Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Айгүл Бейсемхан. Тағдырымнан күтіп, тәтті несібе...

14.02.2025 723

Айгүл Бейсемхан. Тағдырымнан күтіп, тәтті несібе 12+

Айгүл Бейсемхан. Тағдырымнан күтіп, тәтті несібе - adebiportal.kz

Сағыныштың маусымы ғой – мына күз

Сағыныштың маусымы ғой – мына күз,

Әр көңілден қозданады бір аңыз.

Барандаған жастық шаққа үңілсек,

Сенделтеді қырық саққа қылаң із.

 

Бұлбұл үнін ымырт сүйіп, таң тыңдап,

Нұрға шомып жайнаса да алтын бақ.

Мамыражай күнге сүйеп арқаны,

Отырамыз ескі елестен ән тыңдап.

 

Бұлтқа тиіп тұрса дағы төбеміз,

Жоғалтқанмен жүрегіміз тел-егіз.

Өткен күннің өрнегінен мұң ішіп,

Дегдар уақыт бұйрығына көнеміз…

 

Өкінішті жанымызға кеш бөлеп,

Ұмытуға таба алмаймыз еш себеп.

Оралмайтын кейбір сәтті аңсаймыз,

Жалқы мәрте,

Бір жалт етіп өтсе деп.

 

Сағыныштың маусымы ғой – мына күз,

Қиял жібін жинай алмай тұрамыз.

Біздер жүрген асфальттың барады,

Жетегінде балғын жігіт, бұла қыз.

Олардан да қалар ертең бір аңыз?!

 

Көкірегімде бүрлейді бала хаттар

Жадымдағы жасырын көлеңкеден,

Сурет күліп қарайды, мен өртенем.

Нәп-нәзік сағынышқа арқау болған,

Қолфонымда сақтаулы көп ертеден.

 

Сол бейнеден сыр ұрлап қарашығым,

Арманымды жұлдыздан ары асырдым.

Жетпейтінге ұмсынса үкілі үміт,

Мұңның бұлты басады сана-шыңын.

 

Жанарында жалынды ғаламат бар,

Көңілдегі байқаусыз жанады ақ қар.

Кездестіріп баяғы көктемімді,

Көкірегімде бүрлейді бала хаттар…

 

Мен үнсіз,

Сурет тілсіз,

Ұйып ымырт,

Кеш  жылжып ала барқын үйіріліп.

Нән қалаға сыймаған бұл жүрекке,

Көше шамы қарайды жиы күліп.

 

Хат жаз маған, жаныңның жылуымен

Хат жаз маған, талдырмай жыр қанатын,

Айтылмаса мәңгілік сыр қалатын…

Лебізіңмен бір ауыз нұрға бөле,

Дір қағатын жанымды, мұңға жақын.

 

Күндер сынап жүргенде күдігімен,

Хат жаз маған, жаныңның жылуымен.

Жадырайын көктемгі қызғалдақтай,

Түңілуден алыстап, үгілуден.

 

Хат жаз маған, сезімді төгілдіріп,

Төгілдіріп, сыйлайтын көңілге үміт.

Ұшып-қонып қасыңа жетсін жүрек,

Тізгіндеген берместен төзімге ырық.

 

Елес алдап, күлгенде сағым билеп.

Хат жаз маған, қи дағы жарым минут.

Теңіз сынды толқысын көкірегім,

Ақ моншағы шашылып ағын күй боп…

 

Хат жаз маған,

Өрнектеп екі жұлдыз,

Күндерімнің сезілсін кеші күндіз.

Армандармен қауышып алаулайық,

Сағыныштың құлыптап есігін біз…

 

Сарылудың кірпігіне шық тұрып

Сағынышым санап өткен

Күн, айды,

Үміт үнсіз, төзімімді сынайды.

Тыңдай-тыңдай бұла мұңның сыбырын,

Күрсіністер көкірегімнен құлайды.

 

Тағдырымнан күтіп, тәтті несібе,

Сан босадым, сан ширығып есіле.

Сол қалқамның,

Еріп кеткен арманым,

Қиыр жайлап, алыс қонған көшіне.

 

Жасаса деп,

Ай амалын, жыл емін,

Қиялыммен қыдырамын түн елін.

Сағымынан сарқын сәуле дәметіп,

Елесіне жүгінеді жүрегім.

 

Сетер сезім еркелігін ұттырып,

Сарылудың кірпігіне шық тұрып.

Жұбатамын алабұртқан көңілді,

Келмейтінді күттіріп…

 

Қалқама хат

Қалқам қандай,

Сұлу саздан жаралған,

Көрмей, білмей сезіміне қамалған.

Тұнып тұрған тұлғасына тұңғиық.

Үңіледі үлпіл үміт, бар арман.

 

Күндеріме қырын қарап күлегеш.

Ерке мұңға бастай берер бір елес.

Түпсіз терең тылсым күйге тербеліп,

Тыныштығым болды жақын түнемес.

 

Көзімді ілсем, түсімде сол түнімен,

Хат жазамын айдың аппақ нұрымен,

Күрсіністер арасынан күмілжіп,

Жауабына күтем тек бір жылы дем.

 

Өртей-өртей түгетсе де есемді от,

Қалқам жайлы қиялдарды кешем көп.

Сырлы үннің ырғағына айналып

Қалсам ба екен…

Жүрегіне мекендеп.

 

Ымырт ырғағы

Әлеміне қызыл нұрды тұндырып,

Кешкі шапақ,

Жалын жұтқан мұңлы бұлт.

Ұшты тағы тіршіліктің бір күні,

Календардың бір шырпысын сындырып.

 

Уақыт жібі сетінеген күйменен,

Қысқарады өмір атты күймеден.

Қалжыраған тау етегін айналып,

Салқын самал боз далада билеген.

 

Көлегейлеп бетін жапқан күлкімен,

Өкінулер, қайғырулар мың, түмең.

Еһ, дариға, аспан асты қимастық,

Адамдардың сезімінде кілкіген.

 

Күреңіткен қунақылау күз рең,

Құйылады жапырақтың жүзінен.

Кешігулер, күрсіністер аңқиды.

Уақыттың сорапталған ізінен…

 

Жүрекке жазған хаттардың күрсіністері

Басқаша күйге бас шұлғып, бөленбеді арман,

Центрін сызып, баяғы көлемде қалған.

Ескі елесімді айналам пәруана болып.

Көңіл көзімді кетпестей көгендеп алған.

 

Өткеннің сипап жалынын қиял қанатым,

Үміт бозаңдап, жүрегім жиі алданатын.

Кеудемдегі өрттің ішіне тағдырым түнеп,

Жанардың мөлдір шығымен сый арналатын.

 

Қынжылыс бардай, бір кемдік халін мүлгітіп,

Барады жастық ішіне жалынын жұтып.

Жанымның жалғыз бөлмесін бөгдеге ашпадым,

Ақ мәрмәр сынды кір шалмай қалуын күтіп.

 

Жылысқан мезгіл, жоқ сірә іркіліс шегі,

Тағы да дода булыққан бұлтым іштегі.

Телміреді аңғал далаға терезені ашып,

Жүрекке жазған хаттардың күрсіністері.

 

Жантаяр жазда қондырып ғұмырды күзге,

Сарғайтар бірге сөндіріп іңірді түз де.

Жұлдызды мекен жеткізбей мұң арқалатып,

Уақыттың ізі өрнекті ілінді жүзге.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар