Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Әйел теңдігі тарихына шолу...

Әйел теңдігі тарихына шолу

08.03.2026

50

Әйел теңдігі тарихына шолу - adebiportal.kz

Әлемдегі және қазақ топырағындағы әйел теңдігі мәселесі әр дәуірде қалай шешілді? Алаш арыстары бұл тұрғыда не деді? 

Еркек пен әйелдің құқығы тең. Яғни әйел мен ер адамның құқығы, мүмкіндіктері мен қоғамдағы орны тең болуы — заманауи дамыған қоғамның негізі. Оған сөз бар ма? Әрі бұл – біздің мемлекетіміз мысалында, ҚР Конституциясымен бекітілген қағида. Бұл түсінік бірін-бірі толықтыруды, құрметтеуді және отбасы мен еңбек саласында тең жауапкершілікті білдіреді, сонымен қатар гендерлік теңдік тек әйелдің ғана емес ер адамдардың да бақытты өмір сүруіне ықпал етеді.

Қазақстанда ерлер мен әйелдердің құқығы тең

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Зайырлы мемлекеттің заңдары ерлер мен әйелдердің теңдігіне кепілдік береді және ол Қазақстан Республикасының негізгі халықаралық шарттарында және ұлттық заңнамасында бекітілген. 

- ҚР Конституциясының 14-бабында заң мен сот алдында теңдікке кепілдік берілген және кез келген кемсітушілікке, оның ішінде жыныстық кемсітуге тыйым салынған;

- ҚР Еңбек кодексінің 6-бабында еңбек саласындағы құқықтар мен мүмкіндіктердің теңдігіне кепіл береді, оның ішінде жыныс белгісі бойынша, кемсітушілікке тыйым салынған. 

ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 30-бабында ерлі-зайыптылардың жеке және мүліктік қатынастардағы теңдігі бекітілген.

Гендерлік саясат жөніндегі халықаралық конвенциялар мен пактілерге қол қоя отырып, Қазақстан Республикасы – ер мен әйел теңдігін барынша қамтамасыз етіп отырған елдердің қатарында. 

Ерлер мен әйелдер құқығы теңдігі - жалпы дүниежүзілік ауқымда

«Әр елдің салты басқа» демекші, әлемде екі жүзден астам мемлекет бар, әрқайсысының аумағы картада алуан түспен боялғаны сияқты, олардағы гендерлік теңдіктің аясы да сан алуан. Яғни көбінде ерлер мен әйелдердің құқық теңдігі қалыпты болса, кейбір елдер «тең боламын, кең боламын деп кем болған» жағдайға тап болып отыр. Ал енді бір елдерде тіпті әйелдің ермен теңдігі мәселесі туралы ұғым-түсінік мүлде жоқ та. 

Осы ретте: «Еркек пен әйел арасындағы теңдіктің жалпы адамзаттық аспектілері қандай?» - деген сұрақ туындайды. Әлемдік тәжірибеде бұл теңдік үш аспектіде көрініс табатынын көреміз.

1. Құқықтық теңдік. Ерлер мен әйелдердің білім алу, жұмыс істеу, сайлау және сайлану құқықтары заң жүзінде тең.

2. Отбасылық теңдік: Түсіністік пен бақыт орнауы үшін отбасы мүшелері өзара қарым-қатынасты әрқашан бір-бірін сыйлауға, шешімдерді бірлесіп қабылдауға құруы тиіс.

3. Мүмкіндіктер теңдігі: Еңбек нарығында, басқарушылық қызметтерде және әлеуметтік өмірде жынысына қарап кемсітуге жол берілмеуі тиіс.

Әлем халқы осы үш аспектіде көрсетілген теңдіктің салтанат құруы жолында тынымсыз күресуде. Қазақстанда әйел затының оқып білім алуы, автокөліктен бастап жойғыш ұшаққа дейін тізгіндеуі, сайлауға қатысуы, ел басқаруы – ешкім таңғалмайтын әдепкі жағдай болғанымен, қазіргі күні дүние жүзіндегі біршама елдердің қыз-келіншектері бұл еркіндіктер мен құқықтарға әлі қол жеткізе алмай отырғаны да дәуірдің ащы ақиқаты. 

Әйел теңсіздігінің жеке отбасылық, дәстүрлік, наным-сенімдік, мемлекеттік, жалпыадамзаттық ерекшеліктері бар. Қазіргі заманда да өзектілігін жоймаған гендерлік теңсіздік мына түрде көрініс тауып отыр деп көріледі:

1. Экономикалық кемсітушілік. Әйелдер еңбекақы аз төленетін салаларда жиі жұмыс істеумен қатар, мансаптық өсу жолында «көрінбейтін кедергілерге» тап болады және үй шаруасының басым бөлігін ақы-пұлсыз атқарады.

2. Саяси және әлеуметтік саладағы кемсітушілік. Мемлекет басындағы әйелдердің үлесі өте төмен және көптеген елдердегі әлеуметтік нормалар әлі күнге дейін ер адамдардың басқару позицияларына негізделген.

3. Зорлық-зомбылық көрсету. Әлемдегі шамамен әрбір үшінші әйел заты физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық бойынша жәбір көреді.

4. Дәстүр мен құқықтағы кемсітушілік. Қазіргі күнге дейін әлемінің қырықтай елінде ұлдар мен қыздарға мұра бөлу құқығы бойынша айырмашылық бар және он сегіз мемлекетте ер адам әйеліне ресми түрде жұмыс істеуге тыйым салу құқығына ие.

Бұл аталған кемсітушілік жағдайлар – қазіргі күні де әлемнің әр түпкірінде азды-көпті мөлшерде бар және бола да бермек. Әйел теңдігі мәселесі қазақ топырағында бұрын қандай деңгейде болған және қазір қалай? Осы сұрақ қызықты... 

Ұлы Дала – жауынгер арулар мекені

Ұланғайыр Ұлы Дала төсін мекендеген халқымыздың бағзыдан бергі тарихына көз салсақ, ер мен әйел теңдігі мәселесі әрқашан қалыпты болғанын көреміз. Ежелгі грек, парсы, қытай, одан бергі итальян, неміс, поляк, орыс жиһангездері мен зерттеушілерінің жазбаларында көшпелі жұрттың әйелдері соғыста ерлермен бірге атқа қонып ел қорғайтындығы туралы жиі айтылады. Грек тарихшысы Геродот: «...Содан бері сармат әйелдері өздерінің ескі жоралғыларын сақтап келеді: ерлерімен бірге я жеке-дара атқа мініп аңға шығады, еркектерімен бірдей киім киіп жорыққа аттанады. Ал үйлену жоралғыларына келер болсақ, қыз баласы жауын жастандырмай жатып тұрмысқа шыға алмайды. Сондықтан жоралғыны орындай алмағандықтан, отбасын құра алмай, кемпір болып өмірден өтетін қыздарда болады», - деп жазады. 

Грек аңыздарындағы жауынгер әйел заты – амазонкалар, елін қорғап қарсы шыққан ұлын өлтірген парсының басқыншы патшасы Кирдің басын кесіп, өзінің қаны құйылған меске тұншықтырған Тұмар патшайым, махаббаттан елінің азаттығын жоғары қойған Зарина сұлу – арғы дәуірдегі жауынгерлік дәстүр туралы аңыздардың сақталған жұқанасы ғана.

Аруларымыздың қоғамдағы айтулы орны, белсенді іс-әрекеті, ерлігі мен естілігі көнеден бүгінге дейін ұласып жатқан рухани қазынамыз халық ауыз әдебиетінде анық көрінеді. «Ертөстік» ежелгі ертегісінің басты қаһармандары Бекторы мен Кенжекей, батырлық жырлардағы ақ найзасын қолына алып, ерлерше шайқасқан Қарлыға сұлу, жүйрік бапкері Қыз Құртқа, ақыл-парасатымен Төле биге сүйеніш болған Данагүл келін, «қылышын қынапқа салмаған» Гауһар батыр мен оның тұңғышы Назым ару ... Мысалдар көп-ақ. Бір айта кетерлігі: қазақ өзінің арғы-бергі тарихында қайсыбір халықтар сияқты, өзінің қыз баласынан жерініп, оны жерге тірідей көміп, әйелді тасборан атып өлтіріп, аяусыз азаптаған тасбауыр халық емес. Қазақ қоғамындағы ер мен әйелдің отбасылық қарым-қатынасы берік дәстүр мен өзара сенімге құрылған.

«Түркілік қоғамда әйелдерге кең құқықтар берілген, олар мемлекеттік істерге белсене араласқан. Тақтың мұрагерін ана тәрбиелеген», - дейтін, ойшыл ақын Олжас Сүлейменовтің сөзі  бар.

«Қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры» деп Шоқан Уәлиханов жазғанындай, Абылай заманынан кейінгі біртіндеп бытыраулық пен бодандыққа түскен дәуірден еркіндік пен теңдіктің нышанындай болған әйел затының іс-әрекетін арқау еткен әдеби туындылар жоққа тән десек болады. Хан Кененің жауынгер қарындасы Бопай, Көтібардай батырды айласымен тұсаған Айман арулардың заманы да, сипаты да басқаша.

Қазақ әйелінің басына қара түнек орнаған заман

ХІХ ғасырдың орта тұсынан ХХ ғасырдың басына дейінгі кезең – қазақ әйелінің тағдыры үшін нағыз күрделі заман болды. Бұл тұста қазақ қоғамындағы әйелдің орны – от басы-ошақ қасында ғана қалды деуге толық негіз бар. Оған куә – сол дәуірде дүниеге келген әндер мен жырлар. 

Қорқамын шымылдықтың құруынан,

Бір жаман қолын сұғып тұруынан.

Дүниеде қыздан соры жан бар ма екен,

Айрылып кете барар руынан, - 

деп Арқаның ардагері Ақан сері мұңдана «Аужарын» айтып запырандай ащы зарын төксе, «Біржан мен Сараның айтысына» да осы әйел тағдыры тиек болады:

Тақсыр-ау, күні құрсын ұрғашының,

Билігі болмаған соң бір басының.

Тері-терсек берген соң ит те алады,

Бұлындай берекесіз арбашының.

«Шалекең алмайды, малекең алады» дейтін қара түнек заманда қазақ қызының тағдыры мал бергеннің ойыншығына айналғаны рас еді. Бұл келеңсіз жағдай ХХ ғасырдың басында тіпті өрши түсті. Осы кезеңдегі алғашқы қазақ басылымдарын шығарушы ұлт зиялылары әйел теңдігі мәселесін жиі көтерді. Басылым бетінде жарық көрген бірен-саран қазақ қыздарының  туындылары та осы әйел тағдырын арқау еткен. Және олардың барлығы дерлік трагедиялық финалмен аяқталатыны – бекер емес еді.

1911-15 жылдары «Уфа» қаласынан шығып тұрған «Айқап» журналында басылған Сақыпжамал Тілеубайқызының «Қыз батасы», «Айналып қара, жұрт ағасы сендер де» атты өлеңдерінде қызды малға сату жағдайы айтылады:

Қыз алатын алпыстағы қызыл көз,

Қой мұныңды мұнан былай күдер үз.

Жетер енді солдырдың көп алманы.

Көз алартпақ ынсап етер келді кез.

Кедейлерім сен де келші ынсапқа,

Алмаңызды қуарттырмай тың сақта.

Жарлы болсаң, міндеткер ме қыздарың,

Ұстап бердің қанша зарлап тұрсақ та.

Еуропада, соның ішінде Патшалық Ресейде әйел теңдігі мәселесі біртіндеп көтеріле бастаған тұста, қазақтың ақын қызы өз қоғамына осылай үндеу тастап, болашаққа сенім білдіреді. Бай мен кедей арасындағы қыз саудасына қарсылығын айтады.

Әйелдің оқып, білім алуы – Алаш арыстарының ұлы арманы болды

ХХ ғасыр басында өмір сүрген қазақ оқығандары да әйел теңсіздігі мәселесіне жан ауыртып, қатты көңіл бөлді. 1907 жылы Алаш қайраткері Міржақып Дулатов «Жесір дағуалары хақында» атты еңбегінде әйел адамдардың азаматтық құқығын қорғау қажеттігіне тоқтала отырып, ата-аналардың балаларына бесіктен құдаласуы, 60-70 жастағы шалдарға 15 жасар қыздарын беруі сияқты салттарға қарсылығын білдірді. Ол қыздарды 17-18 жасқа толғаннан кейін ғана тұрмысқа беру қажеттігін ескерте келе: «Әйелдердің азаматтық құқығы қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайын анықтайды және елді өркениетке жетелейді», - деп ескертеді 

Әйел теңдігі – күйіп тұрған мәселе болғандығы соншама, алғашқы қазақ романдарын жазған С.Дөнентаев, М.Дулатов, С.Көбеев, Т:Жомартабевтар өз туындыларын дәл осы мәселеге арнады.

Ер мен әйел теңдігінің бір көрінісі – сайлауға қатысу құқығы. Еуропада әйелдерге сайлау құқығы 1718 жылы Швецияда берілген. Онда да тек гильдиялық санаттағылар мен салық төлейтін әйелдерге ғана қатыса алған. 1893 жылы алғаш Жаңа Зеландияда әйелдердің сайлау құқығы заңмен бекітілген. Ресейде әйелдердің сайлау құқығы 1917 жылы 15 сәуірде А.Керенский басқарған Уақытша үкіметтің қаулысымен бекітілген. 

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Қазақ газетінің 1917 жылғы №229 санындағы «Сайлау хұқы» деген мақала жазып, әйелдерге ерлермен бірдей тең құқық беру керектігін алға тартты. Мұны Ресей Думасына да қояды. 1917 жылдың 25 сәуірі мен 7 мамыры аралығында Орынборда өткен жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясы қазақ әйелдерінің теңдігі туралы мәселені көтере отырып, мынадай қаулы қабылдайды:

1. Әйелдер мен ерлердің саяси құқығы тең болу керек.

2. Әйел өзінің күйеуге шығу мәселесін өзі шешеді.

3. Қалың малды жою.

4. Қыздарға 16 жасқа дейін, ер адамдарға 18 жасқа дейін үйленуге тыйым салу.

5. Үйлену үшін күйеу жігіттің ғана емес, қалыңдықтың да келісімі қажет.

6. Жесір әйел кімге күйеуге шығарын өзі шешеді.

7. Екі әйел алу тек бірінші әйелдің келісімімен ғана орындалады.

Бұрынғы Ресей империясы аумағындағы билікті қолына алған большевиктер 1918 жылы қабылданған Конституциясында ерлер мен әйелдердің заңдық тең құқылы екендігін бекітті. Осыдан кейін қазақ әйелдерінің тек құқығына негіз қаланды. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары әйел теңдігін орнату жолындағы қым-қуыт кезең болды. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі», Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунисі» осы аумалы-төкпелі замандағы қазақ қыздарының тағдырын, өсу жолын бейнелейтін туындылар.

Сиыр пұл, әйел би болады: орындалған болжау

Алаш зиялыларының да, жалпы қазақ оқығандарының үлкен арманы – қазақ қыздарының оқып, білім игеруі еді. Қалай десек те, кешегі кеңестік дәуірде осы арман молынан жүзеге асты. Қазақ қыздары халық шаруашылығы мен білім-ғылым, әдебиет пен мәдениеттің барлық саласында еңбек етіп танылды.

Орта Азиядағы алғашқы әйел ғылым докторы да қазақ қыздары арасынан шықты. 1944 жылы бірегей оқу орны ҚызПИ құрылуының өзі де қазақ қыздарының білім-ғылымға деген әлеуетіне, болашағына деген сенім болатын. 

Кеңестік кезеңдегі тың игеру, комсомол жастар бригадасы т.б. науқандарға да белсене араласа жүріп те қазақ әйелдері ұлтымызды рухани, демографиялық құрдымға құлдыраудан аман алып қалды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы ашқұрсақтау дәуірде де қазақ аналары алыс-жақыннан  ала қап арқалай жүріп азық пен киім тасып, отбасын, әулетті, елді асырады, есейтті. Сол есейген, ес жиған заман – осы. 

«Әйелдің жұмысы, еркектің жұмысы» дейтін түсінік өзгерген заман. Сонау замандарда «өмірге бала әкелуші» ғана рөлінде түсінілген әйел заты – бүгіндері отбасының асыраушысы да болып отыр.

Жоғарыда айтылғанындай, мемлекетіміздегі ерлер мен әйелдердің теңдігі мәселесі Конституциялық заңдармен бекітілген. Сондықтан бұл жөнінде қандай бір келеңсіздіктер көрініс тауып жатса, ол – жеке адамдардың құқықтық сауатына, отбасы ерекшелігіне, кейбір жағдайда ұяңдық менталитетке ғана қатысты болса керек. Әйел затын құрметтеп, ардақтап аялай білген мемлекеттің болашағы жарқын екенін әлем халқының көп бөлігі мойындаған дәуір – бұл. Қазақ елінің осы сапта екені көңілге әр кез жылылық ұялатады.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan