Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Айгүл Омарова. «... Махаббат толы ғажап тұлғамын.....

12.12.2019 5812

Айгүл Омарова. «... Махаббат толы ғажап тұлғамын...» 16+

Айгүл Омарова. «... Махаббат толы ғажап тұлғамын...» - adebiportal.kz

( Ақын Әділбек Қаба өлеңдеріндегі махаббат тақырыбының жырлану шеберлігі хақында)

Поэзия – әсемдік, әдемілік, сезім патшалығы, сұлулық әлемі. Поэзияның өн бойынан есіліп тұратын көркемдік айшықтары іштей үйлесім тауып, жымдасып барып, өлеңді біртұтас бітім етеді. Поэзияның осы бір құдіретті қасиеті оқырманды баурап әкетіп, жанын нұрландырып, өлең деген ерекше әлемге болмысыңмен ендіріп жібереді. Жыр сүйер оқырман өлеңнің сұлу да тұтас бітіміне ену арқылы лирикалық кейіпкердің ішкі жан дүниесін тани алады. Ал өлеңнің қыр мен сырын жақсы тани алған оқырман ақынның сөз өнеріндегі ерекшеліктеріне үңіле түседі. Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш » еңбегінде : «Өлең кестесі айшық деп аталады. Айшық түрлі – түрлі болады. Мәселен, бір өлеңнің айшығы былай келеді : Алыстан сермеп, Жүректен тербеп, Шымырлап бойға жайылған, Қиуадан шауып, Қисынын тауып...» - дейді.

Сөз өрнегінің қисынын тауып, қиюластырып, нәрлі де сұлу сөз сиқырын ұсынар ақындарымыз да жетрлік. Солардың бірі – Әділбек Қаба.

Осы мақалада ақынның махаббат тақырыбындағы өлеңдеріне кеңірек тоқталып өтпекпін.

Ақынның өлеңдеріндегі ой-толғамдар оқырманды үнемі жетелеп отырады. Әр өлеңін оқыған сайын көңілге бір сыр түйіп , ой тұжырымдайсың. Ақын поэзиясында салыстырмалы суреттер жиі кездеседі. «Жанымыз бірге» атты өлеңі:

Мен түн болсам...

Сен таң болар едің,

Мен - дене,

Сен - Жан болар едің.

Мен - тамыр,

сен - қан болар едің,

Бойыма тарап...

жанданар едім, - деп басталады. Психологиялық параллелизм өлең табиғатын ашып тұр. Таң мен түн, дене мен жан, тамыр мен қанды қатар қойып суреттеу арқылы махаббаттың өзі тек жалқыдан ғана емес, егіз, қос үндестіктен тұрады деген ой түйіндейді. Қатар қойылған құбылыстар, заттар ойды тереңдетіп, дамытып, бірін-бірі толықтырып тұр. Сондықтан да:

Мен Аспан болсам,

Сен Күн болар едің,

Мен Жер болсам,

Сен Нұр болар едің.

Сен шөл болсаң,

мен құм болар едім,

Мен бақ болсам,

сен гүл болар едің! - деуі әуелгі егіздік ұғымын толықтыра түседі.

Өлеңді оқығанда оның тақырыбын ғана ашып, ойын жалаң мазмұндаумен шектелсек, тек сыдыртып, атүсті оқу шеңберінде қалып қоятынымыз белгілі.

Ақынның образ жасау, яғни тілдік шеберлігіне , көркемдігіне баса көңіл бөлу керек. Мәселен, «Сені көргім келеді де тұрады » атты өлеңінен үзінді келтірейік.

Сүйемін-ау, сүйем сені сірә, әлі...

Сөнбейтұғын махаббаттың шырағы.

Көрінгенде көк аспаннан керім Ай,

Сені көргім келеді де тұрады.

Осы шумақта сүйген жанын сөнбейтін махаббаттың шырағына балап, көк аспандағы керім айды қатар қояды. Түнгі жарық Ай поэзиядағы кіршіксіз сағыныш сезімінен туған махаббаттың, пәк көңілдің символы іспеттес. Осылай суреттей отырып, ақын оқырман ықыласын өзіне аудартып, сезім құшағына қысып алғандай болады. Ақын оқырманды сөзімен дуалап, жаныңызға жайлы сезім ұялатады, көңіліңізді жібітіп, қолыңыздан ұстап, адамдықтың сара жолына салады. «Қарғам-ай, қызық-ау өмір сүйе білгесін»,- дейді ақын. «Өмір сүрудің екі түрі бар: шіру мен жану. Қорқақтар мен сараңдар мұның біріншісін, жомарт жандар екіншісін таңдап алады»- деген екен М.Горький. Ақынның махаббат тақырыбындағы өлеңдерінде сезімге берілу не қамығу мен түңілуден гөрі өмірге, келешекке ұмытылдыру басымырақ көрінеді. Ақын оқырманға қалай сүю керек екендігін айтып, құрғақ үгіт айтып отырған жоқ, бәрі де өзіңе байланысты, тығырықтан шығар жолды іздеп тап дегенді астарлы жеткізіп тұрғанын аңдау қиын емес.Сондықтан да «Аспаннан саған қарап тұрамын» атты өлеңінде махаббаттың азабынан баз кешкенде күндердің күні аспаннан қарап, періштедей қорған болып тұрамын деген ойды өрбіте келіп:

Махаббат толы ғажап тұлғамын,

Өзіңді сірә, қалап туғанмын.

Тірлікте сүйші, қажет пе қалқам,

Аспаннан саған қарап тұрғаным, - деп аяқтайды. Ол да мүмкін... аспаннан қарап тұрармын. Бірақ осы өмірде сүй, бақытты сезін деген жігерлі оймен аяқталады өлең.

Өлеңдеріндегі сурет әйтеуір сурет салу үшін алынбайды. Бар сурет бір-бірімен иық сүйесе келіп, біріндегі әсемдікті екіншілері іліп әкетіп, дамытып, тұлғаланта түседі. Үшіншіден, бұл тұлғалантулар жымдасып, өріле келе,- бәрі бір ортақ идеяға жүгінеді.

Сөзіміздің дәлелі ретінде:

Ай таңбалы маңдайыңнан өбіп Күн,

Мені аңсап жүр ме екенсің көріктім.

Айға қарап талай қолды жайып ем,

Айдай керім, сұлу болып кезіктің, - деген өлең жолдарын алайық.

Осы жолдардағы «Ай таңбалы маңдайы» деп отырғаны ақынның махаббат лирикасында бірнеше рет кездесетін образ. Ол өлеңнің әркімге емес, негізінен бір жанға арналғанын байқатады. Білетініміз, Күнсіз Ай сәуле шаша алмайды. Яғни, сол Ай таңбалының маңдайынан өбетін Күн ақынның өзі. Осы паралелді астармен шебер бере отырып, өзінің махаббатын жансызға жан бітіре суреттеген кейіптеу болса, мұның астарында арудың сұлулығын аңғармай кете алмаймыз.. Яғни лирикалық кейіпкердің сүйген сұлуы да жай сұлу емес, айдай керім сұлу. Әдемі эпитет пен кейіптеу жымдаса келе әдемі суретті көз алдыңа әкеледі. Егер сұлуды жеке әспеттеумен шектелсе, мұндай әсерлі болмас еді. Табиғат пен құбылыс сұлулығына тәнті ету өлең идеясына парасатты көбен қарауға жетелейді. Тағы бірде ақын:

Күнді әперейін бе,

Жоқ... күйіп қаларсың.

Айды әперейін бе,

Жоқ. Биікте қалсын.

Жұлдыздарды ше...

Жоқ. Құшағына сыймас,

Мазасын алмайыншы,

Одан да біраз ұйықтап алсын.

Құшақ-құшақ гүлдерді жинағым келіп,

Дүниеде бардың бәрін сыйлағым келіп,

Ол ұйықтап жатқанда қасында отырсам ғой,

Тәп-тәтті дидарын көріп, - деп тәтті сезіммен жүректі дір еткізеді. Өлең жолдарына зерделей қарасақ, тән көріктілігімен де, жан сұлулығымен де шырайға шырай үстеп, әсемдік бағын, махаббат бағын жайната түседі.

Жалпы қазақ поэзиясында Күн – символ. Ол жарықтың, сұлулықтың, ерекше нұрдың, аяулы мақсаттың белгісі іспеттес. Осындай символдық шарықтату ақын поэзиясына тән құбылыс.

Жаным дейсің мені,

Күнім дейсің,

Томпиясың...

бірақ, түңілмейсің.

Жалғыз қалғанда...

суретіме қарап,

Жымиясың жаным,

күлімдейсің...

( «Суретіме қарап» өлеңінде )

Сұрғылт қала, менсіз тегі сұр ау маң,

Терезеге телміресің... Күн ауған.

Күн сәулесі сығалайды жүректен,

Тырнағыңмен ойып салған қыраудан.

«Тоңды-ау сенің жүрегің» өлеңінде)

Хор қызындай неткен ғажап көрігің,

Жаратқан ба, жарығым-ау, сені Күн!

(« Дәл өзіңдей сүйе алады мені кім?» өлеңінде)

Білген жанға бір күннің сәулесінің өзі неге тұрады? Күн сәулесінен артық рахат, күн нұрынан артық бақыт болушы ма еді! «Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!»-деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, адам баласы сол бір сәулеге ұмтылып, мақсатқа жетеді. Поэзиядағы Күн – құштарлық,мықтылық! Махаббат , ақ сезім адамды алға жетелейтінін көрсететін ақынның аяулы мақсаты десек те болады. Сезімнің патшалығын сезінген ақын жүрегінен туған жыр да мейлінше ақжарма, адал, аңқылдақ. Әділбектің лирикалық кейіпкерлері махаббат тақырыбына сай зерделі сөз айтып, зеректік танытып жатады.

О, Махаббат! Сен неткен киелісің,

Қасірет, қайғың да бар... ренішің,

Сен мына дүниенің реңісің,

Ғашықтардың бас иген тірегісің!

Бұл ақынның талай-талай махаббат белестерінен өтіп,өмір өріне шығып тұрғандағы түйген түйіні. Қайқаңның өріне шығып тұрып, сезімді талғам таразысына тарту да кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық. Ол үшін әрине үлкен жүрек, сергек сезім керек.

«Зеңгір көкте пайда болды екі Күн...» атты өлеңін толықтай талдап көрейікші.

Зеңгір көкте пайда болды екі Күн,

Екі шуақ! Екі жалын! Екі мұң...

Көктегісі сипатпайды кекілін,

Жердегіге қиын болды жетуім, - деген алғашқы шумақта көктегі Күн мен жердегі күн деп екі күнді алып суреттейді. Көктегі күн, ол белгілі. Ал жерде күн бола ма? Жердегі Күн деп отырғаны - лирикалық кейіпкердің сүйгені. Екеуі де Күн! Жоғарыда айтылған символ ұтымды қолданылған. Кейінгі шумақтарда салыстыру бар:

Көктегі Күн аялайды нұр құйып,

Құбылады, бірде суып, бір күйіп...

Жердегіге қолым жетпес... тым биік,

Құшағы өрттен! Махаббаты тұңғиық!

Ой осылай дами түседі. Жердегі Күн - махаббаттың жақын бола тұрса да, қолы жетпес тым биік болуы антитезалық құбылыс. Махаббатты асқақтатуды осылайша әдемі бере білген.

Бірі ұрлап өмірімнің күндерін,

Жоғалады... ымырт түссе күнбе-күн.

Көктен іздеп жүрсем бірін... қарғам-ау,

Жүрегіме еніп апсың... білмедім.

Пәлі! Сүйген жүрек сезімі мына шумақта тереңірек тербелген екен. Табиғи құбылыс пен сезім , махаббат! Күннің - махаббаттың жүрекке енуі әдебиеттегі шарттылық. Жүрек – таза, ең киелі. Ендеше сол жүректің түпкіріне енуі сүйген арудың асқақтығын білдіреді.

Зеңгір көкте пайда болды екі Күн,

Екі шуақ! Екі жалын! Екі мұң...

Көктегісі сипатпайды кекілін,

Жердегіге қиын болды жетуім, - деп түйіндеуінен байқағанымыз: алдыңғы шумақтағы жердегі Күннің енді қол жетпес аспанға шығып кетуі махаббаттың асқақтығын, Ұлы сезім екендігін паш етіп тұр.

Міне, осындай пайымдаудан соң түйгеніміз мынау болды: Әділбек ақын ақыл айтып, арзан сөз татырмайды. Махаббат тақырыбындағы өлеңдері өмірдің өзегінен жаралып, лириканың өзеніне айналған, ойдың отауынан шығып, өмірдің өрісіне беттеген саналы сәулетті сөз өнерінің өрнегі екені даусыз. Ақын поэзиясына үңіле қарасақ,үзілмейтін өзекті желі болып тартылып, жан-жақты ашыла суреттеліп, жинақтала тұлғаланып жатқан образы бар тақырып – махаббат тақырыбы. Осынау шетсіз, шексіз кең тақырыпқа айырықша бір кең , көкірегін кере , мол шабытпен массаттанған ақынның мына шумақтарымен сөзімді түйіндеймін:

Махаббат – Шоқсың, Төзімсің!

Азап та... Ғажап өзіңсің!

Бас ием саған, сөзім шын!

Не деген Ұлы Сезімсің!

Жалпы, Әділбек Қаба қай тақырыпқа қалам сілтесе де оқырманына бір ғажап ойдың, толғаныстың дәнін тастайтын шебер ақын ретінде тез танылды. Бүгін біз оның «Махаббат маусымы» топтамасындағы бірқатар өлеңдеріне ғана талдау жасап отырмыз. Оның патриотизмге, Отаншылдыққа, ұлтын, елін, жерін, тілін шексіз сүюге шақыратын жалынды өлеңдерінің тереңіне бойлап, тұңғиығында жатқан өлеңмен сомдалған ой маржандарын оқырман назарына ұсыну - тағы бір талдауға жүк болары анық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар