2025 жылдың 13 қараша күні, сағат 11.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұлтымыздың рухани қазынасына сан ондаған тамаша әндер мен романстар қосқан көрнекті композитор Әбілахат Еспаевтың туғанына 100 толуына арналған «Ә.Еспаев – ән жанрының шеңберін кеңейткен композитор» атты музыкалық кеш өтті.
Гибридті форматтағы мәдени іс-шараға қатысушылар офлайн-онлайн режимі бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды. Іс-шараның тізгінін ұстаған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ғылыми хатшысы ақын, халықаралық «Абай» қорының басқарма мүшесі Аслан Ғафуров қатысушы құрметті қонақтарды таныстырды.

Композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені иегері Жоламан Тұрсынбаев алғашқы болып сөз алды. Өз сөзін Мұқағалидың:
Анау – аспан, мынау – бақ,
Аспанда бұлт, бақ жадау.
Мамық ұшты, қылаулап,
Қыс та келіп қалған-ау, -
дейтін әйгілі өлеңімен бастай отырып, мұны Мұқағали менен Әбілахат – тағдырлас шығармашыл жандар екендігімен түсіндіріп, әйгілі композитор Әбілахат Еспаевтың өмірдерегінен сыр шертті: «Біз ол кісіні Ахат дейтінбіз. Ағамен бірге жұмыс істедік. Әбілахат ағадай шығармашылығы халыққа кең тараған композиторлар сирек. Бірақ солай болса да кеңестік билік ол кісін мойындаған жоқ.

Екеуі де жоғары білімді толық аяқтамағандықтан, мойындалмады. Әбілахат аға сонау Қостанай өлкесінде кіндік қаны тамған. Әкесі Ыбырай Алтынсаринмен аталас туыс, әрі Алаш қайраткерлерімен байланысы бар, ауқатты тұқымнан болғандықтан, ұсталатынын біліп Жамбыл облысының Меркі ауданына көшіп кетеді. Бес баланың төртеуі, отанасымен бірге аштық заманында бір күнде қайтыс болып, Әбілахат отбасында жалғыз бала болып өседі. жерінде өсіп-өнді. Бүгінгі тәуелсіз мемлекет болуымызға Әбілахат бірегей үлес қосқан тұлға. Біз бала кезімізде махаббаттың не екенін «Әлі есімде» әні арқылы таныдық. Барлық әндері хит болды. «Одағым – бақыт ордасы» атты әні бүкілодақтық сайыста екінші орын алған болатын», - деп атап өтті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серік Жексембекұлы Еркімбеков өз сөзінде Әбілахат Еспаевтың майдангер композиторлардың бірі екенін атап өтті. «Әбілахат Еспаев тек әндер ғана емес, көптеген сахналық қойылымдардың музыкасын жазған. Ол бір күрделі жұмыс. Симфониялық оркестрге, қазақ ұлт аспаптары оркестріне арнап жазды. Көптеген романстары қандай тамаша еді. Ол кісі уақытында бағалаған жоқ. Ол заманда құжаттарды дайындап жібереміз, Мәскеуден ғана бекітетін. Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев т.б. танымал композиторларымыздың одаққа өтпеуі – сол құжаттарға байланысты болған болуы керек. Бірақ уақыт бәріне төреші, бұл тұлғалардың туындылары халықтың аузында, жүрегінде», - деп атап өтті.

Зуум жүйесі арқылы іс-шараға Алматы қаласынан композитордың қыздары, Ұлттық ақпараттандыру орталығы, Алматы қаласы оқу орталығының басшысы Гүлмира Еспаева мен Мұхамеджан Тынышпаев атындағы университет ректорының кеңесшісі Гүлсім Еспаева қатысты. Сондай-ақ осы әулеттің күйеубаласы, белгілі актер Сырым Қашқабаев арнайы келіп қатыстып, өз ойларын ортаға салды.
Гүлмира Әбілахатқызы өз сөзінде бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға әулет атынан алғыс-ризашылығын білдірді. «Біздің әкеміз соғыста жараланып, жүрегінің тұсындағы оқ жарықшағы өмір бой алынбаған күйде болды. Сондықтан бізге күліп: «Мен кең жүректі адаммын ғой», - деп айтатын еді. Жарықшақтың әсерінен жүрегі үлкейе жүріп небәрі елу бес жасында өмірден өтті. Әкеміз білімді, нағыз зиялы дейтіндей адам еді. Атамыз да мектеп директоры болған, білімді адам еді. Анасы Зылиха әжеміз де өнерлі кісі болыпты. Өнері ана жағынан да дарыған болар. Әкеміз офицерлер оқуын оқыды. Осы мамандығы бойынша сабақ берді. Жарақат алған соң атамыз Сталинге хат жазып, ұлын әскерден босатуын сұрайды. «Қартқа ұлы қайтарылсын!» - деген рұқсатнамадан кейін, әкеміз 1948 жылы қайтып келеді. Шу жақта, бұрынғы Новотроицк, қазіргі Төлеби ауылында мектепте мұғалім болып, әскери тактикадан сабақ берді.

Сол жерде анамызбен танысып үйленген. Кейін, 1951 жылы Алматыға көшті. Алғаш ҚазМУ-ге, тарих факультетіне оқуға түскен. Үш жыл тарих факультетінде оқыды. Әкеміз қазақша, орысша да бірдей сауатты болғандықтан, кейбір сабақтардан мүлдем босататын болған. Бірде әкеміз әйгілі композитор Латиф Хамидиге жолығып, өзінің шығарған әнін көрсетеді. Сонда ол кісі: «Бәрін тастап ән жазуың керек», - деген екен. Әкеміз ары қарай музыкаға беріліп кеткен деуге болады.

Отбасымызда бес бала болдық. Біз қанша шуласақ та, ол кісі қабақ шытпайтын, тамаша жан еді», - деп әкесі жайындағы жылы естеліктерін бөлісті. Гүлсім Әбілахатқызы да өз сөзінде әкесінің туғанына 25 қарашада жүз жыл толатынын айта отырып, анасының мектепте сабақ бергенін, сол кездері анасының әріптестері ашық сабақ берер кезде үйге келіп дайындалатынын, сол қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері композитор Әбілахат Еспаевқа өз жазбаларына түзетулер жасаттырып, ақыл-кеңес алатын еді деген естелігін айтты: «Латиф Хамидидің ұсынысынан кейін Чайковский атындағы музыкалық училищеге түседі. Ары қарай консерваторияға түседі. Мұнда 3-4 жыл оқып, сосын шығып кетеді. Отбасымыз үлкен: бес баламыз, ата-әжеміз және бар, сондықтан, әкеміз оқудан шығып консерваторияны аяқтамастан, радиоға жұмысқа кірген еді. Отбасын асырау керек болды. Әкеміз бағдарламаларды жазғанда, өзінің әндерін қоспауға тырысатын еді. Сондай қарапайым жан болды»

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сырым Қашқабаев өз сөзінде Әбілахат Еспаевтың есімін, шығармашылығын бүгінгі ұрпаққа лайықты насихаттау керек екеніне тоқталып өтті. «Әбілахат атамыздың совет заманында дәріптелмеуі, атақтарға ұсынылмауы, мүмкін сол алашордашылармен байланыста болған бай әулеттен шыққандығынан болар, бәлкім. Ол кісілердің өмірбаянын толықтап айтпауы да «бізден кейінгі ұрпаққа кесірі тиіп кетпесін» дегендіктен болар», - деген ойды айтып өтті. «Қалай болғанда жүректен шыққан шынайы өнер жерде қалмайды. Ол тыңдарманын, көрерменін табады, ел аузында қалады», - дей келе, қазіргі күні байқалып жүретін бір келеңсіз жағдай: әннің сөзі мен әуенін шығарған авторлардың аты-жөні аталмай, бейне бір оны орындаған әншілердің туындысы сияқты айтылатын сорақылыққа бейжай қарамау керектігін ескертіп өтті.

К.Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Музыкатану және композиция» кафедрасының меңгерушісінің міндетін атқарушы, аға оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Диля Дуиесинова Әбілахат Смағұлұлы Еспаевтың өмірі, шығармашылығы жайлы кеңінен тоқтала отырып, баяндама жасады.

«Әбілахат Еспаев әндері халық жадында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ал шығармалары халқымыздың қуанышы мен мұңына, арман-тілегіне орай әуезді әуенге айналып әр жүректен орын тапты. Әбілахат Еспаевтың шығармашылығы негізінен вокальды музыкаға арналады. Ол 240-қа жуық әндер мен романстардың авторы. Оның «маржан қыз», «Жайық қызы», «Қыз қуу», «Ұстазым менің, ұстазым», «Қайдасыңдар, достарым» сияқты әндері халық арасында кеңінен танымал», - дей келе «Туған ел» әні 1942 жылы дүниеге келгенін атап өтті.
Танымал әнші Клара Төленбаеваның орындауындағы «Туған ел»,Нұржан Жампейісовтің орындауындағы «Маржан қыз» әндері You Tube желісінен тыңдатылды.
ҚХР еңбек сіңірген артисі, М.Жұмабаев атындағы Халықаралық колледжісінің Музыкалық мәдени орталығының жетекшісі Даму Оралғазыұлы өз сөзінде арғы беттегі қазақтарға әйгілі композитор Әбілахат Еспаевтың музыкалық туындылары байырғы халық әндері іспетті жеткенін, мұндағы бір ерекшелік: кейбір әндерінің сөзі басқаша айтылғаны туралы өз лебізін білдірді.
Астана қаласындағы «№1 балалар музыка мектебінің «Алау» хор ұжымы (жетекшісі Айнұр Имухамбетова) Әбілахат Еспаев әндерін орындады.
Қазақтың көрнекті композиторы Әбілахат Еспаевтың (1925-1980) ғасырлық тойы елорда Астана мен еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде атап өтілері сөзсіз.
Себебі қазақ ән әлемін Әбілахат Еспаевтың әйгілі «Ұстазым менің ұстазым», «Қайдасыңдар, достарым?», «Ақ сәуле», т.б. әндерінсіз елестету мүмкін емес қой. Әйгілі композитор Әбілахат Еспаевтың мәңгілік ән-ғұмыры туған халқымен бірге жасай бермек!
