге болмайды,  әлденеден үмітті, ұмтылыс пен күмәннің ортасында болуы мүмкін, ал бұндай жағдайдағы адам толық бақыт туралы мәтінге сенбеуі мүмкін. Дегенмен, соңғы кезде пайда болған «жұмсақ күштің эстетикасы» деген принциппен келсек, кейіпкердің бақытқа жетуі емес, сол өзіне бұйырған бақытты күндерді, сәттерді ұстап тұра алуы маңызды. Яғни бұл жерде абсолютті бақытқа сену міндет емес. Негізгі нәрсе кейіпкердің ішкі тәжірибесіне сенімді болуы. Егер роман әйелдің бақытын жасанды көрсетпей, шынайы етіп бере алса,  оқырман оны қабылдайды. Өмірде қате шешім жасап, үміті ақталмай құлап, сосын сол қатесінен сабақ алып, қайтадан түрегелген адамның бастан кешкеніне сенеміз ғой, сол сияқты бақытты әйел туралы роман дәл солай сенім тудыруы керек. Өзім, әйтеуір, оқырман ретінде  егер бақыт пен жан тыныштығы шынайы күрестен кейін келген болса, оны қабылдаймын.

 

Қазақ әдебиетіндегі әйелдер

Қазақ әдебиетіндегі әйел тағдырына арналған негізгі шығармаларда әйел көбіне арманын таппаған, әлеуметтік қысымға түскен құрбандық бейне ретінде көрінді. М. Дулатовтың қазақ әдебиетіндегі әйел тағдырына арналған алғашқы прозалық шығармасы «Бақытсыз Жамалдан» бастасақ, С. Көбеевтің жас қызды малға сатқан, мәжбүрлі некенің трагедиясы бар «Қалың малы», Бейімбеттің әйелдің ішкі сезім әлемінің, үмітінің оянып, артынша күйреуін нәзік беретін  «Шұғаның белгісі», Жүсіпбектің  соғыс, зорлық, қоғам қайшылығы көрінетін, қазақ әдебиетіндегі ең терең психологиялық романы «Ақбілек» пен «Күнікейдің жазығы», Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлуы», Мағжанның «Шолпанның күнәсі», Әуезовтің «Қорғансыздың күні»...  Бұлар біздің үздік үлгілеріміз. Қазіргі уақыт болса бұл жазушылар феминистік көзқарастағы жазушы аталар еді. Ал негізі жазушы өзі нені көрді, қалай сезінді, көз алдында не болып жатыр, соны  жазады ғой. 

1960-1990 жылдарда да шығармалар жазылды. Еңбекке араласқан, сиыршы, сауыншы, комбаиншы болып, социалистік жарыстан кеудесіне орден таққан, Мәскеуге үлкен жиынға барған, депутат болған әйелдер шықты. Бір кезде  Әкім Таразидің «Қорқау жұлдызын» оқыдық. Ерекше деп қабылдадық. Ал, әлемде бұндай мазмұнда қаншама дүние бар. Стивен Кингтің «Роза Маренасын» көбі оқыды, жалпы бұл кісіні оқыған сайын бірнәрсе ойлайсың, оқырманды жылату қиын емес, бірақ, бойына үрей тудырып, қорқыту қиын. Адамның жанын түршіктіру Стивен Кингтің қолынан келеді. Әйелі Розаны жылдар бойы кез келген ұсақ-түйек үшін, отырса – опақ, тұрса – сопақ қылып, қит етсе сабай беретін полицей Норман сияқты адамдар біздің ауылда да болды, жалпы әйел сабауды қалыпты көретін еркектер әлі бар. Олар сөзсіз ауру адамдар, өйткені, Роза кетіп қалғаннан кейін де Норман оның орнына сондай құрбандықты іздейді ғой. Стивен Кингті – зорлықтан кейінгі адам жанында қалатын жан жарақаты, оның адам санасына әсері, жалпы психологиялық қысым, зорлық тақырыбын көтеретін бірден бір жазушы деуге болатын шығар. Шарлотта Бронте де өзінің «Джейн Эйрінде» осы қысым жайлы айтса, жапон жазушысы Соно Аяконың «Синева Небес» деген романында да әйелдердің зорлықтың қандайын көрсе де, қоғам тарапынан қолдау таппайтыны айтылады.  

Ия, әйелдер туралы әр заманда да жазылды, әр жазылған сайын әртүрлі бейнеде көрініп отырды. Бір жағынан бұл табиғи нәрсе де шығар, себебі әр кезеңде әр қоғам әйел рөлін әртүрлі қабылдады ғой. Бүгінгі жазылып жатқан дүниелерде әйел кейіпкерлері күрделене түсті, бірақ қоғам бұрынғысынан соншалықты өзгере қоймағандықтан, әйел тағдыры толық қарастырылмай, образы ашылмай отыр. Шындап келгенде әйел тақырыбының «қиын тағдырға» байлануының эстетикалық себебі – тек қоғамның ауыртпалығында емес. Бәлки, орыс әдебиетінен жұқтырған әдет пе, эстетикалық дәстүріміз солай қалыптасты ма, ұзақ жылдар бойы қайғыны – мазмұн деп, ал бақытты – мазмұнсыздық деп қабылдап келдік.

 

Әйел тақырыбы кімге ұнамайды?

Кейде біреулер «әйелдердің (жолы ауырлау болған)  некеге қатысты, қоғамға қатысты батыл көзқарастарын ашық жазудың қажеті жоқ, бұл нәзік тақырыптар» деп уәж айтады. Солай деп жазған қаламгер ағаларымыздың да пікірін оқыдық. 

Бірақ, біз дәл қазіргі уақытта қазіргі кезеңнің шындығын жазбасақ, оны әйелдің де көзімен бермесек, әдебиет уақыттан қалып қояды. Айналып келгенде, әйел тақырыбы  бұл тек әйел мәселесі емес, қоғамның өзінің де диагнозы емес пе? Егер қоғам әйелді көрмесе, оның ішкі әлемін, дамуын, трагедиясын түсінбесе,  қоғам да дамымайды. 

Еуропа әдебиетіндегі әйел тақырыбының ауқым алуы, күшеюі сол елдердің ояну дәуірін тездетті. Қазақ қоғамында да бұл қажеттілік бар. Және сонымен бірге әйелдердің қоғамға араласуы экономика мен еңбек нарығын өзгертеді, ал бұл өзгерістер кейбір топтарға ұнамайды, сондықтан идеологиялық қарсыласу да бар. Неге екенін бізде әйелге қатысты кез келген сын немесе ашық әңгіме бірден «ұлттық құндылықты қорлау» сияқты қабылданып кетеді. Бұл әйел тақырыбының негізгі кедергісі. Бір нәрсе анық – қоғам өзінің кемшілігін көргісі келмеген сайын әйел мәселесі әдебиетте де кеш суреттеледі.

         Бір мысал айтайық, кезінде  «Женщина» деген роман жазған Арисима Таэконы өз елінде көпшілік қабылдамаған екен. Өйткені бұл шығарма күйеуінен ажырасып, дәстүрлі қоғамнан, оның міз бақпайтын қағида-ережелерінен қашып,  Америкада жаңа өмірін бастаған, бүгінгіше айтсақ өзін тапқан, өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезіне алған әйелдің өмірі туралы екен. Сол кезде әйелдердің өздігінен шешім қабылдауы, білімді болуы және қоғамдық аренаға шығуы ерлердің дәстүрлі билігіне қауіп төндіргендей көрінеді. Сондықтан кейбір топтар осындай шығармаларды «әлеуметтік жүйе мен тәртіпке қауіп» деп қабылдауы мүмкін. Оның үстіне біздің қоғам тарихи тұрғыдан бірыңғай дәстүрлі мораль нормаларын қорғауға бағытталғандықтан әйелді «өздеріне берілген еркіндікті асыра пайдаланушы» ретінде сипаттап, түсіндіргісі келіп тұрады. Соңғы кездері ер мен әйелдің арасында талқы көбейіп кетті. Әсіресе, әлеуметтік желіде кез келген нәрседен осы тақырыпқа ілік іздеп отырады. Бұлардың мақсаты не? Ер мен әйел арасына от жағуды көздегендерге не ұнамайды? Әйелдің еркін болғаны, өзіне өзі жауап бере алатындығы, кейде ерлермен жағаласып тәуекелге баратындығы ұнамай ма? Бірақ, уақытқа не істей аласың? 

Айтпақшы, жаңағы 1878 жылы туып, бір ғасыр бұрын (1923) қайтыс болып кеткен Арисима Таэконы жапондар бүгінде төбелеріне көтеріп отыр.

 

Өзімізді тануымыз үшін көбірек оқуымыз керек

Осы кезге дейін әлемдік деңгейдегі әдеби сыйлықтар алған әйелдер баршылық. Әйел тақырыбында жазып, көп ой айта алған Сельма Лагерлев, Пулитцер алған Эдит Уортоннан бастап Нобель алған Элис Манроға дейін (бүгінгі уақытта канадалық жазушының еңбектері жақсы аударылды, Артем Назаровтың өзі ютубте көп дүниесін оқып үлгерді), берідегі Людмила Улицкаяға дейін біраз мысал келтіруге болады. Мәселе сыйлықта емес, өз дәуірінің, кезеңінің кейіпкерін беру, оның қоғамға қатынасын толық ашуда. 

Осы жерде айта кетейік, шетелдік зерттеушілер соңғы жылдары жалпы прозада «глокализация» (бұл термин ұлттық мәдениет пен әлем әдебиетінің синтезі дегенді береді) үрдісі барын айтады, жас жазушылар өз туындыларында салт-дәстүрімен бірге жаһандық әдеби стильдер мен оқиғаларды біріктіруге ұмтылады. Олардың дәйегіне сүйенсек, ендігі жерде әйел тағдыры, әйелдің ішкі дүниесі, гендер мәселелері, жеке тұлға мен қоғам арасындағы қарым-қатынастар  бұрынғыдан ашық көрініп көтеріле бастады, біз бұл жаңа шығармаларды міндетті түрде  оқуымыз керек, ал ол үшін аударманы дамытуымыз керек.  

Әйелдің жан-дүниесіне үңілген, махаббат сезініп күйіп-жанған күйі, күйреген сенім, ақталмаған үміті, бәрі көрінген шығармалар арқылы көп ой айтылған шығармалар есіңде қалады. Мысалы, Лао Шэнің «Серп луны» атты шығармасында әкесінен ерте айырылған жас қыздың ауыр тағдыры баяндалып, жоқшылық, әлеуметтік қысым және әйел мәртебесінің төмендігі салдары оны жезөкшелікке, сотталуға дейін қалай итермелегенін көрсетеді. Оқиғаны бірінші жақтан баяндап, ішкі сезім мен тағдырдың қыспағын оқырманға терең жеткізген қытай жазушысы Лао Шэ бұл тақырыпқа неге барды?  Оның айтпағы – егер қоғам өзіне жоғарыдан қарап баға бере алатын деңгейге жеткісі келсе, әйел затының да уақытқа сай дамуына, қалыптасуына мүдделі болуы тиіс. Әйтпесе, ол жетілген қоғам ретінде жоғары деңгейге жете алмайды. Қарап отырсаңыз, әйелдері оқыған, қоғамға араласқан, өздерінің қабілетін ашып, соны ортақ игілікке жұмсаған елдің даму деңгейі бөлек те, әйелге үшінші сортты деп қарауынан танбаған қоғам бөлек. Бұдан бөлек арбашы туралы жазғанында да қалалық төменгі таптың күйін, дәстүрлі тәртіптің адам тағдырына әсерін, осыдан туындаған қиындықтарды жазған Лао Шэ сол кезеңдегі әлеуметтік өзгерістердің әйел тағдырына салдарын айта отырып, қоғамның көлеңкесін көрсетпек болды. 

 Шығармада әйелдің ішкі жан-дүниесі, қорғансыздығы, моральдық таңдау қиындықтары ғана емес, тұтас қоғамның моралдық төмендігі көрінеді.  Мысалы, мына жерін оқиық (аударып жатпай, сол күйі бердік): 

«Тюрьма – прекрасное место, которое помогает тебе окончательно почувствовать никчемность человеческой жизни; даже в своих снах я никогда не видела такого отвратительного фарса. Попав в тюрьму, я уже не думала о том, чтобы выйти отсюда; по своему опыту я знала, что там, на свободе, ненамного легче. Я не хотела бы умереть, если бы отсюда можно было попасть в лучшее место, но на самом деле такого места нет, а потому не все ли равно, где умереть! Здесь, именно здесь я снова увидела своего лучшего друга – серп луны. Как давно я его не видела! Что-то делает мама? Я все вспоминаю». 

Біздіңше, адам өмірден үмітін толық үзген кезде ғана осылай айтатын шығар. Бұл жерде түрме – тек жазалау орны емес, адам өмірінің құнсыздығын анық сездіретін жер болып тұр ғой. Бұның ауыр жері – кейіпкер түрмеге түскен соң еркіндік жайлы мүлдем ойламайды, себебі ол біледі, сырттағы өмірдің түрмеден артық жері жоқ. Ол өлімнен де қорықпайды, себебі өлімнен кейін жақсы өмір бар дегенге сенбейді. Сондықтан қай жерде өлетіні маңызды емес деп санайды. Оның жалғыз  серігі – ай. Ішкі әлеміндегі жалғыз жұбаныш, жалғыз досы сол деп есептегендіктен де, адамнан көрмеген жылуды айдан іздейді.

«Я высохла, болтала чепуху, перестала быть самой собой. Мои уста невольно мололи вздор, словно не могли без этого. Теперь лишь немногие из образованных оказывали мне внимание, потому что я утратила ту прелесть и беззаботность, за которую они называли меня «птичкой» – единственное, что я слышала от них поэтического. Я должна была одеваться так пестро, что стала походить скорее на фазана, чем на человека, – только таким образом еще удавалось завлекать мужчин попроще. Я красила губы в кроваво-красный цвет и кусала гостей – это приводило их в восторг. Иногда мне казалось, что я вижу свою смерть. С каждым полученным юанем во мне словно отмирало что-то. Деньги способствуют продлению жизни, но способ, которым я добывала их, наоборот, сокращает жизнь. Я видела свою смерть, я ждала ее. Мысль о смерти вытесняла все остальное. И о чем, собственно, думать, когда жизнь изо дня в день была такой. Мама – вот моя тень; в лучшем случае я стану такой же, как она. Распродав свое тело, я останусь с пучком седых волос и темной морщинистой кожей. Такова моя судьба. Я принужденно улыбалась, принужденно безумствовала; горе мое не выплачешь слезами. В жизни моей нечего было жалеть, но в конце концов это была жизнь, и я не хотела опускать руки. К тому же то, что я делала, было вовсе не по моей вине. Смерть страшна лишь тогда, когда жизнь прекрасна. Меня же не пугали муки смерти, мои страдания давно превзошли все, что несет смерть. Я люблю жизнь, но не такую. Я мечтаю об идеальной жизни, – жизни, подобной сну; этот сон исчезает, и реальность еще сильнее заставляет меня ощутить все невзгоды. Этот мир не сон, а настоящий ад». 

Бұл шынымен де табиғи болмысынан ажырап, жаны қурап, іштей әлсіреген, құрдымға кетіп бара жатқан адам. Сөйтіп отырып та оның ашық түсті киінуі, ернін қып-қызыл қылып бояп, өтірік жымиып күлуі  амалсыздықтан,  сыртқы әсер үшін өмір сүріп жүргенін көрсетеді. Ол өз қызметі үшін алған әр ақшасы жанын біртіндеп өлтіріп жатқанын да  сезеді. Ақшаны өзін қорлыққа салып, масқара қылып тауып жатқандықтан да солай. Сондықтан ол өлімді жиі ойлайды, одан қорықпайды, себебі көріп жүрген азабы өлім қорқынышынан да күшті болып қалған.

 

 

Жапон әдебиетінде де әйел құқын қорғап, оның қоғамнан өз орнын табуын көксеген шығармалар көп жазылған. Бұны ояну дәуірі десек те болатын шығар. Жапонның әйгілі жазушысы Фумико Энтидің «Пологий склон» атты шығармасының психологиялық қабаттары терең, әр жағынан келіп талдауға болады. Мазмұнын айту шарт емес, сондай бір кезеңдерде әйел затының құны мен қадірі бүгінгідей емес, оның сезімін аяқасты қылу кәдуілгі жайт саналған. Күйеуінің сеніміне ие болған әйел оның көп әйелге құмартқанына, қалауынша үйге әкелгеніне куә болады, көнеді, бір қарағанда осының бәрі оның рұқсатымен, келісімімен болып жатқан сияқты, бірақ, шын мәнінде оның ішінде не болып жатқанын ешкім білмейді. 

Энти не үшін осындай тақырып таңдады? Жазушы осындай жекелеген әйел тағдыры арқылы жүйе туралы айтқысы келді деп ойлаймын. Энти «өзім әйелмін, ендеше әйелді білемін ғой» демейді, әйелдердің ішкі дүниесін, олардың төзімі мен сезімдерін терең зерттей отырып, дәстүрлі патриархаттың кеселін көркем түрде ашады. Оған әсер еткен де жапон қоғамының модернизациясы мен соғыстан кейінгі моральдық дағдарыс болуы мүмкін. Маған оқырман ретінде шығарманың психологиялық терең тұстары әсер етті. Энти кейіпкерінің ішкі қабаттарын, намыс пен махаббат, қорлық мен төзімнің қиылысқан тұсын бере алған (өзі әйел болғасын шығар). Осы «Пологий склон» шығармасынан өзімізге ұнаған жерін оқырманға да көрсетсек деп едік. Мысалы, «Любовь, достигнув своего апогея, охладевала, катясь к неизбежному концу к ледяному аду». Осы сөйлемдегі «соншама ыстық сезімнің уақыт өте мұздай тозаққа айналатынын» көрсеткен көркемдік контраст шығарманың өн бойынан көрінеді. 

«Человек не в силах переделать свою жизнь сообразно своим желаниям, как бы он ни тщился. Прими свою участь и смирись» Бұл фаталистік ойға не деуге болады? Уақыт өтіп, жасың біразға келгенде, адам еркі шектеулі екеніне көзің де, көңілің де жете бастайтын сияқты.   «Зачем мне бороться? Зачем жить? Чтобы влачить жалкое существование в уродливом иллюзорном искаженном мире мужчин?» «Если впереди нас ничто не ждет, тогда все лишено смысла». Бұл енді таза экзистенциалдық ой. Болашаққа үміт болмаса, өмірде мән қалмайды.  Кейіпкердің ерте қайтыс болып кетуінің мәнін осыдан іздеуге болады. «Сколько бы мы ни мучились ни терзались, мы смертные никогда не сможем устроить жизнь в соответствии со своими желаниями и представлениями». Ал бұл адамның шектеулі табиғаты, қалауы мен шындығының сәйкес келмейтіні. 

«Даже добродетельный целомудренный человек должен заслужить право возродиться в раю, что же тогда говорить о грешнике? Человек может мнить себя праведником, но стоит ему раскрыть глаза и оглядеться по сторонам, как он сразу же поймет, что неотвратимость довлеет над ним и он порой даже неосознанно порождает бесконечное зло». Бір қарасаң, бәрі де қарапайым ойлар. Бұндайдың көкесін жазған қазақ жазушылары бар. Десе де бұларды алып отырғанымыз, адам өз әрекетінің салдарын толық түсінбейтіндігі және моральдық тұрғыдан өз-өзін алдау туралы ойымен қызық. Адамның соншама күрделі екендігіне тағы бір мысал. 

Жоғарыда біз мысалға алған үш шығарманың да жазылуының басты себепшісі– дәстүрлі, әлеуметтік және экономикалық құрылымның ішінде әйел өзін қалай сезінеді деген сұрақ болуы мүмкін. Бірақ, үш шығармада да бұл кейіпкерлердің әлеуметтік себептерге қарсы күресі емес,  жеке трагедия ретінде көрінеді. 

Осыдан кейін де сұрақ шыға береді. Әйелдердің өмірдегі таңдауы неге оны не деградацияға немесе мүлдем өз болмысынан ажырауға әкеледі?  Бұл әлеуметтік әділетсіздіктің шынайы көрінісі ме әлде бұған басқа жағдай себепші ме?  

***

Жақында бүгінгі жапон прозасындағы әйел жазушыларының шығармаларына тапсырыс бердім, оны түгел оқып шығуға уақыт керек, тағы оқи түссек, мүмкін, біраз сұрақтарымызға жауап алармыз деп ойлаймын.  Олар қазір не жазып жатыр, не айтады, қалай айтады, сол қызық бізге. Қалай десек те, Қытай мен Жапониядағы модернизация, соғыс пен экономикалық өзгерістер әйелдердің өмірін ерекше қысқандықтан, авторлар осы жағдайларды өздерінің шығармаларында айқын көрсеткен. 

Сонда қарасаңыз, мәселе, бақытты әйел туралы романның жазылуы не жазылмауында да емес, жалпы қоғам әйел әлеміне үңілуге ықыласты ма? 

Біз өзі не қарық қылып оқымайтын, не елден ерек қылып жазуға құлшынбайтын сияқтымыз. Ал негізі біле білгенге, әдебиет қайшы пікірлерді көтеріп, қоғамды ойландыратын құрал. Біз мысалы Лао Шэнің идеясын түсіндік, шын өзгеріс  білімнен және экономикалық өзгерістен басталады. Әйелдердің оқуын, кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейту арқылы ғана қоғам шын мәнінде деңгейге көтеріле алады. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan